КРЕМЛЬ ТIЗЕГЕ БАСТЫ

КРЕМЛЬ ТIЗЕГЕ БАСТЫ

КРЕМЛЬ ТIЗЕГЕ БАСТЫ
ашық дереккөзі

Халықаралық тәуелсiз бақылаушылар Ресейдегi парламенттiк сайлауды халықаралық стандарттарға сәйкес емес деп тапты. Алайда сыннан жiгерi жасыған Кремль жоқ. Керiсiнше, халықаралық ұйымдарға доқ көрсетуде. Дауыс беру процесiндегi бәсекелестiк пен әдiлдiкке емес, «пайыздық көрсеткiштерге» көңiл бөлген Мәскеу посткеңестiк елдердегi саяси ахуалды қайталаумен шектелдi.

«САЙЛАУ ӘДIЛЕТСIЗ ӨТТI»

2 желтоқсан күнгi парламенттiк сайлауда Путиннiң партиясы – «Единая Россия» 64,1 пайыздық көрсеткiшпен жеңiске жеттi. Сайлауалды кампанияны сырттан бақылағандар кремльдiк саясаттың ықпалындағы президенттiк партияның мерейi үстем болатынын алдын ала болжаған едi. Сондықтан «Единая Россияның» көп дауыс жинағанына таңғалғандар жоқтың қасы. Оның үстiне, В.Путиннiң партиялық тiзiмдi бастауға келiсуi де дауыс беру процесiнiң әдiл де ашық, жария өтетiнiне күмән туғызған. Сайлаудың алдында-ақ билiктiң оппоненттерi Кремльдiң әкiмшiлдiк шараларға бой ұрғанын сынға алып, дабыл қаққан. Бiрақ оларды тыңдайтын құлақ, көретiн көз болмады. Билiктiң қысымына шыдай алмаған үмiткерлердiң кейбiрi сайлау басталмай жатып, саяси додадан «өз ерiктерiмен» бас тартты. Тегiн концерттер ұйымдастырып, азық-түлiк таратқан путиндiк партияның жақтастары зейнеткерлер мен әлеуметтiк ахуалы төмен отбасылардың «батасын» алғаны анық. Кремль студенттердi «Единая Россияға» дауыс бермегендерiң оқудан шығарыласыңдар» деп қорқытқан, мемлекеттiк қызметкерлердi жұмыстан қууға немесе сыйақыдан қағуға «сөз берген». Бiртүрлi таныс «сценарий»… Өкiнiшке қарай, посткеңестiк елдердiң көпшiлiгiнде демократиялық қағидаларға бойұсынғаннан гөрi әмiршiлдiк-әкiмшiлдiк әрекеттерге бару көбiрек кездеседi. Еуропалық Кеңес Парламенттiк ассамблеясы мен Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық құрылымдар мен адам құқығы жөнiндегi бюро өкiлдерi бастаған халықаралық тәуелсiз бақылаушылар Ресейде өткен парламенттiк сайлаудың әдiлетсiз өткенiн айтты. Сарапшылар пiкiрiнше, мұндай сынға селт етпейдi. Керiсiнше, Еуропалық Кеңес пен ЕҚЫҰ-ға мүшелiктен шығу туралы ойлана бастауы ықтимал.

Бастапқыда орыс билiгi көз алдына 4 партиялық Думаны елестеткен. «Единая Россиямен» бiрге коммунистер, жири¬новскийшiлдер және «Справедливая Россияның» өкiлдерi депутаттық мандатқа ие болуы тиiс едi. Бiрақ кремльдiк партияны Путиннiң басқаруы бұл жоспарды жоққа шығарды. Өйткенi, билiк көптен күткен арманын iске асыруға, яғни, Думаны екi партиялық етiп құруға мәжбүр болмақ. «Единая Россиямен» қанаттас отыруы тиiс зюгановтық коммунистер кремльдiк шенеунiктердiң тамағына тас байлайтын едi. 2008 жылдың наурызына белгiленген президенттiк сайлауға қатысты жоспарды күл-талқан етiп, Путиннiң «мұрагерiн» президенттiк тақтың маңайына да жолатпай, түре қуатыны анық. Сондықтан Мәскеу екi партиялық Думадан да «саналы түрде» бас тартты. Тiзiмнен «Справедливая Россияны» сызып тастауы да сондықтан.

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН «КҮРЕСКЕН» ЖЕМҚОР БИЛIК

Орыстардың президентi В.В.Путин елiндегi олигархтарды қатаң сынға алғанымен қоймай, олардың бiрқатарын қудалауға ұшыратты. Алайда, сырттай «арамтамақтармен» күрескiш көрiнгiсi келгенiмен, оңай олжадан оның өзi де бас тартпаған. Сайлауалды науқан қызған шақта шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарында Путиннiң «Единая Россия» партиясын қаржыландыратын қалталылардың тiзiмi жарияланды. Партия атынан сайлауға түсетiн 600 үмiткердiң 72-сi iрi немесе орташа деңгейдегi кәсiпорындармен байланысты көрiнедi. Әсiресе, мұнай мен газ саласына қатысты мекемелер. Мысалы, Дағыстаннан бақ сынасатын «Роснефть-Дагнефть» ААҚ бас директоры А.Амиралаев, түмендiк мұнай компаниясының вице-президентi В.Тимченко сияқты басқа да байлар. PR-лық шараға ақшаны аямай шашқан «Единая Россияның» есепшотынан 12315522 еуро табылған. Былтыр мүшелердiң жарна есебiнде төлеген ақшасы аталған соманың 13,9 пайызын ғана құрапты. 3,2 миллион еуро мемлекеттiк дотация болса, 34 миллион еуро жарна ретiнде тағы төленген. Қаржылай көмек көрсеткендер арасында бiрқатар iрi концерндер мен кәсiпорындар бар екен. Айтпақшы, партия мүшесi Владимир Груздев 2008 жылы ғарышқа ұшпақшы. Жетi қат көкке «қонаққа» баратын оның ғарыштық жолсапары 17,7 миллион еуроға бағаланған. Жарнама мен үгiт-насихатта қаржыны уыстап шашқан «Единая Россияны» қарсыластары тұрмақ, РФ орталық сайлау комиссиясының өзi сынға алды. «Сырттай қарағанда, бәрi заңды көрiнедi. Бiрақ бұл – көзбояушылық. Өйткенi, бүгiнде Ресейде саясат пен кәсiпкерлiк өзара астасып жатыр», – деген «Яблоко» партиясының мүшесi Г.Михалева путиндiк партияның тазалығы мен әдiлдiгiне шек келтiредi.

ДУМА – ТАПТЫРМАС ТАБЫС КӨЗI

РФ-да «Елдегi жемқорлықтың тамырына балта шабу мақсатында» Мемлекеттiк думаның депутаттарына кәсiпкерлiкпен айналысуға заң жүзiнде қатаң тыйым салынған. Алайда ресейлiк шенеунiктер компаниялардағы акцияларды әйелдерi мен балаларының атына жазып, өздерi «көлеңкеде» қалып қояды. Осылайша «бiр оқпен екi қоянды атып» алатын орыс шенеунiктерiнiң ұпайы түгел. Березовский, Гусинский, Ходорковскийлердiң кебiн кимес үшiн ресейлiк кәсiпкерлер Кремльмен «тамыр» болуға, билiктiң айтқанын екi етпеуге мүдделi. Оның үстiне, «Единая Россия» атынан сайлауға түсу бақыты екiнiң бiрiне бұйыра бермейдi. В.В.Путинның көңiлiн тапқандар билiкке де, қалтасындағы ақшасы мен денсаулығына да, отбасының келешегiне де алаңдамайды. Бейресми деректерге сүйенсек, путиндiк партияның саясынан орын табу үшiн белгiлi бiр деңгейде ақы талап етiлген. Мысалы, партиялық тiзiмнiң жоғарғы жағынан орын алғысы келетiндер 1,4 пен 2,8 миллион еуро аралығында ақша төлеуi тиiс. Кейбiр тәуелсiз сарапшылар Дума сайлауының алдында бұл сома 3,5 миллион еуроға дейiн көтерiлгенiн айтады. Әрине, кремльдiктер мұндай «ұзынқұлақты» ресми түрде жоққа шығарады. Саясаттанушылар байлардың «Единая Россияға» қарай ағылуының басқа да себептерi бар дейдi. Мысалы, 2005 жылғы ресейлiк сайлау туралы заңға енгiзiлген өзгертулер үмiткерлердiң бiр мандаттық аймақ бойынша сайлануына тыйым салған. Яғни, тәуелсiз үмiткерлерге жол жоқ, есесiне, партиялық тiзiм бойынша бақ сынасады. Шетелдiк БАҚ таратқан мәлiметтерге сенсек, авторитарлық жүйе орнаған ресейлiк қоғамда заң шығарушы органға талас-тартыс көп. Оны тiптi, ақша табудың көзiне айналдырғандар жетерлiк. Мысалы, Ресейдiң либералдық-демократиялық партиясының (РЛДП) жетекшiсi Владимир Жириновский партиялық тiзiмдегi орындарды «сатуда» алдына жан салмайды екен. Жириновский 90-жылдардың басында-ақ мұнай сатумен байыған миллиардер әрi «Русснефть» кәсiпорнының негiзiн салушы М.Гуцериевтiң депутаттық мандат алуына көмектескен. Ал ағылшын билiгiнiң «Путиннiң қарсыласы – Литвиненконы өлтiрдi» деп айыптаған А.Луговойға РЛДП қатарынан орын берiп, сайлауға жеңiске жеткен жағдайда британдық құқық қорғаушылардың құрығынан құтқарып алмақ. Партиясын қалтасы қалың кәсiпкерлерге арналған жекеменшiк компанияға айналдырып алған Жириновскийге 15 компания қалтасынан 3 миллион еуросын санап берiп, «қайырымдылық шарасын» ұйымдастырыпты. Ал қанша сома заңсыз жолмен келiп жатқанын бiр Құдай бiледi.

Лондондағы «Саяси партияларға, азаматтық қоғамға және үкiметтiк емес ұйымдарға қатысты заңдарды күшейткен, губернаторлық сайлауға тыйым салған, думалық сайлау талаптарын өзгерткен Ресейдi күңгiрт келешек күтiп тұр» деп дабыл қаққан экс-премьер Касьянов орыс жерiнде «мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң елесi» (КГБ) кезiп жүргенiн айтады. Касьянов алдағы президенттiк сайлауда тiзе қосып жұмыс iстеу үшiн және билiкке қарсы ортақ үмiткер шығару үшiн «Яблоко» мен Гарри Каспаровтың «Другая Россия» партиясымен келiссөздер жүргiзiп жатқан көрiнедi: «Президенттiк сайлаудың ойдағыдай өтетiнiне әлi де үмiт бар». Бiрақ бұқаралық ақпарат құралдарын, әсiресе, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының 90 пайызынан астамын билiк уысында ұстап отырған қоғамнан демократияны, әдiл сайлауды, сөз бостандығы мен адам құқығының сақталуын талап ету мүмкiн емес. Сондықтан шет мемлекеттерде жатып алып, өз елдерiндегi демократияны аңсайтындар армандарын ауыздықтауы тиiс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ