АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ, ҚАЙТА ҮЙIРIН ТАПҚАН СОҢ

АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ, ҚАЙТА ҮЙIРIН ТАПҚАН СОҢ

АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ, ҚАЙТА ҮЙIРIН ТАПҚАН СОҢ
ашық дереккөзі
325

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының елiмiздегi ағым, секта, топтарда жүрген қандастарымызға ҮНДЕУI

Мейiрiмдi, рахымды Аллаһтың атымен!..

Қымбатты қандастар! Аллаһ тағаланың қасиеттi айы – Ережеп аяқталып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйiктi айы шағбан да өтiп жатыр. Ендi келесiсi айлардың сұлтаны, әрi мұсылмандардың ең қасиеттi айы – Рамазан! Осы айларда мүмiндер мүмкiндiгiнше күнәға жетелер жамандықтан тиылып, сауабы мол құлшылық пен iс-әрекет амалдарын неғұрлым көбейтiп, ақирет азығын арттыруға тырысуда. Өзiне тiлегендi өзгеге де тiлеп, оған да лайық көрмейiнше, шынайы мұсылман болу қиын. Дiнiмiзге жаппай бетбұрыс жасалып, елiмiзде имандылыққа келушiлер қатары көбейiп жатқан бүгiнгi күнi асыл дiнiмiздi бетперде еткен “Хизб-ут-тахрир” саяси партиясының қазақстандық құрылымының 30 адамнан тұратын серкелерi мен белсендiлерiнiң үстiнен Қарағанды қаласындағы Қазыбек би аудандық сотында процесс жүрiп жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бiлiп отырмыз. Жарты жылдай жүргiзiлген тергеу жұмыстарының барысында аталған күрделi қылмыстық iс бойынша 120 том тергеу материалдары жиналған. Қазiрге дейiн сот барысында бiрнеше жүздеген куәгерден жауап алынып, заттай айғақ және айып ретiнде 35 мыңнан артық үнпарақ, 627 дiни экстремистiк әдебиет, 347 әртүрлi ақпарат тасымалдағыштар, 6 компьютер, 5 заманауи баспахана жабдықтары мен басқа да ұйымдық техника тәркiленген.

Кiм-кiмге де белгiлi “Хизб-ут-тахрир” саяси партиясының ұстанымы мен бағыт-бағдарының дiнiмiзге қайшы келуi себептi оның қызметiне әлемнiң көптеген елдерiнде, оның iшiнде Қазақстанда да екi жылдан берi тыйым салынған. Олар әлемдiк халифатты күшпен, қантөгiспен орнатуды мақсат етедi. Мұнысы арқылы мұсылмандар арасында алауыздық туғызумен қатар, исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын “экстремизм”, “лаңкестiк” секiлдi бұрын-соңды естiп, бiлмеген кiсi шошырлық жаңа аттардың таңылып, асыл дiнiмiздiң беделiн түсiруге бағыт алуы алаңдатады. Олар сүйiктi Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) халифат туралы: “Мен дүниеден өткеннен кейiн халифат 30 жылға созылады. Одан соң әмiрлiк пен патшалық басталады”,- дегенiн қаперiне алғысы да келмейдi. Олар өз ұстанымы бойынша тағдырға сенбейдi: “Жақсылық Аллаһтан, жамандық адамның өзiнен”,– дейдi. “Пайғамбарлар пайғамбар болғанша күнәға батып, шатасқан”,– дейдi. “Кiмде-кiм өмiрiнде халифат құруға атсалыспаса, надан, мүшрiк болып өледi”,- деп елдi шошытып, үрейлендiредi. Нәпсiқұмарлық пен ерлердiң әйелдерiн алдауын “күнә” деп есептемейдi. Өлгеннен кейiнгi қабiрдегi сауал-жауаптың болатынын терiске шығарады. Әлем мұсылмандарының денiн құрайтын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетiн ұстанушылар: “Жақсылық, жамандық бiр Аллаһтан”,- дейдi. Қасиеттi Құран Кәрiм: “Аллаһ әр нәрсенi жаратып, оның тағдырын белгiлеп қойған” (“Фурқан” сүресi, 2-аят); “Аллаһ сендердi де, жасаған амалдарыңды да жаратқан” (“Саффат” сүресi, 96-аят),– деп амалымыздың тек бiр Аллаһтан екенiнен хабар берген. Хизбутшылар өз ұстанымдарының дұрыстығына дәлел ретiнде: “Сонан соң (оларға Пайғамбар) жiберiп, жол көрсеттiк. (Мүмiн болып) тура жолға түссе де, (кәпiр болып) жолдан адасса да өздерiнiң еркiнде”,– деген (“Ин-сан” сүресiнiң 3-аятын келтiредi).

Бұл аятта адам баласына қалау, ерiктiң берiлгенi туралы баяндалған. Мұны: “Тағдыр мен жақсылық, жамандыққа Аллаһ араласпайды” деп мағыналауға мүлде болмайды. Тағдыр жөнiндегi түсiнiктi басқа да мағынасы барынша мұқият зерделеуге тура келетiн аяттарға араластырып, ашық аяттарды қолданудан тыйғандарға Құранда: “Залымдар өздерiне айтылған бұл сөздердi басқа жаққа бұрып әкеттi” (“Бақара” сүресi, 59-аят); “Сонда кiтаптың кей сөздерiне сенесiңдер де, кей сөздерiне сенбейсiңдер ме? Егер кiмде-кiм бұлай iстеуден тиылмаса, бұл дүниеден қор болып өтедi де, қиямет күнiнде аяусыз азапқа душар болады” (“Бақара” сүресi, 85-аят),– деп ондай адамдардың Аллаһтың қаһарына ұшырайтынын ашық ескерткен. Ал, сүйiктi Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса, өзiнiң бiр хадисiнде: “Аллаһ тағала және барша пайғамбарлар Аллаһтың кiтаптарына және тағдырға сенбегендерге лағынет айтады”,– деген.

“Хизб-ут-тахрир” саяси партиясының негiзiн құрушылардың бiрi – Тақиюддин әл-Набаһани өзiнiң “Шахсиятул Исламия” (Ислам тұлғасы) кiтабында: “Пенденiң iстеген iс-әрекетi Аллаһтың жазған тағдырына жатпайды”- деуi хизбутшылардың тағдырға сенбеулерiне нақты айғақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұндай сенiмдегiлердi “Қадария” (тағдыр-шылар) деп атап, олардың Ислам аясынан шығып кеткендiгi жайында Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) жеткiзген хадисте былай деген: “Үмметiмде екi топ бар, олардың Исламнан алар несiбесi жоқ, олар – қадариялар мен муржиялар” (имам Табари мен Байхақи риуаят еткен).

Пайғамбардың (с.ғ.с.) шатаспайтыны туралы қасиеттi Құранда: “Батып бара жатқан жұлдызбен ант етемiн. Жолдастарың (Мұхаммед) адасқан да, жолдан тайған да жоқ. Өз ойынан айтпады тек өзiне түскен аянды айтты” (“Нәжiм” сүресi, 1-4-аяттар); “Ендi оның көрген нәрсесiне сендер таласасыңдар ма?” (“Нәжiм” сүресi, 12-аят),– делiнген. Қасиеттi Құранның осынау ашық айтылған аяттарын мойындамау дiннен шығуға жеткiзедi. Жалпы кiмде-кiм Құран сөзiне мойынсұнбай оған қарсы келсе, ол адам дiннен шығып, кәпiр болатынын ұмытпаған жөн. Жақсылық пен жамандықтың бiр Аллаһтан екендiгiне “Шәмiс” сүресiнiң 7-8-аяттарында: “Аллаһ жанды жаратқан және онымен болатын жақсы, жаман iс-әрекеттердi қоса жаратты”,– дегенi айқын дәлел.

Сунна ұстанушы мұсылмандар үшiн қабiр өмiрiне сену – өлгеннен кейiн қайта тiрiлуге сену деп есептелетiн имандағы жетi парыздың бiрi. Мұның бiрiне сенiп, екiншiсiн тәрiк ету дұрыс сенiм емес. Бұл туралы: “Өмiр деген тек осы дүниедегi тiршiлiк, өлгеннен соң тiрiлу деген жоқ”,– дейдi олар” (“Әнғам” сүресi, 29-аят),– деген қасиеттi Құран аятынан көрiнiп отырғанындай кәпiрлер: “Бiз ешқашан тiрiлмеймiз,– деп ойлайды” (“Тағабун” сүресi, 7-аят). Қабiр азабының ақиқат екендiгiне дәлел: “Оларға ертелi-кеш (қабiрлерiнде) от ұсынылады. Ал қиямет қайым болған күнi: “Перғауындықтарды азабтың ең қаттысына кiргiзiңдер!”- делiнедi” (“Ғафир” сүре-сi, 46-аят). Бұл аятта Аллаһ тағала Перғауын сияқты кәпiрлер “Барзах” әлемiнде қабiрде жатқан мерзiмде таңертең және кешке отпен азапталатындары жайлы баяндаған. Ол азап қиямет қайымға дейiн жалғасып, қиямет күнi тозақ азабының одан ең ауырына кiргiзiлетiнi жайлы хабарлайды. Хизбутшылардың басты қағидасына айналған “Низамул ислам” (“Ислам жүйе-сi”) кiтабында: “Шариғат бойынша қандай да қателiк жiберсе, немесе өз iсiн атқара алмаса, ол халифаны дереу алып тастау керек”,– деп жазылған. Осы ұстанымға сүйенiп бұлар: “Қай елдiң басшысы Ислам дiнiмен өмiр сүрмесе, оны орнынан алып тастау керек”,– деп әлемдегi кез-келген мемлекет басшысына тiкелей шүйлiгедi. Бұлар Пайғамбардың (с.ғ.с.): “Кiмде-кiм әмiр иесiнен өзiне ұнамайтын нәрсе көрсе, оған шыдасын. Шындығында оған кiмде-кiм бойұсынудан аздап болса да тайқыса, тәубе етпей сол халде өлсе, онда ол надан, күнәһар ретiнде өледi”,– деп имам Муслим жеткiзген хадисiн құлақтарына iлгiсi де келмейдi. Қасиеттi Құранда бұл мәселе туралы: “Әй, мүмiндер! Аллаһқа бойұсынып, Пайғамбарға, әрi өздерiңнен болған әмiр иелерiне бойұсыныңдар. Мiне, осы қайырлы да, жақсы” (“Ниса” сүресi, 59-аят), “Ал … сендерден бiреу қарсы болса, тура жолдан адасқан болады” (“Мәида” сүресi, 12-аят),– деп ашық ескертiлген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бiр хадисiнде: “Бiреу өз әмiрiнiң ұнамсыз iсiн көрсе, сабыр етсiн. Өз жамағатынан бiр аттам да бөлiнiп шыққан адам надандықта өледi”,– делiнген. Аллаһ бұлардың бетiн әрмен етсiн.

Осыған қарамастан олар өздерiн суннит деп атап, тек қана Құран және хадиспен амал ету керектiгiн сөз жүзiнде ұстанады да, iс-әрекеттерi оған сәйкеспейдi. Бұған бiрқатар нақты дәлел: хизбутшылар порнография көруге рұқсат бередi; солтүстiктегiлер (Арктика) намаз оқымай-ақ, ораза ұстамай-ақ қойса болады; мұсылман емес ер-әйелдер олардың партиясына кiре алады; мұсылман емес адамдар мұсылман мемлекетiн басқара алады дейдi. Қабiрлердi зиярат етпейдi және зиярат етушiлердi Құдайға серiк қосушы, күнәһар деп атайды. Құран аяттарымен дем салып, iшiрткi берiп емдеудi де Құдайға серiк қосу деп санайды; әруақтарға бағыштап Құран оқымайды; бата жасағанда, дұға-тiлек тiлегенде қолдарын жоғары көтермейдi, немесе беттерiн сипамайды; өздерiнен басқаның барлығын шатасушылар дейдi. Ата-бабамыз сан ғасыр бойы ұстанып келе жатқан дәстүрлi мәзһаб жолын керек етпейдi. Оларды, жалпы “қазақ халқы шатасып келген, бiз ғана дiндi жаңартушымыз” деп санайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) қияметте шапағат, көмегiн керек етпейдi. “Пайғамбар шариғатта шатасқан” деп оған тiл тигiзедi. Қияметте кәпiрлер азаптарын көрiп болғаннан кейiн мұсылмандар сияқты тозақтан шығарылып, жұмаққа кiредi деген сенiммен Құранға тiкелей қарсы келедi. Қабiр азабына, ондағы сұрақ-жауаптың болатынына сенбейдi. Дәрет алғанда аяқты жумай, шұлықтың үстiнен қолын сулап, сипай салады. Тiлдi, салт-дәстүрдi, әдет-ғұрыпты мүлде керек етпейдi. Ата-ананың ризалығын алмай-ақ, қалың малсыз неке қидырып, тұрмыс құра берудi дұрыс деп санайды. Белгiлi бiр елдiң заңы мен тәртiбiне бағынбайды. Шағын дүкендер ашып, онда доңыз етi мен арақ сатуды жөн көредi. Шұжық құрамында доңыздың етi бiр пайыздан аспаса, жей бередi. Доңыздың етiн қайнатып пiсiрiп, тiптi оның майын тұздап, жеуге болады дейтiндерi де бар. Уаһһабилердiң сенiмi бойынша Құдайға серiк қосты дейтiн адамдарды өлтiрiп, оның мал-мүлкiн тартып алуды бұлар да адал деп санайды. Аллаһтың көзi, қолы бар деп Жаратушыға адам кейпiндей сипат бередi. Бейсенбi мен жұмада шелпек пiсiрiп, садақа ретiнде таратуды да жөн көрмейдi. Пайғамбардың (с.ғ.с.) туылған күнi мәулiттi атап өтпейдi. Оны дұрыс емес деп есептейдi. Бұл жамағаттың бойжеткендерi өз сенiмiндегi жiгiттермен ғана тұрмыс құрғанды орынды деп бiледi. Хақ дiнiмiз бен “жергiлiктi мешiт имамдарының шариғаты терiс” деп үгiт жүргiзедi. Ата-аналарының өздерiне қойған есiмдерiн ұнатпай, араб аттарын қоюды әдетке айналдырған. Өздерiн мешiт жамағаттарынан бөлек ұстауға тырысады. Намазды уаһһабилердiң тәртiбiмен оқиды. Жалпы құлшылық амалдары мен ұстанымдары уаһһабилiк сенiмге егiздiң сыңарындай тым ұқсас. Парыздан кейiнгi бекiтiлген сүннет намаздарын оқымайды. Намаздан кейiн жамағат және имаммен бiрге отырып, дұға-тiлектер тiлеуге қатыспайды, таспих тартпайды. Намазхан қыздары да намазды ерлерге ұқсап оқиды. Ән-күй тыңдамайды, теледидар көрмейдi. Бұларды бидағат санайды. Ғылым, техника жетiстiктерiне үрке қарайды. Бұл секiлдi ерекшелiктерi мен жергiлiктi жамағаттардан бөлiнуiнiң түрлерi жетiп, артылады.

Қасиеттi Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннет амалдарын толық сақтамағанына қарамастан өздерiн “шынайы мұсылманбыз” дей жүрiп, халық арасына iрiткi салуы, бүкiл әлемдiк халифатты тәуелсiз мемлекеттердiң конституциялық құрылымдарын күшпен төңкерiп, орнатуды мақсат етуi хизбутшылардың исламнан мүлдем алыс екендiгiн айқын көрсетедi. Мұндай төңкерiстен жазықсыз жандардың қаны төгiлмек. Олардың штаб пәтерiнiң мұсылман елдерiнде емес, сонау Лондонда орналасуы, әрi бұларды қаржыландыруы да көп жәйттi аңғартса керек.

Хизбутшылар қызметiне елiмiзде тыйым салынғанына қарамастан iс-әрекетi мен уағызын астыртын өршелене жүргiзiп жатуы бiздi, Қазақстан мұсылмандарын қатты алаңдатады. Бұған байланысты Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы өз кезiнде пәтуә шығарып, ислам атын жамылған бұл саяси партияның бағыт-бағдары мен мақсатының дiнiмiзге жаттығын, халық арасына жiк салатындығын атап көрсетiп, барша жамағатымыз бен отандастарымызды олардың үгiт-насихатына ермеуге шақырған болатын. Үгiт-насихаттық әдебиетiн (кiтапшалар мен парақшалар) ислам iлiмiне қарама-қайшы болуы себептi пайдаланбауды, мешiт имамдарына ел тұрғындары арасында олардың бетпердесiн ашып, жан-жақты түсiндiрудi мiндеттеген-дi. Сол пәтуәда атап көрсетiлгенiндей барша жамағат пен отандастарымызды бiрлiгiмiз бен ынтымағымызды одан әрi күшейтiп, оны бұзуға тырысушы “Хизб-ут-тахрир” секiлдi мысық тiлеулi, ниет-пиғылы жат терiс ағымдар мен секта, өзге де топтардың әзәзiл үгiт-насихатына ермеуге, олардан бойын аулақ ұстауға шақырады. Қандай дiн мен сенiм болса да, ол тәуелсiз елiмiздiң бiрлiгi мен ынтымағын күшейтiп, мемлекеттiгiн нығайта түсуге қызмет етуi тиiс деп бiлемiз. Ислам – сондай iзгi қасиеттерге ие асыл да кемел дiн.

Ал, оны бұрмалап, терiс мақсатқа пайдалануға ұмтылу асыл дiнiмiзге көлеңке түсiрiп ғана қоймай, бiрлiгi мен тұтастығына да нұқсан келтiредi. Дiн жауларының көздегенi де осы. Олар дiнiмiздiң күшеюiнен қауiптенiп, оған барынша кедергi жасау үшiн алуан айла-шарғыдан тартынбауда. Хизбутшылар да соның құрбандығы. Осылардың қолымен от көсегiсi келедi. Бұлардың үгiтiмен солардың қатарына өткен қандастырымыздың үлкен бiр тобы алданып, адасқанына өкiнiп, Аллаһтан кешiрiм сұрап, өз ортамызға қайта оралып та жатыр. Бұларға: “Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйiрiн тапқан соң”,– демекпiз. Әлi де өзге ағым, секта, топтарда адасып жүрген ағайындар болса, Аллаһтың тура жолы – ахли сунна уәл-жамағаға шақырамыз. Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы ұстанған асыл дiнiнiң қадiрiне жетейiк. Оны оқып, бiлiммен таниық!

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы

Серіктес жаңалықтары