Берiк БЕЙСЕКЕНОВ: АДАЛ АДАМ ҒАНА ОТАНШЫЛ БОЛАДЫ

Берiк БЕЙСЕКЕНОВ: АДАЛ АДАМ ҒАНА ОТАНШЫЛ БОЛАДЫ

Берiк БЕЙСЕКЕНОВ: АДАЛ АДАМ ҒАНА ОТАНШЫЛ БОЛАДЫ
ашық дереккөзі
371

Әлемдiк бәсекелестiкке қабiлеттi 50 елдiң қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстанда кейiнгi жылдары кеден қызметiне мемлекеттiк тұрғыдан баса көңiл аударылуда. Сөйткенмен қоғам да, бұқаралық ақпарат құралдары да кеден қызметiнiң өзiне қойылған талаптарға сай еместiгiн жиi тiлге тиек етедi.

Елiмiздегi тарихы аса бай, әлеуетi, өткiзгiштiгi жағынан ең қуатты Қорғас кеденi патшалық Ресей тұсында, 1891 жылы құрылса, 1991 жылдан берi осынау саяси-экономикалық қақпада тәуелсiз Қазақстанның көк туы желбiредi.

Қорғас кеденi қалай қызмет көрсетедi? Кеден қызметi бүгiнгi күн талаптарына сай ма? Осы және осындай басқа да маңызды сұрақтарға жауап алу үшiн «Қорғас» кеденiнiң бастығы, кеден қызметiнiң полковнигi Берiк Сәрсенбекұлы Бейсекеновпен жолығып, сұхбаттасқан едiк.

– Полковник мырза, кеден саласының басшылығында ауыс-түйiс жиi болып тұратыны қарапайым көзге де тез аңғарылады. Тұрақты әдетке айналды. Биыл да басшылық ауысып, осыған дейiн Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнде жоғары қызметтер атқарған генерал-майор Қозыкөрпеш Кәрбозов мырза Кеден комитетiнiң төрағасы болып тағайындалды. Бұл Кеден комитетiне мемлекеттiк бақылауды одан әрi күшейту ме, әлде басқа себептер бар ма?

– Кеден қызметi мемлекет атқаратын, оңтайлы жүзеге асыруды күнбе-күн назарда ұстайтын басты функциялардың бiрi ғой. Кеден Қазақстанның экономикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн аса маңызды саяси-экономикалық құрылым. Сол арқылы мемлекеттiк қауiпсiздiктi де қамтамасыз етедi емес пе?!

Өкiнiшке қарай, «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, жалпы кеден қызметкерлерi жөнiнде қоғамда, ел арасында алыпқашпа қаңқу сөздер өте көп. Соның бәрi шындық деуге болмайды. Жасырары жоқ, кемшiлiктер болған шығар, iшiнара заңбұзушылықтар орын алған да болар, ал түптеп келгенде кеден саласында тәртiптiң болуына, заңдылықтардың бұлжытпай сақталуына бәрiмiз де, қоғам да, жеке адамдар да, мемлекет те аса мүдделi. Биылғы жылдың 6 айында Қорғас кеденiнiң iшкi қауiпсiздiк бөлiмшесiмен 3 қызметтiк тергеу жүргiзiп, олар бойынша жемқорлық фактiлер анықталмады. Бұл дегенiмiз қызметкерлер өз жұмысында адалдықты бiрiншi орынға қоятынын бiлдiредi. Генерал Кәрбозов осы салаға келгелi берi тәртiптiң қатаң сақтала бастағанын, жауапкершiлiк ұлғайғанын айта кету керек.

– Iскер, табанды, талап қойғыш кiсi деседi. Ал кеденшiлер қызметiнде оң өзгерiстер байқалды ма?

– Иә, соны айтқалы отырмын. Оң өзгерiстер орын алуда және бұл болашақта үзбей жалғаса беретiнiне күмәнданбаймын. Генерал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi, экономикалық контрабандаға тосқауыл қоюды шындап қолға алды. Бiз де өз қатарымызда адал, Қазақстан заңдарын құрметтейтiн адамдардың көп болғанын қалаймыз. Турасын айту керек, адал адамдар ғана шын мәнiнде отаншыл, мемлекетшiл бола алады. Екiншiден, кеден салықтарын көтеру қолға алынуда. Кеденнен түскен табыс тiкелей мемлекет қоржынына, бюджетке түсуiн қамтамасыз ету жолында түрлi тиiмдi iс-шаралар жүзеге асырылуда. Ол кiсi осының бәрiн ескере отырып, кедендiк барлау қызметiн құруға күш салуда.

Және бiр атап өтерлiк жайт, кедендiк құрылымдарды шекара аймағынан шығарып, рәсiмдеудi iшкерi орналастыру. Яғни, бұрынғыдай адамдар виза, рұқсат алып әуре болып жатпайды. Жүктер iшкерi аудандарда, мәселен, Алматының өзiнде рәсiмделiп, арнайы құжаттар толтырылады. Мұның өзi кәсiпкерлерге, жеке адамдарға, сыртқы саудамен айналысатын бизнес құрылымдарға үлкен көмегi тиер едi. Халықаралық сауда одан әрi дамуына қолдау болып, ел экономикасының өсуiне септiгiн тигiзерi сөзсiз.

– Берiк Сәрсенбекұлы, кеденшiлердiң қызметi өзге мамандық түрлерiне қарағанда былайғы жұртқа беймәлiмдеу, жұмбақ жұмыс. Тiптi, кадрлардың қалай iрiктелетiнi де белгiсiз. Яғни, бұл олардың жұмысында жариялылық жетiсе бермейтiнiн бiлдiрсе керек. Ал қоғам бұл салада ашықтық болғанын қалайды.

– Оныңыз рас, тiптi кеденшiлердiң жұмысын Қаржы министрлiгi қадағалайтынын, соның құрамында екенiмiздi бiреу бiлiп, бiреу бiлмейдi. Бәлкiм, бұл бiздiң өз жұмысымызды насихаттай бермейтiндiгiмiзден, осыған дейiн қоғамдық байланыстырға жете назар аудармағандығымыздан да шығар. Елiмiзде Қытаймен арада қазiргi уақта бес кеден: Бақты, Майқапшағай, Қалжат, Достық, Қорғас кедендерi бар. Жалпы мiндеттерi ортақ болғанымен, осылардың әрқайсысының өз ерекшелiктерi де жетерлiк. Кеден — мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгiнiң қақпасы. Қазақстанның мүддесi қорғалатын стратегиялық нүкте.

Аталмыш кедендердiң ең iрiсi– Қорғас. Алматыға дейiн 350 шақырым болса, ал мемлекеттiк шекараға дейiн небары 600 метр. Тура қарсымызда Қытайдың Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Порт Хоргос кеденi iрге тепкен. Мiне, осы жағдайдың өзi бiздiң жұмысымызға үлкен жауапкершiлiк жүктейдi, қызметкерлерге ерекше талаптар қояды. Тарихымыз да өте бай.

Патшалы Ресей тұсында, сонау 1891 жылы 25 қаңтарда ұйымдастырылған Қорғас кеден постында ең әуелi 16 адам жұмыс iстептi. Соның он бiрi – атты күзетшiлер екен.

Ал 1991 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Президентiнiң арнаулы №539 Жарлығымен Кеден комитетi құрылып, оған Қорғас және Гурьев кедендерi ендi.

Халықаралық Қорғас кеденiне 2004 жылы қыркүйекте Елбасының өзi арнайы ат басын тiрегенi елiмiздегi кеденшiлер қызметiне аса үлкен жауапкершiлiк жүктелiп отырғанын аңғартатын маңызды оқиға десем артық емес.

– «Кеден кеден болды, кедергi неден болды» демекшi, жалпы кеденшiлердiң қызметiне байланысты ел iшiнде түрлi әңгiмелер айтылатынын өзiңiз де бiледi екенсiз. Соның бәрi бекер емес шығар…

– Қараңызшы, тiптi, бес саусақтың өзi де бiрдей емес қой. Сондықтан қоғам қандай болса, кеденшiлер де сондай. Дегенмен, кеден қызметiне адамдар әбден iрiктелiп, олардың бiлiмi, дүниетанымы, денсаулығы, баршасы қатаң електен өткiзiлiп, тексерiледi. Бiрақ, жалпы жұртқа жаға беру де оңай емес. Мұнда қызмет iстеу сырт көзге ғана оп-оңай, ал шын мәнiнде бiздер орасан зор жұмыстар атқарамыз.

– Табысты ма?..

– Әрине, 2007 жылдың қаңтар-маусым айларында бiздiң кеденде мемлекеттiк бюджетке 3 млрд.155 млн. теңге сомасында кедендiк төлемдер мен салықтар өндiрiлiп алынды. Берiлген болжам-жоспар 2 млрд.988 млн. теңге болса, оның орындалуы 106 пайызды құрады. Мұның өзi, мемлекет қоржынына осыншама қыруар қаржының құйылуы өзi-өзiнен оңай атқарыла қалмағаны түсiнiктi шығар. Мәселен, 2006 жылдың бiрiншi жартысында 1 млрд.609 млн.теңге көлемiнде кедендiк төлемдер мен салықтар өндiрiлсе, биылғы жылы 3 млрд. 155 млн. теңге болып отыр. Яғни, өткен жылдың осы уақытынан 1 млрд. 545 млн.теңгеге (96%) ұлғайған.– Кеден басшысымен сұхбаттасқанда сыртқы сауда айналымын айтпай кетпеу мүмкiн емес. Яғни…

– Яғни, 2007 жылдың қаңтар-маусым айларында сыртқы сауда айналымы 306,3 млн.АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткiш 2006 жылдың осы мерзiмiнде 183 млн.АҚШ долларын құраған болатын. Көрiп отырғаныңыздай, есептi мерзiмде 66 пайызға артқан. Тағы бiр айта кететiн мәселе, елiмiзге импортталатын тауарлардың өзiне қарап азаматтардың әл-ауқаты, тұрмыстық жағдайы жақсарып келе жатқанын толық аңғаруға болады. Тiптi, Қазақстанда құрылыс салудың күн санап өсе түскенiнде.

Мәселен, импорт құрылымын (ИМ-40) талдасақ, оның басым бөлiгiн арнайы техника, автокөлiктер, құрылғылар (жүк, жолаушы тасымалдау көлiктерi, құрылыс техникалары, ауылшаруашылық техникалары және т.б.) – 73 пайызын құрап отыр. Ал өткен жылдың осы мерзiмiнде 51 пайыз құраған болатын.

Бiртектi тауарлар (томат пастасы, кондиционерлер, қаптар және т.б.) – 24 пайыз. Өткен жылы бiртектi тауарлар 27 пайыз болған едi. Ал халық тұтынатын тауарлар (киiмдер, аяқ киiмдер, ойыншықтар, т.б.) – 3 пайыз. Мұндай тауарлар өткен жылдың осындай мерзiмiнде импорттың 22 пайызын құраған болатын.

Жай қарағанда да мұның өзi екi жағдайды айқындайды. Бiрiншiден, отандық тауар өндiрушiлер нарықтық қарым-қатынасқа үйренiп, жаңа талаптарға сай халық тұтынатын тауарларды өндiрудi ұлғайтқаны.

Екiншiден, адамдар арзан тауарларға қызыға берудi азайтқаны. Ендi талғап, таңдап алып, өз денсаулықтарына баса назар аудара бастағанын байқатады. 2006 жылдың бiрiншi жартысында 10850,0 тонна тауар әкелiнсе, ал биылғы жылдың осы мерзiмiнде 14821,8 тонна көлемiнде тауар елiмiзге жеткiзiлген. Яки, әкелiнген тауарлар көлемi 137 пайызға артқан.

Мәселен мамыр-маусым айларында цемент импортының күрт өсуi елiмiздiң нарығында цемент тапшылығына тiкелей байланысты екенiн де аңғару қиын емес. 2007 жылдың бiрiншi жартысында Қазақстанға импортталған цемент көлемi 22 мың 518 тоннаны құрады, ал өткен жылдың осы уақытында небары 783 тонна цемент Қытайдан әкелiнген болатын.

– Иә, айырмашылық өте үлкен екен. Дегенмен, сiз бен бiз тауарды ғана әңгiмелеп, адамдарды ұмытып кеткен сияқтымыз…

– Мемлекеттiк шекарадан күнiне 2 мыңға жуық адам әрi өтiп, соншалықтысы керi өтедi, яғни миллионға жуық жеке тұлға Қорғас кеденшiлерiнiң қызметiн пайдаланады деген сөз. Мәселен, 2007 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанның мемлекеттiк шекарасынан 257435 жеке тұлға өттi. Ал 2006 жылдың осы мезгiлiнде 151182 адам өткен болатын. Бұл жерде мемлекеттiк шекарадан өткен жеке тұлғалардың саны 106253 адамға артқанын байқаймыз.

Мұның өзi Қытайдағы бiр күндiк жәрмеңкеге кiретiн адамдардың және кәсiпкерлiкпен айналысатын жеке тұлғалардың көбеюiне байланысты.

Тым ресми сөйлеп отырған шығармын, оның үстiне статистика оқырмандарыңызды жалықтырып жiберетiн шығар, бiрақ басқа амал жоқ. Қызмет солай, оның үстiне цифрлар прогрестiң локомотивi.

Биылғы жылы бақылаудың автоматтандырылған жүйесiн қолдану арқылы 10576 автокөлiк өттi, яғни тауарларды жеткiзудi бақылаудың автоматтандырылған жүйесi арқылы 1 күнде орта есеппен 101 автокөлiк өткiздi. Ал былтыр күнiне 78 көлiк қана өткiзген болатын.

Жаңа технологияларды тиiмдi пайдалану, қызмет түрлерiн көрсету уақытын жылдамдату, кедендiк жүк декларацияларын «Күнбе-күн», яғни бiр күнде рәсiмдеу есебiнен жүк айналымы ұлғайып отыр.

Жалпы құны 2 млн.200 мың доллар тұратын «TC-SCAN FMG» инспекциялық бақылау кешенiнiң қолданысқа берiлуi кеденшiлердiң жұмысын жеңiлдетiп, кәсiпкерлердiң уақытын үнемдеуге үлкен көмегiн тигiздi. Қазiр контейнерлiк сканерлеу жүйесi арқылы автокөлiктiң жүк қорабындағы жүктер рәсiмделген құжаттарға сай, контрабандалық заттар жоқ екендiгiн 5-6 минутта ғана анықтаймыз. Бұрынғыдай жүктердi түсiрiп, қайта тиеп әуре болып жатпайды. Өзiңiз бiлесiз, кәсiпкер үшiн, ағылшындар айтатындай: «Время – деньги». Ал радиоактивтi материалдарды анықтайтын «Янтарь — 1А», «Янтарь – 1П» стационарлы жүйелерi бiздiң мақтанышымыз.

Биылғы жылдың ақпанында инспекторлық бақылау кешенiнде жұмыс жасап отырған қызметкерлерге дербес дозиметрлер де алынды.

Осының бәрi кеденшiлердiң елiмiзге радиоактивтi материалдарды, адамдардың денсаулығына зиянды тауарларды енгiзбеуiне көмектеседi. Шынын айтайын, Қорғас кеденiнен радиоактивтi материалдардың өтуi еш мүмкiн емес. Оған берiк тосқауыл қойылған.

– Жүздеген мың адамдар кеденнен әрi-берi өтiп жүр екен. Ал адамдар сапырылысқан жерде заң бұзушылық, контрабанда болмай тұрмайды.

–Оныңыз рас. Тiптi, азаматтардың тарапынан заңбұзушылықтар ұлғая түскенi алаңдатады. Ең бастысы, олар әлгiндей әрекетке бiле тұрып, саналы түрде баратыны қынжылтады. Мәселен, мыңдаған адам белгiленген ережелер мен заңдардың аясында өз жұмыстарын жүргiзiп, саудамен айналысып жүр ғой. Табысты жұмыс жүргiзуде. Былай қарасаң солай ету, заңдарды бұлжытпай сақтау өздерiне де тиiмдi, бiрақ күтпеген жерден табан астында заңсыз байып кеткiсi келетiн әлдекiмдер де табыла кетедi. Атамыз қазақ: «Бiр қарын майды бiр құмалақ шiрiтедi», – деп осындайда айтатын «пысықайлар».

Егер 2006 жылы жыл бойына 12 қылмыстық iс қозғалса, биылғы жылдың бiрiншi жартысында 15 қылмыстық iс қозғалды. Әрине, бұл бiздiң кеден қызметкерлерiнiң қырағылығы арта түскенiн, өз iстерiне жауапкершiлiкпен қарай бастағандығын да аңғартады. Бiрақ әлгiндей қылмыскерлер елiмiздiң экономикасына орасан зор нұқсан келтiрiп, «өздерi су iшкен құдыққа түкiрiп отыр» ғой. Жәй ғана «қылмыстық iс» деп айтыла салғанмен, мұндай әрбiр оқиғаның тасасында жүздеген, тiптi, миллиондаған теңге ақша жатыр.

Биылғы жылдың 30 наурызында В 388 WNM жолаушылар көлiгi ұсталып, жасырын тиелген 3 тонна 800 кг. ет әшкерелендi. Бұл оқиға бойынша М.А.Қадыровтың үстiнен қылмыстық iс қозғалып, ол заңды жазаға тартылды. Тауар жойылды, таратып айтсам, әлгi ет түгелдей өртелдi.

2007 жылдың 18 мамырында Ұлттық қауiпсiздiк комитетi департаментi Панфилов аудандық бөлiмi қызметкерлерiмен бiрлесе отырып кедендiк тексеру барысында мемлекеттiк нөмiрi В 218 BWN «Лаз» маркалы жолаушы тасымалдайтын автокөлiгiн тексергенде 136 қорапқа салынған, жалпы салмағы 4 тонна қой етi әшкерелендi. Бұл заңсыз тауарлардың да көзi жойылып, азамат Б.Алаевтың үстiнен қылмыстық iс қозғалды.

Кедендiк декларацияларды жауапсыз немесе қасақана дұрыс толтырмау да елiмiздiң экономикасына елеулi нұқсан келтiретiнiн айта кеткен абзал.

Мәселен, биылғы жылдың 5 сәуiрiнде «Достық брокер» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң кедендiк рәсiмдеу маманы М.Давлетходжаеваның үстiнен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi 214 бабының 1 бөлiмi бойынша жалған декларациялау фактiсi бойынша қылмыстық iс қозғалды. Сот шешiмiмен М.Давлетходжаеваға 85 мың теңге көлемiнде айыппұл салынып, 2 млн.187 мың теңге сомасында шығын орнына келтiрiлдi.

Тiзбелей берсе мұндай фактiлер көп-ақ. Есiрткi заттарын алып өтуге тырысушылар да жиi қолға түсiп, бармақтарын шайнап жатады. Кеденiмiздiң «Барди» атты қырағы қызметтiк итi бар. Ол есiрткi алып өтуге тырысқандарды тыпыр еткiзбей тап басып, әлгiндейлердiң талайы заңды жауапқа тартылды.

– Байқауымша, кеденде негiзiнен жастар қызмет атқаратын сияқты. Олардың тұрмыстық-әлеуметтiк жағдайына назар аударатын шығарсыздар. «Жас келсе – iске» дегенмен, адамның тұрмысы да көп мәнге ие емес пе?

– Жастар – елiмiздiң болашағы ғой. Үстiрт қарағанға, айтыла-айтыла жауыр болған сөз сияқты шығар, бiрақ шын мәнiнде ол осылай. Тiптi, уақыт өте келе осы кеденнiң болашақ бар жұмыстары да солардың мойнына жүктелмекшi. Бұл – өмiр заңы! Қазiр бiздiң кеденде 90 адам жұмыс iстейдi, солардың бәрi дерлiк жоғары бiлiмдi. 45 қызметкер заңгер, 23 қызметкер экономист, 8 қызметкер кеден iсi мамандары. Орта жастары 32-34 жас. Кеден құрылымына 9 бөлiм, 10 бөлiмше кiредi. Бiлiктi, дүниетанымы кең, iшкi мәдениетi жоғары, отаншыл патриоттардың осындай жауапты қызметте болуы елiмiздiң де абыройын асқақтата түспей ме?!

Өзiм осында алғаш қызметке тағайындалғанда байқағаным, мұндағылар сандаған үздiксiз тексерiстерден әбден зәрезап болып, ұнжырғылары түсiп кеткен екен. Енжар, салғырт. Қолымнан келгенше рухтарын көтеруге күш салдым. Әрбiр азамат өз iсiне мақтануға әрi үлкен жауапкершiлiктi сезiнуге тиiс. Онсыз ешқандай шаруа алға баспайды. Егер Орталық Азияның көптеген мемлекеттерi осы Қорғаста транзиттiк жүк айналымын жүргiзетiнiн ескерсек, кеден қызметiнде жауапсыз, салғырт адамдарды ұстауға қақымыз жоқ. Кеденшiлер ең әуелi отаншыл, мемлекетшiл болуға тиiс.

Сондықтан да бiз бюджетке былтырғы жарты жылдықтан 1,5 млрд.теңге артық құйдық. Кеден қызметiнiң тиiмдi ұйымдастырылуына қол жеткiзiлiп, жүктер мен техниканың тұрып қалуына жол бермедiк.

Бiр өкiнiштiсi, кеден қызметкерлерiнiң төрт құбыласы сай дей алмаймын. Қазiр жастарымыздың көбi 40 шақырымдай жердегi Жаркент қаласында, осы Қорғас ауылында пәтер жалдап немесе осындағы жатақханада тұрады. Ауызсу сапасын жақсарту да оңай мiндет емес. Құдай қаласа, алдағы жылы үш қабатты 18 пәтерлiк екi үйдiң құрылысын бастағалы отырмыз. Қажеттi құжаттары толықтай дайындалды, жоғары жақтағылар да бұл қадамымызды құптап отыр. Таяу жылдары 36 отбасы жаңа пәтердiң кiлтiн алып, қуанышқа кенелмекшi.

– Осында алғаш келгенiмде кеденшiлерiңiз футбол матчын қызу талқылау үстiнде екен…

– Ә-ә, кеше осындағы шекарашылармен кездесу өткiзiп, жiгiттерiмiз 3:2 есебiмен басым түскен. Олармен жиi кездесiп тұрамыз. Матчтың қызықтарын талқылап жүргендерi шығар. Жеңiс – желiк бередi ғой. Ал футбол командамыз ауданаралық жарыстарда, кеденшiлер арасындағы кездесулерде жоғары деңгейде өнер көрсететiнiн мақтанышпен айтуға болады. Волейболшыларымыз да. Көркемөнерпаздарымыз өткен жылы Семей қаласында үздiк өнер көрсетiп, бас жүлденi жеңiп әкелдi.

Футбол демекшi, алаңымыз 90 метрлiк кәдуiлгi үлкен алаң. Жаттығу кешенiн де күрделi жөндеуден өткiзiп, осы заман талаптарына сай спорт құрал-жабдықтарын орнаттық.

Байқап отырсаңыз, осында қызмет етiп жатқан бiр қауым ел мүлдем айдалада, Барсакелместе өмiр сүрiп жатқан жоқ. Өз қызықтары, арман-мақсаттары, ұмтылған биiктерi бар. Уақыт талабынан сырт қалғымыз келмейдi.

– «Уақыт талабы» демекшi, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметкерлерiнiң Ар-намыс кодексiнiң 6-бабында «…өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал, әдiл де сапалы атқаруға, ол үшiн өзiнiң жұмыс уақытын тиiмдi пайдалануға тиiс», – деген түсiнiксiздеу талап бар. Мемлекеттiк қызметкер жұмыс уақытын тиiмдi пайдалануы бiр бөлек те, адалдығы мүлдем басқа нәрсе емес пе!? Осы «адал, әдiл де сапалы атқаруды» қалай түсiнесiз?

– Адам бойындағы адалдық сезiмi ешқашан қалғымауға тиiс. Туған халқына, өз мемлекетiңе титiмдей пайда тигiзе алсаң, сол үшiн өмiр сүрсең адалдық та, әдiлдiк те сол. Бiр ғажабы, қазiр отаншыл, мемлекетшiл болу анахронизм сияқты, дегенмен өмiрде шыншыл, намысқой адамдардың көп екенiне еш күмәнданбаймын. Өйтпесе, бүгiнгi бiздiң тiрлiгiмiз, өмiр сүруiмiз түкке қажетсiз.

Мемлекеттiк қызметкер ретiнде де, қазақ азаматы ретiнде де қазақ тiлiнiң шын мәнiнде мемлекеттiк мәртебеге түбегейлi ие болуын жан-тәнiмен қалайтын адаммын мен. Тiптi, Қазақстанның әрбiр саналы азаматы сол үшiн күресуге, жұмыс iстеуге тиiс. Өз еркiмен. Биылғы жылдың 16 мамырынан бастап Қорғас кеденiнiң барлық бөлiмдерi мен бөлiмшелерiнде iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзу туралы бұйрық бердiм.

Басқа тұстарын айтпай-ақ қояйын, мына екi тұсқа назар аударыңыз. Бiрiншiден, «хат-хабар алмасу құжаттың, сұрау салудың қай тiлде келгендiгiне қарамастан мемлекеттiк тiлде жауап берiлсiн».

Екiншiден, «кеден қызметкерлерiнiң мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен азаматтардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуына жол берiлмесiн».

Кеденге қазақ тiлi маманын жұмысқа алып, ол аптасына үш күн 2 сағаттан жеке құраммен жұмыс iстеуде. Бастауыш, жалғастырушы топтар бар. Қызметкерлердiң сабаққа қатысуын, нәтижелерiн апта сайын тiкелей бақылап отырамын.

Ал әрбiр адам өзiнiң қызметiнде жеке мүддесiн емес, Қазақстан мүддесiн бiрiншi орынға қояр болса жұмысын адал да, сапалы атқарғаны емес пе?!

Бiр айта кетер жайт, кеденшiлер кәсiпкерлерге, адамдарға кедергi емес, көмекшi екенiн ұмытпаған жөн.

Әңгiмелескен Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары