ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНЫҢ БАС МАЭСТРI

ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНЫҢ БАС МАЭСТРI

ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНЫҢ БАС МАЭСТРI
ашық дереккөзі

Мен туып өскен шағын ғана Бесарық жерiнен әрiсiн айтпаған күнде, өз тiршiлiгiмде көзiн көрген бiрнеше өнер тұлғалары шықты. Солардың бiрi, әрi бiрегейi, кеше ғана арамыздан өткен, тума талант, атағы әлемге әйгiлi дирежер, қыршын жасында-ақ өнер тұлғасына айналған, Қазақстан Республикасының Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, профессор Төлепберген Әбдiрашев едi.

Осыдан қырық жыл бұрын Алматыға бiр ауылдан бiлiм iздеп бiрге келсек те, күнделiктi етене араласудың ретi келмептi. Бiрақ сырттай тiлеулес болып жүрдiк қой. Ол мен бiлгелi үнемi сапар үстiнде болды. Жаратылысы ширақ, өте зерек жан болатын. Осы қырық жыл көлемiнде алдымен Құрманғазы атындағы мемлекеттiк консерваторияда әуелi қобыздан бастап, кейiн дирижерлық мамандық бойынша бiтiрген соң, 1977 жылы не бәрi 29 жасында қазақ тарихының шежiресiне алтын әрiппен қашалып жазылатын Батыс Берлинде өткен дирижерлардың халықаралық "Фонд Герберт фон Кароян" сайысында дипломант атанды. 1979 жылы Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттiк консерваториясында операсимфониялық дирижерлеу класы бойынша КСРО халық әртiсi, әйгiлi профессор Геннадий Рождественскийдiң өзiнен бiлiм алып, оқуды үздiк деген бағамен бiтiрдi. 1982 жылы Вена музыкалық академиясында стажировкадан өттi. 1983 жылдан мемлекеттiк академиялық симфониялық оркестрдiң бас дирижерi, 1985 жылдан Абай атындағы мемлекеттiк академиялық опера және балет театрының бас дирижерi және 1987 жылдан тағы да мемлекеттiк академиялық симфониялық оркестрдiң бас дирижерi, 2006 жылдан Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттiк академиялық ұлттық оркестрiнiң бас дирижерi, 2007 жылдан бастап Н.Тiлендиев атындағыы академиялық фольклорлық этнографиялық "Отырар сазы" оркестрiнiң бас дирижерi болып қызмет атқарды. Ол өзiнiң кәсiби шеберлiгiнiң арқасында әлемнiң Ақш, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Түркия, Корея сияқты көптеген мемлекеттерiнде конценттермен шығып, өзiнiң басқаруындағы мемлекеттiк академиялық симфониялық оркестрдiң репертуарына әлемдiк классикалық музыкамен қатар қазақстандық композитордың да шығармаларын насихаттай бiлдi. Өзiн үлкен өнерден аяу дегендi бiлмедi. Оның осы қасиеттi, үлкен ауыртпалықтан алдын ала сақтандыру туралы ешкiм қоймады. Қайта сенiм артып, жұмыс үстiнде жұмыс қосып берумен болды. Соның нақтылы көрiнiсi ол өмiрiнiң соңғы күнi қан қысымы 230 көрсетiп тұрғанына қарамастан, денсаулығына шағым айтпай, оркестрмен репетиция жасап, үзiлiс жасаған кезiнде инсульт ұстап, қызмет үстiнде жанкештiлiкпен өмiрден өттi. Төлепбергеннiң бұл жұмысы өзi соңғы 22 жыл көлемiнде көркемдiк жетекшiсi әрi бас дирижерi болып жетекшiлiк еткен коллективiн, соңғы жылдары өзi дирижер болып қатар алып жүрген Корей елiне алып бару болатын. Өнер тұлғасы үшiн сапар үлкен белең болатын. Бұл оңайлықпен қол жеткен шаруа емес-тi. Коллектив құрамы болса жүз адамға жуық. Мәдениет министрлiгiмен осыншама коллективтiң жол қаржысын шешiп, сапарға дайындау қаншама қажыр қайратты сырықты. Бiрақ, қолға алған қуанышты көру бақыты Төлепбергеннiң пешенесiне жазылмапты. Ол дайындаған коллектив – ұлы дирижерды жер қойнына берген күнi ертеңiне, өзi дайындаған шәкiртi Қанат Ахметовтың жетекшiлiк етумен Сеулге ұшып кеттi. Коллектив өз жетекшiлерiнiң үмiтiн ақтау үшiн орындайтын өз партияларын бұрын-соңды болмаған дәрежеде жаттап кеттi. Мақсат – маэстр әруағы алдында барған елдерiнде өнер көрсету ұятқа қалмау.

Басы ашық шындық – қазiр Төлепбергеннiң дәрежесiндегi маэстро өнер шеберi Қазақстанда жоқ. Ол дәрежедегi маэстро өнер шеберiн дайындауға бiршама уақыт керек. Бұл орайда шешушi сөздi ұзатпай Мәдениет министрлiгi айтуы тиiс. Өйткенi Төлепберген дәрежелес шетел мамандарын жұмысқа көптеген келiсiмшарттар мен үлкен жалақыны талап етедi. Бұған да баруға тура келедi. Өйткенi, қаншама жыл маңдай терiн төгiп Т.Әбдiрешов дайындаған коллективтiң бүгiнгi таңда қол жеткiзiп отырған осы дәрежесiн сол қалпында сақтап қалу үшiн, бармасқа басқа амал жоқ…

Осыдан екi-үш ай бұрын өзiнiң қолынан тәлiм-тәрбие алған, ғалым iнiсiнiң баласының сүндет тойында ұшырасып қалдық. Айтпасаң сөздiң атасы өледi. Ой қу тiршiлiк-ай, десейшi. Өзiн жас кезiнде үйiнде жатқызып тәрбиелеген осындай тұлғалы ағасы тұрғанда, тiршiлiк қызметiне тәуелдi бiр дөкейдi, аяқ қолын мақтап, баласына өкiл әке жасап, өзiне ат мiнгiзiп, иығына шапан жауып, көк пен жердiң арасының тiреуiшiндей таныстырып жатты. Көзi ашық сол iнiсi, денесi шағын болса да, қазақ елiндегi ешкiмге тең келе бермейтiн әлемдiк деңгейдегi бауыры туралы ойына да алған жоқ. Қатар өскендiгiмiздi пайдаланып Төлепбергенге әзiлдей;

— Ай, есiл ерiм-ай, бүкiл қазақ түгiлi, өзiң тәрбиелеп өсiрген оқымысты бауырыңда әлi күнге сенi танып болмады-ау, — дедiм. Ол нұрға толы тостағандай жанары жалт етiп, пендешiлiкке бармай;

— Майда тiрлiктi сөз етiп не қыласың. Ол түгiлi бiрге өскен сенiң де мойныңда қарыз жетедi. Келер жылы менiң 60 жылдығым ғой. Осы мерекелi датаны елде өтеу үшiн облыс әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммедке продюсерiмдi арнайы жiбергелi жатырмын. Сол елдiң азаматы болған соң, елге барып, туып өскен жерiмде есеп беруiм керек қой. Сен де журналист болып қалыптасқалы қаламыңды талдырып менi баспасөзге жазған емессiң, теледидарда жүргенде де жарылқағаның шамалы. Тым болмаса елге барғанда, қатар жүрiп, кездесуiмнiң жүргiзушiсi бола бiлсейшi… – деген.

Төлепбергеннiң бұлай айтуының жөнi бар едi. 1966 жылы Алматыға оқуға келгенiмiзде Төлепбергенмен бiрге Бәден Айсынов деген күйшi бауырымыз да қатар оқуға келген болатын. Мен ә дегеннен көзге түскен күйшi Бәден туралы сол кезде "Лениншiл жас" газетiне "Үкiлi домбыра" деген тақырыппен көсiлдiрiп көлемдi очерк жазған болатынмын. Төлепберген ол кезде көзге түсе бермейтiн. Оның үстiне бәрiмiз елде ағалар ықпалында өскен ауыл балаларымыз ғой. Исатай деген ағамыз қойшының баласы Төлепбергендi пушкашы арқанмен тартқыштағанда әзер оталатын «Беларусь» тракторына отырғызып, жонның пәрi бидайлық жерiн жыртуға жегiп қойған жерiнен, қашып шығып, оқуға әзер жеткен ғой. Содан да болар, негiзгi уақытын бiлiмге аударды. Өз бойына қалыптастырған осы дағды оған жемiсiн берiп, оны профессорлық дәрежеге дейiн көтердi. «Ұялған тек тұрмас» дегендей мен тағы да әзiлге шаптырып:

— «Қырдың басында қалған тот басқан «Беларусың» қашан келер екен?» деп жолыңды күтiп жүр едi, барып қайта мiнiп қайтатын болдың ғой, — дедiм. Ол күлдi, күлдi де:

— Қайдағыны ұмытпайды екенсiң сен де. Дегенмен, елмен кездесу деген, елдегi өткен жастық шақты да еске алу емес пе? Өткеннен қалған осындай көрген-бiлгендерiңдi ел алдында еске алудың өзi, адамды бiр жасартып қайтпай ма? Мен елге барғанда алу үшiн емес, барымды беру үшiн басыма бақ қонған өнерiмдi көрсету үшiн, рахметiмдi айту үшiн барамын, — дедi. Беру дегеннен шығады, осыдан бiр жыл бұрын осы Төлепберген елдегi өзi бiтiрген орта мектептi бiтiргенiне 40 жыл толу салтанатына қатысып, өзi оқыған мектептi өте жақсы бағамен бiтiрген бiр оқушыға жоғары оқу орынын бiтiргенше төлеп тұратын өзiнiң атында стипендия тағайындап, мектеп коллективiне есте жүрерлiк ескерткiшiн тапсырып қайтқанына куәгер болғаным бар-ды.

Бiз осы тойдың үстiнде көбiрек әңгiмелестiк. Адамның әңгiмесiнен оның бүкiл болмыс-бiтiмi байқалды емес пе? Арада өткен қырық жыл ауыл баласы Төлепберген мен бүгiнгi профессор Төлепбергеннiң қаншалықты шарықтап өскенiн, кесек болып қалыптасқанын көрсеттi. Кейiнгi кезде өзi қатарлы жастардың әкiм қаралардың шашбауын көтерiп, қастарынан ұзамай, мансап қуғыштап жүргенiн әңгiме еткенiмде:

— Оның өнер адамына не қажеттiлiгi бар, "ақын әкiмiн емес, әкiм ақынын iздеген ел бақытты" дейтiн өздерiң емес пе? Шын өнердiң иесi әкiмдi iздемейдi, өнердi түсiнген әкiм өнер иесiн iздейдi. Мен қазiр екi бiрдей екi үлкен коллективiне жетекшiлiк етемiн, ол аздай мәдениет министрi Ермұхамед Ертiсбаев мырза Нұрғиса Тiлендиев атындағы "Отырар сазы" фольклорлық оркестрi ұжымына да жетекшiлiк етуiмдi өтiнiп отыр. Өз жұмысым да ауыр, уақыт жетiсе бермейдi, бiрақ халықтың көзайымына айналып үлгерген, қара шаңырақ коллективi шаршаңқырап тұрғанын көзбен көрiп отырып, өзiме көрсетiлген сенiмнен қалай бас тартуға болады. Министрден бар сұрағаным, қызмет орныма уақытылы жетiп отыру үшiн, қызметтiк автокөлiк ғана болды…

Өмiрден ойламаған жерде өтiп кеткен осындай тұлға топырағы кеппей жатып кiмнен не сұрайсың. Дегенмен, таяуда Жамбыл атындағы мемлекеттiк филармонияның бас директорының орынбасары Сәуле Тәнекеевамен тiлдесiп қалудың ретi келдi.

— Ия, Төлепбергендi жоғалту, қазақ өнерi үшiн орны толмас жоғалту болды. Бұл әрине, ешкiм жоқ дегендiгiм емес, қайталанбайтын тұлға дегенiм ғой. Оның өмiрден ерте озуы бiзден де бұрын даңқты дирижер, ұстазы Геннадий Рождественскойдың да қабырғасын қайыстырып кеттi. Ұстаз үшiн көз алдында шәкiртiнiң, өзi ғана емес бүкiл халқы үмiт күтетiн шәкiртiнiң өмiрден өтуiнен артық қайғы бар ма? Төлепберген алдына үлкен мақсат қойып отыр едi. Ол мақсаттың ең бастысы — Қазақстанға әлемнiң көзi тiрi ұлы музыканттарын шақыру едi. Бұл ретте өзiнiң Москвада оқып жүрген кезiнде қалыптастырған байланыстарын одан әрi тереңдету болатын. Ол жоспардың iске асуы ендiгi жерде маған жұмбақ… — Сәуле осы әңгiменi айтып отырғанда мен Төлепбергеннiң елге барып 60 жылдығын атап өту туралы әңгiмесiн есiме алдым.Әрине,Т.Әбдiрашев сияқты ұлы тұлғаның 60 жылдығы өзi туған Қызылорда облысындағы облыс әкiмi, өнер жанашыры Мұхтар Құл-Мұхаммед сияқты азаматтар тұрғанда өтедi, тек облыс қана емес республика көлемiнде аталып өтедi. Ол соған лайықты бүкiл қазақ мақтаныш тұтар жан ғой. Бiрақ, бұл мәселеге осы бастан өзi басшылық жасап кеткен үш коллектив пен Мәдениет министрлiгi арнайы комиссия құрып нақтылы жұмыс жасау керек. Комиссия жұмысы оңай болмайды. Сондықтан комиссияның әрбiр мүшесi Төлепбергеннiң ғана емес, үлкен өнердiң де жанашыры болуы тиiс. Сонда ғана Төлепберген армандап кеткен 60 жылдықты, маэстрдiң өзi жоқ болса да, ол армандаған дәрежесiнде атап өтуге болады. Жанашыр достар, бiз соны ойлайық, соны iске асырайық.

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ