ҚҰБЫРЛАР МЕН МYДДЕЛЕР
ҚҰБЫРЛАР МЕН МYДДЕЛЕР
Табиғи газ тасымалын диверсификациялау әлемдiк нарықтағы энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң алғы шарты болып табылады. Ебiн тауып, екi асауды әдетке айналдырған орыстардың қомағайлығы посткеңестiк елдердiң саяси, экономикалық мәселелерде тиiмдi ұсыныстарды дербес, Кремльдiң қатысуынсыз талқылауға мәжбүр еттi. Сондықтан Каспийлiк газ құбыры жобасына қарсылық танытпаған қазақ пен түркiмен орыстар жерiн айналып өтетiн басқа да жобаларға бүйрек бұратындықтарын жасырмайды.
Экономикалық және саяси мәселелерде ұлттық мүдде тұрғысынан шешiм қабылдауға ден қоя бастаған қазақ билiгi энергетикалық қорын әлемдiк нарыққа өзiне тиiмдi жолдармен тасымалдауды көздейдi. Осыған орай, бiздiң Үкiмет Қазақстан – Қытай газ құбырының жобасын дайындауға кiрiстi. Жуырда Астанада өткен қазақстандық-қытайлық ынтымақтастық жөнiндегi комитеттiң IV отырысында тараптардың «көгiлдiр отын» тасымалына қатысты бiлдiрген ұсынысына орай, «ҚазМұнайГаз» бен қытайлардың Ұлттық мұнай және газ корпорациясы келiсiмге қол қойғаны белгiлi. Бұл туралы газетiмiздiң өткен санында кеңiнен жазған болатынбыз («Қазақ пен қытайдың құбыры», «Түркiстан», 22.11.2007 ж.). Орталықазиялық мол байлықты өзгеге оңайлықпен қимайтын Мәскеу қолдан келер бар қайранын жасап қалуға жанталасып жатыр. Оның Қазақстан, Түркiменстанмен бiрiгiп, үстiмiздегi жылдың соңына дейiн Каспий жағалауы құбырының құрылысына қатысты келiсiмдi қабылдауды жоспарлап қойғаны – соның айғағы. Ресми деректерге сүйенсек, әзiрше президенттер құбырды құру туралы деклорацияға ғана қол қойған. Ал желтоқсан айында Ашхабад қаласында кездесетiн үш елдiң премьерлерi Каспийлiк құбырмен бiрге өзбектердiң қатысуы арқылы жүзеге асырылуы тиiс Орта Азия – Орталық газ тасымалы жүйесiн талқыға салмақ. Сарапшылар пiкiрiне сүйенсек, Каспий жағалауы газ құбырын тарту және Орта Азия – Орталық газ тасымалдау жүйесiн қайта қалпына келтiру түркiмендерден жылына 80 миллиард текше метр газ сатып алуға мүмкiндiк бермек. Сонымен қатар Орталық Азиядағы ең iрi газ тасымалдау жүйесiн құруға, Түркiменстандағы газ шығаратын кен орындарын дамытуға және Қазақстан мен Өзбекстанда өндiрiлетiн газдың көлемiн ұлғайтуға мүмкiндiк бередi. Каспийлiк газ құбырының құрылысына қаржылық тұрғыда демеушiлiк етуге 30-дан астам шетелдiк iрi компаниялар ниет бiлдiрiп отыр. Қазақтармен әу бастан әңгiмесi жараса кететiн орыстар түркiмендердi икемге көндiруге талпынуда. Аталған келiсiмге қол қойған күннiң өзiнде энергетикалық қорға бай түркiмендердi Кремльдiң «айтқанына көнiп, айдағанына жүредi» деуге болмайды. Өйткенi, Каспийлiк құбырды жүзеге асыруға мүдделiлiк танытқан Түркiменстан президентi Бердiмұхаммедов Еуропалық Одақ пен Вашингтонның қолдауына ие болған жоба – Набуккодан бас тартпайтындығын, сонымен қатар «көгiлдiр отынды» Қытай мен Иранға тасымалдауды жоспарлап отырғанын жасырмайды. Ал қазақтарға келсек, Н.Назарбаев энергетикалық қорды тасымалдауға қатысты жаңа жобалардың барлығына оң көзбен қарайтынын жеткiздi: «Мұнай мен газ тасымалын диверсификациялау бiз үшiн өте тиiмдi. Сондықтан саясаттың еш қатысы жоқ. Қазақстанда өндiрiлiп жатқан мұнай мен газ көлемiнiң ұлғаюы осындай диверсификацияны талап етедi».
Орыстар Каспийлiк құбырды өзге жобалармен салыстыруға болмайтынын айтады. Ресейлiк шенеунiктердiң пiкiрiнше, Еуроодақтың Набуккосы саяси, экологиялық және экономикалық тұрғыда тиiмсiз әрi жүзеге асырылуы өте күмәндi. Әрине, Каспийлiк жоба iске қосылған күнi әлемдiк саясатқа мұнайы мен газы арқылы үстемдiк етудi көздейтiн орыстардың кәрi құрлық алдындағы беделi одан сайын өсе түсетiнiн ескерсек, Мәскеу Еуропалық Одақтың кез келген әрекетiн сынға алуға, оған кедергi жасауға тырысады. Шынында да, еуропалықтар тарапынан ұсынылған жобаның құқықтық (Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi әлi күнге анықталған жоқ), экологиялық, техникалық және экономикалық салаларға қатысты шешiмiн таппаған мәселелерi бар. Сондықтан Каспий жағалауы құбырының құрылысына ғана емес, газ өндiруге де қаржы салуға дайын отырған қазақтар әзiрге орыстар мен түркiмендердiң ынтымақтастығына жылы шырай бiлдiредi. Айтпақшы, өткен аптада Стамбұл қаласында түрiктер мен гректер бiрiгiп салған газ құбырының ашылу салтанаты болды. «Көгiлдiр отынды» Түркиядан Грецияға дейiн тасымалдайтын құбырдың ұзындығы – 285 шақырым. Оның 209 шақырымы түрiктердiң үлесiнде. Түркияның BOTASH және Грецияның DEPA компаниялары арасындағы 2003 жылы қабылданған келiсiмге сәйкес салынған жобаның жалпы құны 250 миллион долларға жуық. Еуропалық нарықтағы энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге шындап кiрiскен батыстықтар орталықазиялық аймақтағы табиғи газдың еуропалық нарыққа бiрнеше жолмен жеткiзiлгенiне, яғни, энергетикалық тасымалдың диверсификацияланғанын шынымен қалайды. Өйткенi, кәрi құрлыққа сырттан тасымалданатын «көгiлдiр отын» көлемi уақыт өткен сайын арта түсуде. Шетелдiк өнiмге тәуелдiлiк пен сұраныстың өсуi Еуропаның өзi өндiретiн газ көлемiн азайтып, электр қуаты үшiн пайдаланылатын газға деген сұранысты арттырмақ. Жанар-жағар май мен мазут бағасының шарықтап кетуiнiң кесiрiнен еуропалық тұтынушыларға арналған энергетикалық қор құны көтерiлетiнi белгiлi. Сарапшылар жасаған болжамдарға сенсек, 6 айдан кейiн еуропалық нарықтағы газдың мың текше метрi 90 доллар тұрмақ. Оған мұнай бағасын қоссаңыз, «көгiлдiр отынның» кәрi құрлық тұрғындарына қаншалықты қымбатқа түсетiнiн бағамдай берiңiз. Осы қыста ЕО энергоқорды үстiмiздегi жылдың тамыз айында белгiленген баға бойынша, яғни, мың текше метр газды 70 доллардан сатып алады. Әрине, баға саясатында орын алуы мүмкiн тосын жайттарды да ескерген жөн. Оның үстiне, Еуроодаққа мүше елдер өзгелер секiлдi мұнай бағасының қымбаттағанына емес, газ тасымалындағы тұрақсыздыққа алаңдайды. Былтыр қыста орыстардың украиндар мен беларусьтарға мұнай мен газ тасымалына қатысты жасаған қысымынан және Мәскеудiң әлемдiк саясаттағы ықпалын арттыру үшiн энергетикалық тұрғыда бопсалауға көшкенiнен көңiлiне кiдi алып қалған Батыс қазақтар мен түркiмендердiң табиғи газ тасымалын диверсификациялауға қатысты жасаған әр қадамын құптайды.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ