«ШАЛҚАР-2»– ТӨЛ ЖАЗУЫМЫЗДЫҢ МҰРАГЕРI
«ШАЛҚАР-2»– ТӨЛ ЖАЗУЫМЫЗДЫҢ МҰРАГЕРI
Мемлекеттiк «Мәдени мұра» бағдарламасы бiр белестен өттi. Көп шаруа тындырылды деуге негiз бар. Өткенiмiз ойға оралды, өшкенiмiз қайта жанды. Ендi алда екiншi кезең тұр. Алда атқарылар шаруа баршылық.
Алматы қаласы «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында өз тарихына мүлде басқаша көзқарас қалыптастырды. Нақтырақ айтар болсақ, «Шаһарға 1000 жылдық» деген мәртебе берiлдi! Бұл туралы жуырда өткен ғылыми-практикалық конференцияда ғалымдар нақты тұжырым жасады.Алматы әкiмдiгi Iшкi саясат департаментiнiң қолдауымен «Жанашыр» халықаралық қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры мен Алматы қалалық Мәдениет департаментi бiрлесiп ұйымдастырған бұл конференция «Мәдени мұра» бағдарламасының бiрiншi кезеңiн қорытындылауға және алдағы екiншi кезеңге белгiлеп-жоспарлаған iс-шараларға Үкiметтiң назарын аударуға арналды. «Жанашыр» қоғамдық қорының президентi Жаңыл Амантайқызы Әпетованың кiрiспе сөзiмен ашылған конференция жұмысын Алматы қалалық Мәдениет департаментiнiң директоры Нұрлан Өнербай жүргiздi. Конференцияда «Алматы қаласында «Мәдени мұра» бағдарламасының орындалу барысы», «Шыңжаңдағы қазақ ұлтының мәдени мұралары», «Мәдени мұра» және төл жазуымыздың мұрагерi — «Шалқар-2» газетi» тақырыптарында баяндамалар оқылып, көпшiлiк талқысына ұсынылды.
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры С.А.Қасқабасов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры К.М.Байпақоа, Республикалық мәдени ескерткiштердi қалпына келтiру мемлекеттiк мекемесiнiң директоры Х.Қ.Тұяқбаев және т.б. өз салалары бойынша атқарылып жатқан iстерге тоқталды.
Биылғы жылы осы орайда бiрқатар шаралар жасалыпты. Оның бiрi – «Боралдайдағы сақ қорғаны» археологиялық паркiнiң аумағы анықталып, оны қоршауға алу жөнiнде жобалық-сметалық құжат жасалды. Сонымен бiрге, Археология институтының ғалымдары «Ұлжан-1», «Ұлжан-2» ықшамаудандарында және Есентай мен Бұтақты елдi мекендерiнде көне сақ қорғандарының орнында ғылыми-iздестiру жұмыстары да қатар жүргiзiп келедi. Ал «Қазреставрация» РМК «Бұрынғы Верный бекiнiсi» тарихи ескерткiштерi аумағында «Алматыға — 1000 жыл» музей кешенiн ұйымдастыру мәселесiне байланысты арнайы жоба жасады.
Ұлтымыздың мақтанышына айналған белгiлi ғалым Ә. Марғұланға ескерткiш орнатуға байланысты жарияланған ашық конкурстың қорытындысы да осы ғылыми-практикалық конференцияда жарияланды. Болашақ ескерткiш Қазақстан Ғылым академиясы ғимаратының батыс жағындағы ауласына (Қонаев және Шевченко көшелерiнiң қиылысы) орнатылмақ.
Мәдени мұра жөнiнде ғылыми басылымдар сериясын басып шығару үлкен мiндет болмақ. Атап айтқанда, шетел ғалымы А. Мозердiң (Швейцария) қолжазбалар қорынан «Қазақтың сирек қолжазбалары», (М.Әуезовтың туғанына 110 жыл толуына байланысты) «М.О. Әуезов және Алматы», «Алматыға –1000 жыл» атты мақалалар жинағы жарыққа шықпақ. Бұлардан бөлек Алматының тарихи ескерткiшi саналатын бұрынғы «Верный балалар үйi», (қазiргi қалалық медицина колледжi) , «Қоғамдық жиналыс үйi» қайта жөндеуден өткiзiлiп, оларға бұрынғы тарихи мәртебелерiн қайтарып беру жөнiнде арнайы жобалық-сметалық құжат әзiрленбек.
Ғылыми – практикалық конференцияда көпшiлiктiң назарын өзiне аударған тағы бiр тың мәселе талқыға түстi. Ол — Қытайдағы қазақтардың өмiрiне қатысты көне шығармалар туралы едi. Қытайдан арнайы келген мейман Мағаз Сүлейменұлы 15 жыл бойы халықтық шығармаларды жинау кеңсесiн басқарған екен. Бүгiнге дейiн ол кеңсе 3000-нан астам материалды жинастырыпты. 30-дан астам кiтаптың жарыққа шығуына мұрындық болыпты. Ендi сол дүниелердiң Қазақстан халқына да жетуiн ойластырған жөн деген ой айтылды.
Конференция барысында елiмiзде араб қарiпiмен шығатын жалғыз басылым — «Шалқар-2» газетi туралы да арнайы сөз болды. Конференцияға қатысушылар «Шалқар-2» газетiне мәдени мұра мәртебесiн берудi сұрап ҚР Үкiметiнiң атына үндеу қабылдады.
Сондай-ақ, этнограф Жағда Бабалықұлы “Майтөбе” жайлауынан табылған тастың тағдыры жайлы сөз қозғады. “Майтөбе” жайлауы (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) теңiз деңгейiнен 2000 метрлiк биiктiкте орналасқан. Бұл жотаның ұзындығы 13 километрге созылған жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттердiң арасынан тастан қашалған көне домбыраға ұқсас музыкалық аспаптың суретi табылған. Тастың ұзындығы 1 м 30 см, қалыңдығы – 80 см, түсi-қара. Бұл суреттi 1986 жылы Жағда Бабалықұлы тауып, сол кездегi Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптары музейiнiң директоры, философия ғылымының докторы Сәбетқазы Ақатаевқа хабарлап, музейге қабылдатады. Белгiлi археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бiр топ ғалымдар тасқа қашалған суреттi зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуiрiнде бейнеленген деп тапқан екен. Кейбiр ғалымдарға бұл ой күмән тудыруы мүмкiн, бiрақ мәдениетiмiздiң әлi де дұрыстап зерттелмей жатқаны бiздi қынжылтады. Бәлкiм, бұдан да әрiректе жатқан мұраларымыз бар шығар, дегенмен, осы табылғанның өзi қазақ халқының зор мақтанышы болса керек… Жер бетiндегi iшектi музыкалық аспаптардың арғы атасы, бәлкiм, қазiргi қазақтың қара домбырасы шығар Алайда, бұл тас мұражайдан жоғалып кеткен. Этнограф Ж.Бабалықұлы осындай құнды мұраға бей-жай қарауымызды кiнәлай отырып, қолды болған сол тасты iздестiру, зерттеу керектiгiн ашына айтты. Жазушы Қазтай Әбiшұлы: «Араб графикасы негiзiнде қазақ тiл ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынов түзiп берген төл жазуымызды төбеге көтеретiн күн туды. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов мұражайын мемлекет қамқорлығына алып қазақтың төл жазуының бiрден-бiр мұрагерi болып отырған «Шалқар-2» газетi сол мұражайға орналасуға тиiс. Төл жазуымыздың мұрагерi «Шалқар-2» газетiне мәдени мұра мәртебесiн беру жөнiндегi бүгiнгi баяндамашы Уақап Қыдырханұлының баяндамасында айтылғандарды және менiң алдымда сөйлеген шешендердiң газет жайлы айтқандары әбден орынды. Сонымен бiрге бұл газет үнемi мемлекет қамқорлығында болғаны жақсы. Ол ұлтымыздың тiлi мен жазуының бiрлiгiн әр уақытта ұрпаққа көрсетiп тұратын болады» — деп, көпшiлiктiң көңiлiнде жүрген түйiндi ойды ортаға салды.
Жадыра ОРАЗАЛИЕВА