КӨСЕМСӨЗГЕ КЕМЕЛ КЕЛIНШЕК

КӨСЕМСӨЗГЕ КЕМЕЛ КЕЛIНШЕК

КӨСЕМСӨЗГЕ КЕМЕЛ КЕЛIНШЕК
ашық дереккөзі
236

Кейiнгi уақытта «қазақ журналистикасы заман талабына сай емес» деген өрiсi тар, өресi төмен қисынсыз сөз қоғамда ара-тұра бой көтерiп қалып жүр. Иә, жаңа заманға сай жаңа қазақ журналистикасы бiржола қалыптасып болды деп айтуға ертерек. Әлi алда талай iзденiстер, осыған дейiн тың түрен түспеген жолдар жатыр.

Дегенмен, елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi Қазақстанда қаламы қарымды, қоғамды толғандырған қайсыбiр тақырыпты болса да егжей-тегжейлi зерттеп, қайыра-қайыра қаузап, жан-жақты сараптама жасай отырып жазатын талантты қыз-келiншектердiң шоғыры өсiп шыққанын скептиктердiң өзi де ерiксiз мойындайтыны сөзсiз. Бұл табиғи жаратылысында сезiмтал, жаны iзгi әрi байқампаз әйел журналистердiң қоғам тыныс-тiршiлiгiнiң тамыр соғысын жiтi аңғарып, аса сезiмталдықпен жан-жүрегiнде қорытып, қалың бұқараның өзiне көркем тiлмен қайтара жеткiзулерi арқылы жүзеге асты. Сол жаңа сыйпатты, батыл да iзденгiш, iлкi ойлары оқырмандарды бей-жай қалдырмайтын бiр шоғыр журналистердiң арасында Қазақстан Президентi алғысымен марапатталған белгiлi журналист, филология ғылымдарының кандидаты – Есенгүл Кәпқызының өзiндiк орны бар.

Оның журналистiк табыстарын сөз етпес бұрын, бiр жайттың басын ашып алуға тиiспiз. Өзiмiз қатарына қосылғымыз келiп көзiмiздi сүзiп жүрген сүбелi, сөз жүзiнде демократиялық елдер журналистикасы да қазiр, шын мәнiнде, аса терең тоқырауға ұшырағаны мәлiм. Батыс елдерiндегi тәуелсiз журналистиканың жұлдызы өшiп бара жатқанын сол елдердiң белгiлi сарапшылары мен зерттеушiлерi жиi айтып жүр. Аты мәлiм мамандардың пiкiрiне күмән келтiру орынсыз. Егер, 1948 жылы АҚШ-та бұқаралық ақпарат құралдарының 80 пайызы шын мәнiнде тәуелсiз болса, қазiр бұл елдегi ақпарат құралдарының 90 пайызы бес-алты алпауыт медиа-магнаттардың уысында. Яки, мұнда тәуелсiз журналистика дегеннiң салыстырмалы ұғым болып қалғанына отырғанына қоғам алаңдаулы. Бұл жағдай Еуропа елдерiнде де анық байқалып отыр. Әлгiндей БАҚ-тың қожайындары болып табылатын медиа-магнаттардың көмегiмен «демократиялық» өкiметтер өз саясаттарын жүргiзуде. Мәселен, Иракка қарсы соғыс бастарда АҚШ-та адамдарға бұрын-соңды болмаған деңгейде идеологиялық қысым жасағаны жасырын емес. Тiптi, 200 журналист АҚШ әскерлерiнiң сапында бiрге жүрiп, армия басшылары рұқсат еткен ақпараттарды ғана әлемге таратқан болатын. Ол — ол ма, Бағдатта Саддам Хусейннiң ескерткiшiне арқан байлап құлатқан, сондай-ақ президент сарайын талан-таражға салған тобырды (С.Хусейн режимiне қарсы делiнгендердi) АҚШ әскерилерi әдейi ұйымдастырғаны қазiр анықталып, әшкереленiп отыр. Қысқасы, күрделi әлемде әрбiр мемлекет өз идеологиясын, құндылықтары мен мүдделерiн түрлi айла-тәсiлмен кең таратуға дайын. Осындай ащы шындықтарға қарамастан Батыс журналистикасын үлгi тұтушылардың тайыз ойлары мен тоңмойындығына таңданбасқа шараң жоқ. Бiздiң «батысшылдар» қазақ журналистикасы ақпарат берумен ғана шектелуi керек, автордың ой-толғамы, пiкiрi, оқиғаға көзқарасы оқырманды еш қызықтырмайды деген жаттанды ойларын қайталаудан жалығар емес. Ал, өмiр шындығы мүлде керiсiнше.

Тәуелсiздiгiн жаңа алған, саясаты мен экономикасы түбегейлi қайта құрылып жатқан әрi қоғамның көптеген мүшелерi әлi құлдық санадан арылмаған елде журналистiң арқалаған жүгi ауыр. Ол өзiнiң жанын ауыртып, жүрегiн тербеген күрделi мәселеге ерiктi-ерiксiз түрде өз көзқарасын бiлдiруге мәжбүр. Өзiнiң азаматтық позициясын танытуы қажет те. Ұлтжандылық, мемлекетшiлдiк, қазақ ұлтының мақсат-мүддесiн қорғауға тиiстi патриоттығы тұрғысынан да осылай етуге тиiс. Есенгүл Кәпқызы осындай ауыр мiндеттi мойнына өз еркiмен артқан журналист. Және осындай табандылығы, кәсiби шеберлiгi үшiн де кейде соққы жеп те жатады. Несi бар, бұл қиын да қызықты мамандықтың сырт көзге байқала бермейтiн ерекшелiктерi. 2001 жылы 11 тамызда оның қарымды қаламынан туған «Оралман — ұлт мәселесi» атты шымыр да шынайы, жанайқайға толы мақаласы жарық көрген болатын. Iле-шала сол жылдың 5 қыркүйегiнде «Мегаполис» газетiнде аталмыш мақаланы сынға алған «Маразмы в практике казахскоязычие» деген сыңаржақ мақала шұғыл жарық көргенi есте. Аты-жөнi белгiсiз автор: «Между тем предыдущем номере газеты была опубликована статья журналиста Есенгуль Капкызы, который от имени оралманов, предлагалось в срочном порядке переходить на казахское делопроизводство. Но после таких фокусов и лингвистической адекватности невольно задумаешься: надо ли?.. Если по таким лекалам будет введено такое делопроизводство, это казахи потянуться из страны. А вытянуть ли и оралманы? Инымыи словами предложения газеты «Туркестан» выглядит при ее собственном – то воорружении почти провокационном», – деп нағыз арандатушылыққа жол берген болатын.

Бiрақ, Есенгүл бұған мойыған жоқ. Ол өзiнiң халықшыл, отаншыл, ұлтшыл журналист екенiн, жалтақтау я болмаса қандай бiр ағымның ырқына енiп, ыңғайына iлесу бойына жат кәсiби шебер екенiн әр күн сайын, әр мақаласында дәлелдеп келе жатқан журналист. Адал, тәуелсiздiктiң тұғырын нықтауға, оның күш-қуатын нығайтуға, көптi осы iске жұмылдыруға бел буған кәсiби шебер. Ақбiлек, алтын сағат! Әдетте жаңсақтыққа бой алдырмау, екiұшты сөйлемеу, абсолют жылдамдықта берiлген ақпараттан алған көңiл-күй қылын тап баса алу журналистiң беделiн арттырады. Есенгүл қарапайым жұрт көзi шала бермейтiндi аңғарып, дәйектердi нақтылап, салыстыра, шендестiре отырып оқырмандарға ұсынады. Мұны «Сөздiң шыны» кiтабына «Ақиқат жаршысы» деп алғысөз жазған белгiлi ғалым, қазақ журналистерiнiң ақын ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiнiң деканы Бауыржан Жақып мырза да дәл аңғарған әрi бүкпесiз айтқан. Басқалар да мұны мойындайтыны сөзсiз.

Журналиске қойылатын ең негiзгi заманауи талап – сөздiң шынын айту десек, Есенгүл Кәпқызы осы талаптың үдесiнен шыға бiлген үздiк журналистерiмiздiң бiрi. Оның қаламынан туған «Сөздiң шыны» атты тұңғыш кiтабына соңғы жетi жыл көлемiнде қазақ баспасөздерiнде жарық көрген публицистикалық еңбектерi «Ұлтық рух мәртебесi», «Көшi-қон және демография», «Жолсапар» атты үш тарауға жiктелiп берiлген. Әр жылдары әр түрлi баспасөзде жарық көрген мақалаларын хроникалық ретпен орналастырған. Бұлайша жүйелеп ұсынуының өзiнен сақа журналистке тән әрi ыждағаттылық, әрi дәлдiк байқалады. Әрбiр оқырман бұл кiтап арқылы қоғамның ешбiр бояусыз әсiрелеп, үстемелемеген, көпiртiп күмпитпеген, жасырып жаппаған, бүркеп бүкпеген шынайы бет-бейнесiн көредi. Мұның өзi Е.Кәпқызының нағыз азаматтық келбетiн, нағыз адалдық пен ақиқаттың жаршысы екенiн танытады.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары