Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеу және олардың қолжетімділігін шектеу бағытында жүйелі жұмысты бастады, деп хабарлайды turkystan.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шара жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған.
Екі ведомствоның арасындағы цифрлық өзара іс-қимылдың және ІІМ-нің Денсаулық сақтау министрлігінің «Диспансерлік есепте тұрған пациенттердің электрондық тіркелімі» ақпараттық жүйесіне қосылуының нәтижесінде диспансерлік есепте тұрған 369 888 адамға талдау жүргізілді.
Анықталғандай, олардың 273 819-ына бұрын жүргізуші куәлігі берілмеген.
Қалған 96 069 адам бойынша мыналар белгілі болды:
• 41 677 азаматтың жүргізуші куәлігі деректер түскен сәтте-ақ жарамсыз (күші жойылған) болған;
• 54 392 азаматтың жүргізуші куәлігі қолданыста болған.
2025 жылдың 10 желтоқсанындағы жағдай бойынша сот органдарына 4 540 талап-арыз жіберіліп, оларды қарау нәтижесінде 1 787 жүргізуші куәлігінің күші жойылды. Аталған азаматтардың медициналық қарсы көрсетілімдеріне байланысты көлік құралын басқаруға құқығы болмаған.
Сонымен қатар, екі ведомствоның ақпараттық жүйелерінің арасында психоневрологиялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтар туралы деректерді нақты уақыт режимінде беру және жаңарту қамтамасыз етілді. Мәлімет алмасу автоматтандырылған форматта жүзеге асырылады және көлік құралын басқаруға рұқсат беру мәселелерін қарау кезінде қолданылады.
Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің жол қауіпсіздігін бақылау және жол-көлік оқиғаларының қауіптерін азайту жөніндегі бірлескен жұмысы деректердің цифрлық алмасуы арқылы жалғасатын болады. Бұл жаңа шара ЖКО салдарынан халықтың жарақаттануының, мүгедектігінің және өлімінің төмендеуіне әкелуі тиіс.