Әбдiманап КӨМЕКБАЕВ (жалғасы)

Әбдiманап КӨМЕКБАЕВ (жалғасы)

Әбдiманап КӨМЕКБАЕВ (жалғасы)
ашық дереккөзі
510

Мәскеулiк тергеушiлер араға ай салып, Көмекбаевтар әулетiнен жауап алды. Шымкент қаласындағы облыстық прокуратураға кезек-кезек шақыртып жатты.

Әккi тергеушi Владимир Дмитриевич Бескишковтың қулығына құрық бойламайды екен. Куәгер Балқия Көмекбаеваға жымия қарап, сыпайы сөйледi.

– Сiз Мәскеу мемлекеттiк университетiн бiтiрiпсiз. Мен де соның заң факультетiнiң түлегiмiн. Демек бiз табақтас-дәмдес болған жандармыз. Сондықтан да бiр-бiрiмiздi жақсы түсiнемiз ғой деп ойлаймын. – Ол шылымын тұтатты. Жасанды жүзiн көк түтiнмен көлегейледi. Оның жылы-жылы сөйлеп, ақиқаттан тайдырып, торға түсiрудiң амалын жасап отырғанын Балқия сездi.

– Владимир Дмитриевич папамды көрмегелi айдан асты. Қанша өтiнсек те кездестiрмедiңiз. Бiр хабарын бiле алмай, алаң көңiл күй кешiп отырмыз. Тым болмаса қал-жағдайын сiз айтарсыз. – Жабырқау үнмен тергеушiнiң жүзiне тура қарады. Бескишковтың жайылған езуi лезде жиналып, басқа кейiпке тез ендi. Қабағы салыңқы тартып, жанашыр кейiп танытты.

– Сiзден жасырып қайтейiн. Әкеңiз қатты науқас. Жарты өкпесiнiң жоғын өзiңiз де жақсы бiлесiз.

Балқия киiп кеттi.

– Сондай науқас жанды түрмеге жаппай, үй қамақта ұстап, ақ-қарасына неге көз жеткiзбедiңiздер? Сiздердiң бұл iстерiңiз заңға қайшы.

Бескишковтың мүләйiмсiген кейiпiнен жұрнақ та қалмады. Тiстенiп, жақ еттерi бұлтылдап:

– Көмекбаева, әкеңiзге жаныңыз шын ашыса, қолдау көрсетiңiз. Ол сiздерден соны күтiп отыр.

– Қандай? – Балқия ұмсынып, тағатсызданып кеттi.

Бескишков бiр парақ ақ қағаз бен шәрiктi қаламды алдына қойып:

– Сiз «Әкем Көмекбаев Әбдiманап обком партиядағы қызметiнде жүргенде Асқаров пен Қонаевқа мұнша көлемде пара берген» деп жазып берсеңiз жетiп жатыр, – дедi. Бейне шын жанашырлықпен айтып тұрғандай өңiне қан жүгiртiп.

Балқия тiксiнiп қалды. Бескишков сөйлеуге мұрша бермедi.

– Тартынбағаныңыз жөн. Осы айтқанымды орындасаңыз, әкең абақтыдан босатылады. Бұл менiң шын сөзiм. Сенiңiз. – Қолын жүрегiнiң тұсына қойды.

– Владимир Дмитриевич, мен жалған мәлiмет жазып бере алмаймын. Себебi мен ондай жайды өз көзiммен көргенiм жоқ. Оның үстiне қай әке: «Қызым-ау, мен пәленшеге пара апарып бергелi жатырмын», – деп айтады?

Бескишков бұйраланған жирен шашын салалы саусақтарымен тарақтап, бiр сәт үнсiз отырды.

– Мен асықпаймын. Сiздi де оңаша қалдырайын. Ойланыңыз. – Орнынан тұрып, кабинеттен шығып кеттi.

Ол бiрер сағаттан соң қайтып келдi. Әлгi талабын тағы қайталады. Балқия да сол жауабын алға тартты. Бескишков салқын үнмен: «Әкеңнiң денсаулығын ойлаңыз», – деп есiктi сыртынан жапты. «Бұл менiң шын сөзiм деп жанын жалдауын қарашы. Ақымақты тапқан екенсiң». Сұр бөлмеде сазарып ұзақ отырды. Сүт толған омырауы сыздай бастады. «Ғазизiмнiң қарны ашып, жылап қалды-ау». Жаны байыз таппай бiр отырып, бiр тұрды. Көйлегiнiң кеуде тұсы ылғалданып, қос теңбiл төмен қарай жайыла жылыстап барады. Күн еңкейген кезде Бескишков та келдi-ау, әйтеуiр.

– Менi үйге жiберiңiз. Баламды емiзетiн уақыт болды,– дедi Балқия салған жерден.

Тергеушi стол үстiнде жатқан таза ақ қағазға көз тастап:

– Жоқ, жiбере алмаймын, – деп қолындағы сағатына қарады. – Әлi де жақсылап ойланыңыз. – Жон арқасын берiп, сыртқа беттедi.

Сәбиiнiң сүт iздеп шырылдағаны құлағына емiс-емiс жеткендей Балқияның аяныштан ет бауыры езiлдi. Жанарларына жас толды. Бескишков қайта айналып соққанда, Балқияның етегiне жеткен қос теңбiлден ақ сүтi еденге тамшылай бастаған едi.

– Неткен қатыгез едiңiз! – дедi Балқия оған жирене қарап.

Анау қалам ұшы тимеген парақты көрiп, оны оқты көзiмен атып жiбердi. Ендi қанша қинаса да жазбайтынын сездi.

– Боссыз, – дедi сызданып.

С.Клещев «Узбекское делоны» жүргiзген Гдлян мен Иванов жетекшiлiк еткен тергеушiлер тобында, белсендiлiгiмен көзге түскен. Куәгер Ұлбосын Көмекбаевадан жауапты өзi алды.

– Әкең Әбдiманап Көмекбаевтың 1986 жылы Алматыдағы 17-18 желтоқсан оқиғасын ұйымдастыруға қаржылай көмек бергенiн бiлесiз бе?

– Жоқ! Бұл жалған дерек.

– Сiз және күйеуiңiз Бақыт Байботаев сол күндерi қайда болдыңыздар?

– Осы қалада. Бақыт обком комсомолда, мен институтта өз жұмыстарымызбен айналыстық.

Ұлбосын бiр жайды тергеушiден жасырып қалды. Расында сол күндерi Бақыт Алматыда едi. Ауыл шаруашылық институтында сырттай оқып, агрохимия саласы бойынша екiншi мамандық алып жатқан. Олар профессордан дәрiс тыңдап отырғанда, аудиторияға бiр бейтаныс жiгiт кiрiп келiп: «Жiгiттер, Брежнев атындағы алаңға жастар жиналып, Мәскеудiң шешiмiне қарсы наразылықтарын бiлдiрiп жатыр. Сендер де алаңға шығыңдар!» – деп кетiп қалған. Олар екi күн бойына алаңға барып, шығыс жақ беттегi биiктен жантүршiгерлiк сұмдық оқиғаларды өз көздерiмен көредi. Үйге оралған соң Ұлбосынға: «Қанiшер солдаттар қазақтың қыздарын аямай жазалады. Қолға түскендерiнiң шаштарынан ұстап, бастарын көлiктердiң борттарына соғып, естерiнен танғандарын өлексе малдай екi аяқтарынан сүйретiп, үлкен жүк көлiктерiнiң қораптарына лақтырып тастады», – деген.

Клещев:

– Қырым татарларымен қандай байланыстарыңыз бар? Сондағы туыстарың өкiметке наразы топтардың мүшесi көрiнедi. Әкең соңғы рет сол жаққа қашан барды?

Ұлбосын:

– Бiздiң олармен еш қатысымыз да, байланысымыз да жоқ. Бiз таза қазақтармыз. Сiздерге бiз туралы жалған мәлiмет берiлген.

Клещев пәпкiсiнен тәркiленген фотосуреттер жиынтығын шығарды. Фотоларда облыс және республика басшылар тобы бейнеленген. Ара-ларында Әбдiманап Көмекбаев та бар. Сондай-ақ оның жеке тұлғалармен бiрге түскен суреттерiн де қолына алып, тәптiштеп сұрады. Әрқайсысын саусағымен шұқып: «Мынау кiм?» «Ысты ма?», «Дулат па?», «Қоңырат па?», «Арғын ба?», «Әкеңнiң бұлармен қандай туыстығы бар?». Осындай сұрақтар тiзбегiнен Ұлбосынның құлағы сарсыды. Клещев тақымдап қояр емес.

– Стол басында әкеңнiң жанында отырған мына әйел кiм?

– Ләйла Мұхтарқызы.

– Руы кiм?

– Руға жатпайды. Қожа.

– Бұл әйел соншалық атақты ма?

– Жазушы Мұхтар Әуезовты бiлушi ме едiңiз?

– Ол қайда қазiр. Мекен-жайын айтыңыз?

– Әуезов – классик жазушы. Әлемдiк әдебиетте өзiндiк орны бар, Одаққа әйгiлi жан едi. «Абай жолы» эпопеясында қазақ халқының салт-дәстүрiн, тұрмыс тiршiлiгiн, мiнез-құлқын, жалпы болмыс бiтiмiн бейнелеген. Өмiрден озғанына көп болды.

Клещев ыңғайсызданып қалды. Тамағын кенеп:

– Әкеңiз Мұхтарқызына қандай сый-сияпат жасады?

– Мұхтар Әуезов елуiншi жылдардың соңында осы облыстың Сарыағаш, Келес, Алғабас, Созақ аудандарын шығармашылық iс-сапармен аралап, оқырмандарымен кездестi. Папам сол кезде Келес аупарткомында бiрiншi хатшы екен. Кейiн Ләйла әкесi болған сол аудандарда болып, бiраз естелiктер жинады. Папам оны үйге шақырып, қонақ етiп, әкесi Мұхтар туралы есiндегiлерiн баяндады. Оның Ләйлаға үлкен сыйы да сол болды. Үйде сувенир ретiнде жасалынған телефон аппараты бар едi. Ләйлаға хабарласып тұр деп соны сыйлады.

– Мыналар кiмдер?

– Академик Өмiрбек Жолдасбеков пен зайыбы Мая Михайловна.

– Дулат?

– Ошақты.

– Папаңа қандай қатысы бар?

– Мамам Ошақтының қызы. Өмiрбек ағай әпке деп сыйлайтын. Алпысыншы жылдары папам Мәскеуде өкпесiне операция жасатты. Өмiрбек аға сол жылдары сонда оқиды екен. Папамның операция жасатқанын есiтiп, әйелi екеуi ауруханаға барып, қал-жағдайын бiлiп тұрған. Мына суреттi Өмiрбек ағаның бiр жолдасы ауруханада түсiрiптi.

– Ленинград обкомының бiрiншi хатшысы Романовпен әкеңiздiң қандай байланысы бар? – Клещев екi адам бейнеленген суреттi Ұлбосынға көрсетiп.

– Папам қызмет бабында Ленинградта да бiраз болды. Романовпен сонда танысқан. Мерекелерде бiрiн-бiрi телефонмен құттықтап тұратын.

– Ал Святослав Федоровты қайдан таниды?

– Мамамның көзiне операция жасаған сол кiсi. Отбасымызбен араласып тұрдық.

– Мына ғарышкер Леоновпен де жақсы қарым-қатынаста болған ба?

– Папам көпшiл жан. Ғарышкерлердi құрметтейтiн. Леоновпен кездескен сайын ғарыш тақырыбында ұзақ әңгiмелеседi екен. Солардың қызықты әңгiмесiн бiзге де айтып берiп жүрдi.

– Әкеңнiң жазушы Шыңғыс Айтматовпен қандай туыстығы бар?

– Папам әдебиеттi сүйедi. Өзi де сол өнерден құралақан емес. Бiрқатар ақын-жыраулардың өлең-жырларын жатқа айтады. Әсiресе кiтап оқудан жалықпайды. Айтматовпен де әдебиет жағынан пiкiрлесiп, сыйласып тұрды.

Клещевтың сұрақтарын телефон шылдыры бөлдi. Тұтқасын құлағына тосқан ол: «Тыңдап тұрмын, жолдас генерал, – деп аз-кем үнсiз тұрды да «Құп», – деп кабинеттен асыға басып шығып кеттi.

Ұлбосынның назарын стол үстiнде жатқан тағы бiр қағаз ерiксiз аударды. Онда Асанбай Асқаровтан бастап, ұлты қазақ облыс басшыларының және соларға жақын-жуық жандардың фамилиялары тiзiлiптi. Әрқайсысының тұсына руларын көрсеткен. «Апырай, Клещевқа мұны кiм дайындап бердi екен? Кiм де болса облыс басшыларын өте жақсы бiлетiн бiреу болды ғой». Ол Клещев қайтып келген бойда:

– Сiзге мына тiзiм не үшiн қажет? – деп сұрады.

– Қазақтың өзгелерден ерекшелiгiн бiлу үшiн. Мысалға Асқаровқа ру жағынан кiмдер жақын? – Клещев езу тартты. «Кескiнi қандай жиiркенiштi».

– Әзiрге боссыз, – дедi тергеушi.

Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсiне шымкенттiк студент жастар да үн қосып, қолдады. Сол жылдың 21 желтоқсанында қала халқы таңертең тұрғын үйлердiң, гараждардың, қоғамдық ғимараттардың қабырғаларына үлкен әрiптермен жазылған «Долой Колбин?» деген сөздi оқыды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi ұлтшылдықты арандатушылар деп Зейнеш Жадыраеваны, Гүлмира Тiлеубаеваны, Гүлшат Әуезованы, Меруерт Әуелбаеваны және басқа да қыздарды ұстап, үстерiнен қылмыстық iс қозғаған.

Көмекбаевтың ең кенже қызы Гүлжан Шымкенттегi Пединституттың тарих факультетiнде үшiншi курс студентi едi. Тергеушi В.Д.Бескишков оны таңертең аудиторияда дәрiс тыңдап отырған кезде алып кеттi. Облыстық прокуратурада Бескишков: «Көмекбаева, 21 желтоқсан күнi түнде ұлт араздығын арандатушы жастардың арасында мен де болдым», деп жазып бер, – дедi зiркiлдеп. Гүлжан: «Сiз айтқан қыздарды танымаймын. Сол күнi түнде ешқайда шыққаным жоқ. Үйде отырып, қысқы сынаққа дайындалдым», – деп жазбады. Бескишков ашуға булығып: «Айтқанға көнбесең түрмеге қаматамын», – деп ақырды. Гүлжан бойын қанша қорқыныш билесе де оның аш қасқырдай төбесiнен төнген жүзiне тура қарап, әлгi жауабынан танбады. Бескишков оны кешкi сағат тоғызға дейiн қинады. Ақыры дегенiне көндiре алмаған соң амалсыз босатты. Анасы Гүлбаһрам: «Қызым-ау, осы уақытқа дейiн қайда болдың? Сенi күтумен екi көзiм төрт болып, отырысым мынау», – деп Гүлжанды құшағына қысып, емiрене иiскеп, мауқын басты. Ол анасының көңiлi жайланған соң, болған жайды баяндады.

Мәскеулiк тергеушiлер Әбдiманап Көмекбаевтың iсiне байланысты облыстық мекеме басшыларының бiразын жауапқа тартты. Солардың бiрi Шымкент облыстық денсаулық сақтау бөлiмiнiң бастығы Әбдуәлi Жақсыбаев. Тергеушi С.А.Воронов:

– Көмекбаев сiзге қандай тапсырма бердi?

– Сұрағыңызды анық, түсiнiктi етiп қойсаңыз.

– Кадр мәселесi бойынша.

– Жоқ. Ол кiсi маған тапсырма берген емес. Өйткенi бiздiң мекеме Көмекбаев басқарған бөлiмге қарамайды.

– Ұмытқан боларсыз. Ендеше есiңiзге салайын. Облыстық қан құю стансасының бастығы Бекбауовты сiз Көмекбаевтың тiкелей тапсыруымен тағайындатқансыз.

– Сiздегi мәлiмет жалған. Оны сол орынға менен бұрынғы бастық Клеванов қойған.

– Бекбауовты «Межколхозстрой» санаторийiнiң бас дәрiгерi етiп көтерген кiм?

– Бiлмеймiн.

– Шыныңызды айтыңыз. Оны сiз арқылы сол орынға ұсынған да Көмекбаев екенiн неге жасырасыз?

– Бұл да қисыны келмейтiн өтiрiк. Санаторий тiкелей Денсаулық сақтау министрлiгiнiң құзырында. Кадр мәселесiн өздерi шешедi. Сенбесеңiз Облыстық денсаулық сақтау бөлiмiндегi құжаттарды тексерiңiз.

Iс жауап алумен бiтпедi. Көмекбаевтар әулетiн және оларға етене жақын жандарды қудалау басталды. Обком комсомолдың бiрiншi хатшысы Нұрдәулет Сәрсенов Ұйымдастыру бөлiмiнiң қызметкерi Байботаевты өзiне шақыртты. Көңiлi қобалжып, iшкi ойын қинала жеткiздi. «Бақыт, iскерлiгiңе тағар кiнәм жоқ. Алайда жоғарыдан түскен нұсқау жан алқымнан алып, қояр емес. Саған орныңды босатуға тура келiп тұр. Ашып айтайын, бұл менiң еркiмнен тыс болып жатқан жай. Ренжiп, қапа болма». Байботаев: «Екi оттың ортасында қалған жайыңызды түсiнемiн. Сiзге ренiшiм жоқ», – деп өз еркiмен қызметтен кетуге өтiнiш жазды.

Сара Көмекбаева фосфор зауытындағы заң кеңесшiсi қызметiнен босатылды. Күйеуi Саттар Әбдiрашов академик Өмiрбек Жолдасбековтың аспиранты болатын. Ғылыми жұмысын Алматыда қорғады. Желтоқсан көтерiлiсiне байланысты Жолдасбеков ұлтшыл атанып, партия қатарынан шығарылып, ректорлық қызметiнен босатылған. Оның тасада тұрып тас атқан жаулары, шәкiрттерiн де жазадан тысқары қалдырмады. Әбдiрашовтың үстiнен «ВАК»-ке арыздар жазып, ғылыми атағын бекiттiрмей, уақытын создыра түстi. Араға уақыт салып, Мәскеуде қайта қорғауына тура келдi.

Ұлбосын бүгiн де анасы Гүлбаһрамға соғып, автобус аялдамасына келген. Iле түрi бөлек бiреу көлiк күтiп тұрған аз ғана топқа келiп қосылды. Ұлбосын: «Мына кiсiнi қай жерде көрдiм» деп ойланып қалды. Есiне алдыңғы күнi осы аялдамада көргенi, автобусқа бiрге мiнгенi түстi. Автобус та көп күттiрген жоқ. Ұлбосын алдыңғы, анау артқы есiктен мiндi. Ол үйiне таяу жердегi аялдамадан түстi. Көшенiң арғы бетiндегi дүкеннен нан алмақшы болып бұрылған сол едi өзiнен он, он бес қадамдай артта әлгiнiң соңынан мысықтабандап келе жатқанын көрдi. «Мынау кiм? Шынымен-ақ соңыма түскен пейiлi жаман бiреу ме?». Жүрегi атқақтап, тұла бойы мұздап сала бердi. Аяқтары зiл тартып, жүрiсi өнер емес. Анау да көшенi қиып өттi. Дүкенге iлесе кiрдi. Кезек күтiп тұрып Ұлбосын аласұрған жүрегiн басып, өзiне-өзi келдi. Сыртқа шығып, таяқ тастам жер жүрдi де соңындағы жансызға жалт бұрылып: «Сен кiмсiң? Неге соңымнан қалмайсың? Қане, қараңды батыр» – деп жекiдi. Анау сескенiп тұрып қалды. Онысын сездiргiсi келмедi ме, қалтасынан шылым алып тұтатты. Ол пәтерiне кiрген бойда бауырларын сақтандырмақшы болып, телефон тұтқасын көтердi. Әуелi Сараның нөмiрiн тердi. Телефонның үйреншiктi дыңылы әдеттегiдей емес өзгеше естiлдi. Телефон тыңдалады дегендi естушi едi. «Рас болды-ау». Тұтқаны орнына қоя салды.

Ертеңiне қарашаңыраққа барды. Сара, Жадыра, Балқия сонда екен. Сәлден соң Абай да келдi. Ұлбосын соңдарында аңдушылар бар екенiн, телефондарының тыңдалатындарын ескерттi. Олар ақылдаса келiп, қолдарында бар ақшаларын жинастырып, Ұлбосынды Мәскеуге жiберетiн болып пәтуаласты.

Ұлбосын қайтар жолда кешегi аңдушыны кездестiрмедi. Пәтерiне келiп, Бақыттың қолынан сәбиi Асқарды алып емiзiп ұйықтатты да түстiк ас әзiрлеуге кiрiстi. Қоңырау үнi естiлдi. Ол есiктi ашты. Үстiнде жұмысшы киiмi бар, қолына шағын чемодан ұстаған өңi сары, көзi көк бейтаныс жан тұр. «Сiзге кiм керек?» – дедi Ұлбосын. «Мен сантехникпiн. Пәтерiңiздегi су жүйесiн тексеруiм керек. – Үнi биязы шықты. Iшке ендi. Қолын созып – Ас дайындайтын бөлмеңiз мына жақта ма?» – деп сұрады. Ұлбосынның көзi оның алақанын шалып қалды. Құрал-сайман ұстайтын көнтерi қолға ұқсамайды. Ақсаусақтың нағыз өзi секiлдi. Көңiлiне лезде күдiк ұялап: «Бiздегi су жүйелерi қалыпты жағдайда. Тексермей-ақ қоюыңызға болады», – дедi. «Сонда да су ағарларыңызды қарап көрейiн. Бәлкiм тамшылап тұрған шығар. Көп уақытыңызды алмаймын». – Ас бөлмеге беттей бергенде Ұлбосын алдынан кесе көлденең тұра қалды. Сол сәтте үлкен бөлмеден Бақыт көрiндi. Ұлбосын оны арқаланып : «Майда-шүйде ақауларды мына күйеуiмнiң өзi де жөндейдi. Сiз әуре болмаңыз» – деп есiктi иегiмен меңзедi. Ол шығып кеткен соң артына бұрылды: «Бақыт, байқадың ба, сантехникке ұқсамайды. Бiздiң Шымкенттiң орысы да емес». Бақыт: «Тергеушiлерден қазiр бәрiн де күтуге болады», – дедi жабырқау үнмен.

Жадыраған жаз өтiп, қоңыр күз де жеттi. Мәскеудiң сызды күнi салқын. Ұлбосын аэропорттан қаланың қақ ортасындағы Пушкин көшесiнiң 15 «А» үйiне тартты. СССР Бас прокуратурасы осы көп қабатты жайға орналасқан. Оны Аса маңызды қылмыстық iстер бөлiмiнiң аға тергеушiсi Владимир Иванович Калиниченко қабылдады.

– Владимир Иванович, әкемдi көрмегелi үш айдан асты. Қазiр қандай күйде екенiнен мүлдем бейхабармыз. Кездестiрiп сөйлесуге мүмкiндiк жасаңыз.

– Бұл өтiнiшiңiздi орындай алмаймын.

– Неге?

– Сiздердi кездестiретiн уақыт болған жоқ.

– Соншалық кездестiруге болмайтындай менiң әкем ненi бүлдiрiптi? Патшалық уақытта Лениндi де туыстарымен жүздестiрдi ғой.

– Әкең пара берiп, пара алғанын мойындамай отыр. Шағылмайтын жаңғақ екен. Әуелi қылмысын мойындасын. Содан кейiн көрiсесiздер.

– Менiң әкем параны кiмнен алып, кiмге берiптi? Егер мен параны сiзге берген десем сенер ме едiңiз? Әкем ондайды алмаса, бермесе неге мойындауы керек?

Калиниченконың талағы тарс айырылды. Көкшiл көздерiнiң оты жарқ еттi.

– Әкеңе шын жаның ашыса «Папам Асқаровқа мың сом көлемiнде пара бердi», – деп жазып бер. Мен екеуiңдi бүгiн жолықтырамын.

– Сiз қалай ойлайсыз? Қандай ақыл есi бүтiн әке қолымен iстемегенiн үйiне келiп: «Балаларым, мен бүгiн пәленшеге пара берiп, төленшеден пара алдым», – деп мақтаныш етiп айтады. Бәлкiм мұндай жай мына сiздерде дәстүр шығар. Бiзде жоқ. Менiң әкем сiздер ойлағандай жан емес. Бiздi таза еңбегiмен бағып өсiрдi.

Калиниченко кiжiнiп:

– Совет үкiметi сендердi бекер оқытқан. Қараңғылықта ұстаған сол патшаның саясаты дұрыс едi, – дедi. Ұлбосынға столдың арғы бетiнен еңкейе ұмсынып. – Әкең қазiр қасарысқанмен кейiн мойындауға мәжбүр болады. Бiз оны мойындатамыз.

Ұлбосынның салы суға кетiп, төменгi қабатқа түстi. Кiре берiс залда әртүрлi ұлт өкiлдерi тұр екен. Бәрiнiң де жүздерi жабырқау. Сырт киiмiн киiп жатқанда жанына бiр өзбек жiгiтi жақындады. «Сiз аналардың қабылдауында болдыңыз ба?» – Ақырын сөйлеп, иегiн көтерiп, жоғары жақты меңзедi. Ұлбосын: «Иә, Калиниченкодан шықтым», – дедi.

Өзбек: «Мен де Гдлянның қабылдауында болдым. Барып тұрған шовинист екен. «Өзбектер мен қазақтар нағыз жабайы ұлтшылдарсыңдар. Сендердi танкiмен таптау керек. Бiз әлi сендердi тәубелерiңе түсiремiз», – деп жер-жебiрiме жеткенде, аза бойым қаза тұрды», – деп мұңын шақты.

«Матросская тишинадағы» түрменiң азық-түлiк қабылдайтын бөлмесi сапырылсқан адамдар. Тар тесiктердiң алдында кезекте тұрғандары қаншама. Бiр бiрiмен таласып, дабырласа сөйлесiп, қолдарындағы бес килограмм азықтарын өткiзуге жанталасуда.

Ұлбосын да елден әкелгендерiн ретке келтiрiп, бiр жапырақ қағазға «№4 изолятордағы Әбдiманап Көмекбаевқа» деп жазды. Кенет көзi екi грузиннiң оғаш iсiне түстi. Бiрi жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Ал екiншiсi соны тасаланып, кәдуелгi шприцпен қызанақ және қиярларға түсi қызыл сұйық жiбергенiн көрiп таңырқады. «Бұлар не iстеп жатыр? Дәрiнi де осылай жiберуге бола ма?» – деген оймен жөн сұрады. Мұртты грузин: «Бұл дәрi емес, өзiмiздiң коньяк. Бауырымыздың сәл де болса көңiлi жайлансын. Сiз де осылай iстеңiз», – дедi. Ұлбосын бас тартты. Азық-түлiк қабылдаушылар анасы пiсiрген күлшелердi өзiне қайтарды. Сонша жерден көтерiп келген үйдiң дәмiнiң папасына жетпегенiне iшi удай ашыды. Жемiс-жидектердi алып, батондарды бiрнеше жерiнен сындырып, арасын мұқият қарады. Таразыға қайта тартты. Ол сыртқа шыққанда қас қарайып та қалған едi. Аэропортты бетке алды.

Әбдiманап Көмекбаевпен кездесудiң сәтi 1988 жылдың ақпанында түстi. Соның алдында әйелi Гүлбаһрам мен қызы Сараны аға тергеушi В.И.Калиниченко қабылдады. Ол Гүлбаһрамға қатқыл үнмен:

– Тек сiзге ғана рұхсат етемiн,– деп өтiнiш жазған қағазына қолын қойды. – Күйеуiңiздi түрмеден шығарып алу сiздерге байланысты.

Гүлбаһрам елең еттi.

– Айтыңыз, шамамыз келсе тартынбаспыз.

– Әуелi бiз таққан айыпты мойындауға көндiрiңiз. Содан кейiн сiздерде ағайынның бауырмалдық қасиетi күштi. Шымкентке барған соң солардың басын қосып, ақша жинаңыз. Сiздерде оны «жылу» дейдi екен. Олар шұлыққа тыққан ақшаларын шығарсын. Әбдiманаптан артық емес шығар. Сол ақшаны бiзге өткiзесiз. Неғұрлым көп болса соғұрлым мәселе тезiрек шешiледi. Осы екеуiн орындасаңыз күйеуiңiздi өзiңiзге жетектетiп жiберемiн.

– Владимир Иванович, әуелi кездестiрiңiз. Қал-жайын бiлiп сөйлесейiн, – дедi Гүлбаһрам.

Калиниченко өзiне сендiре түскiсi келiп, сөзiн қайта жалғады.

– Анау көршiлерiңiз өзбектерге қараңызшы. Солай iстеп түрмедегi бауырларын шығарып алды. Қазiр Мәскеудiң көшесiнде женси киiп, талдаңдап жүр. Сiздердiң солардан қай жерлерiңiз кем?

Түрмеге кiру де, одан шығу да Гүлбаһрамға оңай болмады. Қашан темiр торлы тосқауылдардан өтiп, кездестiретiн бөлмеге жеткенше тiк тұрды. Екi аяғы сырқырап, жанын жегiдей жедi. Шыдамасқа амал бар ма. Сол бөлмедегi орындыққа тiзе бүктi демесең, Әбдiманапты зарығып ұзақ күттi. Ойына нелер келiп, нелер кетпедi. Белi қарысып, қары талды. Әлден соң тергеушiнiң бiрi кiрдi. Артынша түрме қызметкерi екi қолын артына ұстаған Әбдiманапты алып келдi. Түрiнен жан шошырлықтай. Өңi оңған шүберектей, етi қашып, әбден азған. Арса-арса сүйектерiне iлiнiп тұрған бiр мүскiн. Баяғы бiтiмiне көз тоятын Әбдiманаптан ештеңе қалмапты. Гүлбаһрамды көргеннен көз жасына ерiк бердi. Өзiн-өзi ұстай алар емес. Бұрын-соңды оның осыншалық бостығын көрмеген едi. Өзiнiң де iшкi дүниесi әлем-жәлем. Екi иығы селкiлдеп, көзiнiң жасын көпке дейiн тия алмады. Мауқы басылған кезде, көзiн орамалының ұшымен сүртiп:

– Әбеке, қал-жағдайың қалай? Ауру жаныңа батып жүрген жоқ па? – дедi.

Әбдiманапты өксiк кеудесiнен қысып, сөйлеткiзер емес. Басын изеп әлдененi ежiктегендей болады. Оның үзiк-үзiк сөзiнiң бiрiн есiтсе, бiрiн ести де алмады. Тiлi де анық емес сияқты. Күрмеле бере ме, қалай. Шешiлiп шерлерiн тарқата алмаған мұңлық пен зарлықтың өкiнiштерi iштерiнде кеттi. Түрме қызметкерi кездесу уақытының бiткенiн ескертiп, Көмекбаевты алдына салды.

Гүлбаһрам сыртқа зiл батпан жүк арқалаған жандай еңсесi езiлiп шықты. Тағатсызданып, әкесiн сұраған Сараға:

– Қызым, бiр қарасам әкең секiлдi. Бiр қарасам делқұлы басқа бiреу секiлдi. Сөзiнде берекет жоқ. Соған қарағанда аналар ақыл-есiне әсер ететiн бiрдеңе берген бе деп қалдым. Көтерем аттай әбден азып-тозған. Өзiн ұрып-соққан да-ау, – деп күрсiндi.

Сара үнсiз егiлдi. Гүлбаһрам:

– Құдайым-ай, ендi бұған жылуды қалай жинаймыз. Ондай ақша кiмде бар? – дедi азаланып.

Сара көзiн сүрттi.

– Мама, соншалық ақша жинап беретiндей папамның жазығы жоқ. Калиниченко бiздi алдап отыр. Осындағы папамның досы Святослав Николаевич Федоров беделдi адам. Соған барып жағдайымызды ашып айтайық. Папамның медициналық анықтамасын да көрсiн. Қолынан келетiн көмегiн аянып қалмас.

Святослав Федоров оларды үйiне шақырды. Асықпай отырып, бар зейiнiмен тыңдады. Медициналық анықтамамен танысты. Қалың қабағы түксиiп:

– Әбдiманапты мынандай денсаулығымен түрмеге жабу заңсыздық, – дедi. Терезеден сыртқа қарап ойға шомды, басын шайқап. – Әбдiманап Көмекбаев парақор дегенге сенбеймiн. Мүмкiн емес. Мен бұл сөздi оны жақсы бiлген соң айтып тұрмын.

Федоров құжаттардың көшiрмесiн алып қалды. Олар мәскеулiк Фомичев деген адвокатты жалдады.

Наурыз айының басында Әбдiманаптан хат келдi. Бұл отбасының көптен берi күткен қуанышы едi. Күптi көңiлдерi бiр сергiп қалды. Ол үй-iшiнiң, ағайынның есен-саулығын сұрай келiп, түрменiң емдеу орталығында бiраз күн жатып, денсаулығын жақсартып алғанын жазыпты. Соңынан көзiлдiрiк салып жiберуiн өтiнген.

Гүлбаһрам ұл-қыздарына:

– Жақсыдан шарапат деген. Бұл Федоровтың iсi болар, – дедi торғын өңiне қан жүгiрiп.

1988 жылдың қазан айында Әбдiманап Көмекбаевпен екiншi рет кездесу болды. Бұл жолы Мәскеуге Сара мен Балқия барған. В.Калиниченко мардымсып Балқияға ғана рұқсат еттi. Сара түрменiң сыртында қалды. Күздiң суық жаңбыры шелектеп төгiп тұр.

Түрменiң жол бастаған екi қызметкерi бiрi Балқияның алдынан, екiншiсi артынан жүрдi. Бiрнеше темiрмен торланған тосқауылдардан өтiп, ұзын дәлiзге шықты. Қос қапталдағы қабырғада тiзiлген темiр есiктер. Ол қиғаштап ашық тұрған келесi бiр есiк тұсынан өтiп бара жатып, бөлме iшiнде қырын қарап отырған жанды көзi шалып қалды. Ұзын шашын артына шалқалата қайырған, қоңырқай жүзi солғын тартқан, көзiлдiрiктi кiсi көзiне оттай басылды. Стол үстiндегi қағазға әлдененi жазып жатыр. «Асанбай, аға!» – Оқыстан дауысы шығып кете жаздап, тiлiн тiстеп қалды. Алды-артындағылар сәл кiдiруге де мұрша бермедi. Қас-қағым сәтте Асқаровтың бейнесi көз алдынан өте шықты. Оны ең түпкi бөлмеге кiргiздi. «Папам әне келедi, мiне келедi» деп Балқияның есiкке қарай-қарай көзi талды. Ол кешiгiп, уақыт ұзаған сайын көңiлi алабұртып, күдiгi ұлғая бердi. «Папам тiрi болса жарар едi». Өз ойынан өзi шошыды.

Әбдiманап Көмекбаев таңертеңгi тергеуден соң зiл тартқан денесiн төсектен көтере алмады. Көздерiнiң iсiнген аңғалағын әзер ашты. Сәл қозғалса тұла бойы зар қақсайды. Тергеушi Сидоренконың тепкiсi тимеген денесiнде сау жерi жоқ. Екi надзиратель екi жағынан демеп, емдеу орталығына алып барды. Дәрiгерлер инемен денесiне бiрнеше рет дәрi жiберген соң, тұла бойының қақсап ауырғаны басылып, өздiгiнен жүруге жарады. Дәрiгерлер Сидоренкоға телефон шалды. Ол жетiп келiп: «Көмекбаев, қазiр қызыңмен кездесесiң. Егер мына айыптауға қол қоймасаң, қызыңның обалына сен қаласың. Оны осында кiрген есiгiнен қайтып керi шығармаймыз», – деп өздерi толтырған қағазды алдына қойды. Көмекбаев оған жиiркене қарады. Сидоренко: «Анау өзбек әйелi Рано Абдуллаеваны бiлесiң ғой. Сол тергеу кезiнде ботадай боздағанда, арашаға түсемiн деп, таяқ жегенiң де есiңде шығар. Қызың соның кебiн киiп жүрмесiн. Ойлан» – дедi зiлдене сөйлеп. Көмекбаев: «Азамат тергеушi, буынсыз жерден пышақ ұрып тұрсыз», – дедi. Сидоренко: «Бiз сенi мойындату үшiн әрбiр сәттi пайдаланамыз. Iс насырға шаппай тұрғанда қолыңды қой», – дедi ежiрейiп. Көмекбаевтың көнбеске амалы қалмады.

Әкесi iшке енгенде Балқияның жүрегi зiрк еттi. «Құдайым-ау, мына кiсi менiң папам ба, басқа ма?» Өңi адам танығысыз. Аузы-басы домбығып iскен. Азып-тозғаны соншалық, кескiнiнде бұрынғы кiсiлiк келбетiнiң жұрнағы да қалмапты. Ойдан жүйрiк не бар. «Әкесiнiң бала кездерiнде қаладан аулақтағы көкке шығарып, көбелек куалатып серуендететiнi, кешкiсiн ақын-жыраулардың өлеңдерiн жатқа айтып беретiнi, туған күндерiнде мамасы екеуi қосылып, халық әндерiн шырқап көңiлдерiн көтеретiнi, кейде домбырасын шертiп, оңаша ой кешiп отыратыны» көз алдынан лезде көлбеңдеп өте шықты. «Қайран әкем, қор болыпсың-ау!» – Өзегi өртенiп, қос жанарынан ағыл-тегiл жас ақты. Жан дүниесiнiң тереңiнен көтерiлiп, алқымына келiп тiрелген сағыныш пен аяныш есiн жиғызып, сөйлетер емес. Өксiгiн баса алсайшы.

«Опасыз мынау дүние,

Тұтқа болған кiмдерге.

Өмiрдiң соңы өкiнiш,

Санамен ойлап бiлгенге.

Қадiрi болмас адамның,

Ортаңда тiрi жүргенде».

Әкенiң де жүзiн жас жуған. Сағынышқа толы жанарын бiр сәт те қызынан аудармайды. Қанша қараса да көзi тоймайтын секiлдi.

Тергеушi Балқияға:

– Ескертемiн, орыс тiлiнде сөйлесесiздер, – дедi де. – Мiне, әкең алдыңда отыр. Денсаулығы жоқ. Әкеңе сендерден көмек керек. «Папам Қонаев пен Асқаровқа осыншама көлемде пара бердi» – деп жазсаң, мына қапастан шығуына жол ашылады.

Балқияға бұл таныс әуен. Сондықтан естiмеген жандай үн-түнсiз отыра бердi. Әкесi iшкi көңiл толқынын басып:

– Қызым, аман-есенсiңдер ме? Мамаң, қалай?

– Бiздiң бәрiмiз де аманбыз. Өзiңiз ше? Неге бет жүзiңiз iсiңкi, папа?

– Аздап науқастанып жүрмiн, қызым.

Тергеушi құлағын салып тұрған соң ба, өзi туралы ашылып ештеңе айтпады. Ауыл-аймақтың, ағайынның амандығын сұраумен шектелдi. Уақыттың ұшқырлығын осындай қимас сәттерде бiлесiң. Кездесуге берiлген он минут солай өте шықты. Тергеушi түрме қызметкерiн шақырды.

– Айыпкер Көмекбаевты алып кет.

Әкесi есiктен шығып бара жатып, жалт қарады.

– Қызым, жалдаған адвокаттарыңа мен сенбеймiн. Ол тергеушiлерге жұмыс iстеп жатыр. – Әбдiманап қазақ тiлiнде дауыстады.

– Доғар сөздi! – Тергеушi арс еттi.

Балқия ендi байқады. Әкесi отырған орындықта алақандай қағаз қалыпты. Тергеушiнiң көзiн ала бере iлiп алып, қалтасына салды. Бағанағы түрме қызметкерлерi келiп, жол бастады. «Папамды көрсеткенiңе мың да бiр шүкiр!» – Iшiнен Аллаһқа ризашылығын бiлдiрдi. Ұзын дәлiздi бойлап бара жатып: «Асанбай ағаны тағы бiр рет көрiп қалайыншы» деп ойлады. Өкiнiшке орай ол отырған бағанағы бөлменiң есiгi жабық екен.

Ол есiктен шыққанда Сара жүрегiн ұстап «Уһ» деп бiр-ақ демiн алды.

– Сен кешiккен сайын: «Балқияны түрмеден шығармай қамап қойса қайтемiн. Қара басып, тағы бiреуiнен айырылғанымыз ба?» – деп дегбiрiм қашып, берекем кеттi. Сараның үстiнен су, аяғынан сыз өтiптi. Жаңбыр толас табар емес. Сараның реңi қашып, бар денесiнiң селкiлдеп тұрғанын байқады. «Суықтап қалыпты-ау. Ауырып қалмаса жарар едi». Жеңiл көлiк жалдап, Домодедово аэропортына жеткенде Сараның қалi мүлдем мүшкiл тартты. Қырсыққанда Шымкентке ұшатын ұшаққа билет те жоқ екен. Сара отырған залға қарай жүгiрдi. Ұзын орындықтың үстiнде ес-түссiз жатыр. Балқия қонақ үйге қалай алып барарын бiлмей әуре-сарсаңға түстi. Бiр биязы өңдi қазақ жiгiтi келiп жанашырлық танытпағанда, жалғыз өзi не iстер едi десеңiзшi. Сараны қонақ үйге жеткiзiп, дәрi-дәрмек iшiп жан шақырғанша қасында болды. Ол халықаралық «Алтын алма» фестивалiне шетелдiк өнерпаздарды бастап келген екен. Шымкент ұшағына билет жоғын есiтiп: «Мен сiздерге Алматыға дейiн бронмен екi билет алып берейiн. Ары қарай Шымкентке жету аса қиындық туғызбас» – деп тағы қол ұшын бердi.

Үйге жетiп ес жиған соң Балқияның есiне алақандай қағаз түстi. Қалтасынан алып, бүктеуiн жазды. Папасының жазу таңбасын бiрден таныды. «Жерге ұқсаған – сабырлы, Күнге ұқсаған – жарық, Суға ұқсаған – тұнық». Сәл төмендеу. «Қиындық көрсеңдер де қиянат көрмеңдер, қарақтарым» деп жазыпты. Балқия бұл ұлағатты сөздердiң анасы мен өздерiне арналғанын iштей сезiп, ет жүрегi елжiредi.

Серіктес жаңалықтары