ӘУЕЛДЕН ӘЙГIЛI ӘУЛЕТ

ӘУЕЛДЕН ӘЙГIЛI ӘУЛЕТ

ӘУЕЛДЕН ӘЙГIЛI ӘУЛЕТ
ашық дереккөзі
886

АТАЛЫҚ БАТЫР

Аталық батыр – даланың ауызша тарихнамасында есiмi кеңiнен белгiлi кейiпкер ғана емес, ол елiмiздiң «Ұлттық энциклопедиясынан» орын алған нақты тарихи тұлға. Тек бұл басылымдағы кейбiр деректердiң Аталықтың өмiр сүрген кезеңiнен сәл ауытқып тұрғандығы болмаса, оның қазақ-қалмақ соғысында даңққа бөленген атақты батыр екендiгi атап көрсетiлген. Аталық жайлы атадан балаға мирас болып қалған көптеген әңгiмелердiң арқауына айналған деректердi бүгiнгi ұрпақтары алтыннан қымбат қазынадай сақтап отыр.

Аталық батыр ретiнде қазақ хандығын тақтан емес, аттан түспей жүрiп басқарған Жәңгiр ханның (Салқам Жәңгiрдiң) заманында танылған. Қалмақ халқының тарихи ескерткiшi болып саналатын, 1690 жылы қағазға түскен «Зая Пандитаның ғұмырбаянында» (Пандита – падиша деген сөз) Жоңғар мемлекетiнiң негiзiн қалаған ойрат оғланы Батұр қоңтажының 1652 жылғы Қазақ хандығына қарсы жорығы баяндалады. Бұл жорықтың олар үшiн сәтсiз аяқталғаны белгiлi…

«Ғұмырбаянда» Жәңгiр хан хошауыт Өшiртi-Цецен ханның баласы Ғалдамадан жекпе-жекте жеңiлiп, мерт болғаны жайлы айтылады. Алайда, шындық басқа. Жекпе-жек кезiнде Жәңгiр ханның астындағы атының аяғы суырдың iнiне кiрiп кетiп, оқыстан қарсыласының қаруы қатты тиедi. Оны Аталық бастаған қазақ батырлары дұшпанға қорлатпай, алып шығады. Сал болып қалған Жәңгiр (салқам Жәңгiр аталуы сондықтан) бұдан кейiн де, 1680 жылы қайтыс болғанға дейiн, Қазақ хандығының тағында отырады. Сүйегi Түркiстандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне қойылады.

Аталықтың Салқам Жәңгiр төңiрегiнен көрiнуi – астана қала Түркiстан жау қолында қалған тұста хандықтың қара шаңырағы, ежелгi дәстүрге сай, бiр кездерде сақ-массагеттердiң, Батыс Түрiк қағанатының, оғыздардың, Жошы ұлысының, Ақ Орданың, Көк Орданың, Дештi Қыпшақ мемлекетiнiң орталықтары орналасқан Ұлытауда көтерiлгендiгiнде жатыр.

Артына «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгiлi заңдарды қалдырған хан да Қазақ хандығының туын Ұлытау жерiне тiккен. Қасым хан 1510 жылы осы таудың бiр бөктерiнде Мұхаммед Шайбанидiң қалың қолының тас-талқанын шығарғаны белгiлi. Хандығымыздың бiртұтас елге айналып, халықтың саны бiр миллион адамнан асып, қазақтың дербес ұлт ретiнде шет жерлерге танылған тұсы осы Қасым хан билiк жүргiзген кезеңге сай келедi.

Салқам Жәңгiрден соң әке тағына отырған Тәуке де хандықты ұзақ уақыт бойы Ұлытаудан басқарды. Ол ел билiгiне ендi ғана ие болған тұстағы, 1681-1684 жылдардағы Сайрам соғысының өзi-ақ Қазақ хандығының ордасын, уақытша болса да, жан-жағынан жау қоршаған Түркiстаннан осында көшiруге мәжбүр еттi. Уақыт бұл шешiмнiң стратегиялық жағынан маңызы мен мәнi өте зор болғандығын көрсеттi.

ҚҰТАН ӘУЛИЕ

Халық Әз Тәуке, яғни дана Тәуке деп атаған, ақылға бай хан ретiнде тарихымызда орны айрықша бұл қайраткердiң есiмi тек «Жетi жарғыны» (ел iшiнде темiрдей тәртiп, баянды тыныштық орнатуға негiз болған заңдар жиынтығын) өмiрге әкелгендiгiмен ғана құрметке бөленбеген сияқты. Оның ел астанасын Ұлытауға көшiруi де, жоңғармен соғыста қолдау көрсетедi деген үмiтпен 1686-1695 жылдары iшiнде орыс мемлекетiмен жақындасуға күш салып, қатарынан бес рет елшiлiк аттандыруы да ел қамын үлкен көрегендiкпен ойлаудың айшықты белгiлерi едi.

Сол тұстағы тарихи деректерден Ұлытау өңiрiн жайлаған елдiң Тәуке ханның қызметiне кеңiнен араласқандығын көремiз. Аталықтың ұлы Құттыбай 1695 жылы орыс жұртына Қазақ хандығының елшiлiгiн бастап барды. Бұл оқиға көшпелi елiмiздiң дипломатиялық саясаты тарихында алтын әрiптермен жазылған. Оның алдындағы бiр-екi осындай елшiлiктер құрамында ұлытаулық Оразай (Оразымбет) батыр болып, тiлмаштық қызмет көрсеткен. Бұл деректен (тiл бiлiмiнен) оның Сiбiр орыстарымен тығыз қатынас байланыста болған адам екендiгiн байқаймыз.

Өз әкесi Аталықтың , хан төңiрегiндегi тәжiрбиелi мәмлегер Оразай секiлдi топ жарған тұлғалардың тәлiм-тәрбиесiн көрген Құттыбай (Құтан) есiмi майталман мәмлегер, айтулы би , көрiпкел әулие ретiнде сол заманда бүкiл қазақ даласына кеңiнен тараған.

Қазақ тарихында ойып орны бар осындай алып тұлғаға деген халықтың сүйiспеншiлiгi, қошемет-құрметiнiң белгiсi болар, ел Құттыбайды Құтан деп атап кеткен.Бүгiнде Кiшiтау–Ұлытау өңiрiн құтты қоныс қылған Ақтас руының бiр тармағы Құтан атына ие болып отыр.

Исi қазаққа есiмi мәлiм Құттыбай (Құтан) жайлы деректер М. Қаратаев, Х.Сүйiншәлиев, М. Мағауин, А. Сейдiмбек сияқты белгiлi ғалымдардың еңбектерiнде, ертедегi әдебиет нұсқаларына, ел шежiресiне байланысты бiрде Құттыбай, бiрде Құтан деген есiммен келтiрiлсе, оны Құтан әулие деген жергiлiктi халыққа етене таныс атпен белгiлi жазушы, этнограф ғалым С. Кенжеахметов өлкетану мәселесiне байланысты зерттеу объектiсiне айналдырды. Құтан бидiң жанбасы тиген жер Ұлытаудан бастау алатын 64 салалы Торғайдың Қарынсалды деген тармағының Жалдама өзенiне қосылар тұсындағы Амантоғай ауылы маңында.

Құтан бидiң: «Демiм таусылған жерге жерлеңдер» деген өсиетiне сай, көктемде, ел Тобыл-Құсмұрын жаққа жайлауға көшiп бара жатқанда көсем-тұлға қайтыс болады да, мүрдесi сол жерге қойылады.

Ел аузындағы әңгiмелерде де, ұрпақ шежiресiнде де Құтанның жасы тоқсанға таяна бергенде қайтыс болғаны айтылады. Оның әкесi Аталық батырдың 1652 жылы Жәңгiр хан әскерiнiң сапындағы жас қыран екенiн, ал Құтанның (Құттыбайдың) өзiнiң 1695 жылдарда Тәуке хан орыс елiне жiберген елшiлiктi басқарғанын және Абылай хан тұсында да атақты би болғанын ескерсек, онда оның 1670-1760 жылдар аралығында өмiр сүргенiн шамалауға болады.

Торғай елi би Құтанды, әулие Құтанды айрықша қадiрлеп, пiр тұтып келедi. Ауырып-сырқағандар, бала көтермеген әйелдер киелi орын ретiнде оның бейiтiнiң басына түнеп, мiнәжәт етiп, дертiне дәру, шаншуына шапағат сұрайды. Торғайлық азаматтар мен әулие бабаның ұрпақтары арасында айрықша сыйластық сезiм, қимастық қарым-қатынас қалыптасқан.

ШЕГIР БИ

Құтаннан тараған ұрпақ аз емес. Солардың iшiндегi ең айтулысы – оның Шалабай атты ұлынан туған немересi Шегiр би. Ұлытау өңiрiн мекендеген қалың бағаналы найманның төрт босағасы – төрт тiрегiнiң бiрi ретiнде оның есiмi ел iшiнде кеңiнен таралған. Қазақ этнотарихының бiлгiрi Ақселеу Сейдiмбектiң «Балталы, Бағаналы ел аман бол» атты шежiре кiтабында Шегiр би жайлы бiршама нақты деректер келтiрiлген.

Осы тұста «төрт босаға» деген ұғымның мағынасын баяндай кеткенiмiз жөн. Ол заманда бiр-бiрiнен алшақтау жатқан қазақ руларының атқамiнерлерi ел iшiнде күнделiктi өмiрде болып жатқан дау-дамайлардың жағдайымен кездескенде алғашқы танысуларын:«Әуелi төрт босағаңды айт!» –деген сұрақтан бастайды екен. Онысы: «Ауыл-елiнiң, шыққан жұртының пiрi кiм, биi кiм, батыры кiм, мырзасы кiм?» –деген сауал. Бұған жөндi жауап болмаса, немесе аталған есiмдерге әлдеқалай себептермен көңiлдерi толмаса, одан кейiнгi әңгiмелерi жүйе таба қоймаған секiлдi.

Бағаналының төрт босағасы саналатындардың iшiндегi Қадiрi – пiрi, Шегiрi –биi, Сандыбайы – батыры, Бабыры – мырзасы болып есептелiнедi. Олардың барлығы айтулы тұлғалар. Арғы жағын алсақ, өзiмiз әңгiмемiзге арқау етiп отырған Аталық, Құтан, сондай-ақ Әбiлқайыр ханды өлтiрген Барақ сұлтанды соттағандардың құрамында болған Өтебай би, жоңғарға қарсы күрестiң iрi тұлғалары–Барлыбай, Жаулыбай, Төлек, Тулақ, Сағындық батырлардан бастап, бергi жағы Кенесары хан көтерiлiсiне ашық қолдау көрсеткен атқамiнер азаматтардың үлкен шоғырына тiреледi.

Патша үкiметi 1835-1836 жылдары Орынбор мен Омбы әкiмшiлiктерi арасындағы шекара сызығын Обаған өзенi бойымен өтiп, одан әрi Терiсаққан өзенi жағасымен Ұлытауға, содан соң түзу сызық бойымен Телiкөлге барып тiрелетiн етiп белгiледi. Осы шара арқылы Омбыға қаратылған бағаналы наймандардың ежелден жайлап келе жатқан атақоныстарының бiраз бөлiгi Орынборға қарап кеттi.

Мысалы, Орынбордың әскери губернаторы, князь Г.С.Волконскийдiң тапсырмасымен Кiшi жүздiң жаппас руының биi Көбек Шүкiрәлiұлы мен қазан татары Ғали Шахмұратовтың үш жүздегi барлық қазақ руларының қонысы, адам саны және т.б. жайлы 1803 жылғы мәлiметiнде бағаналы найманның 900-ге тарта шаңырағы жазда Есiл бойына жайлауға шығып, қыста Жыланшық өзенi жағалауында, Ақкөл көлi айналысында және Торғай салалары маңында қыстайтындығы айтылады.

Губернатор кеңсесiне тапсырылған (қазiр архивте сақтаулы тұрған) осы құжаттар, сондай-ақ 6000 шаңырақтан тұратын бағаналы-балталылардың негiзгi құрамы Ұлытау – Кiшiтауды, Кеңгiр, Сарысу бойларын мекендейтiндiгi көрсетiлген.

Шекара сызығы белгiленгенде бiрi– Орынбор, бiрi – Омбыға қарап, ел iргесi сөгiлiп, бiрлiгi бұзылмауын мұрат тұтқан бағаналының жақсылары мен жайсаңдары бас қосып, ақылдасып, өздерiне Омбы жақтан тиген жердi бөлiске салыпты. Бұл жайлы ел аузында сақталған әңгiмеге сүйенiп, А.Сейдiмбек былай деп жазады: «Билiктi Қадiр биге жүктеген екен, алайда ол ағайынның көңiлiне қарап, өздерiнiң бөле берсеңдершi» дептi. Сонда Шегiр отырып: «Екi Кеңгiрдi Сары Сарғалдақ пен Жырық алсын (Мұнысы Сарыкеңгiр мен Қаракеңгiрдi Ерден мен Қадiр би алсын дегенi), екi Жездiнi Ибеске мен Жұртшы алсын (Мұнысы Үлкен Жездi мен Бала Жездiнi Бабыр елi қоныстансын дегенi), Ырғайлы өзенi мен Байқоңыр өзенiн Ақтазға берiңдер (Мұнысы өзiн айтқаны)», – дептi. Сонда Қадiр би: «Оу, Бозжорға-ау (Шегiрдi осылай атайды екен), мұның не?» – дейдi. Бұған Шегiр: «Қалағаныңды өзiң ал, тастағаныңды iнiңе бер», – деп жауап берiптi. Осымен бiтiмге келiп, келiсiммен тарқасып едi», – дейдi.

Осы билiктен кейiн: «Ұлытауды жаратуын құдай жаратқанмен, бөлуiн Шегiр бөлген» – деген сөз қалған.

Көзiнiң тiрiсiнде-ақ бағаналының бозжорғасы атанған Шегiр би 1774 жылы туып, 1886 жылы қайтыс болған. Бейiтi Кiшiтау мен Ұлытау түйiсер тұстағы Шығырлы өзенi бойындағы Обалы деген өзiнiң атақонысында. Оның Әбәйдiлдә, Қамбар атты балалары және немересi Темiрбек пiрәдәр да сол қорымға қойылған. Шегiр бидiң күйдiрiлген қызыл кiрпiштен қаланып, хас шебердiң қолынан шыққан кесенесiнiң де тарихи және сәулет ескерткiшi ретiнде маңызы жоғары.

Ұлытау – Сарысу алқабында 1862 жылы әкери-стратегиялық барлаулар жүргiзген Бас штабтың подполковингi М.Красовскийдiң Санкт-Петербургте 1868 жылы басылып шыққан кiтабында ол өзi аралап шыққан өңiрде Жошы хан, Алаша хан мазарлары үлгiсiнде тұрғызылған ең кемi жүзге тарта көрiктi кесенелердi көргендiгi, олардың бiтiм-пiшiмiне таң қалғандығын атап көрсеткен. Ал осы Ұлытау өлкесiнiң өткенiнен артында қыруар дерек қалдырған Сабыр Шарипов 1924 жылы жазған мақаласында: «…Бағаналыда қызыл кiрпiштен салдырған 200-ден артық там бар», – дептi.

Осындай бүгiнгi ұрпақ үшiн, ел мен жер тарихы үшiн маңызы зор қыруар құндылықтардың қаншасы бүгiнгi күнге жеттi десек, ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жоқ. Обалыдағы Шегiрдiң, Сары Кеңгiр алқабындағы Құдайменде бидiң бейiттерi сол кезең мұрасынан қалған жұқана ғана. Дүзен кесенесiнiң темiр құрсау арқасында ғана мүлдем құлап, үйiндiге айналмай тұрғаны бәрiмiзге мәлiм.

ӘБӘЙДIЛДА БОЛЫС

Шегiрдiң бел баласы Әбәйдiлда әулет дәстүрi, отбасы тәрбиесi, өскен ортасы, көрген бiлгенiне қарай ел қамын ойлаған тектi азамат ретiнде Сыр мен Қырға танылды. Адамгершiлiгi мол, билiгi әдiл болды.

Архивте сақталған Әбәйдiлда би Шегiровтың 1859 жылы толтырылған қызмет тiзбесiнде (формулярный список) оның жасы 31- де екендiгi, 1858 жылдың үшiншi қазанында Батыс Сiбiр генерал-губернаторының бұйрығымен сайлау қортындысына сәйкес бұған дейiн Уәйiс би Байжанұлы 28 жыл ұдайы басқарып келген Ақтаз-Бадана-Сейiт болысының басқарушысы болып бекiгендiгi және оның бұл қызметтi атқаруға қабiлетi мен беделi сай келетiндiгi атап көрсетiлген.

Әбәйдiлда болыстық қызметте жүрiп, Орынбормен Омбы әкiмшiлiктерi шекараларының белгiлеуден басталған, сонау 1835-1836 жылдардан берi созылып, шешiмiн таба алмай келген бағаналылардың Ерден мен Уәйiстер бастаған атамекен үшiн күресiн абыроймен жалғастырған, оның қыр-сырын ақ патшаға дейiн жеткiзе бiлген бiрегей қайраткерлер қатарынан орын алады. Ол осы мәселе түбегейлi шешiмiн тапқан, императордың тiкелей нұсқауымен 1864 жылы 15 маусымнан 25 маусымға дейiн созылған, Орта жүз бен Кiшi жүздiң небiр бетке ұстар жақсылары мен жайсаңдары қатысқан Сарыторғайда өткен съезде үлкен белсендiлiк көрсетiп, ел намысын қолдан бермеген. Сол құрылтайдың құжаттарына Әбәйдiлда болыс та жеке мөрiн басқан.

Аталық, Құтан,өз әкесi Шегiр шыққан әулет абыройына кiр келтiрмей, туған халқына қалтқысыз қызмет еткен Әбәйдiлданың болыс басқарушылық жолы да даңғыл болмаған. Шен-шекпенге сатылудан, жағымпаздықтан бойын аулақ ұстаған ол, әдiлеттiң ақ жолынан таймаймын деп жүрiп, патша үкiметi тарапынан қатаң жазалауларға да ұрынған. Мысалы, 1862 жылы Атбасар түрмесiнде екi жетi отырып шыққандығы жайлы құжат Омбы архивiнде сақтаулы тұр.

Әбәйдiлда бидiң мойынға тағатын белгiсiн қазiр Кiшiтауда, әулеттiң ата жұртында тұрып жатқан ұрпағы Темiрбекұлы Сейтжан ақсақал, тiптi өзiнiң бел балаларына да көрсетпей, атадан қалған мұра, ұрпақтан ұрпаққа өткiзер ата-баба аманаты ретiнде сандықтың түбiнде сақтап келiптi. Оның себебiн кешегi кеңестiк дәуiрде атақты әулет ұрпақтарын қудалаудан зәрезап болып қалғандығымен түсiндiредi.

Сол қалпында сақталған, қоладан құйылған, алтындай жарқыраған белгiнiң бiр бетiнде бiтiмгер би (судебный би) деген жазу Ресей мемлекетiнiң елтаңбасын орап тұр. Екiншi бетiнде патша тәжi, оның астында нақыштап келтiрген «А-II және 1869 жыл» деген жазулар бар. Мұндағы «А-II» деген жазу 1855-1881 жылдары Ресей империясын билеген Александр II патшаны, 1869 жыл – төбе билердiң мойынға тағатын арнайы белгiсi тағайындалаған уақытын бiлдiредi.

Осы Александр II 1868 жылы 21 қазанда «Далалық облыстарды басқару туралы уақытша Ережеге» қол қойды. Бұл құжат қазақ даласындағы аға сұлтандар билiгiн бiржола жойып, қазақтың барлық жерiн Ресей меншiгi етiп жариялады. Таратылған дуандар (округтер) орнына орыс әкiмдерi басқаратын ояздар (уезд) құрылды. Әрбiр оязда қазақы дауларды қарайтын билер тағайындалып, оларға мойынға тағатын белгi берiлдi. Әбәйдiлда осындай ояздық төбе би болып сайланды. Сондай-ақ бұдан былайғы жерде, болыстар рулық атауларын жойып, бұрынғы Ақтаз-Бадана-Сейiт болысы – Ұлытау болысы, Қоқан-Жырық-Байназар болысы – Кеңгiр болысы, Қарабала-Төртқара-Сарғалдақ болысы – Сарысу болысы, Ибеске-Жұртшы болысы – Жездi болысы деп аталатын болды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙIН

Тамыры тереңнен тартылған тектi әулеттiң топжарған тұлғалары жайлы нақты тарихи деректерге сүйене отырып бастаған әңгiмемiздiң әлқисасын әжептәуiр баяндап берген сияқтымыз. Ел аузында, басылым беттерiнде, архив құжаттарында үзiк-үзiк жылт ете қалатын мәлiметтердi бiр жүйеге түсiрiп, ұрпақтар сабақтастығы, бабалар тағылымы тұғырынан көз тастап, шама-шарқымыз жеткенше көңiл сүзгiсiнен өткiзiп шығу көптен бергi ойда жүрген шаруа едi. Оның да сәтi түсiп, орайы келген тәрiздi.

Биыл қазiргi Қостанай облысы жерiндегi Құтан бабаның басына еңселi мазар орнатылды, Шегiр мен Әбәйдiлданың кесенелерi Обалыдағы әулет қорымында.

Ұлытауда Үкiметтiң қаулысымен құрылған ұлттық тарихи-мәдени және табиғат қорық-мұражайы жұмыс iстеп тұр. Жетi жүзге тарта тарихи ескерткiштердi тiркеуге алған ұжымның атқарып отырған жұмысы ұшан-теңiз екендiгiне дау жоқ. Алайда, бiр таңқаларлығы, Обалыдағы Шегiр би, Әбәйдiлда билердiң кесенелерi осы күнге дейiн мемлекет тарапынан қорғауға алынған тарихи ескерткiш деңгейiнде тiркелмептi. Менiң ойымша, бұл қорым жеке кесенеге ғана емес, өлке тарихы үшiн айрықша маңызға ие кешен (комплекс) ретiнде де жоғалмауға тиiс объект. Бұл туралы ұлытаулықтар ұсыныс жасап жоғарғы жақтарға шықса да, қарсы болар ешкiм болмас деп сенемiн.

Ел аузында Құтан әулие атанып кеткен, аты аңызға айналған Құттыбай мазары тұрған өлке қостанайлықтардың да құлағына алтын сырға дегiм келедi. Құтан қорымы да тарихи ескерткiш ретiнде есепке алынбаған көрiнедi. Туған елi құрметтерiн, iлтипат-iзеттерiн ғасырлар бойы үзбей көрсетiп, аттарын аңызға айналдырып келе жатқан, алмағайып замандардың қабырғалы қайраткерлерiн қадiрлеу мен қастерлеу – бүгiнгi ұрпақтың да ең басты парыздарының бiрi.

Қуаныш АХМЕТОВ, жазушы.

Астана

Серіктес жаңалықтары