САРҚЫТЫН ДА ҚАЛДЫРМАДЫ
САРҚЫТЫН ДА ҚАЛДЫРМАДЫ
Алдын-ала берiлген мәлiметтерге иек артсақ, «НұрОтан» 88,05% дауыс жинап, айқын басымдылықпен жеңiске жеттi. Ал, өзге партиялардың, яғни алты партияның бiреуiнiң де жинаған дауысы 5 пайызға да жетпейдi. Атап айтар болсақ, «Ақ жол» партиясы – 3,27 %, Жалпы-социал демократтар – 4,62%, «Ауыл» партиясы – 1,58%, Қазақстанның коммунистiк партиясы –1,31%, Патриоттар партиясы – 0,75%, «Руханият» –0,41%. дауыс жинады. Бiрде-бiр партияның 7 пайыздық үлеске жете алмауының сыры неде? Әлде шын мәнiнде бұл партиялардың халықтың арасындағы беделi төмен бе?! Не болса да, сайлау өттi. Беретiн дауыс берiлдi. Көш соңында қалып қойған партиялардың сайлау туралы пiкiрi қандай?! Осы орайда бiз қалған партиялардың атынан ұсынылған үмiткерлерiмiзге сауал тастаған едiк.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, «Ауыл» партиясынан түскен үмiткер:
– Сайлаудың дәл осылай аяқталатынын бiлдiңiз бе?
– Жалпы, «НұрОтан» партиясының айқын басымдықпен ұтатынын бiлгенбiз. Тiптi, билiктiң сөзiн сөйлеп жүрген бiздiң Олжекең, (Олжас Сүлейменов) бақылаушы комиссияның бiр мүшесi, белгiлi адамымыз, соның өзi: «НұрОтан» партиясы 75 пайыз алады, қалғанын өзге партиялар бөлiседi» деп едi. Оның да айтқаны келмедi. «НұрОтанның» айқын басымдылықпен жеңетiнiн сезгенбiз, бiрақ дәл осылай сыпырып-сиырып өздерi алатынын ешкiм ойлаған жоқ. Бұл шын мәнiндегi жеңiс пе?! Барлық жерге бардық, барлық жерде кездесулер өткiздiк. Соның бәрiнде көрген көзiмiз кiнәлi емес, көзiмiз көрiп жатты. Ең азы бес-алты үй тұратын ауылдардың өзiнде «НұрОтанның» ғана жарнамасы iлiнiп тұрды. Басқа бiрде-бiр партияның жарнамасы көрiнбейдi. Iлу-iлуде «Ауыл» партиясының, «ЖСДП-ның» жарнамалары iлiнген. Мәселе ол жарнамада емес екен, тiптi телеарналарадан берiлiп жатқан роликтерде де емес екен. Барлығы да iс жүзiнде екен. Әкiмшiлiк жүйе арқылы барлығы ұйымдастырылды. Талдықорғанда өткен кездесуде мен байқамаппын. Облыс әкiмшiлiгiне рахмет, маған театрды тегiн бердi. Бiрақ, дәл сол күнi стадионда жиын өтiп жатқанын бiлмеппiн. Менiң кездесуiм алтыда, стадионда жетiде. Сөйтiп жүргенде, басқа партиялардың жеңуi мүмкiн бе? Барлық облыс, аудан әкiмдерi «НұрОтанның» мүшесi болса, онда жүз пайыз дауыс жинамағанда не қылсын?!
– Әкiм-қаралардың бәрi «НұрОтанның» мүшесi болсын делiк, бiрақ, қарапайым халық кiмге дауыс беретiнiн өздерi бiлмей ме?
– «Қарапайым халық өзi бiледi» деймiз. Қарапайым халық үркiп, жасқанып, қорқып қалған. Өйткенi, олар жұмысынан айрылып қала ма деп қорқады. Мұны мен дәлелдей алам ба? Дәлелдей алмаймын. Оның атын айтқаныммен, ол мойындамай қоюы мүмкiн. Барлық жерлерде, әсiресе, мемлекеттiк мекемелерде осындай тапсырма берiлдi. Оның үстiне, бұл ай сайлау өткiзетiн ай емес. Жұрттың бәрi демалыста. Және сенбi күнi. Сенбi күнi әсiресе қала жұртшылығы қалада болмайды. Олар уақытының көбiн саяжайға, той-домалаққа, елге кетедi. Естуiмше, Алматы қаласы ең төменгi көрсеткiштi берiптi. Студенттердiң бәрi демалыста. Мектептiң мұғалiмдерi де демалыста. Бұрын жексенбi күнi болатын. Биыл сенбi күнi таңдалды. Бұл да сайлаушылардың белсендiлiгiнiң төмен болуына әкелiп соқты. Сол дауыстардың бәрi пайдаланып кеттi ме екен деген күдiгiм де бар.
«НұрОтанмен» кездескен сәттердiң бiрiнде: «Сендермен таласпаймыз. Қонақтың да алдына ас қойғанда қасындағы бiр-екi адамға кел дейдi. Жұртқа сарқыт бередi. Сыбағаларыңа таласпаймын. Сарқыттарыңды берсеңдер де болады. Демократияның көрiнiсi осы сарқыт болар едi» деген едiм. Ол да болмай шықты. Мұндай еш жерде болған емес. Ендi не өзгередi?! Наразылықтар болуы мүмкiн. Сайлауды қайтадан өткiзейiк дейтiндер де болар. Әзiр ешкiм есiн жинап болған жоқ. Партиялардың басы бiрiгуi мүмкiн. Бiрақ, қашан екенiн бiлмеймiн?! Бұл осылай ешқашан қалмайды. Сөз болады. «Ауыл» партиясынан сайлауға түспеген күнде де осы оқиға менiң қабырғамды қайыстырған болар едi. Саясатпен айналыспайын-ақ дейсiң, бiрақ мынадай оқиғадан кейiн, жалпы бұл да саясат емес, әдiлетсiздiк… Басқа бiрде-бiр партияның жетi пайыз дауыс жинай алмауы, әдiлетсiздiк болмағанда не?!
Амалбек ТШАНОВ, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан үмiткер:
– Депутаттыққа жеке өтiп жүргенiмде мұндай нәрсенi көрмеген едiм. Халықтың даусын осылай ұрлап, билiктiң халыққа қиянат жасауын бiрiншi рет көрiп отырмын. Мәселен, мен Шымкент қаласының өзiнен 20,4 пайыз дауыс жинадым. Барлығының жүз пайыз құжаты түгел. Ал бергенi бес-ақ пайыз, сонда бұл не? Керек болса, менде мынадай қағаз бар. Олар халықтың жеке шешiмiне алдын-ала қол қойып қойған. Бiрақ басқа жағы тап-таза. Әр сайлау учаскесiнде де сондай болды. Сенбесеңiз, соның бiреуi менiң қолымда.
Неге десеңiз, барлық әкiмдер сайлау учаскелерiн қадағалап, дауыстың бәрiн «Нұр Отанға» жинап бердi. Оның үстiне бәрi де сол «Нұр Отанның» адамдары ғой.
– Ендi басқа партиядан Парламентке ешкiм де өте алмайды ғой…
– Ешкiм де бара алмайды. Өйткенi, коммунистiк партия – «Нұр Отан» болайын деп тұр ғой бәрi.
– Шетелдiк бақылаушылар мен отандық сарапшылар сайлау әдiл өттi деп баға бердi. Сiз бұған не айтасыз?
– Ешқандай да. Тiптi, оның ұшпағы да болған жоқ.
– Амалбек аға, әдiлдiк орын алмады дейсiз, онда неге аппеляцияға бермедiңiздер?
– Беремiз, берiп жатырмыз. Бiрақ одан өзгеретiн ештеңе жоқ.
Әлихан БӘЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
– Әлихан аға, «Сайлау әдiл өтпедi» деп, «Ақ жол» партиясы наразылық акциясын бастап жiберген сыңайлы…
– Бiздiң қолымызда көптеген округтерден түсiп жатқан фактiлер бар. Ол фактiлерге сүйенсек, кейбiр облыстарда бiрнеше есе дауыстарымызды өзгерткен. Егер Маңғыстау облысын алатын болсақ, сайлау комиссиясы 1952 адам дауыс бердi деп жазған. Онда 157 сайлау участкелерi болса, соның 24-iнен жинаған дауысымыздың өзi олардың көрсеткенiнен бiрнеше есе жоғары. Басқа партиялардың дауысында шаруамыз жоқ. Бiздiң өзiмiздiң партияға берген дауысты ғана айтып отырмыз.
– Ендi не iстемек ойларыңызда бар?
– Сол фактiлердiң бәрiн жинап, сотқа беруге әрекет жасаймыз.
– «Ақ жол» партиясы аштық жариялаймыз деп жатыр» деген әңгiмелердi де естiп едiк..
– Қандай акциялар жасаймыз деп талқыланғанда, алты түрлi ұсыныстар болған. Соның бiрiншiсi ретiнде аштық мәселесi де айтылды. Бiз қазiр ендi мұндай қадамға баруға ерте деп, президумда шештiк.
Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ,«Руханият» партиясынан үмiткер:
– Негiзi бұл дүниеде әдiлдiк болмайды. Әдiлдiктiң өзi салыстырмалы түрде ғана. Әдiлдiк тек көрге кiргеннен бастап қана орнайды. Бiрақ сайлау жаман өткен жоқ. Дегенмен, қазiр анау-мынау деп айтқанмен, болар iс болды, өттi, кеттi. Алайда, халықтың iшi бәрiн бiлiп отыр. Бұрынғы Кеңес өкiметi заманындағыдай өттi. Бәрi iшiмiзде қалды. Әкiмдер «Нұр Отан!» деп дiрiлдеп тұрды. Бiз үмiткер ретiнде үгiт-настихат жұмыстарын жүргiзуге әр жерге барғанда, олар бiздi қақпайлап, қашқақтап жүрдi.
– «Руханият» партиясы алдын-ала үгiт жұмыстарын қаншалықты жүргiздi?
– Өте көп жұмыс жасадық. Бiз жарнамамен емес, халықтың өзiмен кездесiп, ауылдағы қазақи тұрғындар, оралмандардың жағдайымен етене таныстық. Тек қалаларды ғана емес, барлық облыс аймағын қамтыдық. Егер 500-600 мың оралман елiне квота арқылы келген болса, бүгiнде квотасыз өз еркiмен Отанына оралып жатқандар миллионнан асып жығылады. Ендi солардың көбi бiздiң партияға дауыс беремiз дедi ғой. Себебi, халық бiздiң бағдарламаны қолдады.
– Сiздi Парламент құрылымы қалай болады деген ой мазаламай ма?
– Бәрiн алдын-ала ойлап жатқан адамдар бар. Солардың ойы болып жатыр.
– «Руханият» партиясы алдағы уақытта қандай жұмыстар атқармақ?
– Бiздiң партия халық халық болғалы, оның рухы мен имандылығымен бiрге өмiр сүрiп келедi. Онсыз ештеңе де болмайды. Әнеукүнi бағдарламамызда адамгершiлiк, имандылық болуы керек, халықтың рухын көтеру керек дегендi көтерiп едiк, содан кейiн партияның бәрi шу етiп, бiздiң айтқанымызды iлiп әкеттi. Оған дейiн бiрде-бiр партия имандылық, рухани адамгершiлiк туралы айтқан жоқ. Мысалы, «Патриот» партиясы аты патриот болғанымен, заты патриот па? Тiлiн, дiнi мен дiлiн бiлмеген адамда қандай отансүйгiштiк қасиет болады? Бәрi де орыс тiлiнде судырап жүр.
– Алайда, партия сайлаудан өтпей қалдық деп өз жұмысын тоқтатпайды ғой…
– «Руханият» – 1995 жылдан берi келе жатқан партия. Бiр партияға қосылып немесе басқа партияға бөлiнген жоқ. Өзiнiң ниетi таза болып, бағдарламасының сенiмдi болғанының арқасында өмiр сүруде. Болмаса, көрiп жүргендей партия аяқ астынан ашылады да, кенеттен жабылып қалады. Одан қала бердi, аяқ астынан атын өзгертедi.
Бұл адамның имандылығына байланысты партия, сондықтан сабырға салынып, биыл болмаса, кейiн болады деген үмiт бар.
Гүлзина БЕКТАСОВА, Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ