ФАРФОР КЕНТIНIҢ МАЗАСЫ ҚАШЫП ТҰР

ФАРФОР КЕНТIНIҢ МАЗАСЫ ҚАШЫП ТҰР

ФАРФОР КЕНТIНIҢ МАЗАСЫ ҚАШЫП ТҰР
ашық дереккөзі
245

Мен Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Фарфор кентiнiң тұрғынымын. Ауылдың өзектi мәселелерiн айтар алдында, сiздердi ауыл тарихымен таныстырып кетейiн.

ХIХ ғасыр аяғында ХХ ғасыр басында бiздiң кенттiң орнында шағын ауыл болған. Геологтардың айтуы бойынша, ауыл маңында ыдыс-аяққа жарамды пайдалы қазбалар табылған. 1931 жылы осы өңiрден батысқа қарай шақырым жерден Қара-Дымчит геологиялық экспедициясының геологтары каолинның орнын тапты, солтүстiк-шығысқа қарай алты шақырым жерден саз балшықтың орнын тапты. 1939 жылғы шағын эксперименталды зауыт салынды. Фарфор бұйымдарын күйдiруге арналған алғашқы пештi, пеш iсiнiң шеберi Фрайтер Адольф салды. 1960 жылдары Фарфор зауытының өнiмдерiнiң сұранысқа ие екенiн есептей келе, жаңа күшi мол зауыт салу туралы шешiм қабылдайды. 1972 жылы жаңа зауыт iске қосылды. Зауыт өнiмдi 16 есе көп және оның түрлерiн көбейте бастады. Жаңа зауытпен бiрге ауыл да салына бастады. Жаңа өндiрiсте қалашық салынды. Сабаннан жасалған үйшiктердiң орнына канализациямен, сумен, орталықтан жанатын, көп қабатты үйлер, мектеп, балабақша салынды, көшелерге асфальт төселдi. Целиноградтың Фарфор зауыты бүгiнге дейiн Қазақстанда фарфор ыдыстарын шығаратын жалғыз зауыт болып келедi.

Қайта құру, мемлекеттердiң экономикалық байланыстарының үзiлуi бiздi де айналып кетпедi. Бұл 1997 жылы «Целиноград Фарфор зауыты» Акционерлiк қоғамын банкрот деп жариялауға себеп болды. Осыдан берi бiздiң ауылдың күйi кеттi.

Жылуды үздi, жарықты үзiк-үзiк беретiн болды. Жарық болмаса, су да болмайды. Осыған байланысты ауыл тұрғындары суды қажеттiлiктерiне пайдалануға мәжбүр болды. Бұл жақсылыққа апармайтыны белгiлi. Ауылда гепатит эпидемиясы басталып, карантин жарияланып, мектеп жұмысын уақытша тоқтатты. Көптеген ауыл адамдары, әсiресе балалар аудандық емхананың табалдырығын тоздырды. Қазiр суды күнiне 2 сағатқа ғана бередi.

Адамдар суықта қалды, үйдi жылытатын шара қалмады. Соның салдарынан көбi ауырды, бiрақ бұл жағдайдан да шығар амал тапты. Олар қолдан пеш тұрғыза бастады.

Зауыт жабылды, барлығы жұмыссыз қалды. Ауылда толық жұмыссыздық орнады, жанұяны асырау қиынға түстi. Адамдар бiрiн, екiншiсiне әзер жеткiздi. Сол уақыттағы ең бай адамдар зейнеткерлер едi. Адамдар, әрине, қол қусырып отырған жоқ, олар бар мүмкiндiктi қарастыруда, тiптi кейбiр қалаға жұмысқа орналаса бастады. Бiрақ бұл жерде жаңа қиындық көлiк жағдайы туындады. Автобустар жүруiн тоқтатты, тұрғындарға жеңiл көлiктермен баруға тура келдi, бiрақ көлiктердiң саны саусақпен санарлық едi. Темiржол бар, бiрақ оған жету үшiн 5 шақырым жерден өту қажет. Бұл қиындықтар әлi күнге дейiн бар: автобус жүрмейдi, ауылдан тысқары кету үшiн таңертең ертеден 6-7-лерде тұру керек, олай болмаса қалаға баратын бiр көлiк таппай, iстеген iсiңiз зая кетедi. Бiз Астана қаласына жақын тұрамыз, сондықтан тұрғындардың көпшiлiгi жұмыс iстеуге қалаға барады.

Белгiсiз бiреулер балабақшаны, мәдениет үйiн және спорт кешенiн бұза бастады. Бiз балабақшасыз, мәдениет үйiнсiз қалдық. Жарайды, бiз оқушылармыз, ұстаздар бiздi түсiнiп, әдеби кештерден соң бiзге би кештерiн ұйымдастырып бередi. Ал бiзде үлкендердiң барар тауы, басар жерi жоқ, ауыл iшiнде кешке сандалып жүредi. Осыдан кейiн бiз "маскүнемдiк, нашақорлық көбейдi" деймiз. Жастар — бiздiң болашағымыз, болашақ жас мамандарымыз деймiз. Олай толық айту үшiн жастарға жағдай жасап, көңiлiмiздi бөлуiмiз керек.

Күйреуден аман қалған жалғыз құрылыс — мектеп қана, ол да мұғалiмдердiң арқасында. Бала саны аз болса да жұмыстарын тоқтатпады. Әлi күнге дейiн әдеби кештер, iс-шаралар, тiптi ауыл тұрғындарының жиналысы өтетiн жер — мектеп.

Көбi осы жағдайға шыдай алмай, Германия, Ресейге көшiп кеттi. Қазiр ауылда сол қиын — қыстау кезеңге төзе бiлгендер ғана қалды.

Мемлекет бойынша 2003-2005ж. ауыл жылы болып жарияланған.Бiрақ бiздiң ауыл тұрғындары бұл iс-шараның шарапатын сезбедi. "Бұл мәселелер қашан шешiледi?" деген сұрақ ауыл тұрғындарын мазалайды. Бiз Астананың жанында тұрамыз, сонда шет жақтағы ауыл жағдайлары мүлдем қиын шығар.

Сол уақыттан берi көп нәрсе өзгердi, тұрмыс түзелдi, бiрақ өзектi мәселелер сол күйi шешуiн таппай тұр.

Осы секiлдi ауылдар көп, уақыт өте келе бұл мемлекетiмiздiң өзектi мәселесiнiң бiрiне айналады. Елбасымыз елiмiз дамыған 50 елдiң және БСҰ құрамына кiруiне бар мүмкiндiк жасауда. Бұл керемет, әрине, бiрақ менiң ойымша, жаңа бiр iс бастамас бұрын, халықтың жағдайын дұрыстағаны жөн болар едi. ҚР Конститутциясында — мемлекеттiң ең басты құндылығы — халқы деп жазылған, яғни халықтың тұрмысы.

Бiздiң мектепке мамандандырылған кадрлар жетiспейдi. Елбасы халыққа жолдауында, бiз үш тiлдi жетiк бiлуiмiз керек деген. Оның iшiнде ағылшын тiлi, бiрақ бiз бұл күрделi тiлдi мұғалiмсiз қалай оқимыз? Ағылшын тiлiн бiлетiн адамға 30 мың теңге үшiн мектепте жұмыс iстеу тиiмдi емес, егер аудармашы болып iстесе, бұдан 4-5 есе артық пайда табады. Сонда бiзге тiлдi кiм үйретедi?

Мұнымен қатар жақсы жағында айта кету керек. Биыл бiздiң Целиноград ауданына 70 жыл болды. Осы жыл iшiнде ауданда аз iс тындырылған жоқ. Бiзде ешқашан аудан орталығы болмаған, жақында аудан орталығы болып Ақмола жарияланды, (бұрынғы Малиновка ауылы). Ақмолада саяси қуғын-сүргiн құрбандарының мемориалы ашылды. Ашылу салтанатына Елбасы Н.А.Назарбаев, Премьер министр К.Масимов, Астана қаласының әкiмi А.Мамин, облыс әкiмi М.Есенбаев, аудан әкiмi Ж.Дүйсебаев қатысты.

Шолпан НАЙМАНБАЕВА

Серіктес жаңалықтары