ЖАҢА ЖЫЛ, ҚҰЛАҚСЫЗ ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ЖЕМҚОР БИЛIК

ЖАҢА ЖЫЛ, ҚҰЛАҚСЫЗ ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ЖЕМҚОР БИЛIК

ЖАҢА ЖЫЛ, ҚҰЛАҚСЫЗ ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ЖЕМҚОР БИЛIК
ашық дереккөзі
172

Қазақ қоғамын iштен iрiтiп жатқан жемқорлық адамдар өмiрiне қауiп төндiрiп тұр. Қаржылық және моральдық тұрғыда ғана емес, медициналық тұрғыда да. Жылтыр сөз бен жалаң ұранға үйiр бiздiң билiк жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықпен күресуге дәрменсiз әрi мүдделi емес. Өйткенi, биiк мiнберлерден «биiк-биiк» сөздер айтатын кейбiр шенеунiктiң өзi жемқор…

Жаңа жылға санаулы күн қалғанда бiр қазақ құлақсыз қалды. Кiмнiң кесiрiнен дейсiз ғой? Жүз грамға желiгiп, қауiпсiздiктi қаперден шығарған өзiнiң, жас-кәрiнiң өмiрiне қатер төндiретiнiн бiле тұра, сапасыз әрi қауiптi затты сататын «қара базардағы» қомағай қандасының, ақшаға құныққан кедендегi ашкөз шенеунiктiң кесiрiнен! Алматы қаласына жақын маңдағы Өжетте тұратын әлгi байғұс «қара базардан» алған жаңажылдық отшашуды сынап көрмек болған. Арақтан ақылы тұманданған ол отты «ойыншықтың» түбiне тұтатып қойып, құлағына жақындата бергенде гүрс етiп жарылып, құлағын түбiмен қопарып түсiптi!..

Жылда осы. Қытайлардың Жаңа жыл кешiнде жағатын отшашуларымен ойнаған талай қазақ баласы соқыр, керең, шұнақ боп қалды. Былтыр жарылғышы бар ойыншықтан көзi ағып түскен шымкенттiк бiр қарадомалақ: «Досымнан сұрап алғам. Атып көрейiн деп ем. Соқыр боп қалдым» деп еңiрегенде кiмдi кiнәларымызды бiлмей, iшiмiз қанжылаған. Қытайлық заттардың өте қауiптi екендiгiн, балаларды түрлi мүгедектiкке әкеп соғатынын, нарыққа шығаруға, сатуға тыйым салу керектiгiн айтып, отандық дәрiгерлер бiрнеше жылдан берi дабыл қағумен келедi. Селт еткен тиiстi органдар жоқ. Адам өмiрiне аса қауiптi заттар кеденнен кедергiсiз өтедi, сапасын анықтайтын арнайы құжаттың жоқтығына қарамастан, базарлар мен дүкендер сөрелерi толтырылады, жауапкершiлiксiздiгi мен селқостығының салдары қаншалықты ауыр болатынын бiле тұра, ата-ана кiшкентайларына әлгi «ойыншықтарды» сатып әпередi… Естуiмiзше, нәпақасын қытайлық заттарды сатумен табатын алыпсатарлар Жаңа жыл мерекесiнiң қарсаңында от шашатын «ойыншықтардың» арқасында ас та төк пайданың астында қалатын көрiнедi. Олардың сапасыз тауарын кеденнен кедергiсiз өткiзiп, базарларда емiн-еркiн сату үшiн тапқан пайдаларының бiр бөлiгiн мiндеттi түрде құзырлы органдардағы «көкелерiне» «тарту» ететiнi айқын.

Санаулы күннен кейiн Жаңа жыл есiк қағады. Өкiнiштiсi, қанша баланың тағдыры тәлкекке түсiп, қанша баланың мүгедек боп қалатыны бiр Аллаға ғана аян. Бала тұрмақ, үлкендердiң өзi құлақсыз қалған қазақ секiлдi өмiрлерiне немқұрайды қараса, ойыннан жиi өрт шығарып алатын алаң көңiл балаға ренжiп не қайыр? Қоғамды iштен iрiтетiн, кедендегi келеңсiздiктерге жол беретiн жемқорлықты жоюға мүдделiлiк танытпайтын бiздiң билiктен не қайыр?

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары