СПОРТҚА БАҒЫШТАЛҒАН ҒҰМЫР

СПОРТҚА БАҒЫШТАЛҒАН ҒҰМЫР

СПОРТҚА БАҒЫШТАЛҒАН ҒҰМЫР
ашық дереккөзі

Бiрiн-бiрi қуалап аққан күндер, айлар зулап, жылдар жылжып кете барады. Қазақ атамыз айтқан «бұл дүниенiң бес күндiк қонағы» – адамдар да сол ұшқыр уақытқа iлеседi. Бiрақ адамзат оған текке iлеспейдi, iшкенге мәз, жегенге тоқ болып қана күн кешпейдi, сол күрмеуге келмейтiн қысқа ғұмырда iс бiтiредi: бiреулерi – ұрпағына арнап үй салады, байлық жинайды; екiншiлерi – ғылым-бiлiм жолында еңбек етедi, адамзат қауымы болып там-тұмдап жинаған ұлы қазынаға өзiнiң үлесiн қосады, келесiлерi артына сөз қалдырады.

Мен бiлетiн Аманша Сейсенұлы Ақпаев саналы да сапалы ғұмыр кешiп, өзiнiң туған халқын, ел-жұртын спорт арқылы әлемге танытқан ардагер. Спорт арқылы дегенде ол әлем халқы түн ұйқысын төрт бөлiп, қуанышты хабар күткен Олимпиялық ойындардың, әлем чемпионаттарының сынында сайысқа түскен жоқ. Оның күш сынасқан саласы басқа болатын – ол бәйгеге қосқан жүйрiгiн жебеу, соның бабын табу жолында қалтарыстары мол, қиямет-қайымы көп ұйымдастыру жұмыстарын атқарды, көп адамдар бiле бермейтiн, көптiң көзiне көрiне бермейтiн осы бiр iстiң асқан бiлгiрi, талантты ұйымдастырушысы едi.

Ол отыз жылға жуық Қазақстан спортының тұтқасын ұстады. Осы уақыт аралығында республика спортының желкенiн жел керiп, айдын шалқарда еркiн жүзген сәттi жылдары да, жан-жағын тұман торлап, еңсесi езiлген кездерi де жеткiлiктi болды.

Аманша Сейсенұлы спорттың тiзiгiнiн ұстаған 1971-2001 жылдардың арасында Қазақстанның өкiлдерi 7 бiрдей жазғы Олимпиялық ойындарда өнер көрсетiп, 31 алтын, 26 күмiс, 22 қола медальдарға ие болыпты. Қысқы олимпиядағылар мен «Iзгi ниет» ойындарында, әлемдiк, құрылықтық кубок жолдарындағы жарыстар және жасөспiрiмдер, жастар арасындағы чемпионаттарда қомақты табыстар бiр бөлек. Қазақстаннан қатысқан 57 спортшы әлем чемпионаттарынан медальдармен оралған екен.

Мiне, миллиондаған отандастарымыздың бойына жеңiмпаздық рухын, асқан мақтанышы сезiмiн әкелген әлгiндей жеңiстердiң ар жағында бүтiндей бiр үлкен ұжымның – жаттықтырушылардың, спорт iсiн ұйымдастырушылар тобының, олардың талантты басшысының қажырлы еңбегi тұрды.

Адамзаттың бойында бәсекеқұмарлық деген қасиет бар. Бәйге алаңында өкпесiн шаң қауып қалар деп ойламай қас тұлпардың жанына мәстегiн әкелiп қатар қоятындарын қайтерсiң? Әйтеуiр иесiне бәйгеге қосылды деген атағы керек.

Осы бәсекеқұмарлық «кiм жүйрiк?», «кiм мықты?», «кiм шыдамды?» дегендей тағы басқа ұғымдарды туғызды.

Содан барып ерте дүниедегi Олимпиялық ойындар дүниеге келдi. Бiздiң эрамыздан бұрын 776 жылы басталып бiздiң заманымыздың 394 жылына дейiн әрбiр төрт жылда бiр реттен небәрi 293 рет өткен осы ойындар ғасырдан-ғасырларға аттап, бiздерге аңыз болып жетiптi. XIX ғасырдың орта шенiнде Еуропа құрлығында адамзаттың алдыңғы қатарлы өкiлдерi осы ойындарды жаңғырту қажеттiгiн, оны көне мәдениеттiң ғажайып үлгiсi ретiнде халықтар арасындағы достықты, қарым-қатынасты нығайтудың құралы етiп пайдалануды ұсынды. Бiрақ атқарылатын әрбiр сәттi жұмыс өзiнiң орындаушысын күтедi екен. Мұндай бақыт француз демократы, жан-жақты бiлiмдi, барон Пьер де Кубертенге бұйрыпты.

Әлемдегi ең абыройлы, үлкен мереке – осы спорт думанының қазақ жұртындағы бастау бұлағында Аманша Сейсенұлының есiмi аталары сөзсiз. Ол тек олимпиялық қозғалыс қана емес, елiмiздегi спорт саласын мемлекеттiк деңгейге көтерiп, iлгерi дамытуға орасан күш жұмсап, қажыр-қайрат көрсеткен адам.

Қазақ топырағында әлемде ешкiмге дес бермеген кубалық былғары қолғап шеберлерiнiң, ең үздiк футбол, волейбол, допты хоккей, көгалдағы хоккей командаларының, күрес түрлерiнен, спорттық гимнастикадан, ауыр атлетикадан, нысана көздеуден, садақ тартудан, су добынан, тағы да басқа көптеген спорт түрлерiнен халықаралық жарыстардың өтуi республикалық спорт басшысының халықаралық аренадағы абыройына, оның басқа елдердегi өз әрiптестерiнiң арасындағы үлкен беделiне байланысты едi. Бұл – бiр жағынан, қазақстандық спорт жанкүйерлерiне осы салада үлкен салауаттылық пен таным әкелсе, екiншi жағынан, құрама командаларымыздың шеберлiгiн жетiлдiрiп, биiк деңгейге көтерiлуiне жол ашты.

Аманша Сейсенұлы денетәрбиесi мен спортты елiмiздiң атақ- абыройын көтерiп, халықты әлемге танытатын мемлекеттiк маңызы зор iс деп қарады. Қазақстан Үкiметiнiң басшыларын бұл жұмыстың мәндiлiгiне иландырып, өте маңызды мiндеттердi күн тәртiбiне қоя бiлдi. Ол көбiмiздiң түсiмiзге де кiрiп шықпайтын аса ауқымды iстердi бастап,кейiн сол алға қойған мақсаттарды дұрыс шешудiң кiлтiн iздейтiн және бұл жұмысқа адамдарды жұдырықтай жұмылдыра бiлетiн.

Ол республикалық спорт комитетiнде басшы болған тұста қарапайым адамдар күнделiктi айналысуға тиiстi дене тәрбиесiнiң бұқаралығын да бiр сәтке ұмытқан емес. Сол жылдары республикамыздың шартарабын да алыстағы ауылдар мен селоларда, аудан орталықтары мен қалаларда шағын стадиондар мен спорт алаңдары, спорт залдары, жүзу бассейндер көптеп салынды, Жаңатас, Қаратау, Темiртау, Жаңа Өзен, Рудный, Лисаковск, Текелi сияқты жас қалалар республикалық спорт ойындарының орталығына айналады. Ауыл-село жастарының ойындары, спартакиадалары,түрлi қызмет салалары бойынша жарыстар, балалар мен жасөспiрiмдер арасындағы «Былғары доп», «Көңiлдi дельфин», «Алтын шайба», «Күмiс эдельвейс», «Ғажайып дойбы» сияқты жарыстарға жас ұрпақтың миллиондаған өкiлдерi қатысып, үлкен спортқа жолдама алды.

Бұрын күнкөрiстiң қамы үшiн дене күшiн жұмсайтын адамдар ғылым-техникалық революцияның жетiстiктерiне байланысты ендi керек заттарын, азық-түлiк пен киiм-кешектерiн оңай тауып, ала бастады. Бұрын, тiптi XIX ғасырдың ортасында дене еңбегiне адам күшiнiң 94 пайызы жұмсалса, арада 50 жыл уақыт өтпей жатып-ақ қол күшiмен атқарылып жұмыстың көлемi 5-7 пайызға дейiн кемiптi. Демек, бiздердiң замандастарымыздың қимыл-қозғалыстары азайды да, осының салдарынан жүрек, қан тамырлары, тағы да басқа ауру түрлерi көбейдi, қимыл аздығының (гиподинамия) әсерiнен адамдардың көбiсi семiрiп, еңбек қабiлеттерi төмендедi. Қоғам мен мемлекет үшiн аса қауiптi осы кеселдiң алдына тек қана денетәрбиесi мен спорт тосқауыл болып тұра алатын едi. Республикалық спорт комитетi мен салалық ұжымдары осы жағдайды ескерiп, мыңдаған адамдарды қамтитын бұқаралық жарыстардың көптеген түрлерi мен формаларын ұсынды. Жер-жерлерде ұйымдастырылған мәдени спорт кешендерi, денетәрбиесi комбинаттары, олар өткiзген мыңдаған бұқаралық жарыстар уақытында өз мiндеттерiн атқарып, миллиондаған адамдарды салауатты өмiр салтына дағдыландырды.

Аманша Ақпаев республика спортының бұйдасын ұстаған жолбасшы ретiнде өзiн де, өзiнiң серiктерiн де аямай қамшылайтын. Тiптi, демалыста жүрiп қайсы бiр спортшының немесе команданың қалай өнер көрсеткенiн бiлгiсi келiп, осыған жауапты жаттықтырушыларға жиi-жиi телефон шалатын.

Оның бойында ерекше бiр қасиет – интернационализм болатын. Спорт ұлтқа, тамыр-тыныстыққа, қол қысты, жең ұшты байланысқа қарамайды, мұндағы заңдылық қатал, тек қана ұзақ жылдар бойы жалықпай жасаған жаттығулардың, тәжiрбие мен тәртiптiң жемiсi – шеберлiк қана жеңiске жеткiзедi, бұдан басқа нәрселер пайымға алынбайды.

Үкiмет басшылары алдында, спорт саласы қызметкерлерi арасында оның үлкен беделi – өзiне жүктелген мiндеттi берiлiп атқаруында жатыр. Аманша Ақпаевтың үлкен спорттың халықаралық көкжиегiн қиялдан шалған көрегендiгi қазiр қазақ спортына ауадай қажет болар едi-ау.. Қазақстан спортының өсiп-өркендеуi дүбiрлi жарыстарға көп қатысып, тәжiрибе жинақтаудан басталатынын жақсы бiлген ол құрама командаларымызды шетелдерге көп жiберуге ұмтылатын, бұрынғы Кеңестер Одағының құрамасында саңлақтарымыздың өнер көрсетуiне беделi мен күшiн аяған емес.

Мiне, сондай азаматтың орны үңiрейiп тұр. Алдымен ол Қазақстан спортына керек едi.Амал қанша, бүгiн ол арамыз да жоқ. Көзi тiрi болса 12 қыркүйекте оның 70 жылдық мерейтойын дүбiрлетiп атап өтер едiк.

Өмiрзақ ЖОЛЫМБЕТОВ