ХО АҒАЙДЫҢ ЛАШЫҒЫ

ХО АҒАЙДЫҢ ЛАШЫҒЫ

ХО АҒАЙДЫҢ ЛАШЫҒЫ
ашық дереккөзі
358
II Дүниежүзiлiк соғыстың аяқталғанына 62 жыл
 

Сiрә, 1967 жылдың қыркүйек айының май тоңғысыз жылы күндерiнiң бiрi болса керек. Бiз сол кезде бiлiм алған Т.Жароков атындағы орта мектепте кенеттен оқушылар мен мұғалiмдердiң жиыны өттi. Жиынды ашып, сөз сөйлеген мектеп директоры (бүгiнде марқұм) Талип Әжiханов ағай алпауыт мемлекет – АҚШ-тың сонау алыстағы шағын ел – Вьетнамға басқыншылық соғыс жүргiзiп жатқанын, бейбiт жандардың қырғынға ұшырағанын айыптады. Әрине, АҚШ империализмiнiң қарақшылығына балалық жан-дүниемiзбен қарсы болғанымыз да рас. Жиын соңында сөйлеушiлер: «Хо Ши Мин жолдас басшылық еткен Вьетнам халқының ерлiк күресiнiң толық жеңiспен аяқталарына сенемiз», – деп өз сөздерiн аяқтады. Сонау ұлы Азияның бiр қиырында жатқан, қазақ үшiн мүлдем жұмбақ бұл елдiң – 60-жылдары әлемдiк саясаттың күн тәртiбiнен түспегенiн бүгiнде бiреу бiлер, бiреу бiлмес. Бүкiл дүние жүзiнде АҚШ-ты айыптаған шерулер үздiксiз өтiп жатты. Жәнiбекте сол жылдары теледидар болмаса да, радио дегенiң күнi-түнi сұңқылдап тұрды. Қосып қалсаң, қазақша, орысша хабарлардың толассыз ағыны: «Бүгiн Францияның Президентi Шарль де Голль АҚШ-тың Вьетнамдағы «жиiркенiштi» (қазiр Ирактағы қанды қырғын да осылай айтыла бастады) соғысын үзiлдi-кесiлдi қатаң айыптады…», «Оңтүстiк Вьетнамның ержүрек партизандары соңғы күндерi 32 американ басқыншысының көзiн жойды», «Вьетнам зымыраншылары атып түсiрген жат жерлiк әуе құзғындарының саны кеше 1500-ден асты» …Таңды «Вьетнаммен» атырып, кештi «Вьетнаммен» батырамыз.

Иә, бүгiнде Оңтүстiк-Шығыс Азияның ең iрi елiнiң бiрiнен саналатын, экономикасы қалыпты дамып келе жатқан Вьетнам елiнiң өткен ғасырда көрген құқайы, төгiлген қаны мен көз жасы телегей теңiз. Ұлттық намысы мықты, Отаншылдық сезiмi лаулап жанған, өте ұйымшыл, ел басына күн туғанда бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарған вьетнам халқына өткен ғасырда өз жерiне басып кiрген, озбырлығы мен өктемдiгi жөнiнен бiрiнен бiрi кем түспейтiн үш дұшпанмен қару қағыстыруға тура келген-дi. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында-ақ отарлық бұғауға түсiп, француздарға басыбайлы болған Вьетнам жерiне 1941 жылы жапон әскерлерi лап қойды. Оларды 1945 жылы түрiп айдап шығып едi, француздар қайта оралды. 1946 жылы басталған ұлт-азаттық соғысы 1954 жылы басқыншылардың Дьенвьенфу түбiндегi масқара жеңiлiсiмен аяқталған. Бiрақ ел екiге бөлiндi, солтүстiгi – коммунистiк, оңтүстiгi – капиталистiк болып. Алайда оңтүстiктегi қуыршақ мемлекеттi сылтау етiп, ендi АҚШ Вьетнамның iшкi iстерiне тұмсығын тыға бастады. Ақыры ол 1965 жылы АҚШ-тың тек Вьетнам ғана емес, Лаос, Камбоджа елдерiне де қарсы ашықтан-ашық басқыншылық соғысына ұласты. Мiне, осындай аласапыран шақтарда ел тiзгiнiн Хо Ши Мин ұстаған-ды… Әлемнiң ең алпауыт елiмен ашықтан-ашық айқасқа түскен қаһарман ұлттың, халықтың басшысы Хо Ши Мин қандай адам болатын? Сырт көзге өте қарапайым, үстiнен ұлттық киiмi түспейтiн, бiр қарағанда қазақтың ерте дәуiрдегi шоқша сақалды, iзгi қарттарына қатты ұқсайтын ол шын мәнiсiнде өз елiнiң лайықты, ресми әрi рухани көсемi едi. Оның сондай қайтпас қайсар саяси қайраткер, көреген жетекшi болуына буырқанған бұрынғы өмiрбаяны себепкер сыңайлы. Хо Ши Мин (оның шын есiмi Нгуен Тат Тхань, ал әлемге тек бүркеншiк, партиялық атымен белгiгi болған) 1890 жылы елдiң қиян түкпiрiндегi ауылда дүниеге келген. Ауыл мұғалiмiнiң баласы. Жасынан бiлiмге құштар болса керек, Хюэ қаласында колледж бiтiрiп, француз тiлiн жете меңгерiп алады. Жас шағынан саяси күреске араласып, бар күш-жiгерiн француз отаршылдарына қарсы күреске арнады. Тынымсыз қудалаудан бас сауғалап, 1911 жылы елiнен кетуге мәжбүр болған оны француз отаршылдары сыртынан өлiм жазасына кесiптi. Қалтасында көк тиыны да жоқ жас күрескер жан сақтау үшiн кемеде аспаздың көмекшiсi, аспаз болып жұмыс та iстеген. Белi қайыса жүрiп, жүкшi де болса керек. Ақыр теңiзшi болып, кемелерде айлар бойы қара жерден көз жазып, жүзiп жүрдi. Осындай қиыншылықтар оның жiгерiн жасыту былай тұрсын, ұстаның көрiгiне салынып, шыңдалған болат қылыштай оның еркi мен қайратын жанып шықты. Ол есейген шағында, 1934-1938 жылдары Мәскеуде оқиды. Содан 1941 жылы елiне оралып, өз халқының жапон басқыншылары мен француз отаршылдарына қарсы күресiн басқарды. Жапония 1945 жылы 2 қыркүйекте жеңiлiп, одақтастардың алдында тiзе бүктi. Ал Вьетнам соның алдында ғана тәуелсiздiгiн жариялап, жаңа өмiр құруға кiрiскен-дi. Мiне, сол елдiң алғашында Үкiметбасы, кейiн Елбасы және Еңбек партиясының хатшысы мiндеттерiн өмiрден озғанша, яғни 1969 жылдың 3 қыркүйегiне дейiн атқарған. Сөйтiп 79 жасында о дүниелiк болыпты. Хо Ши Мин өзiнiң көзi тiрiсiнде аты аңызға айналып, соңына көпке өнеге боларлық естелiктер қалдырған жан. Әрине, оның бәрi бұл адамның атаққұмарлығынан емес, өзiнiң бар кiсiлiк болмысынан туындаған секiлдi. Дау жоқ, АҚШ секiлдi алпауыт елге алғашында Вьетнамды құртып жiберу түкке тұрғысыз болып көрiнген едi. Басқыншылар не iстемедi?! Жүздеген мың тонна оқ-дәрi, бомба, снарядты аяусыз төктi. Напалм мен күйдiргiш бомбалар төгiп, талай жандардың обалына қалды. Ондаған мың тонна химиялық улы заттар қолданып, елдiң өсiмдiк (әсiресе партизандар мен босқындар паналаған тропикалық ну орманды) дүниесiн түп-тамырымен құртып жiберуге тырысты. Адамзатқа қарсы әскери қылмыстар жасап, жазықсыз қанша жанды қырып-жойғаны өз алдына… …Бұдан 40 жылдай уақыт бұрын, 1968 жылы 16 наурызда американдықтар Оңтүстiк Вьетнамдағы Сонгми қауымына кенеттен шабуыл жасап, бiр сәтте қорғансыз 500 әйел, бала-шаға, қарт-кемпiрдi қырып салды. Үйлердi өртеп, мал мен егiстiктi жойып жiбердi. Мұның өзi тек осы ел ғана емес, бүкiл әлемнiң ашу-ызасын туғызған болатын. Ресми АҚШ бұл қылмысты және сол елде балаларды өлтiруге «маманданған» лейтенант Коллидiң жауыздығын мойындаудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты… Билiк – қашанда өткiр қылыштың жүзiндей қиып түсетiн ауыр қызмет. Оның сынынан екiнiң бiрi өте алмайды. Хо Ши Мин болса, осы сыннан қиналмай өткен санаулы тарихи тұлғалардың бiрiнен саналады. Ол билiк басында тұрғанда, талай рет төңiрегiндегi кейбiр жарамсақтар лауазымдық жалақысын көтеру немесе мемлекеттiк қамтамасыз етудi онан әрi кеңейту жөнiнде мәселе көтерген екен. Бiрақ соның бәрiне салиқалы саясаткер жан-тәнiмен қарсы шыққан. Ендi аңызға айналған Хо ағайдың лашығына тоқталайық. Әрине, «лашық» дегендей, ол пәлендей лашық та емес. Бiрақ шағын да жұпыны, ұлттық үлгiмен салынған үй көрiнедi. Гәп мынада – осынау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Вьетнам мемлекетi жаумен жағаласа жүрiп, ел көсемiне азия-еуропалық үлгiнi араластыра отырып, зәулiм сарай салып берген. Ал Хо Ши Мин одан мүлдем хабарсыз болса керек. Үй бiткесiн Хо ағайдың риза болмағандығы былай тұрсын, оған кiруден үзiлдi-кесiлдi бас тартыпты. Ал американ басқыншылары болса, зәулiм сарайды бомбалап, күт-талқанын шығарады. Сонан соң, «Оның көзiн жойдық» деп жар салыпты. Арада аз уақыт өткен соң Хо Ши Мин елi алдында радиодан сөз сөйлеп, өзiн «жойылмағандығын» хабарлап, халқының сенiмi мен қолдауы бар жерде ештеңеден үрейленбейтiндiгiн айтса керек. Тағы да өз сөзiн: «Вьетнам түбiнде бiртұтас болады! Бiз жеңемiз!» –деп аяқтайтын едi. Күшi басым озбыр жаумен жанталасып, қызыл қанға боялып жатқан ұлты үшiн оның жiгер берушi әрбiр сөзi зәмзәм екенi сөзсiз. Өзiне қанша рет қастандық жасалғанын, сiрә, Хо Ши Минннiң өзi де санамалап шыға алмас едi. Аса үрейлi, алпыс екi айлалы АҚШ-тың ОББ-сы мен өзге де мүдделi қызметтер бiр қастандықтан соң, екiншiсiн ұйымдастырып жатса да, елдiң саяси-рухани, ресми көсемi қашанда тiл-көзден аман жүрдi. Тiптi американ барлаушыларының өзi оның Солтүстiк Вьетнам былай тұрсын, жау басып алған Оңтүстiктiң әр жерiнен көрiнiп қалатындығын таңдана айтып жүрiптi. Бiрақ ешқашан жау қолына түспесе керек. Жарқ етiп көрiнедi де, жым-жылас жоқ болып кетедi. Тiптi сол жылдары Солтүстiк пен Оңтүстiктi байланыстыратын, жасырын жер асты жолдары жөнiнде әңгiмелер де айтылып жүрген-дi… Осының өзiнен көрiнiп тұрғанындай, Хо Ши Миннiң кабинетшiл емес, үнемi ел ортасында жүретiн, халықтың жәйiн құр мәлiметтер арқылы емес, көзiмен көрiп, құлағымен естiген, жан-тәнiмен сезiнген басшы болғандығы аңғарылады. Мiне, сол адами қасиеттерiнiң арқасында ғана ол елi сүйген, сенген көсем, саяси тұлға болды, сонымен тарихта аты қалды және қала бермек… Оның өмiрлiк арманы өзi о дүниелiк болғаннан кейiн жүзеге асты. Өзi көрмей кетсе де, елi көрдi, халқы көрдi, әлем көрдi. 1973 жылы Париж қаласында АҚШ Вьетнамнан жеңiлгендiгiн қинала-қинала мойындап, бейбiтшiлiк жөнiндегi бiтiмге қол қоюға мәжбүр болды. Американ әскерлерi кеткесiн, Оңтүстiк Вьетнамның қуыршақ өкiметiнiң ғұмыры ұзаққа барған жоқ. 1975 жылдың 30 сәуiрi күнi орыстың «Т-74» танктерi Сайгондағы (бүгiнгi Хо Ши Мин қаласы) американ елшiлiгiнiң қақпасын бұзып-жарып кiрдi. Американ елшiсi елшiлiктiң төбесiнде өз елiнiң тiкұшағына отырып, теңiзге қарай қашуға мәжбүр болды. Ал теңiзде АҚШ-тың соғыс кемелерi өз елiнен қашқан сатқындарды тиеп жатқан-ды. Олардың бiреуiнiң де жағаға қарай оқ атуға батылы бармады. Өз Отанын толық азат еткен, қуаныштары қойындарына сыймаған ер халықтан қорыққан едi… Әлем таныған Хо Ши Миндi елi ешқашан да ұмытқан жоқ. Шығысқа тән биязылықпен оның көзi жұмылысымен жамандаған да емес. Мүмкiн, оның себебi – социализм құрғанда Хо Ши Миннiң Ресейдiң үлгiсiн сол күйде «көшiрiп» алудан бас тартып, өз елiнiң ерекшелiгiн ескеруiнде жатқан шығар. Бiр мысал, төтенше жағдайдың болуына қарамастан, Вьетнамда жаппай ұжымдастыру жүргiзiлмеген-дi. Елде жекеменшiк пен кәсiпкерлiктiң кейбiр түрлерi сақталып қалды. Мұның өзi әлемдiк социализм қауымдастығы күйреген шақта вьетнамдардың қазақ секiлдi абдырап қалмай, нарықтық экономикаға алаңсыз, емiн-еркiн енiп кетуiне жағдай жасағаны сөзсiз. Оның үстiне дiлiнiң өзi саудаға, кәсiпке етене тұратын Вьетнамның жоспарлы экономиканы нарықпен шебер ұштастырып, таразының басын тең ұстауы бүгiнде әлемнiң көп елдерiнiң тарапынан оған қызығушылық туғызып отыр. Қазiр халқының саны 80 миллионға таяған Вьетнам бүгiнгi Азиядағы экономикасы қалыпты даму жолына түскен, саяси-әлеуметтiк жағдайы тұрақты мемлекеттердiң бiрiнен саналады. Көп жылғы өшпендiлiк пен жауығудан соң, Вьетнам мен АҚШ бiр-бiрiмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазiргi сауда-экономикалық байланыстары қалыпты, тараптар оны әрi қарай да дамыта беруге мүдделi. Сонау соғыс жылдары өздерiне қару-жарақ берiп, өзге де көмегiн аямаған Ресей мен Қытайдың жақсылығын да ер елдiң өр халқы ұмытқан жоқ. Олармен де достық, татулық байланысы ойдағыдай. Ал тәуелсiз Қазақ Елiмен Вьетнамның қандай қарым-қатынасы барынан хабарсызбыз. Ұлы Азияның Малайзия, Қытай, Жапония, Үндiстан секiлдi қуатты елдерiмен iргелес орналасқан Вьетнам елiмен, Хо Ши Мин елiмен жақсы қарым-қатынаста болу бiздiң Отанымыз үшiн тек тиiмдi боларына кәмiл сенемiз…
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ
Орал қаласы

Серіктес жаңалықтары