АСТЫҚ МОЛ, АЛ НАН ҚЫМБАТ

АСТЫҚ МОЛ, АЛ НАН ҚЫМБАТ

АСТЫҚ МОЛ, АЛ НАН ҚЫМБАТ
ашық дереккөзі
287

Ас атасының қымбаттауы алаңдатады

Соңғы күндерi Қазақстанның кейбiр аймақтарында нан бағасы күрт көтерiле бастады. Ақтөбеде бiр келi нанның (жоғары сортты) бағасы 104 теңге, Атырауда — 93, Ақтауда — 65, Оралда — 50 теңгеге жеттi. «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттiгiнiң мәлiметiне қарағанда, Талдықорған қаласында да 700 грамм нан бұрынғысынан 50 пайызға қымбаттап, 45 теңге болыпты.

Бiз бұл қымбаттаудың себебiн бiлмек болып, алдымен Батыс Қазақстан облысы бойынша монополияға қарсы басқармаға хабарласқанбыз. Бiрақ ондағылар: «Бұл мәселемен бiз айналыспаймыз, өйткенi мекеме қадағалайтын нысандардың тiзiмiне нан өнiмдерiн шығарумен айналысатын кәсiпорындар кiрмеген»,– деп ат-тонын ала қашты. Адамзат үшiн, қарапайым халық үшiн нөмiрi бiрiншi азықтың бағасы елдiң тұрмыс жағдайының барометрi емес пе, оны неге осы мекеменiң қадағалауына енгiзбеске?

Облыста нан бағасын қадағалап, қымбатшылыққа қарсы өзiнше шара қолданып жатқан тек Орал қалалық кәсiпкерлiк бөлiмi екен. Мемлекеттiк мекеменiң бастығы Гауһар Аймурзина нанның қымбаттау себебiн былайша түсiндiрдi:

– Нан өнiмiн өндiрушiлер мұндай қадамға амалсыздан барып отыр. Себебi астықтың бiр тоннасы мамыр айында 0,8 пайызға, маусым айында 1,3 пайызға көтерiлдi. Дегенмен, бiздегi баға батыс аймақтағы өзге қалалармен салыстырғанда бiршама төмен. Ендiгi мiндет — бағаның одан әрi көтерiлуiне жол бермеу. Сол үшiн өндiрiсшiлерге тауарларын халыққа тiкелей жеткiзуiне жағдай жасап жатырмыз.

Нан бағасына қатысты дәл осындай жағдай 2004 жылдың басында да қалыптасқан болатын. Өйткенi, сол жылы бидайдың әлемдiк нарықтағы бағасы өсiп, шетелге астық сатушылар көбейдi. Сыртқы экспортқа одан бұрын жылда 3-4 миллион тонна ғана астық шығаратын елiмiз 2003 жылдың өнiмiнен 6,5 миллион тоннаны сыртқа сатып, 2004 жылдың басында iштегi астық қоры күрт азайып, қолдан жасалған қымбатшылық осылай етек алған.

Астықтың әлемдiк нарықтағы құны биыл да көтерiлiп кеттi. Биыл болжам бойынша бидайдың бағасы 200 долларға жетiп қалуы мүмкiн. Ресей қазiрдiң өзiнде iшкi рыноктағы бидайдың бағасын 200 долларға жеткiзiп, әлемдiк бағаға жақындатуға күш салып жатыр. Мұның бәрi нан бағасына өз әсерiн тигiзбей қоймайды. Сондықтан ауыл шаруашылығының бiлгiр мамандары баяғы жағдай биыл тағы қайталанып жүрмей ме деп қауiптенедi. Оның үстiне сыртқы рынокта қазiр Қазақстанның бидайына деген сұраныс күштi. Азия, Еуропа мен Африканың қырық шақты елi бiздiң тұрақты тұтынушыларымыз. Таза ұнның өзiн экспортқа жылына бiр миллион тонна көлемiнде шығарып, әлемде Еуроодақ пен Түркиядан кейiн үшiншi орынды еншiлеймiз. Қазақстанның астық экспортынан табатын жылдық табысы 400 миллион доллардан кем түспейдi. Биылғы табыстың, бұйыртса, тiптi ерекше болар түрi бар. Тек сауданың қызығына әбден берiлiп кетiп, iштегi астық қорымызды азайтып алып жүрмесек болғаны да. 2004 жылғы жағдай ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ахметжан Есiмовтiң де есiнде сияқты. Бұдан екi жұма бұрын үкiметтiк отырыстардың бiрiнде ол: «Соңғы уақытта астық бағасының өсуi жоғары деңгейде. Сондықтан әрбiр аймақтағы облыс әкiмдерiн өздерiнде астық қорын құруға және бұдан бұлай сол қордың жеткiлiктi болуын қатаң қадағалауға шақырамын»,– деген едi. Осы тапсырманың қалай орындалып жатқанын бiлу үшiн «Азық-түлiк келiсiм шарт корпорациясы» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық өкiлдiгiне жолыққанбыз.

— Үкiмет жылда облыс қорына 20 мың тонна көлемiнде астық қорын жинауға тапсырма бередi,-дейдi аталмыш өкiлдiк директорының орынбасары Сансызбай Өтешқалиев. — Жоспар ойдағыдай орындалып жүр. Сондықтан астық тапшылығы орын алмайды деп сенемiн. Оның үстiне биыл үкiмет астықтың коммерциялық сатып алу бағасын әжептәуiр өсiрдi. Бiрiншi лотқа жататын (ақуызы 28 пайыздан жоғары) бидайдың тоннасын 19500 теңгеден қабылдаса, екiншi лот бойынша (ақуызы 25-28 пайыз аралығында) 18900,үшiншi лот (ақуызы 23-24 пайыз) бидай тоннасын 18300 теңгеден алады. Бұл өте жақсы баға. Сондықтан дихандар бұрынғыдай басқа рынок iздеп сабылмайды. Ал, бидай бағасы бұдан әрi де өсуi мүмкiн.

Жалпы бидай, астық бағасының өсуiн әлемдiк құбылыс десе де болады. Көршi Ресейде маусым айының аяғында-ақ нан бағасы 10 пайызға қымбаттаса, ТМД көлемiндегi астық өндiрушi елдерде де осындай жағдай қалыптасқан. Себебi қазiр әлемдiк астық биржаларында бидайдың бағасы бұрынғысынан көтерiлген. Сарапшылардың пiкiрiне қарағанда, күз айларында бидайдың бағасы қымбаттағанның үстiне қымбаттай бередi. Өйткенi, әлемдiк рыноктағы бидайға деген сұраныс көлемi бұрынғысынан да арта түскен. Оның да бiрнеше себептерi бар көрiнедi. Соңғы жылдары әлемдегi барлық мемлекет жанар-жағармайға балама боларлық отын түрiн iздеуге қатты кiрiскенi белгiлi. Және ол iздегендерiн тапты да. Бидайдан өндiрiлетiн биоэтанол тура осындай отын болып шықты. АҚШ сияқты елдер биоотынды кеңiнен пайдалануға бел шеше кiрiсiп кеткен. Бұл отын түрiн тұтыну көлемiн жылына екi пайызға дейiн өсiрудi әлдеқашан жоспарлап қойса керек. Сондықтан Америка Құрама Штаттарында қазiргi уақытта 107 зауыт биоотын өндiрумен айналысады. Осы елдегi автокөлiктердiң екi пайызы биоотынды пайдаланады. Ал Еуроодақ елдерiнде 40 зауыт осындай отын түрiн шығарып, тұтынылатын жанар-жағармайдың 2,1 пайызын қамтиды екен. Ұн қылуға жарамайтын бидайдың қалдығынан биоэтанол өндiру iсi бiздiң елiмiзде де қолға алынған. Өткен жылдың аяғына таман iске қосылған Солтүстiк Қазақстан облысындағы биоотын өндiретiн зауыттың өнiмiн қазiр көп жерлер үлкен сұраныспен алдыртады. Биоотын өндiру жобасын Қазақстанның өзге астықты аймақтарында кеңiнен енгiзу жоспардағы iстiң бiрi. Мұндай жобаларға инвестиция салуға қызығушылық бiлдiрiп отырған шетелдiк инвесторларда аз емес көрiнедi. 2010 жылдарға қарай әлемдiк экономикада биоотынды тұтыну деңгейi екi есеге өседi деген болжам бар. Сондықтан болар көптеген елдер қазiрдiң өзiнде биоэтанол өндiрiсiн дамыту бағытында ұлттық бағдарламалар қабылдап, қауырт iске кiрiскен. Ауыл шаруашылығын тек осы бағытқа ыңғайлап жатқан елдер де жоқ емес. Мұның бәрi астықтың келешекте мұнайға пара-пар келетiн шикiзат ретiнде тұтынылатынын дәлелдейтiн факторлар. Яғни, астық бағасы ендi шарықтағанның үстiне шарықтай түседi деген сөз. Сыртқы рыноктағы бағаның осылайша өсуi iшкi саудадағы астықтың құнының көтерiлуiне көп ықпалын тигiзiп жатыр. Қазiр елiмiздегi наубайханалар, нан зауыттары өздерiне қажеттi шикiзатты бұрынғысынан қымбатқа алады. Сондықтан өнiмдерiн сауда сөрелерiне қымбатқа шығаруға мәжбүр.

Нанға қатысты тағы бiр жай есiмiзде. 2004 жылдың көктемiнен қолданысқа енген ҚР «Азық-түлiк өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi туралы» Заңы негiзiнде астықтың жоғары және бiрiншi сорттары мiндеттi түрде фортификациялануы, яғни витаминдi қоспалармен байытылуы тиiс болатын. Ал минералдар мен витаминдермен байытылмаған ұнды саудаға шығаруға тиым салынды. Нан өнiмдерiн шығаратын кәсiпорындар амалсыздан фортификациялауды жүзеге асыратын арнайы қондырғылар (дозаторлар құны 188 мың теңге), бiр келiсi 8 мың теңге тұратын витаминдер сатып алып, өндiрiске енгiзуге мәжбүр болды. Бұның соңы белгiлi, нан қымбаттай бастады. Дұрысында астықты қосымша витаминдермен байыту қажет пе едi? Ұнның құрамында табиғи минералды заттар мен витаминдер әуелден бар екенiн ғылым жоққа шығармайды. Тiптi кезiнде павлодарлық ғалымдар мiндеттi фортификациялау енгiзiлгелi жатқанда өздерiнiң мынадай зерттеу қорытындысын ұсынған: В тобына жататын витаминдер мөлшерден көп болған жағдайда адам ағзасына керi әсерiн тигiзiп, аллергиялық реакция туғызады екен. Кей жағдайда қалқанша безiнiң ұлғаюы сияқты аурулардың қозуына да жасанды витаминдердiң ықпалы аз болмайтын көрiнедi. Аталмыш заң қабылданғанымен ұнды қоспалармен байыту мәселесi көп пiкiрталастарға арқау болып келдi. Мұның бәрi үй iшiнде сыбырлап қана айтылатын. Соңында бұл мәселеге (ұнды мiндеттi байытуға) Елбасының өзi араласып, ҚР Парламент Сенатына «Азық-түлiк өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi туралы» Заңды қайта қарап шығуды тапсырды. Нәтижесiнде шiлде айының басында Парламент Сенатының депутаттары аталмыш заңдағы ұнды мiндеттi байыту (фортификациялау) туралы бөлiмдi алып тастады. Бұдан былай мемлекет халықаралық тәжiрибеге сай, өнiмдердiң қауiпсiздiгiн ғана қадағалауға тиiс, ал сапасына ендiгi жерде рыноктың өзi жауап бередi. Әйтпесе, бiздiң қадырмендi депутаттарымыз ұнға тағы бiр нәрселер қосу қажет деп тауып, нанның нарықтағы бағасын тiптi шарықтатып жiберер ме едi?!

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Батыс Қазақстан облысы.

Серіктес жаңалықтары