СТУДЕНТТЕРДIҢ ДӘСТҮРЛI МЕРЕКЕСI

СТУДЕНТТЕРДIҢ ДӘСТҮРЛI МЕРЕКЕСI

СТУДЕНТТЕРДIҢ  ДӘСТҮРЛI  МЕРЕКЕСI
ашық дереккөзі

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық тех-никалық университетi жыл сайын 1-курсқа қабылданған студенттердiң тұсаукесер рәсiмiн дәстүрлi мерекеге айналдырған. Биыл да университет ұжымы салтанатты шараны атап өту үрдiсiнен айныған жоқ.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ескерткiшiне гүл шоғын қою рәсiмiнен басталған мерекелiк шара ҚазҰТУ-дiң қалыптасу мен даму тарихы туралы «Самғау» фильмiн көрумен жалғасты. Мұндағы мақсат – университетке студент қатарына қабылданған жастардың рухын көтеру, киелi де қасиеттi қара шаңырақта, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың атындағы университетте оқып жүргенiн асқақ рухпен сезiндiру. Ал, Қазақстан техникалық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы саналатын ҚазҰТУ-да оқу үлкен мақтаныш екенiн олар да бiледi.

Айтпақшы, студенттердi 1-курсқа қабылдаудың тұсаукесер рәсiмi даңқты «Досмұқасан» ансамблiнiң құрылғанына 40 жыл толған мерейтойымен дөп келiп отыр. Рас, «Досмұқасан» ҚазПТИ-де, оның жалындаған өнерлi жастарынан құралып, сол кезде институттың ғана емес, Қазақстанның атын бүкiл әлемге паш еткен ансамбль болуымен тарихта қалды. Ансамбль мүшелерi бүгiнде әр түрлi салада еңбек етедi, бiрi ғалым, бiрi танымал өнер иесi. Сондықтан бүгiнгi думанды тойдың орны бөлек.

Сонау 1934 жылдан бастау алған университет тарихының алғашқы кезеңiнде небары 146 студент пен 16 оқытушы болса, бүгiнде 17 мыңдай студент бiлiм алып, 2500-ден астам адам еңбек етуде.

ҚазҰТУ – Қазақстанның инженер мамандарын даярлайтын, ерекше ұлттық мәртебеге ие болған, шоқтығы биiк жоғары оқу орны. Университет бүгiнде өсiп-өркендеу, гүлдену, кемелдену үстiнде. 2003 жылы Францияның Париж қаласында өткен 56 елдiң 100 ұйымы арасынан тек ҚазҰТУ Gold санатында «International Stsr Award» атты халықаралық жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, университетiмiз 2004 жылдың 18 қыркүйегiнде Болонь қаласындағы әлем университетiнiң «Magna Charta Universitatum in Bologna» Ұлы хартиясына қол қойған бiрегей оқу орны. Сол сияқты ҚазҰТУ Қазақстан ЖОО арасында алтыншы жыл қатарынан мемлекеттiк грантты жеңiп алды. Мәселен, биыл университет 3027 грантқа ие болғанын ескерсек, ағымдағы оқу жылында 4036 студент қабылданды. Олар университет қарамағындағы оннан астам институтта әр түрлi мамандықта оқып келедi.

Кеште «Алтын белгi» мен ерекше аттестат иеленген студенттерге «Бiлiм кiлтi» және «Студенттiк билет», «Қаныш Имантайұлы Сәтбаев», «Сынақ кiтапшасы», «Құрылыс қалақшасы», «Скрипкалық кiлт», «Спорттық кубок» символикалық белгiлерiн елiмiзге кеңiнен танымал ғалымдар, университеттiң құрметтi түлектерi мен ардагерлерi, тәлiмгер-ұстаздары салтанатты түрде тапсырды.

Д.МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ