КОРЖОВА ДА ҚЫЗМЕТIНЕН КЕТТI

КОРЖОВА ДА ҚЫЗМЕТIНЕН КЕТТI

КОРЖОВА ДА ҚЫЗМЕТIНЕН КЕТТI
ашық дереккөзі

Дүйсенбi күнi Мәжiлiстiң отырыс залында спикердiң орынбасары Дьяченко мырзаның жетекшiлiгiмен Үкiмет сағаты өттi. Наталья Коржова ханым «Елдiң әлеуметтiк – экономикалық дамуының қазiргi кезеңiндегi ҚР Қаржы министрлiгiнiң және оның ведомстволарының рөлi» атты баяндамасында көздi жұмып, таңдай қақтыратын «тамаша» көрсеткiштердi тiзбелеп бердi.

Тұтастай алғанда 9 айда мемлекеттiк бюджетке түскен түсiмдер 2,05 трлн. теңге құрады немесе жоспар 6,8%-ға асыра орындалды, шығыстар 2,2 трлн. теңгеге немесе жоспарға қарағанда 95,5 пайызға қаржыландырды. Мемлекеттiк бюджеттiк кiрiстерi 2042,9 млрд. теңге немесе жоспарға қарағанда 106,9 пайызды құрады…

Әрi қарай… Жергiлiктi бюджеттердiң 2007 жылдың 9 айындағы кiрiстерi 1083,7 млрд. теңге, жоспарға қарағанда 102,8% құрады, iс жүзiнде барлық өңiрлер жоспарды орындады… 1 қарашадағы көрсеткiш бойынша, Ұлттық қордың активтерi 2442 млрд. теңге немесе 20,2 млрд. доллар. 2007 жылдың қортындылары бойынша 25-26 млрд. АҚШ долларына дейiн өседi… Осындай керемет сандар жалғаса бередi. Қарап отырсаңыз, қазақ экономикасы кемшiлiксiз қарыштап дамып келедi…

Депутат Камал Бұрхановтың «Азық-түлiк, бүкiл тауарлар бағасы, коммуналдық төлемдер қымбаттап жатыр. Бiрақ халықтың айлығы неге өскен жоқ?» деген сұрағына түлкi бұлаңға салған Наталья ханым «орны-орнымен» жауап бердi. Тiсқаққан қаржыгер депутаттардың сұрақтарына «қиналмай» жауап бередi. Министрге көпшiк қойып сөйлейтiн депутаттар – шуламайтын, артық сөйлемейтiн моп-момақан үлгiлi оқушылардай өздерiн ұстай бiлдi. «Сабағын» жақсы өткiзген, бұлаңдаған Наталья ханым артына көз қиығын тастап қойып, жылы жымиып Мәжiлiс залынан шығып кете барды.

Бiр өкiнiштiсi, бәрi өзге елдiң тiлiнде өттi.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ

Астана

Бет қатталып жатқанда белгiлi болғанындай, Наталья Коржова қаржы министрi қызметiнен босатылды. Оның орнына бұрын қаржы министрiнiң орынбасары болған, соңғы кезде Еуразия даму банкi басқармасы төрғасының орынбасары қызметiн атқарған Болат Жәмiшев тағайындалды. Ендi жаңа министр бұрынғы министрге айтылған сын-ескерпелерiмiздi ескерер деп үмiттенемiз.