КОРЕЯДА ОҚЫП ЖYР...

КОРЕЯДА ОҚЫП ЖYР...

КОРЕЯДА ОҚЫП ЖYР...
ашық дереккөзі

Бүгiнде көпшiлiктiң сүйiп оқитын интернет-порталына айналған "Мәссаған-комның" авторларымен кездейсоқ жолығып қалдым. Олар Кореяда бiлiм алып, жұмыс iстеп жатқан Жанарбек Матай мен Бақытнұр Байтел және Жапонияда оқитын Талғат деген үш жiгiт екен. Өрiмдей ғана жастар Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген.

Уланбатырда жоғары оқу орнына түсiп, бакалавр дәрежесiнде тәмамдағаннан кейiн, оқуын ары қарай жалғастыру мақсатында Жанарбек Оңтүстiк Кореяға, Бақытнұр Үндiстанға, Талғат Жапонияға жол тартады. Үш елде оқып жүрсе де, бiр-бiрiмен тығыз байланыста болған олар, интернеттегi қазақ тiлiндегi газеттердiң, апқпараттың, тiптi жастардың веб-сайтының жоқтығына налиды. Сол себептi де бүкiл халықтың көңiлiнен шығатын интернет парағын ашуды жоспарлайды. Жан-жақта жүрсе де, бiр-бiрiмен интернет арқылы, тiкелей байланысқа шыға жүрiп, интернет парағының жобасын жасап шығарады.

– Бұл сайтты неге "Мәссаған" деп атадыңыздар? – деген менiң сауалыма, Жанарбек Матай былай жауап бердi:

– Қазақ тiлiнде интернет парақшалар, газеттер, веб-сайттар тым аз. Барларының серверi өте ауыр. Әсiресе, Кореяда жүрiп оны ашып оқу қиынға соғады. Ал, әлемде қазақ тiлiндегi ақпаратқа сусап отырған қазақтар жеткiлiктi. Студенттер болсын, тағдырдың тәлкегiмен әр қиырда қалып қойған қазақтар болсын, бiз олардың рухани сұранысын өтеу мақсатында осындай бiр веб-сайт ашуды жөн деп таптық. Және олар бiздiң сайтты ашқан кезде "мәссаған" деген таңданысы болатындығын да ескердiк. Сөйтiп, "мәссаған, қазақша сайт ашылыпты" деп таңдансын деген оймен, осы атауды таңдадық.

Бақытнұр Бәйтел жалпы "Мәссағанға" деген жұрттың ықыласының ерекше болғандығын айтады:

– Бiз сайтты ашқан кезде, үмiттен гөрi қобалжу басым болды. Егер, бiздiң сайтымызға ешкiм енбесе, оны ешкiм елемесе қайтемiз? – деп ойладық. Алайда, бiздiң қорқынышымыз бекер екен. Қазiр бiздiң тұрақты түрде жазылған оқырманымыз күнiне 3 мыңға жетедi. Олар бiзбен хат алмасып, сайт туралы өз пiкiрлерiн бiлдiрiп тұрады. Демек, 30 мың адам тұрақты оқырманымызға айналған. Ал, күнiне тек кiрiп, оқитындардың өзi қаншама. Солармен есептегенде, 50 мыңнан асып түседi. Бұл бiз ойлағаннан анағұрлым артық есеп. Бiзге бөлiнген портал бұл жүктi көтере алмайтын деңгейге жеттi. Сондықтан да, кореялық әрiптестерiмiз порталдың бағасын қымбаттатып жiбердi. Қазiргi қиындық бiрiншiден қаржыға тiрелiп тұрса, екiншiден, уақыттың тығыздығы да "Мәссағанмен" айналысуға мұрша берер емес, – дейдi ол.

"Көрмегенге көсеу таң" дегендей, Оңтүстiк Кореяның техникасы мен машинасын пайдаланып, телехикаяларын көрiп жүргенiмiзбен, ол мемлекеттiң iшкi қыры мен сыры бiзге жат. Сол себептi де, Қазақстанға тұңғыш табан тiреп тұрған жастардан Оңтүстiк Корея мен Қазақстан арасындағы айырмашылықтар жайында тәптiштеп сұрай бастадым.

– Ең бiрiншi, Оңтүстiк Кореяда техника қатты дамыған. Жұрттың бүкiл сұранысы интернет арқылы жүзеге асады. Киiмдi де, техниканы да, жалпы, өмiрiме қажеттi барлық затты интернет арқылы сатып аламын, тамаққа да, басқа да қажеттiлiктерге интернет арқылы тапсырыс беремiн. Интернет – бүкiл-бүтiн өмiрiмiздiң қан тамырына айналған. Ал, Қазақстанда интернет – тек ақпарат алу, оқу және хат алмасудың құралы ретiнде ғана пайдаланылады екен. Оның үстiне, оған қол жеткiзетiндердiң саны тым аз. Оңтүстiк Кореядағы 50 миллион халықтың

15%-ы ғана интернеттi пайдаланбайды. Олар – еңбектеген бала мен еңкейген кәрiлер ғана. Мектеп жасынан бастап, зейнетке дейiнгi аралықтағы адамдардың интернет қызметiн пайдаланбайтындары болмайды.

Оңтүстiк Кореяда тек бiр ғана iстi жерiне жеткiзе iстейдi, бiр ғана саламен шұғылданады. Қазақстанда бiрдiң басын, бiрдiң аяғын шалатын әмбебап мамандар көп екен. Ол көп нәтиже бермейдi. Жапонияда қандай бiр iспен айналысу үшiн, алты ай бұрын жоспар құрады, ал кореялықтар алты айды көп көредi, екi айын жоспарға арнайды. Олар техникалық жетiстiктерге жету жолында көп еңбектенедi. Еш уақытта жалықпайды. Еңбекқорлығының арқасында түрлi техниканы, оның әртүрлi модельдерiн ойлап табуда, – дейдi Жанарбек.

Жанарбек Кореядағы «Samsung» электрондық және ақпараттық байланыс университетiн тәмамдап, электрондық және телекоммуникациялық ғылыми зерттеу орталығында робот саласында ғылыми зерттеушi. Бақытнұр аталған университеттiң магистранты. Ол Үндiстандағы оқуын тәмамдап, әрi қарай оқу үшiн осында келген. Бұл университет Оңтүстiк Кореяда ағылшын тiлiнде оқытатын бiрден-бiр университет. Өйткенi, онда ғылымның тiлi ағылшын тiлiнде. 1997 жылы ашылыпты. Тежон деген қалада орналасқан. «Samsung» зерттеу орталығы да осы қалада. Сеулден 150 шақырым жерде. Жанарбектiң айтуынша, онда университетте сабақ беретiн профессордың дәрежесi президенттен де, басқа да лауазым иелерiнен де артық көрiнедi. Ең бай адамдар да осылар. Аталған университеттiң профессорларына «Samsung» зерттеу орталығы ұялы телефондардың немесе басқа да техникалық аппараттардың моделiн жетiлдiре түсуге тапсырма бередi екен. Ол үшiн профессорға көп қаржы бөлiнедi. Ал, профессор бұл тапсырманы студенттерге бередi. Студенттер ойланып-толғанып, өз ой-пiкiрлерiмен бөлiседi. Солардың iшiнен үздiгiн таңдап, «Samsung» зерттеу орталығына жiбередi. Егер, бұл орталыққа идея ұнаса, олар оны маркетингке жiбередi. Демек, орыстардың "бiр бас жақсы, екi бас одан да жақсы" деген қағидасы мен қазақтың "келiсiп пiшкен тон келте болмайды" дейтiнiн ескерген.

– Кореяда орташа айлық 3300 доллар. Байлар 10 мың долларға дейiн жалақы алады. еңбекақының жоғарылығына байланысты, зат та қымбат. Әсiресе, киiм мен тамаққа көп қаржы жұмсалады. Кореяда табиғи ресурс деген атымен жоқ. жемiс-жидек те өспейдi. Көбi Филиппиннен әкелiнедi. Халқының саны мол, жерiнiң көлемi өте шағын. Сол себептi де қалалар бiр-бiрiмен жалғаса орналасқан. Ауыл-шаруашылығында да болып көрдiк. Онда барлығы компьютермен өсiрiледi екен. Зауыт-фабрикаларда да солай. Машинаны роботтар жасап жатты.

Студенттiң тамағы мен жататын орнына айына 800-900 доллар жұмсалады, бұдан гөрi кеңiрек толғағымыз келсе, 1500 доллар жетедi. Бақытнұр Кореяның оқу грантында оқып жатыр. Оған жылына 10 мың доллар жұмсалады. Қалғанын жоғарыда айтқанымыздай профессорларымыздың тапсырмасын орындап, әр тапсырма үшiн 300-400 доллар алып жан бағамыз, – дейдi Жанарбек.

– Алматыда не ұнады, не ұнамады?

– Алматыға тұңғыш рет келiп тұрмыз. Бiрiншiден, жұрт мұнда қазақ тiлiнде сөйлейтiн адам табу жағы қиын болады, қазақша сөйлесең, "қайдан келдiң, оралмансың ба? Орысша неге сөйлемейсiң?" деп айтады деген ақпаратпен, бiздi бiраз үркiтiп тастап едi. Жоқ, олай емес. Бiз жөн сұраған адамдардың бәрi қазақша жауап берiп жатыр. Демек, бiз ойлағаннан қазақы екен. Ал, ұнамағаны көлiк авариясы өте жиi болады екен. Рульге машина жүргiзе алмайтын, жүргiзсе де орашолақ жандар отыратын сияқты. Бiз келгелi көп болған жоқ, бiрақ, бiрнеше апаттың куәсi болып та үлгердiк, бiз отырған такси де соқтығысып қалды. Сосын, көшелерi лас екен. Алматыны бiз өте көркем әрi таза қала деп елестететiнбiз. Бiрақ, олай болмай шықты. Ақпараттық технологияға көшу тым баяу көрiндi. Тiл мәселесiн айта бергеннен гөрi, интернеттi қазақшалау мәселесiн осы бастан қолға алу керек. Бiздiң бiлуiмiзше, Қазақстанда электронды Үкiмет жасақталып жатыр. Оның жобасын жасауды осы «Samsung» зерттеу орталығына тапсырған екен. Егер, ақпараттық технологияны жасауда бiзге де ұсыныстар түсетiн болса, қол ұшын созуға дайынбыз, – дейдi Бақытнұр.

Өткен аптада Алматыда бұл жiгiттердiң қатысуымен, "atameken-asar.com" веб-сайтының тұсаукесерi болып өттi. Сайт негiзiнен оралмандарға құқықтық жағынан қолдау көрсетуге арналған және басқа да да ақпараттармен қамтамасыз етiлмек. Бұл веб-сайтқа тапсырыс берген Алматыдағы Оралмандардың республикалық "Асар" қоғамдық бiрлестiгi. Аталған бiрлестiктiң төрғасы Қайрат Бодауханұлы Кореяда бiлiм алып жатқан қандастарымыздың интеллектуальдық күшiн Қазақстанның инновациялық технологиясына неге пайдаланбасқа деген ой айтады.

Жастарда арман көп. Жанарбек "Мәссаған" арқылы сүйгенiн тауыпты. Бұл жолғы мақсаты, жан жары болуға келiскен Ақбануды алып кету болған екен. Ақбану Жамбыл облысының Луговой ауданында туып-өскен. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң Журналистика факультетiн бiтiрген. Бiр жыл АҚШ-та ағылшын тiлiн үйренiп қайтқан. Болашақ жарын табуға көмектескен "Мәссаған" сайтына мың да бiр рахметiн айтады. Олардың ендiгi арманы – Америкада докторантура оқып, бiлiмдерiн шыңдау. Одан кейiн Алла сәтiн салса, атамекенi Қазақстанға келiп, бiлгенiмен бөлiсу.

Есенгүл Кәпқызы