60 МЫҢ ТАНКIНI АҢСАУ РЕСЕЙ БҰРЫНҒЫ КЕЛIСIМДЕРДЕН НЕГЕ БАС ТАРТПАҚ?

60 МЫҢ ТАНКIНI АҢСАУ РЕСЕЙ БҰРЫНҒЫ КЕЛIСIМДЕРДЕН НЕГЕ БАС ТАРТПАҚ?

60 МЫҢ ТАНКIНI АҢСАУ РЕСЕЙ БҰРЫНҒЫ КЕЛIСIМДЕРДЕН НЕГЕ БАС ТАРТПАҚ?
ашық дереккөзі
231

Әлем жұртшылығы осыған дейiн әлдилеп келген әлсiз үмiтiнiң оты өшiп, соңы бiржола сенiмсiздiкке ұласты: iрi ядролық державалар жанталаса қарулануды қайтадан қолға ала бастады. Әсiресе соңғы бiрер жыл көлемiнде Ресейдiң жанталасып қарулану жолында кез келген мүмкiндiктi мүлт жiбермеуге ұмтылысы бел алып отырғанын әлемдiк зерттеушiлер мен әскери сарапшылар ғана емес, қарапайым адамдар да жиi аңғаруда. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен бұқаралық ақпарат құралдары да үстi-үстiне дабыл қағып отыр.

Мұндай тосын жағдайға қазiргi Ресей басшылығының кеудемсоқтық, өркөкiрек, державашылдық пиғылы мен ұстанымдары әсерiн тигiзуде ме, әлде адамзат шынымен қауiптi шекарадан аттады ма? Белгiлi бiр кезеңге дейiн ғана созылған бейбiтшiлiк жолындағы халықаралық әрiптестiк пен ынтымақтастық өзiн-өзi ақтамаған шығар? Бәлкiм, әлемдегi ядролық ұлы державалардың осыған дейiн мәлiмдеп келген бейбiтшiлiк, мемлекеттер арасындағы татулық пен түсiнiстiк туралы декралациялары құр көлгiрсу ғана болған шығар?!

Қалай болғанда да халықаралық саясаттағы саябырсу мен өзара татулықтың күнi өтiп, бұдан әрi текетiрес, iштей аңдысу, қоқан-лоққы жасау сияқты кезеңнiң қайта туатын сұры бар. Мұндайда Ресейдiң асығы алшысынан тұрып, айдарынан жел есетiнi де ежелден қалыптасқан әдет.

Осынау алып елдегi бұрынғы қызыл империяның күйреп, бiржола шаңырағы құлағанына шамырқанып жүргендер iшкi өкiнiштерiнiң күйiгiне ем болар дәрi тапқандай күй кешуде әрi белгiлi бiр деңгейде қуанышқа ие. Ал ежелден соғысқұмар, әсiресе, қару-жарақтың көптiгiн елдiң қуаттылығы мен гүлденуiнiң кепiлi ретiнде бағалайтындар Ресейде ешқашан аз болмаған. КСРО өзiнiң қару-жарағын мейлiнше көбейткен 70-шi жылдардың аяғы мен 80-шi жылдардың басында 60 мың танкiге ие болғаны мәлiм. Бұл қалған бүкiл әлем елдерiндегi танкiлердiң жалпы санынан көп едi. Бiрақ мұның өзi қызыл империяны күйреуден сақтап қала алмады, ол ол ма, соғыс қару-жарағының шектен тыс көптiгi мен жанталаса қарулануға құмарлығы қаһарлы державаның жылдам құлауына түрткi болған басты себептердiң бiрi. Ел экономикасы шектен тыс, ешқандай қайтарымы жоқ қару құмарлық саясаты көтере алмағаны аян.

Ресей президентi В.В.Путин биылғы жылдың 14 шiлдесi күнi "Ресей Федерациясында Еуропадағы қатардағы әскери күштер туралы келiсiмнiң күшiн тоқтату туралы" Жарлыққа қол қойды. Ресми адамдардың мәлiмдеуiне қарағанда, аталмыш Жарлықтан туындайтын мораторий 150 күннен кейiн, яғни 13 желтоқсанда өз күшiне енедi.

Еуропадағы әскери күштердi шектеу туралы келiсiмдi Ресейдiң бұзуы халықаралық саясатта бұдан әрi жүгенсiз теке-тiрес пен қырғи-қабақтыққа жол ашатыны әлден-ақ дау тудырмайды.

Бiрiншiден, Ресей өзiнiң Еуропалық бөлiгiндегi әскери күштерiн еш бақылаусыз әрi шексiз көбейте алады және әскерлерiнiң орын ауыстыруын бақылаушыларға ескертпеуiне болады.

Екiншiден және ең бастысы, Ресей әскерлерiнiң Приднестровьеде одан әрi қала беруiне қол жеткiзедi. Оларды Молдованың территориясынан әкету туралы қол жеткiзiлген Стамбул келiсiмi бұдан әрi өз күшiн жояды.

Шыны керек, Ресей өз территориясының Еуропалық бөлiгiнде онсыз да аса қуатты әскери күштi шоғырландырып отыр. Мұнда 6350 танкi, 11228 сауытты машиналар, 6315 артиллериялық аса қуатты жүйелер, 3416 ұшақ пен 855 әскери тiкұшақтар шоғырландырылған. Ал осының бәрiне Оралдың бергi бетiне шоғырландырылған 8 мыңнан астам құрыш сауытты танкiлердi қоссақ, Ресейдiң әскери күштерi әлем елдерiн нелiктен алаңдататынын түсiну қиын емес.

Дегенмен, алып елдегi кейбiреулерге мұның өзi де аз көрiнетiн сияқты. Және бiр өкiнiштiсi, мұндай көзқарастар Кремль тарапынан ресми түрде толық түсiнiстiк әрi қолдау тауып отыр. В.В.Путин осы жылдың ақпан айында Мюнхенде дамыған жетi ел басшыларының алдында сөз сөйлегенiнде Ресейдiң онсыз да қуатты әскери күшi одан әрi қарулануды жалғастыратынын және бұған дейiн қол қойылған келiсiмдердiң қайта қаралуы мүмкiн екендiгiн мәлiмдеген болатын. 1990 жылы Парижде қол қойылған және 1999 жылы Стамбулда қайта мақұлданған Еуропадағы қару-жарақты шектеу туралы келiсiм Ресей генералдарын қанағаттандырмайтыны бұған дейiн-ақ белгiлi едi. Өткен жылдың соңына таман сол кездегi Қорғаныс министрi Сергей Иванов пен Бас штабтың бастығы Юрий Балуевский БАҚ-тарда аталмыш келiсiмдердiң жаңа жағдайға сай еместiгiн, тiптi, Рональд Рейган мен Михаил Горбачев Орта және шағын қашықтықтарға ұшатын зымырандарды жою туралы 1987 жылы қол қойған келiсiмнiң де күнi өткенiн мәлiмдеген. Ал мұның өзi қазiр НАТО-ға мүше болып отырған 26 мемлекеттi алаңдатпай қоя алмайтыны бесенеден белгiлi.

Батыс елдерiн бұлардан гөрi Ресей өз әскерлерiн қаруландыра бастаған "Триумф" деп аталатын "СС-400" зениттiк-зымырандық кешен қатты алаңдатуда. Бұл жойқын қару 6 мың шақырымға ұша алады және ядролық бомбаларды алып ұшуға қабiлеттi. АҚШ-тың көп дау болған Чехия мен Польша территориясында зымырандарға қарсы радиолокаторлық станцияларды орналастыруға қабылдаған шешiмi Иран зымырандарына емес, ең әуелi осы зымырандарды бақылауға бағытталатынын Кремль қожайындары мен орыс генералдары түсiнбей отырған жоқ. Сондықтан Әзiрбайжан жерiнде орналасқан РЛС-тi бiрiгiп пайдалану жөнiнде ұсыныс айтқанда және оны қабылдамаған американдықтарды мейлiнше айыптағанда да олар екi жүздiлiкпен әрекет еткенi ешкiмге құпия емес-тi. Бiрiншiден, тәуелсiз бөтен елдiң территориясындағы базаны бiрiгiп пайдалану әлгi РЛС-ке жаңа халықаралық статус берiп, ол елдiң территориясында мәңгi қалуына жол ашатын. Ал бұған Баку ешқашан келiспейтiнi онсыз да айқын. Екiншiден, атышулы әлгi РЛС таяу жылдарда ел территориясынан әкетiлетiнi бұған дейiнгi еларалық, сондай-ақ халықаралық келiсiмдерде толық көрсетiлген.

Қалай болғанда да Ресейде жанталаса қарулану күшейе түстi. Ол үшiн қолдағы бар заңды, заңсыз мүмкiндiктердiң бәрi пайдаланылуда. Американдар да қарап жатқан жоқ. Олардың да өз ойлағандары бар. Бiр кездерi Қазақстан қолындағы ядролық қаруларды өз еркiмен жоюға уәде еткен шақта Тәуелсiз елдiң бейбiтшiлiгiне, бiздiң елдiң территориясына ешкiм қол сұқпайтынына кепiлдiк берген державалардың арасына қара мысық жүгiруде. Ал мұндай жағдайда Қазақстанға бейтарап саясат ұстап қалу қиынның қиыны.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары