ҮШБУ СӘЛЕМ ЖОЛДАДЫМ...

ҮШБУ СӘЛЕМ ЖОЛДАДЫМ...

ҮШБУ СӘЛЕМ ЖОЛДАДЫМ...
ашық дереккөзі

Құрметтi Төраға!

Бүгiнде билiктiң басы-қасында, айналасында жүргендердiң бәрiн дерлiк кезiнде таңдаған атына мiнгiзген Кеңес өкiметiнiң кеңсе-мекемелерiнде жұртшылықтан келген хатқа он күннiң iшiнде жауап берудi мiндеттеген тәртiп болғанын жақсы бiлетiн шығарсыз. Ол да өкiметiмен бiрге кете барды. Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылы көрсетiп бергенiндей, бiзде жоғары-төмендi кiмге хат жазсаң да, жауап қайтарылмайтын "дәстүр" қалыптасты. Соның бiрегей мысалы – Сiзге 2004 жылғы қарашаның 10-ында және 2009 жылғы маусымның 16-сында жазған, поштаның өз қолыңызға тигiзетiн жолымен жөнелтiлген, Мәжiлiс депутаттарына мәлiм етуiңiздi өтiнген хаттарымның хабар-ошарсыз қалғаны. Соны ескерiп, мына хатымды гәзет бетi арқылы ашық жазғаныма ренжiмегейсiз.

Парламенттiң заң шығарушы орын екенiн мен де бiлемiн, алайда ондағы депутаттар халықтың қалаулылары ғой, сайлаушыларынан барған хаттарға уақтылы назар аударуға, дiттеуге мiндеттi. Сондықтан сайлаушы ретiнде, бұл хатымның да депутаттарымызға жетуiн қалаймын.

Айтпақшы, екiншi хатымда Сiздiң пiкiрiңiздi бiлгiм келген мәселе бесеу едi (хаттарымда жеке басыма қатысты сөз болған емес), соның екеуiн қайталап айтып, жаңа әңгiмемдi содан кейiн бастайын. Сондағы "ескi" екеу мыналар-ды:

1. Ақын Шәкәрiм Құдайбердiұлы "халық жауы" деген жаладан толық ақталысымен марқұмның таңдамалы туындылары 1988 жылы "Жазушы" баспасынан жарық көрдi, бiрақ ол жинақ жарымжан болды, себебi: баспадағы әсiресақтардың "арқасында" ақынның өлең-дастандары: "Құдай, Алла, тәңiр, тағдыр, иман, мұсылман", т. б. дiни сөздерден "тазартылып", қажы Шәкең кәдiмгi атеистке айналдырылды. Шәкәрiмтанушы бас ғалым-әдебиетшiмiз Қайым Мұхамедханов, сыншы-жазушы Мұхтар Мағауин ол өрескелдiктi қатты сынаған мақалалар жазып, дереу дабыл қақты. Қостаушылар аз болмады.

Шәкең жинағы одан берiде екi дүркiн шығарылды ("Аманат" жорналының кiтапханасы, Халықаралық Абай клубы, Жидебай, Семей, 2006 ж.). Алайда ең болмаса Қайым ағаның жанайқайы ескерiлмей, кiтаптың 1988-жылғысы қайталана салды. Әруаққа одан өткен қиянат болуы мүмкiн емес!

Мектептерiмiздiң бiразында шәкiрттерге Шәкәрiм өлеңдерiн жаттату бәйгесi өткiзiлiп, кейбiр оқушылар ақынның 50-80 өлеңiн жатқа айтып, жүлде алып жүр. Бұл ақынның "атеистiк" өлеңдерiн оқытып, жаттатып, жас ұрпақты адастыру емес пе? Әрине! Осы жөнiнде: "Қазақ әдебиетi", "Ана тiлi", "Жас алаш" гәзеттерiнде мақалаларым шықты. Басшылар, жұртшылық құлақтансын деп жаздым. Ақын бабамыздың өлең, дастан, мақала, хаттары автордың өзi барда басылған "Қазақ айнасы" кiтабымен салыстырылып, академиялық жинақ етiлiп, мемлекеттiк баспадан шығарылса деп ұсыныс жасадым. Бiрақ, өкiнiшке қарай, тиiстi басшы орындар ғана емес, жалпы зиялы қауымнан тiрi жан үн қатпады.

2. Ресейдiң тарихшы-жорналшысы Юрий Жуковтың "Иной Сталин. Политические реформы в СССР в 1933-1937 гг." деп аталған кiтабында Қазақстанды 1934-1938 жылдары билеген Л.Мирзоянның 1937 жылы Кремльге хат жiберiп, "халық жауларының" 2446-сын атуға, 4403-iн жер аударуға рұхсат сұрағаны айтылған. Жиыны – 6749 кiсi (тiзiм жоқ, сан бар). Ал Ежов оны 7650 кiсiге жеткiзiп, бекiтiп қайтарған. Мирзоян одан соң Сталинге құпия жеделхат жолдап, "рысқұлов-нұрмақовтардың революцияға қарсы ұлтшылдық-фашистiк ұйымы барын" мәлiмдеген. Ол "ұйымның мүшесi", республика Орталық атқару комитетiнiң төрағасы Ө. Құлымбетовтi орнынан босатуды сұраған. Босаттырып алып, атқызып тастады. Яғни Мирзоян 7650 адамды тiзiмдеп, мысалы ақын-жазушыларымыздан: Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Iлияс Жансүгiров, Бейiмбет Майлин және басқаларды жұтты. Бiрақ қазекем, қалайша екенiн түсiнбедiм, малын тартып алып аштан қырған Голощекиндi "қу жақ, жауыз" деп дұрыс даттады да, малына тиiспей, азаматтарын қырған Мирзоянды "Мырзажан" деп мақтады. Танымал қарт журналшы Мадат Аққозин "Вернуть из забвения" атты кiтабында (Жұмабай Шаяхметов туралы) былай дептi: "Мирзоян после такого предшественника (Голощекиндi айтады, – Ғ. Қ.) явился как спаситель народа. Появилась работа. Отменили карточки на хлеб, его продавали в магазинах за деньги. Начал налаживаться быт людей. Но на смену массовому голоду пришел массовый арест с расстрелами".

Сөйткен Мирзоян туралы бүгiн де мадақтау мақала жазылуда, Алматы, Астана көшелерiнде аты бар. Мен осы кереғарлыққа да ашынып, әр қырынан бiрнеше мақала жарияладым. Алматы қаласының әкiмдiгiне хат жаздым. Ешқайдан ешкiм ләм демедi. Баяғы: "әй, қайтесiң соны қозғап?".

Осы орайда бабамыз әл-Фарабидiң: "Сен досыңнан қауiптенбе, қатты болса сатып кетер; жауыңнан сескенбе, қапыңды тапса өлтiрер; сен немкеттiлiктен қауiптен, түбiңе сол жетер!" деген қағидасы еске түседi.

Ендi бұрынғыларды өз төрелiгiңiзге тапсырып, жаңа сөзiме кiрiссем, ол – қоғам қайраткерi ақын Мұхтар Шаханов бастаған тiлжанашырларының халыққа, Президентке, Парламентке жазған ашық хатымыз. Ол баспасөзде жарияланысымен Президент Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың кеңесшiсi Е.Ертiсбаевтың оны: "Конституцияға қарсы әрекет" деп шыға келгенi менi де ерiксiз таңғалдырды. Конституциямыз Қазақстан азаматтарының ой еркiндiгi мен сөз бостандығын қамтамасыз еткен болса, Президенттiң кеңесшiсi оны не бiлмеген, не бiлгiсi келмеген. Әлде бiздiң: "…жетiншi баптағы екiншi тармақ алып тасталсын" дегенiмiзден өлердей шошыды ма екен?

Тәуелсiз Қазақстанның тұңғыш Конституциясында қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл, орыс тiлi – ұлтаралық қатынас тiлi делiндi. Өмiр ыңғайына сай орынды байлам. КСРО кезiнде одақтас республикалардың бәрiнде мемлекеттiк тiл болған орыс тiлiнiң КСРО ыдырап, әрқайсысы жеке шаңырақ – тәуелсiз мемлекет болған елдерде тағы да мемлекеттiк тiл болуы қай қисынға саяды? Көп ұлт-ұлысты Қазақстанда ұлтаралық қатынас тiлi болуы орыс тiлi үшiн үлкен мәртебе емес пе?! Жоқ, iшкi-сыртқы орыс ағайындар оны олқысынып, ренжи бастап едi, бiздiң "көңiлшек" билiк пен парламент Конституцияға түзету енгiзiп, орыс тiлiне "ресми тiл" дәрежесiн бере қойды. Менiңше, "мемлекеттiк тiл" мен "ресми тiлдiң" бiр-бiрiнен айырмасы жоқ, аты басқа, заты бiр. Бұл шындық па? Шындық! Соның салқыны тигендiктен бiздiң: өкiмет, үкiмет, парламент әлi күнге орыстiлдi ме? Орыс тiлдi! Мұнымен келiскiлерiңiз келмесе, құрметтi Төраға, депутаттар, өздерiңiз айтыңыздаршы: Парламент 20 жылда жиыны неше мәжiлiс өткiздi және оның нешеуi мемлекеттiк тiлде өткiзiлдi? 20 жылда неше Заң шығарды және оның нешеуi мемлекеттiк тiлде жазылды?

Бiз хатымыздың алғашқы мәтiнiн талқылағанда орыс тiлiн "ресми тiл" деп мемлекеттiк тiлмен теңестiре бермеу керек, "ұлтаралық қатынас тiлi" дәрежесiне оралтуды айту жөн болады деген пiкiр болып едi, ол соңғы мәтiнде қалайда орын таппай қалыпты. Оқыс болайын десе, қашанда оп-оңай ғой. Соның байыбына бара алмаған бунаковтар өздерiне ұйымдасқан қастық жасалғалы жатқанын көргендей "карауылдарды" уралады да, солардың ыңғайына бейiм бiрнеше қазағымыз хатқа бiлмей қол қойғандарын өкiне мәлiмдедi, ал қойылған қолы жоқтар қол қоймағандарын ерлiкке балап, ерекше өркештене "үн қосты" (өйткендерiн өз басым "жағымпаздықтың жалаушасын көрсеткендерi" деп бiлем). Әрине, әркiмнiң еркi. Әйтсе де, осы жерде бiр гәп бар.

Әлемге әйгiлi түрiктанушы ғалым Лев Гумилев "Ұлы дала мен Русь" деп атаған заманнан берiде Ресей патшаларының кең байтақ Ұлы даланы – қазақ жерiн иемденгiсi келмегенi жоқ. Мәселен 1-Петр Ресей бұл кеңiстiктi өзiне қаратып, халқын қара жұмысқа пайдалануы керек, олар ғылым-бiлiмге қабiлетсiз десе, 2-Николай патша қазақтардың көнгендерiн православие дiнiне енгiзiп, көнбегенiн қырып тастау туралы жарлық шығарған болатын. Жә, шовинистiк ол жауыздықтарды тiзе бермей, бертiнгi солженицын-жириновскийшiлдердiң ғана Қазақстанға, қазақтарға қарсы айтқан, жазған сандырақтарын санасақ, "көптомдық шығармалар жинағы" болар едi. Сыртқы iстер министрлiгiмiз бiрде жалақор Жириновскийдi Қазақстанның шегiне жолатпауға шешiм қабылдап (зиялы қауымның талабы бойынша), Ресей Сыртқы iстер министрлiгiне нота тапсырған, бiрақ арада ай өтер-өтпесте, ол шешiм далада қалды да, "шешесi – еврей, әкесi – заңгер" жерлесiмiз Алматыға келiп, оқыған мектебiнде кездесу өткiзiп, мейлiнше тайраңдап қайтты. Ол қалай? Сыртқы iстер министрлiгiмiз кiм көрiнгенге қолжаулық болды емес пе?!

Оны да қоя тұрып, осыдан үш апта бұрын Максим Акимов дегеннiң (бүркеншiк аты-жөн болуы да мүмкiн) ресейлiк интернет-сайтта жарияланған "К российским соотечественникам в Казахстане… Русские, очнитесь!" деп атаған үндеуiнен бiрер үзiндi келтiрейiн:

"…Давайте разбираться в чем дело. А дело в том, что до прихода русских в степной край, оседлого населения здесь не было, не было вообще. Возможно, где-то на юге территории нынешнего Казахстана, существовали единичные небольшие поселки, но городов не было, никакой цивилизации не обнаружиловалось. Русские (и прочие славяне), прибывающие из внутренних губерний России, являлись первыми поселенцами, первым постоянным населением региона. Именно они и могут считаться коренным населением Казахстана…".

Ғұлама бабамыз Махмұд Қашғаридiң 1082 жылы "Әлемнiң домалақ картасын" ("Круглая карта мира") жасап, онда бүгiнгi Орта Азия мен Қазақстанның да жер бедерiн, қалаларын ғылыми анық мәнерлеп сызғанынан хабар-ошары болмаған, болған күннiң өзiнде әдейi бiлмегенсiп бықсыған Солженицынның сайқалдық елесiне елiтiп жүрген көп шуылдақтың бiрi – мынау М.Акимов қазақтардың тарихына да, тiлiне де, әдебиетiне де жауығып, "мәдениетсiздер, ұлтшылдар" деп түтiгiп, қазақ жерiндегi орыстарға: "Русские, очнитесь, нужно возвращать ситуацию в нормальное русло, возвращать все на круги своя, ведь вы у себя дома, вы первыми начали строить дома в этих степях!" деп ұлып отырып ұран тастады.

Бұл не? Жай ғана сандырақ па? Жоқ, бұл – Қазақстандағы қазақтар мен орыстардың арасына әдейiлеп, ашық от тастау! Бұл – қырқысқа, қырғынға шақыру! Бұл – елiн, жерiн, мемлекеттiк тiлiн құрметтеушi қазақтарды тағы да тұншықтыруды көксеу! Бұл – бiзде: казачествосын үстем етудi көздеп қоқырақтап жүрген казактарды; "Отанымыз – Россия, президентiмiз – Медведев!" деп мантырап жүрген қайсыбiр кеудемсоқ орыстарды желiктiру, ұлтаралық шиеленiс туғызу, арандату! Нағыз шовинизм!

Шын бар-ау, қазақты халық дегiсi келмей сандалған мынау Акимов тарихтан мүлде бейхабар екен: "Быт казахов, как мы все прекрасно знаем, находился на уровне кочевников-скотоводов, в то время как в России уже появились Ломоносовы и Менделеевы" дептi. Байғұс-ай!.. Аристотельден кейiнгi Екiншi ұстаз болғанын әлем ғалымдары мойындаған Әбу Нәсiр Мұхаммед әл-Фараби бабамыз ғылымда небiр жаңалық ашып жүрген кезде ломоносовтар мен менделеевтердiң бабалары да бұл дүниеге келмеген едi ғой?!.

Қазақ тiл жанашырларының хатын төбелерiне түсетiн бомбадай көрген орыстiлдi гәзеттер: солженицын-жириновский-кузьмин-мироглов-акимов… сияқтылардың сұмпиғылды сөздерiне неге назар аудармайды, қанталап тұрған қаскөйлiк ниеттерiн неге айыптамайды? Жымысқы саясатпен үрритсоқтап қашанғы үнсiз қала бередi? Интернет сайттары арқылы қазаққа, Қазақстанға жынкөбiгiн шашып жүрген көргенсiздерiне неге тыйым сөзiн айтпайды?

Бiздiң үкiмет ше? Ұлтаралық, тiптi мемлекетаралық қатынасты ушықтыруға белсене, жанталаса кiрiсiп жүрген ресейлiк саясатшыларды, журналшы-жазушыларды тәртiпке шақыруды талап ете Ресей үкiметiне неге салмақ салмайды?

Сондай-ақ, бiздiң хаттан ат-тондарын ала қашқан қазағы бар, басқасы бар "жанашырларымыздың, батырларымыздың" қайсысы ең болмаса мынау Акимовке қарсы бiр ауыз сөз айтты?

Жоғары-төмен билiктегi шенеунiктер болса, орыстiлдi гәзеттердiң жеке тiлшiлерiнiң сұрақтарына немесе орыстiлдi журналшылармен сұхбат жасағандарында немесе мақалаларында Қазақстанның, қазақтың атына айтылып жатқан бетпақтыққа, жалақорлыққа нақты, құжатты мысалдармен тойтарыс берудi неге керек етпейдi? Өйтудiң орнына өзiмiздi iштен шала қосарланып: "Тiл мәселесiн саясаттандыруға болмайды… Конституцияға қол сұқпаңдар… парламент тiл мәселесiмен айналыспайды… парламент Конституцияға түзету енгiзбейдi… Қазақстанның тыныштығын орыс тiлi сақтап келе жатыр…" дестi ( Қ. Мәми, О. Мұхамеджанов, М. Тiнiкеев, т. б.). Парламент маңы ерекше белсендiлiк танытты. Депутат Б. Сыздықова "төрт мемлекеттiк тiлдi Швейцарияны" үлгi етiп, тiптi ағылшын тiлiне мемлекеттiк мәртебе беру керек деп, Қожанасыр әпендi "аспанға шығарып кеткен" айды жерге түсiре жаздады. Паһ, шiркiндер!

Қазақ жерiн ертеде аралаған шетелдiк саяхатшы ғалымдар қазақтың: мейманқос, әдептi, еңбеккер, әншi, күйшi, өнерлi, момын, кешiрiмдi, аңқау халық екенiн жазғаны тарихтан мәлiм. Ал оның сырттан келген жауға қаһарланып қарсы тұруға әрқашан әзiр болғаны, iштей өзара қақтығыс-қырқысқа бармағаны өзiмiзге де белгiлi. "Көршiңдi құдайдай сыйла" – ежелгi қағидасы. Мынау нарықты экономика кезiндегi материалдық-моральдiк қиындықтарға да төзiп, шыдап келедi. Елiмiздегi тұрақтылық пен тыныштық – қазақ халқының осы қасиетiнiң жемiсi!

Қазақтың жерiн жерлеп, суын сулап отырған орыстардың қайсыбiрi бiздi "ұлтшылдар!" деп айыптап әлек. Иә, бiз өз ұлтымызды сүйемiз және ұлтымыздың ұлттық нышаны – тiлiн құрметтеймiз, қорғаймыз! Бiздi мазақ еткiсi келетiн шовинизмдi айыптаймыз! Саны аз қай халықтың болсын ұлттық намысын шабақтайтын қара күш – шовинизм!

Құрметтi Төраға, депутат мырзалар! Бiз орыстарға қарсы болған емеспiз, болмаймыз да. Абай мен Пушкиннiң әруақтарын силаймыз.

Iргелес екi үй – қазақ пен орыс сиыспай қалса, бiрiнiң көшiп кетуi мүмкiн. Ал Құдай табиғи көршi еткен Қазақстан мен Ресей өйте алмайды. Мыңдаған шақырымға созылған ортақ шекаралы қазақ пен орыс Ұлы дала мен Русь тұсында-ақ құдандалы туыс болған. Яғни екi халықтың арасына ор қазу пиғылынан бас тартқысы келмейтiн алыс-жақындағы арандатушыларға кесiмдi сөздерiңiздi ресми түрде қашан айтасыздар? Тiл саясаты десек, халықтың көкейкестi мәселесiне мән бермейтiн Парламент қай халыққа керек? Бiрiншi Конституциямыздағы: "Орыс тiлi – ұлтаралық қатынас тiлi" дегендi кейiн "ресми тiл" деп түзеткен парламентiмiз емес пе? Иә, Парламентiмiз! Осылайша сiздер мен бiздердiң солқылдақтығымыз бен тайсақтығымыздан мемлекеттiк тiлдiң хәлi әлi күнге мүшкiл емес пе?!.

Тiл жанашырларына ортақ осы ойларымызды ескеретiндерiңiзге сенемiз!

Сайлаушыларыңыздың бiрi ретiнде iзгi тiлекпен хат жазушы.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, Халықаралық әдеби "Алаш" сыйлығының иегерi

22.09.2011