ҰЛТ МҮДДЕСI — ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

ҰЛТ МҮДДЕСI — ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

ҰЛТ МҮДДЕСI — ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ
ашық дереккөзі
335

Қазақстан өз алдына жеке шаңырақ тiгiп, дербес ел болғалы ұлттық идеологияның бағыт-бағдарын айқындай алмай-ақ келедi. Кеңестiк идеологияның сай-сүйегiмiзден өтiп кеткенi соншалық, тәуелсiздiктiң туын көтергелi 16 жыл болса да, коммунизм елесiнен әлi айыға алмай жүрмiз.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ ЖӘНЕ ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТIЛ

Тәуелсiздiгiмiздi жариялаған күннен бастап, рухани кеңiстiгiмiз бос қалды. Дәл осы олқылылықты пайдалануға кiмдер ұмтылмады дейсiз. Ең алдымен, дiни миссионерлер қаптады. Келсiн-келмесiн әркiм өз дiндерiн уағыздап, Қазақстанның рухани кеңiстiгiнен орын алуға талаптанды. Соның нәтижесiнде, көп дiндi, көп конфессиялы ел атандық. Бұнымен де тұрмады саяси идеологтар «еуразиялық» дейсiз бе, «қазақстандық» дейсiз бе, әйтеуiр түр-тұлғасы қазаққа жат идеяларды тықпалай бастады. Бiрақ, биiк мiнберден «қазақтық идеяны» ұсынып, оны қолдап кеткен адам аз болды. Идеологиялық бағыт-бағдарымыздың әлi күнге дейiн бiр iзге түспеуi салдарынан болар, жазушыларымыз сүбелi туынды жаза алмады, зиялыларымыз ақырып теңдiк сұрауға жалтақ. Сөйтiп, елiмiзде идеологиялық солқылдақтық пайда болды.

Бүгiнде биiк мiнберден жиi айтыла бастаған «қазақстандық ұлт» және «үш тiлдiлiк» идеясы түбiнде өмiршең бола қоймайтыны айдан анық, оны Ақорда идеологтары бiлмей отырған жоқ, бiлсе де әдейi тықпалап отыр. Қазақстан қоғамы бұл идеяны мүлдем қолдап кете қойған жоқ. Әлсiз болса да әр жерден ұлт патриоттарының үнi құмығып естiле бастады. Баспасөзде бұған орай әркiм өз пiкiрiн бiлдiрiп жатыр. Демек, бұл құбылыстың жалпыхалықтық сипат алып, жаппай қолдауға ие болып кетер түрi жоқ. Дегенмен, аталған идеяны қолдамайтындардың есесiне ұсынып отырған ештеңесi тағы жоқ.

«Pozit.kz» сайтындағы Алмас Көшербаевтың «Панацея от зомбирования» атты мақаласында, «қазақстандық ұлт идеясын тықпалау, үш тiлдiлiктi күштеп таңу онсыз да ушығып тұрған ұлтаралық татулыққа май құя түседi. Бұл өзгелердiң емес, қазақтың намысын таптайды, онсыз да жетiм баланың тағдырын кешiп жүрген қазақ тiлiн көлеңкеде қалдырады. Оның соңы жақсылыққа апармас» деген ол. Дәл осы секiлдi ойды Алексей Лобанов «Zona.kz» сайтында «Мы все в одной лодке» деген мақаласында келтiрген. Ал, үштiдiлiк идеясын ұсынатындардың дәлелi Канада, Швейцария және Сингапур елдерiнiң тәжiрибесi. Бiрақ, олар бiр мәселенi ұмытып кете бередi. аталған мемлекеттердiң барлығы – эмигранттар елi ғой. Оған Америка да қосылады. Қазақ идеологтары iргемiзде тұрған Ресейдiң саяси-экономикалық жолын таңдауға құштар. Ресей жүрген соқпақпен жүруге ынталы. Алайда, Ресейдiң ұлт саясатына көзжұмбайлықпен қарайды. Әрине, Ресей төлқұжатында «ресейлiк» деп жазуды таңдағанмен, «ұлы орыстық» идеясы бекем. Республикалар мен автономиялық округтарды бiртiндеп жойып, Ресейге өз еркiмен қосып алуға күш салуда. Федеративтi мемлекет болғанына қарамастан, субьектiлерiнiң ұлттық мәселесiн аяққа таптап, ұлт тiлiн жойып, мемлекеттiк тiл ретiнде тек орыс тiлiн жариялады. Республикалар аумағында орыс тiлiнiң қолданылуын кеңейту мақсатында, ұлт тiлiне басымдық бермей отыр. Өзгенiң бәрiн Ресейден үйренетiн ағаларымыз ұлт саясатына келгенде неге мұхиттың арғы жағына көз тiге қалды екен түсiнiксiз. Ресей ағылшын тiлiн күшпен таңып отырған жоқ. оны үйрену үйренбеу әркiмнiң өз еркiндегi шаруасы. Ал, мемлекеттiк тiлдi үйрену — әрбiр азаматтың ғана емес, сол елдiң азаматы атанғысы келген шетелдiктiң де мiндетi. Бiздегi үш тiлдiлiк тұғырнамасы мен қазақстандық ұлт идеясы орыс тiлiнiң дәрежесiн бекемдеу үшiн қажет болып отырған сияқты. Орыс тiлiн сақтаудың неше түрлi қитұрқы амалдарын ойлап тапқан билiк бұл жолы – үш тiлдiлiктi бекемдеу арқылы, орыс тiлiнiң мәңгiлiк өмiрiн ұзартуды көздеп отырған сынды.

ҚАЗАҚ ҰЛТ РЕТIНДЕ ҚАЛЫПТАСҚАН БА?

Қазiр кеңселерге тығылып қазақтың жағдайын талқылайтындар да, телеарналардағы ток-шоулар да осы мәселенi сөз ететiн болып алыпты. Мемлекеттiк тарихы мың жылдарға созылса да, ұлт ретiнде тарих сахнасынан берiк орын алса да, оның ұлт ретiнде пiсiп жетiлмегенi жайлы сөздiң қозғалуының өзi ұлттың өзiне деген сенiмiнiң азаюын танытса керек. Осыдан бiр ғасыр уақыт бұрын, Ресейдiң қоластында, тiптi автономиялық дәрежемiз де бола қоймаған кезде «Алаш» зиялылары осы мәселенi күн тәртiбiне қойып көрмеген екен. Керiсiнше, «Алхамдулла, алты миллион қазақпыз!» деп өз рухын өздерi асқақтатқан. Ал, мемлекет тәуелсiздiгiн қолына алып, тарих сахнасынан қайта орын алған ХХI ғасырда, мұндай солқылдақтық танытуымыз, ұлттық рухымыздың кеми түскендiгiн бiлдiрсе керек. Бұл мәселе көтерiлген «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Көкпар» бағдарламасында да, «31 канал» арнасының «Замандастар» бағдарламасында да бiр тезис ортаға салынды. «Бiз қазақтың намысына келетiн сөз айтсақ, ешкiм өре түрегелiп оның намысын жыртпайды, керiсiнше, бiрге жамандасады, ал руының намысына келетiн сөз айтсақ аттандап, жаға жыртысуға дейiн барамыз. Демек, бұл бiздiң ұлт ретiнде қалыптаспағандығымыздың көрiнiсi емес пе?» дейдi жүргiзушiлерi. Мен шынымды айтсам, бұндай әңгiменi тек осы адамдардың аузынан естiп отырмын.

Рас, Абай өз ұлтының кемшiлiгiн термелеген шығар, А.Байтұрсынұлы қазақтың кемшiлiгiн айтқан шығар. Қазақтың бойкүйездiгi мен жайбасарлығын қазiргi ұлт зиялылары да ескертiп жатқан шығар. Бiрақ, бұл ұлтын жек көрушiлiктiң нышаны дегенге кiм сенедi. Керiсiнше, ұлттық намысты жанудың амалдары шығар.

Қазақ ұлт ретiнде қалыптасқалы алты ғасыр уақыт болды. Соның нәтижесiнде отаршыл күштердiң табанды езгiсiнен аман қалды. Ұлт ретiнде жойып жiберуге қандай амал-айла жасаса да, қазақ бүгiнге жеттi. Тәуелсiздiктiң көк байрағын желбiреттi. Ендi осы байрақтың мәңгi желбiреуiне жұмыс iстеуiмiз керек. Ол үшiн әлсiреп кеткен ұлттық санамызды оятуымыз қажет. Өсiп келе жатқан өрiмдей жастарымыздың санасына өзiн-өзi кемсiтетiн идеяларды таңбаған жөн.

Бiздiң саяси санамыздың әлсiздiгi салдарынан саясаткерлер қазақ тағдырын ойыншыққа айналдырып отыр. Айталық, Қазақстанда 90-шы жылдардың басында басталған iшкi абыр-сабыр, ауылдан қалаға ағылушылыққа көзжұмбайлықпен қараған едiк. Iшкi саясат ушығып, жаңа әлеуметтiк проблемалар бой көтере бастады. Ауылдан қалаға келген жұрттың саяси санасы өсiп, теңдiк сұрай бастаған кезде, халықты қайтадан ауылда ұстау мәселесi күн тәртiбiне шығарылды. Керiсiнше, келiмсектердiң қазақ елiнде жұмыс iстеуiне мол мүмкiндiк жасап, елiмiздiң есiгiн тағы айқара аштық. Тағы да Ресейдi мысалға келтiрейiк. Онда керiсiнше, келiмсектердiң келуiне кедергi келтiрiп бағуда. Қара базарда сауда жасап тұрған орталық азиялық тұрғындарды қуудың шарасымен екi жылдай айналысып келедi. Оның орнына шекара аймақтарға орналастыру үшiн шетте жүрген қандастарын шақырып жатыр. Бiз оралмандардың келуiнiң жүйелi саясатын жүргiзгеннiң орнына, жұмыс күшi дегендi желеу етiп, жылына миллионға жуық адамның Қазақстанға келiп орналасуына жол аштық.

Бiздегi қазiргi жергiлiктi ұлттың билiкпен келiспеушiлiгi стихиялы түрде орын алып отыр. Айталық, Шаңырақтағы дүрбелең, Атырау, Алматы облыстары мен Оңтүстiк Қазақстандағы Маятас оқиғасы жергiлiктi ұлттың ашу-ызасының әлсiз көрiнiсi. Бұның астарында әлеуметтiк теңсiздiк жатқанымен, өз елiнде өгей баланың күйiн кешкен қазақ ашулы. Қандай әрекет болса да, маңайындағы өзге ұлт өкiлдерiнен ашуын қайтаруға тырысуда. Сол Шаңырақ оқиғасына кiнәлiлердiң алды жиырма жылға сотталғанда, Маловодныйдағы соттың үкiмi жарияланып, қазақтар кiнәлi болып табылғанда, Маятас оқиғасының тiгiсiн жатқызып, аз ұлттарға қысым көрсетiп жатыр деп қазақтарды кiнәлағанда, қазақ тағы үнсiз қалды. Өз бауырларының тағдырына бейжай қарады. Демек, бұл бiздiң саяси санамыздың әлi әлсiздiгiн танытады. Яғни, қазақты оята бiлетiн саяси қайраткердiң пiсiп жетiлмегендiгiнiң көрiнiсi.

Бұған билiк мүдделi. Қазақтың тарихын сызып тастап, «мемлекеттiгi болмаған» ел ретiнде танытуға құштар топтар Қазақ хандығының 570 жылдығын, «Алаш» қозғалысының 90 жылдығын, «Желтоқсан көтерiлiсiнiң» 20 жылдығын көз жұмып ғана өткiзiп жiбердi. Бiздiң қасыретiмiз де осы. Тарихты әркiм өзiнен бастауға ұмтылады, билiк басындағылар ұлттық мүддеден гөрi жеке басының қамын көбiрек күйттейдi, ақыр аяғында отарсыздандыру саясаты да жүргiзiлмей отыр. Осының салдары «қазақтың» ұлт ретiнде қалыптасқанына күмәнмен қарайтын ойға да жетелеуде.

Түйiн: сонымен тәуелсiздiгiмiздiң көк байрағы желбiрегенiне 16 жыл. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы қолымызда. Ендi оны баянды ету бiзге серт. Бүгiнгi ұрпақ пен болашақ ұрпақтың арқалар аманаты. Тәуелсiз елдiң туы ешқашан жығылмасын, ең ұлық мейрамымыз баянды болсын.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары