ЛАТЫН ҚАРПI ҚАЗАҚ ТIЛIН ТҮЛЕТЕ МЕ?!

ЛАТЫН ҚАРПI ҚАЗАҚ ТIЛIН ТҮЛЕТЕ МЕ?!

ЛАТЫН ҚАРПI ҚАЗАҚ ТIЛIН ТҮЛЕТЕ МЕ?!
ашық дереккөзі
337

Президент елiмiзде iс-қағаздарын қазақ тiлiне көшiруге байланысты 2001-2010 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылдаған болатын. Мұның нәтижесi де ә дегенше қорытындыланып қалған сияқты. Өйткенi, кешегi күнге дейiн облыс пен қала, Үкiмет тармағының қай-қайсысының iс-қағаздары қазақ тiлiне қаншалықты көшiп жатқаны тайға таңба басқандай. Әуелi қала, облыс, содан кейiн ғана Үкiмет қазақ тiлiне көшедi деген бұл бағдарлама төңiрегiнде де әр алуан пiкiр өрбiгенi рас. Кейбiр саясаттанушылар айтқандай, барлық заң жобасы мен қаулы-қарарларды қабылдайтын Үкiметтiң өзi мемлекеттiк тiлге соңынан көшсе, қалғанына не жорық?!<br>

Шынында да, «арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғысы да солай жүрмей ме?!». Бiр айта кетерлiгi сол, бұл әңгiме уақытша науқан сияқты айтылған жерде қалып қойды. Үкiмет отырысында алғашқы жылдары кәдiмгiдей талқыға салынған аталмыш бағдарламаның аузына дәл бүгiн құм құйылғандай. Есесiне, ғалымдар мен мамандардың есiл-дертi латын әлiпбиiне тезiрек көшу мәселесiне ауып отыр. Алайда, әзiрге осы тақырып аясында тек пiкiрталас пен ұсыныстар айтылып жатқанмен, баспасөз беттерiнде «латын әлiпбиiне көшсек, мынандай жемiстер бередi» деген сарында сараптамалы мақалалар жоқтың қасы деуге болады. Мәдениет және ақпарат министрi Е.Ертiсбаев ағымдағы жылды – «Қазақ тiлiнiң жылы» деп жариялағанын ескерсек, латын әлiпбиiне қазақ қоғамының көшуi жайындағы мәселе бүгiн айтылмаса, ендi қашан айтылады? Елiмiзде жарық көретiн бүкiл БАҚ-ты, сондай-ақ орыстiлдi баспасөздi парақтап, ой елегiнен өткiзсеңiз, әлiпби жөнiнде маңызды материалдарды тек қазақтiлдi басылымдардан ғана кездестiре аласыз. Мына елiмiздiң солтүстiк, солтүстiк-батыс аймағы ақпарат құралдары тiл, әлiпби мәселесiне «жүрдiм-бардым» көзқараспен қарайтын сияқты. Неге десеңiз, олар латын әлiпбиiнiң пайдасы мен зиянын талқыға салып әуре боп жатқан жоқ. Ал орыстiлдi БАҚ-қа келсек, оларға өздерi айтпақшы «ыстық та, суық та емес». Мәселен, әлi күнге қазақыландыру процесiне мұрнын шүйiре қарайтын павлодарлықтардың латын әлiпбиiне көшуге көзқарасы әр түрлi. Респонденттердiң бiр тобы латын әлiпбиiне көшудi тiптi түсiнбейдi де. Қысқасы, олар үшiн басқа маңызды мәселе көп. Оның үстiне бұлар Қазақстан латын қарпiне көшедi дегенге оншалықты сенбейтiн көрiнедi. Екiншi бiр тобы – латынға көшсек, қазақ тiлiнiң дамуы тежеледi әрi қолдану аясы қазiргiден де тарылады дейдi. Үшiншiсi – түбi бiр түркi тiлдес халық болғандықтан, латын қарпiмен бiз ежелден таныспыз. Демек, аса қиыншылық тудыра қоймас дегендi айтады. Бәрiн айт та, бiрiн айт, ғалымдардың көпшiлiгi егер латынға көшсек, Қазақстан халықаралық кеңiстiкте өз деңгейiн биiктете алады деген ұйғарымға келiп отыр. Ал елiмiздiң Президентi болса, Қазақстан халықтары ассамблеясында сөйлеген сөзiнде: «Латын әлiпбиi — әлемдiк кеңiстiкке жол ашатын бiрден-бiр жол. Көптеген мемлекет, соның iшiнде посткеңестiк елдердiң осы жолды таңдауы тектен-тек емес» деп нықтап айтқан болатын.

Ал интернет жүйесiнiң майын iшкен маманның пiкiрi басқа. «Майкрософт» компаниясының маманы Максим Беляковтың айтуынша, Қазақстан латын қарпiне көшсе, әлемдiк жүйеге қосылуы бәсеңдеп қалады. «Мәселен, Ресей, Украина, Белоруссия, тағы басқа мемлекеттер кириллицаны әлiпби ретiнде қолданып келедi. Әзiрбайжан мен Тәжiкстан латынға көшкенмен, өздерiн ғаламдық торда ауқымды түрде көрсете алған жоқ. Ал қазақстандық интернет жүйесi көбiнесе орыстiлдi оқырмандардың пайдалануы арқылы айқындалады. Демек, латын қарпi ештеңенi өзгерте алмайды, себебi, бiздiң мемлекет қазiрдiң өзiнде кириллицамен-ақ интернеттен орнын толығымен иемдендi. Айтыңызшы, «латынға өтсек, бұл процесс мынандай оң нәтиже бередi» деген нақты дәлел бар ма? Басқа мәселенi шешiп жатқанымыз шамалы, бұл бюджеттi кәдiмгiдей ортайтады. Неге десеңiз, iс-қағаздар мен құжат түрлерiн, кiтап пен оқулықты қайта басу, мамандарды дайындау қомақты қаражатты талап етедi» дептi. Бiр жағынан басқа ұлт өкiлiнiң бюджет қазанының азаюына кенеттен жаны аши қалғанын түсiне алмадық.

Ғаламдық тордың кез келген сайтын ақтарып көрсеңiз, латын әлiпбиiне қатысты небiр қызықты деректi көзiңiз шалады. Мәселен, Шығыстану институтының директоры, профессор Меруерт Әбусейiтова – бүгiнде латын қарпiне көшкен елдердiң тәжiрибесiн әлемдiк деңгейде зерттеушiнiң бiрi. Ол аталмыш мәселе жөнiнде өткен баспасөз мәслихатында: «Америкалық мамандар қазақ тiлiнiң латын қарпiне көшуiне аса қызығушылық танытып отыр. Қысқасы, олар бiздiң неғұрлым тезiрек көшкенiмiздi қалайды. Нәтижесiнде қазақстандықтар қолы жетпей отырған шетелдiк ғылыми еңбектер мен кiтаптарды оңай оқи алады» деген пiкiрiн бiлдiрiптi. Сондай-ақ ол, «Бiз латын қарпiне өтпеген Жапония, Қытай, Үндiстан елiнiң жағдайымен таныса келе, өз әлiпбиiн жақсы игерiп кеткендiгiн байқадық. Дегенмен, Жапонияда ресми каталогтар латын қарпiнде шығарылып тұрады. Жапонияда «кунрэй» (ресми) транскрипциялық жүйесi бар. Бұл жүйе жапондық оқулықтар мен үкiметтiк құжаттарда ғана кездеседi. Бiрақ бұл тiл емес, бар болғаны жәй ғана транскрипция. Шыны керек, бiз осы уақытқа дейiн қазақтiлдi филолог-мамандардың зерттеу ұсыныстары мен ғылыми дәлелдемесiн берiп келдiк. Олар өздерi ұсынған жобаның жемiстi нәтиже беретiндiгiн де әркез түсiндiрiп бақты. Ал орыстiлдi филолог-мамандар не дейдi екен? Оксана Демяненконың пiкiрiнше, латын қарпiне өтсек, қазақ тiлi мен орыс тiлiнiң тығыз қарым-қатынасы мен бiрлiгi бұзылады. Қазақ тiлi кириллицаның негiзiнде құрылды, бұл етене байланысты ешкiм үзе алмайды. Оның үстiне кез келген орыстiлдi, тiптi қазақ тiлiн бiлмейтiн азамат, қазақша оқи алмаса да, кейбiр тiркестi түйсiне алады. Негiзi қазақ әлiпбиiнде қырық екi әрiп (33 — орыстiкi және 9 дыбыс). Бiлуiмше, латын қарпiнде 26 таңба бар, сонда қалғанын қалай сыйдырмақпыз», – дейдi.

Десек те, бiр шешiмге тоқталып, 1928 жылы латынға көздi жұмып көшiп кеткен Түркия да алғашқы кезде көптеген кедергiлерге тап болды. Ендi қазiр бұл мемлекет әлемдiк дамыған елдердiң санатына iлiгiп отырған жоқ па?!

ӨЗБЕКСТАН ЛАТЫН ӘЛIПБИIНЕ ҚАЛАЙ КӨШТI?

Өзбекстан латын әлiпбиiне 1993 жылы-ақ көшкен болатын. Ерте қамданып кiрiскен себебi де сол, Түркиямен достық байланыстың арқасы едi. Алайда бұл мәдени қатынас ұзаққа бармады, есесiне Өзбекстан он жылдан кейiн Ресейдiң ығына қайта көне бастады. Әлбетте, олар бұдан жаман болған жоқ. Нәтижесiнде былтырғы жылы Ресеймен бiрге жасаған сауданың көлемi 42 пайызға өстi. Ресейдiң орталық банкiнiң мәлiметiне арқа сүйесек, Ресей өткен жылдың екiншi тоқсанында Өзбекстанға 210 млн. доллар (РФ барлық аударымының 16, 3 пайызы) ақша аударыпты. Бүгiнде Өзбекстанда ресейлiктермен бiрiккен 522 кәсiпорын жұмыс iстейтiн көрiнедi. Соған қарамастан, өзбектер латын қарпiне көшудi еш саябырсытқан емес. Айта кетерлiгi сол, Түркия бiр кездерi iс-қағаздары мен көше атауларын латынға аударуға қомақты қаржы бөлiптi. Соның арқасында бiршама оқулықтар латын қарпiне аударылды. Одан берi қаншама жыл тау асып кеттi. Тап қазiр латын қарпiндегi оқулық тапшылық тудырып отырғанға ұқсайды. Ал оқырман болса, баспасөз бетiндегi латын қарпiнде басылған мақалаларды оқуға ынта төмен деген пiкiр айтады. Саясаттанушы Ташпулат Юлдашев www.ferghana.ru-ға берген сұхбатында: «Өзбекстан 1993 жылы латын әлiпбиiне көшу туралы заң қабылдап, барлық басылымды қайта өңдеуге, құжат қағаздарын, кестелердi ауыстыруға миллиардтаған қаржыны жұмсады. Негiзiнде бұны нақты бiр iске, өндiрiстiк салаға жұмсау керек едi. Бiзде бәрi керiсiнше өрбiдi. Сол себептен, бiздiң осы нәтижесiз тәжiрибемiздi Қазақстан қайталамас үшiн алдын-ала зерттеп алуы керек» дептi. Айтатындай бар, өйткенi, бiздiң ғалымдар да «Өзбекстан асығыстық жасап, латынға сол 42 әрiппен өтiп кеттi» деп кемшiлiгiн баса айтып жүр. Бiр өкiнiштiсi, өзбектердiң латынға өткенiне бiлдей 14 жыл болса да, кiтап дүкендерiндегi әдебиеттердiң 10-15 пайызы ғана латын, ал қалғаны орыс қарпiнде көрiнедi.

Таяуда Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң баспасөз хабарламасы қазақ тiлiнiң латын қарпiне өтуi жөнiнде алдын ала талдау анықтамалығын ұсынды. Эксперт-мамандардың пiкiрiнше, латын қарпiне көшуге кемiнде 12-15 жыл уақыт әрi 35 млрд. 864 млн. теңге, яғни, шамамен 286 млн. доллар қаржы кетедi екен. Сондай-ақ, министрлiк латынға өту шарасы бес баспалдақтан тұрады дейдi. Олар: шетелдiк тәжiрибенi нақтылау (2007-20012); жаңа әлiпбидi компьютер бағдарламасына негiздеу (2012-2014); оқулықтар басып шығару (2015-2017) және сол бойынша оқыту (2017-2021). Бұдан соң тағы да 7-8 жыл мектеп пен жоғары оқу орындарындағы ғылыми және көркем әдебиеттi аударуға және 20-30 жыл қазақ әдебиетiнiң фольклорлық, классикалық мол мұрасын қайта басып шығаруға арналмақ.

Бұл жөнiнде «Лад» славян қозғалысының өкiлi Иван Климошенко: «Министрлiк аталмыш анықтамалықты жасақтау үшiн Батыс саясаттанушысы Бенедикт Андерсонның концепциясын пайдаланыпты. Негiзi көзi ашық адамға «қажеттi ақпаратты мына қарiптен оқы!» деп мәжбүрлей алмаймыз. Жанымызда электронды ақпарат құралдары дамыған, интернет-ресурстарға бай Ресей тұрғанда қазақстандық билiк бұған тiптi тыйым сала алмайды. Қазiрдiң өзiнде орыс тiлiнiң конституциялық мәртебесi мен оны қолдану қызметiнiң аясы бiрте-бiрте тарылып барады. Егер латын әлiпбиiн енгiзсек, Әзiрбайжан, Өзбекстан және Түркiменстан елдерi секiлдi бiздегi орыстiлдiлердiң саны он мың адамға азаятын түрi бар. Ал қалған халық сол жартылай сауатты деңгейiнде қалып қояды» дептi. Осы елдiң ауасымен тыныстап, суын iшiп жүрген Климошенко сияқтылар қашан да «өзi су iшкен құдығына түкiруiн» қоймай келедi. Қандай да бiр ұлттық мәселенiң ұшығы шықса болды, үйреншiктi әдеттерiне салынып, байбалам жасауға машықтанып алды. Кеше М.Шаханов «Халық рухы» демократиялық партиясын құрған кезде де «Лад» славян қозғалысы қарап қалмай, қарсы пиғылдағы материалдарын интернет-сайтында жариялаған жоқ па?

Алайда, ресейлiк эксперт-мамандар латын әлiпбиiне көшудi Қазақстанның iшкi саясатымен байланыстырады. Бiрақ олар бұның оңай шаруа еместiгiн әрi тез арада жүзеге аса қоймайтындығын айтса да, сөз жүзiнде 100 пайыз орындалып жатқандығын жасырмайды. «Бұл қазақтардың ежелден келе жатқан көпвекторлы саясатының жемiсi. Алдымен iс-қағаздарын кириллицадан қазақшаға өткiзiп, сосын жазуды латынға ауыстырады» – дейдi, ТМД елдерi институтының бөлiм меңгерушiсi Андрей Грозин мырза.

Сонымен, Қазақстан латын әлiпбиiне қашан көшедi, қалай көшедi? Көшетiн болса, оған не кедергi? Жақында өткен интернет-конференцияда Президент: «Латын әлiпбиiне көшу жөнiнде ұсынысымды айтқанмын, қалған шаруа тiл мамандары мен зиялы қауым өкiлдерiнiң еншiсiнде», деп сөзiн тағы бiр нықтаған едi. Қазiр А. Байтұрсынов атындағы Тiл бiлiмi институтынан бiрнеше жоба Үкiметке ұсынылды. Бiрақ бұл жобалардың дұрыс-бұрысы әзiрге ажыратылып, ғылыми түрде дәлелдемелерi жариялана қойған жоқ. Алайда, бұл тiл ғалымдарынан талай зерттеу мен тапжылмай еңбек етудi талап етедi. Әйтеуiр асығыстық жасаймыз деп, көршi елдiң басына түскен жағдайға тап болмасақ болғаны да.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары