«ҚАЛМАҚҚЫРЫЛҒАНДЫ» ҚАСТЕРЛЕЙIК

«ҚАЛМАҚҚЫРЫЛҒАНДЫ» ҚАСТЕРЛЕЙIК

«ҚАЛМАҚҚЫРЫЛҒАНДЫ» ҚАСТЕРЛЕЙIК
ашық дереккөзі
808

Ұлт тарихында қазаққа қайғы-қасiрет, зұлмат әкелген оқиғалар аз емес. Сондай оқиғалардың бiрi халқымыздың өткенiнде ұмытылмастай iз қалдырған, бiр жарым миллион қазақты қырғынға ұшыратқан әйгiлi «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» едi. Екi империяның Цин империясы мен патшалық Ресейдiң күшiне арқа сүйеген, сол алып державаның айтақтауынан қуат алған, осы мемелекеттердiң заманауи қаруымен қаруланған жау, қазақ халқы үшiн осал жау емес-тi.

Және бұл қазақ-жоңғар арасындағы соғыс ғасырларға созылған, қазақ халқын әбден титықтатқан, әлсiреткен соғыстар болатын. Бұл кезең халқымыз үшiн «ер етiгiмен қан кешiп, ат ауыздығымен су iшкен» аса ауыр аласапыран уақыттар едi. Дегенмен халқымыздың басындағы осындай, қилы кезең, қиын-қыстау, аласапыран уақыт ел үмiтiн, ер үмiтiн болашақтан үзбеген. 1723 жылы бүкiл елдi жайпап, тоз-тоз еткен «Ақтабан шұбырындыдан» соң халқымыздың алдында жауға қарсы күш жұмсап, елiн қорғап, жерiн сақтап, басқыншы жаудан азат болудың бiр ғана жолы бар едi. Халық болып, жауға қарсы тұрар жалғыз жол – бүкiл иiсi қазақ атаулыға бас қосып, бiр ту астында бiр мәмiлеге келiп, «бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығару» ғана болатын. Осы мақсатта 1726 жылы бүкiл қазақтың үш жүзiнiң хандары мен сұлтандары, билерi мен батырлары, қасқа-жайсаңдары Ордабасыдағы Күлтөбеде бас қосып, бiр ту астына бiрiгедi, мәмiлеге келедi. Ордабасы құрылтайына қазақтың үш жүзiне аттары әйгiлi болған Ұлы жүзден – Төле би, Орта жүзден – Қазыбек би қатысқан. Және Ұлы жүздi бастап келген Жолбарыс, Орта жүзден Сәмеке, Кiшi жүзден – Әбiлқайыр сұлтандар қатысса, атақты батырлар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай қатысқан едi. Қазақтың үш жүзiнiң бiр ту астында бiрiгуi, бiр мәмiлеге келiп «бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруы» алып күшке айналдырып, Ақтамбердi жыраудың сөзiмен атасақ «жауға қарсы аттандырды». Осы бiрiгу жоңғар басқыншылығынан тоз-тоз болған халықтың күшiн арттырды. Соның нәтижесiнде Әбiлқайырды бас қолбасшы сайлаған 1727 жылы Ұлытау етегiндегi Бұланты, Бiлеутi деген өзендер аралығындағы Қарасиыр деген жерде қазақтың 20-25 мың әскерi жиылған жоңғар-қалмақтармен ең iрi шайқасы өттi. Бұланты шайқасына үш жүзге аттары мәшһүр болған атақты Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ошақты Саңырық, Керейiт Тайлақ, Шақшақ Жәнiбек, Тама Есет, Бәсентин Малайсары, Тарақты ер Байғозы сияқты батырлар қатысқан. Бұл шайқаста қазақтардың күшi басым түсiп, ата жауын есеңгiрете жеңедi. Қазақтың Бұланты өзенi бойындағы жеңiсi басқыншы жауды тiзе бүктiрген ең алғашқысы, ең iрiсi, ең атақты жеңiсi болды. Сондықтан бұл жер кейiн «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен. Бұл жөнiнде Мұхтар Мағауин: «Жасыратыны жоқ, Бұланты мен Аңырақайдағы жеңiстер болмаса Қазақ Ордасы бiр ғасырдай бұрын құрып кеткен Ноғай Ордасының кебiн киерi айдан анық болатын. Тоқтау көрмеген жоңғар қалмағы бiрер екпiннен соң Едiл қалмағымен тоғысар едi. Бұланты мен Аңырақай шешушi шайқас емес-тi, бiрақ Алаш ұлының ғұмырын ұзартқан, оған ең қажет кезiнде тыныс берген аса елеулi оқиға болды», – деп Бұланты шайқасының тарихта қаншалықты маңызды екендiгiн ерекше атап кеткен едi. Яғни бұл шайқастар болмаса Қазақ Ордасының бiр ғасыр бұрын Ноғай Ордасы сияқты тарих сахнасынан құрып кетерi анық – Бұланты шайқасы жөнiнде Алматы қаласында өткен республикамыздағы өнер, мәдениет және ғылым саласындағы шығармашылық зиялы қауымының танымал өкiлдерiмен кездесуi кезiнде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Әрiге бармай-ақ қояйық. Жоңғар армиясы мен қазақ жасағының 1727 жылғы Бұланты өзенi бойында iрi шайқасын айталық. Еуразияның жаңа тарихында өзiнiң ауқымы жөнiнен сол қанқасап қырғынға тең келетiн шайқас сирек», – деп, тiптi қазақ тарихында ғана емес, бүкiл Еуропа мен Азия тарихында мұндай шайқастың сирек болғанын айрықша атап кеткен болатын. Тарихымыздағы Ұлы Отан үшiн болған соғыстардың iшiндегi Бұланты өзенi жағасында өткен «Қалмаққырылған» шайқасының маңызы айрықша айтарлықтай едi. Елдiгiмiздi сақтап қалуда, осыншама кең жерiмiздi, дархан даламызды, жер бетiндегi қазақ деген жомарт, кең пейiл халықтың кетпеуiне себеп болған, алаш елiне аса ауыр аласапыран заманда тыныс берген, ғұмырын ұзартқан осы Бұланты шайқасы екендiгi тарихтан мәлiм. Өткенiмiзден сабақ алмасақ ол тарих тарих емес. Сондықтан да халқымыздың: «Өткенiңдi түгендемей, болашағыңды бүтiндей алмайсың», – деуi осы жайды аңғартса керек. Сол себептен бұл жеңiстiң, ғасырлар бойы халқымызды тоз-тоз еткен басқыншы жауды жеңудегi ең негiзгi себептi ашып, оның басты салдарына тоқталып кетсек жөн болар едi. «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұламадан» кейiнгi ең алғаш жеңiске жеткен бұл соғыста жеңiске жетуiнiң негiзгi себебi үш жүз қазақтың бiрiгуi, бiр ту астына жиылып, алып күшке айналуында едi. «Бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруында», едi. «Бесеуiн бiрiктiрiп, онның сыбағасына ие болуында» едi. «Төртеуiн түгендеп, төбедегiсiн келтiргендiгiнде», едi. Немесе, оны дана қазақ: «Бiрлiк түбi – береке», – дейдi. Мiне Осындай бiрлiктiң нәтижесiнде осындай жеңiске жеткiздi, қиын-қыстауда алаш ұлына дем берiп, ғұмырын ұзартты. Қазақтың үш жүзiн бiр ту астына бiрiктiрген жер ол – қасиеттi Ордабасы тауы болатын. Мiне, қай заманда болмасын қазақ елi, алаш ұлы осы бiрлiктi сақтап, тарихында тағылым, өткеннен сабақ алуы тиiс едi. Бабалардың көксеген ұлы арманы, қалдырған аманаты осы бiрлiк. Мiне, биыл, 1727 жылғы Ұлы Отан тарихындағы әйгiлi, атақты жеңiс, Ұлытау етегiндегi Бұланты мен Бiлеутi өзендерi аралығындағы «Қалмаққырылған» жеңiсiне – 280 жыл толды. Бұл иiсi қазақтың, үш жүз Алаш елiнiң мәртебесiн асқақтатқан тойы болмақ. Үш жүз алаш ұлы тойды ерекше атап өтуi тиiс. Бұл соғыста елiнiң болашағы, ұрпағының азаттығы, бабасының аманаты үшiн батыр бабаларымыз қасық қанын, шыбын жанын қиып, мерт болды.Осы тәуелсiздiктiң құрбаны болды. Биыл 280 жыл толып отырған бұл жеңiс қазаққа аналардың төгiлген жасымен, бабалардың аққан қанымен келдi. «Өлi разы болмай тiрi байымас», – дейдi халқымыз. Алаш ұлына аса ауыр аласапыран замандарда тыныс берген жеңiсте, соғыс опат болған ата-бабаларымызды еске алу бiз үшiн аса жауапты iс. Немесе, қиын-қыстау, қанды қырғын замандарда қазақ деген елдiң елдiгiн сақтаған ерлердi, осындай аяқ-қолымыз бос, тыныш заманда аттарын асқақтатпасақ елдiгiмiзге сын болмақ.
  Барбол Әзiрет

Серіктес жаңалықтары