ЖЕМҚОР БИЛIК ПЕН “ЕСКI” ПРЕМЬЕР

ЖЕМҚОР БИЛIК ПЕН “ЕСКI” ПРЕМЬЕР

ЖЕМҚОР БИЛIК ПЕН “ЕСКI” ПРЕМЬЕР
ашық дереккөзі

Украинадағы министрлер кабинетiн басқаруға Тимошенко қайта келдi. Әупiрiммен, әрине. Халықаралық сарапшылар Ющенко мен Тимошенко одағына елдi басқаруға қатысты бiрнеше кеңес бердi.

Тимошенко үкiмет басшылығына сайланды. Алғашқы сайлауда премьерлiкке 1 дауыс жетпей қалған Юлия ханым өзiне берiлген мүмкiндiктiң арқасында украиндық министрлер кабинетiн басқаруға келдi. АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс: «Сiздiң керемет премьер болатыныңызға сенiмдiмiн» дедi. Әңгiме барысында екiжақты экономикалық, саяси, мәдени мәселелер қозғалды. Алайда, америкалық шенеунiк Тимошенконың елiндегi жемқорлық туралы тiс жармады. Бекер, әрине. Өйткенi, бұл қоғамды iштен iрiтiп бiткен сыбайлас жемқорлық ендiгi ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiруде. Шенеунiк бiткеннiң қалтасы мен қарны тоқ. Жалақысының төмендiгiне қарамастан. Былтыр депутаттар мен бiрқатар мемлекеттiк қызметкердiң еңселi де биiк хан сарайларында тұруы тәуелсiз журналистердiң зерттеу жұмыстарын жүргiзуiне себеп болған. Нәтижесiнде украиндық шенеунiктердiң зәулiм ғимараттарды заңсыз жолмен иеленгендерi анықталды. Биыл тамыз айында президент Ющенко мемлекеттiк қызметкерлерден коттедждердi қандай ақшаға сатып алғандары туралы түсiнiк берудi талап еткен. Алайда, ол кезде президенттiң қарсыласы саналатын «Аймақтар партиясының» үкiметтегi ықпалы күштi болатын. Сондықтан Ющенконың депутаттарды сайратуға қатысты әрекетiнен түк шықпады. Әрине, сыбайлас жемқорлық дегенiңiз посткеңестiк елдердiң көпшiлiгiндегi сияқты Украина үшiн де «таңсық» емес. 2004 жылғы «жалқынсары төңкерiстiң» етек алуына Кучма кезiнде жемқорлық түрткi болғаны белгiлi. Қоғамды дендеп алған парақорлыққа ашынған жұрт Ющенко мен оның командасын билiк басына әкелдi. Жаңа билiк бастапқыда елдегi жемқорлықтың түбiне балта шабам деп кәдiмгiдей құлшынған. Бiрақ бекер боп шықты. Өйткенi, 2005 жылғы билiк басындағы талас Юлия Тимошенконы отставкаға кетуге мәжбүрледi. «Байтал түгiл бас қайғының» кебiн киген билiк жемқорлықты ауыздықтай алмады. Өткен сейсенбiдегi Тимошенконың премьерлiкке сайлануы «жалқынсары төңкерiсшiлердiң» қайта бiрiгуiн қамтамасыз еттi. Егер Ющенко-Тимошенко одағы қайта ыдырайтын болса, «жалқынсары» билiктiң де тағдыры ұзаққа созылмайды. Ең бастысы, қоғамды iштен iрiткен коррупция украиндық экономиканың керi кетуiне және елдiң ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiрмек. Жуырда Transparency International ұйымдастырған сауалнама нәтижесiнде бүкiл әлем бойынша Украинаның жемқорлық жайлаған 180 елдiң iшiнде 118-қатарда тұрғаны анықталған. «Түрлi-түстi төңкерiстен» кейiн тiптi, тұралап қалған украиндар елi дамудың орнына төмен қарай құлдилады. Мемлекеттiң барлық саласы (саяси, экономикалық, iскерлiк, азаматтық, мәдени т.б.) сыбайлас жемқорлыққа ұрынған. Әсiресе, сот жүйесi қанау, қысым жасау, қоқан-лоққы мен бопсалауға шырмалған. 2000 жылы қаза тапқан тәуелсiз журналист Георгий Гонгадзенiң өлiмiне кiнәлiлердi қылмыстық жауапқа тартудың орнына, дәлелдер мен деректердi жойып жiберген милиция генералы 2004 жылғы «түрлi-түстi төңкерiстен» кейiн де заң алдында жауап бермедi. Соңғы екi жылда депутаттардың «қалталы саясаткерге» айналуы да қоғамның бас ауруына айналған. Энергетикалық саланың жемқорлыққа белшеден батуы ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiрiп тұр. Сарапшылар қауымы «жемқорлықтың кесiрiнен украиндар ресейлiк газға тәуелдi боп қалды» дейдi. Iшкi нарықтағы энергоқор көздерiн iздестiру мен сырттан тасымалданатын газды диверсификациялауға қатысты iстердiң өнбей жатуы сондықтан. Осының кесiрiнен Украина орыстарға тәуелдi. Халықаралық сарапшылар украиндық билiкке iс-әрекеттерi жасырын компаниялардан құтылуға шақырады. Әсiресе, Швейцарияда тiркелген «РосУкрЭнерго» компаниясы. Аталған кәсiпорын украиндарға «көгiлдiр отын» тасымалдауда маңызды рөл атқарады.

Жанашырлардың Ющенко мен Тимошенко одағына берген кеңесi: жемқорлыққа қарсы күрес заңын қатайту, парақорлықпен қол былғамаған судьялардан соттық корпусты қайта жасақтау, тәуелсiз ұлттық зерттеу бюросын құрып, үкiметтегi жемқорларды құрықтау, депутаттарға жауапкершiлiктен құтылып кетуге мүмкiндiк беретiн баптарды қайта ретке келтiру, билiк жұмысындағы жариялылықты күшейтiп, шенi жоғары шенеунiктер мен мемлекеттiк қызметкерлердi жыл сайын баспасөз арқылы тапқан табысын жариялап тұруға мiндеттеу т.б.

«Жемқорлыққа қарсы күрес саяси сахнадағы бақталастықтың басты құралы болмауға тиiс» деп есептейтiн мамандар жоғарыдағы мәселелер оппозициялық өкiлдермен қатар шенеунiктерге де тiкелей қатысы болуы тиiс дейдi. Халықаралық сарапшылар Киевке Еуропалық Одақ пен АҚШ көмектесуi керек деген пiкiрде. Ол үшiн Тимошенконың командасымен қоян-қолтық араласа отырып, жұмыс iстейтiн еуропалық және америкалық мамандар тобы Украинаға тез арада аттандырылуы қажет. Әйтпесе, билiк басындағы бақталастық пен талас-тартыстан қарапайым елге келер пайда жоқ. Әзiрге дүниенiң түкпiр-түкпiрiнен құттықтау қоңырауларын қабылдаудан қолы босамай жатқан Тимошенко ханымның қауқары мен қарымы да халықаралық деңгейдегi мамандардың көмегiне зәру.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ