Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында менингорадикулоцеле диагнозымен дүниеге келген 16 күндік нәрестеге алғаш рет күрделі нейрохирургиялық операция жасалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ота барысында заманауи медициналық технологиялар қолданылып, сәбидің жүйке жүйесінің қызметін бақылау және операция кезінде ықтимал асқынулардың алдын алу мақсатында интраоперациялық нейромониторинг жүргізілді.
Күрделі хирургиялық араласуды нейрохирург дәрігер Орын Ахмет Қайратұлы орындады. Отаға ассистент ретінде Кенжевалов Ербол Сайлауұлы қатысты. Интраоперациялық нейромониторингті невропатолог Мулдашева Ботагөз Сапарқызы қамтамасыз етті. Анестезиологиялық қамтамасыз етуді анестезиолог-реаниматолог Дүйсенбек Амангелді Әшімханұлы жүргізді.
Медицина мамандарының кәсіби біліктілігі, мол тәжірибесі және өзара үйлесімді жұмысының нәтижесінде операция сәтті аяқталды.
Операциядан кейін нәресте дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қажетті емдік шаралар жүргізілді. Қазіргі уақытта баланың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Нәресте ауруханадан үйіне шығарылды.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта балаға жоспарлы түрде үздіксіз оңалту шаралары жүргізіледі. Нәресте нейрохирург, невропатолог, уролог және ортопед мамандарының тұрақты бақылауында болады.
Бұл операция Маңғыстау облысында жаңа туған нәрестелерге күрделі және жоғары технологиялық нейрохирургиялық медициналық көмекті жергілікті деңгейде көрсету мүмкіндіктерінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мамандары үшін бұл – балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам.