ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ ҰЛҒАЯ МА?

ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ ҰЛҒАЯ МА?

ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ ҰЛҒАЯ МА?
ашық дереккөзі
412

Бүгiн Қырғызстан астанасы Бiшкек қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше алты елдiң: Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан және Өзбекстан елдерiнiң басшылары кездесiп, осында Бiшкек декларациясына қол қоймақшы. Аталмыш Декларация Орталық Азиядағы мәңгiлiк тату көршiлiк пен халықаралық ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталғалы отыр.<br>

Бiшкек саммитiне қатысқалы отырған елдердiң әрбiрi өз мүдделерiн көздейтiнi белгiлi. Соған қарамастан,саяси құрылымдары әр түрлi, даму деңгейлерi де бiр-бiрiнен алшақ жатқан осынау 6 мемлекеттiң басшылары осы жолы да Орталық Азияда татулықтың сақтаулына бәрiнiң де мүдделi екендiгiн кезектi рет дәлелдемекшi.

Шынын мойындау керек, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аталатын осынау халықаралық ұйымның әзiрге әлемдiк ауқымда беделi мен салмағы соншалықты жоғары емес, дегенмен мұндай ұйымның болуына Қытай, әсiресе, Ресей өз мүдделiлiгiн жыл өткен сайын айқын байқатып келедi. Олардың әрбiрi Орталық Азияда өз саясаттарын жүргiзуге құлықты болумен қатар, бұл аймаққа АҚШ-тың ықпалын азайтуға немесе мүлдем жоқ етуге талаптануда.

Тiптi, соңғы жылдары Орталық Азиядағы жетекшi мемлекетке айналуды мансұқ етiп, осы мақсат жолында белсендi әрекет ете бастаған Қазақстан да Бiшкек саммитiне үлкен үмiт артып отыр. Сондықтан, таяуда ғана Шығыс Қазақстан облысының жерiнде өткiзiлген «Шығыс-2007» әскери-соғыс жаттығуларының нәтижелерiне үлкен саяси мән берiлгенi де бекерден бекер емес. Бұл әскери жаттығу елiмiзде соңғы 11 жыл iшiндегi ұйымдастырылған ең iрi осындай жаттығу болды және оның табыстылығы жөнiндегi Қорғаныс министрi Даниал Ахметов мырзаның мәлiмдемесiн отандық БАҚ-тардың барлығы дерлiк жариялады. Бiшкек саммитi қарсаңында «Шығыс-2007» жаттығуларына тегiннен-тегiн соншалықты мән берiле қоймаса керек. Айтқандай, Бiшкек саммитiнен соң осы биiк мәртебелi кездесуге жиналған мемлекет басшылары Ресейдiң Челябинск облысының жерiнде кеңiнен өткiзiлу жоспарланып отырған «Бейбiт миссия-07» әскери-соғыс жаттығуларының барысын бақыламақшы. Бұл жаттығуларды тамашалауға әлемнiң 20 елiнен де бақылаушылар келуге даяр.

Шанхай ынтымақтастық ұйымында жаңа бiр қиын әрi күрделi жағдайдың қалыптастып отырғанын да ұмытпаған жөн. Осыған дейiн бұл ұйымның жұмысына бақылаушы ретiнде ғана қатысып келген Индия мен Пәкiстан, сондай-ақ Моңғолия жағдайдың бұдан былай да осы қалпында қалуын онша құптап отырған жоқ. Олар да осы ұйымға толық мүше болғысы бар. Әсiресе, Иран өзiнiң осы ұйымға толық мүшелiкке өтуге ұмтылысын белсендi түрде жүргiзе бастады. Ал АҚШ-тың Тегеранға қарсы соғыс ашуға кетәрi еместiгiн еске тұтсақ, Иранның бұл ұйымға мүше болуы Орталық Азиядағы қалыптасқан жағдайды одан әрi күрделендiре түспек. Мұндай жағдайда бұрын бейтарап саясат ұстанып келген марқұм Түркiменбашының орнына Түркiменстан президентi болып сайланған Г.Бердымұхамедов те бұдан былай Орталық Азиядағы саясаттар аясынан тыс қала алмайды.

Қалай болғанда да Бiшкек саммитi Орталық Азияның кейiнгi тағдырына үлкен ықпалын тигiзетiн кездесу болғалы отыр. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердiң саны ұлғаяр-ұлғаймасын әлем алдағы екi-үш күнде толық бiлетiн болады.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары