«АЛАFАН ҚОЛЫМ – БЕРЕГЕН»
«АЛАFАН ҚОЛЫМ – БЕРЕГЕН»
Бұйыртса, кедендегi кедергiлер жойылып, заңнамалық құжаттар реттелетiн болды. Тек Дүниежүзiлiк банктен «беттiң арын белге түйiп» қойып, қарыз сұраған бiздiң шенеунiктер қаржыны қажетiне жаратса игi. Әйтпесе, жемқорлық дендеген қазақ қоғамын кеден саласындағы былықтар тұралатып-ақ тұр.
Өткен аптада Дүниежүзiлiк банк (ДБ) Қазақстандағы кедендiк жүйенi дамытуға арналған жобаға қаржылық тұрғыда қолдау көрсету мақсатында 18,5 миллион доллар қарыз беретiн болды. Елiмiздегi кедендiк әкiмшiлiктi дамыту, кедендiк әрекеттердiң ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, осы саланы дендеген жемқорлық деңгейiн төмендету, түсетiн кiрiс көрсеткiшiн ұлғайту сияқты басқа да шараларды қамтитын кедендiк жоба әлемдiк экономикадағы ынтымақтастыққа, бәсекелестiк пен инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етпек. Бұған Дүниежүзiлiк банк өкiлдерiнiң сауда саласындағы кедендiк мәселелер бойынша жасаған тiзiмi себеп болса керек. Өйткенi, 150 елдiң кедендiк жүйесiнiң жұмысына баға берiлген арнайы тiзiмде Қазақстан 139-орынды иеленген көрiнедi. Қазақ Үкiметi мен Дүниежүзiлiк банк бiрiгiп қаржыландыратын жобаның жалпы құны 62 миллион АҚШ долларына тең. Қазақтар жағы 43,5 млн. долллар бөлсе, ДБ 18,5 млн. доллар қарыз бермек. Несиенi өтеу мерзiмi – 15 жыл.
Аталған жоба негiзгi үш кезеңдi қамтиды: бiрiншiсi, Кедендiк бақылау жөнiндегi комитеттiң құрылымдық дамуына, оның iшiнде комитеттiң жалпы ұйымдастырушылық құрылымына, қызметкерлердiң кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруға арналған оқу бағдарламаларын түзу, қызметкерлердiң кәсiби сапасын бағалауға негiзделген мамандарды басқару жүйесiн енгiзу, жемқорлыққа қарсы шараларды ұйымдастыру және кедендiк қызмет бағасына мониторинг жүргiзу мен жүйелеуге бағытталған сенiмдi қаржылық басқару жүйесiн қалыптастыру (Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өтуi үшiн бұл өте маңызды). Екiншiсi, кеден саласына қатысты заңнамалық құжаттарды халықаралық тәжiрибеге сай етiп ұйымдастыру, бiртұтас кедендiк төлемдердi енгiзу, жүктердi бақылау және деклорацияны қайта өңдеу шараларын жеделдету, Қазақстан мен оған шекаралас жатқан мемлекеттердiң шекаралық күзет қызметтерiмен кедендiк қызметтi ынтымақтастыру. Үшiншiсi, ақпараттық-коммуникациялық жүйенi кедендiк әкiмшiлiкпен бiрлесе отырып дамыту.
Жобаны жүзеге асыру мәселесi ҚР Қаржы министрлiгi төрағалық ететiн Үйлестiру комитетi тарапынан бақыланып отырмақ. Комитет құрамы тиiстi үкiметтiк құрылымдар мен жекеменшiк сала өкiлдерiнен тұратын мүдделi топтан құрылады. Сонымен кедергiлердi кедендегiлерден көрiп жүргендердiң көзi ашылатын болды. Тек Үкiмет тағы да «бармақ басты, көз қысты»-ға басып жүрмесе игi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ