Сайлау күнделiгi:
Сайлау күнделiгi:
Осы аптаның басында Мәслихат сайлауына үмiткерлердi тiркеу аяқталды. 24 шiлдедегi ақпарат бойынша, мәслихат депутаттығына ұсынылған 9128 адамның 8744-i тiркелiптi.
Соның 1609-ы Астана мен Алматы қалалық мәслихат депутаттығынан үмiткер болса, қалалық мәслихаттардың депутаттығына 1791 үмiткер тiркелген. Яғни, бiр депутаттық орынға республика бойынша бәсекелестiк 2,6 үмiткерден келiп тұр.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2007 жылғы 18 және 20 тамызда Парламент Мәжiлiсi және мәслихаттарға сайлау тағайындалуына орай прокуратура органдары Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы конституциялық заңының 48-50 баптарының талаптарына сәйкес сайлау процесiне қатысушылардың барлығының заңнамаларды бiрыңғай әрi бiркелкi қолдануына жоғары қадағалауды жүзеге асыратынын мәлiмдейдi.
Сайлау процесiнiң заңдылығын мониторингтеу барысында прокуратура органдары сайлау заңнамасының бұзылуы бойынша жекелеген фактiлердi анықтап отыр.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағына сәйкес сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау салу нәтижелерiн жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сауалнама жүргiзген ұйымды, сауалнама жүргiзуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген адамдарды, сауалнама жүргiзiлген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сауалнаманың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сауалнама нәтижесiнiң қателiк коэфициенттерiн көрсетуге мiндеттi.
Осыған ұқсас талаптар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 25.06.0.2007 жылғы №90/178 қаулысымен бекiтiлген. «Сайлау алдындағы үгiттi бұқаралық ақпарат құралдары арқылы iске асырудың және партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттарын сайлауды және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету ережесiнiң» 33-тармағында қарастырылған.
Кейбiр басылымдарда дәл осы бапты бұзушылық байқалады.
18 тамызда өтетiн кезектен тыс Мәжiлiс сайлауын бақылауға ТМД-дан, Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық (ЕҚЫҰ) ұйымынан келген бақылаушыларды Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) аккредитациядан өткiздi. ТМД-лық бақылаушыларды әдеттегiдей В. Рушайло басқарып келдi. Барлығы 400 адам. Олар 17 шiлде жұмыстарын бастап та кеттi. Дәл осы Рушайло бастаған топ 2005 жылғы Президент сайлауын бақылап, ЕҚЫҰ өкiлдерiнiң кейбiр кемшiлiктер туралы пiкiрiн жоққа шығарып, сайлауға жақсы деген баға берген болатын. ТМД-лық 40 бақылаушы ұзақ мерзiмдiк бақылау жүргiзедi.
ЕҚЫҰ миссиясын Словения өкiлi Любомир Копай бастап келген екен. ОСК төрағасы Қ. Тұрғанқұловпен кездесу барысында Л. Копай мырза сайлауды ешкiмге жалтақтамай әдiл бағалайтындығын және ЕҚЫҰ сайлау нормаларына сүйенетiндiгiн айтқан. Шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан барлығы 272 бақылаушы тiркелген.
Сондай-ақ, Қазақстандағы Тәуелсiз бақылаушылар жүйесi 2000 адам бақылаушы ретiнде тiркелгендiгiн мәлiм еткен. Аталған ұйымның президентi Тасқын Рақымбекқызының айтуы бойынша, олар сайлауды бақылауға 9-шiлдеден бастап-ақ кiрiсiп кетiптi.
Демек, Мәжiлiстiң бұл жолғы кезектен тыс сайлау барысын 3000-дай адам бақылайтын болады.
19 шiлдеде ОСК төрағасы Қ. Тұрғанқұлов ақпараттық дауларды қарайтын Қоғамдық кеңес құруға бұйрық бердi.
Бұл Кеңестiң мақсаты сайлауалды үгiт-насихат кезiнде туындаған қандай бiр дау-дамайды ұжымдық түрде қарау. Сондай-ақ ОСК жанындағы кеңестiк-үйлестiру органы болмақ. Аталған кеңес Қазақстан Республикасының Конституциясын, БАҚ туралы заңын және басқа да конституциялық заңдар мен нормаларды басшылыққа алатын болады. Қоғамдық кеңес сайлауға қатысушы тараптардың барлығы БАҚ-та теңдей дәрежеде үгiт-насихат жүргiзе алуына мүмкiндiк жасайды және сайлауалды кампаниясы кезiнде БАҚ-та обьективтi ақпараттың болуын қадағалайды. Сондай-ақ, БАҚ қызметкерлерiнiң заңдық құқығы мен мүддесiн қорғауға ат салысады. Сайлау барысында туындаған дау-дамайды шешу үшiн Қоғамдық кеңес ОСК-ға өз ұсынысын бiлдiре алады. Мамандар мен сарапшылардың пiкiрiне жүгiнiп, БАҚ-қа ақпараттық және ұйымдастыру әдiс-тәсiлдерiн үйретуге қол ұшын созады.
Қоғамдық кеңес құрамына әртүрлi деңгейдегi қоғамдық ұйым өкiлдерi, әкiм-қаралар, БАҚ басшылары және ОСК мүшелерi енiп отыр.
Ақпараттық дауларды қарайтын Қоғамдық кеңес құрылмай жатып-ақ, сайлаудың алғашқы дау-дамайы басталып кеттi. Бұл «Ақ жол» партиясы мен бұрынғы «Алматы инфо» газетiнiң бас редакторы Р. Есiргепов тарапынан туындап отыр. Р. Есiргепов дәл сайлау қарсаңында, осыдан екi жыл бұрын өткен Президент сайлауынан қалған ескi даудың қоламтасын қоздырды. Р. Есiргепов «Ақ жол» партиясының басшысы Әлихан Бәйменовтiң үстiнен, арыз жазып, сотқа шағымданып отыр. Дауға негiз болған мәселе мынау – «Жұлдыз» ЖШС-нiң бас директоры, «Алматы Инфо» газетiнiң бас редакторы Р. Есiргеповтiң айтуы бойынша, Р. Есiргепов пен «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтер арасында 2005 жылдың наурыз айында аталған басылымды сату-алу туралы ауызша келiсiм болады. Сайлау қарсаңында «Ақ жол» партиясын және оның лидерiн қолдау мақсатында газеттiң 6-шы санынан 33-шi санына дейiн 15562 шаршы сантиметрге материал жарияланған. Алайда, партия басшысы осы материалдарға төленуге тиiстi қаржы төленген жоқ дегендi айтады. Шағымданушының айтуынша «Ақ жол» партиясы аталған басылымға 24 миллион теңге қарыз көрiнедi.
Өз кезегiнде «Ақ жол» партиясы да баспасөз-мәслихатын өткiзiп, Р. Есiргеповтiң бұл мәлiмдемесiн жоққа шығаруда. «Ақ жол» партиясының сайлау штабының басшысы Б. Нұрмұхамедов баспасөз-мәслихатына келгендерге Р. Есiргеповтiң қолы қойылған бiр жапырақ қағаз таратты. Онда: «Мен, «Алматы Инфо» газетiнiң бас редакторы Есiргепов Рамазан Тоқтарұлы «Ақ жол» партиясына, Ә. Бәйменов мырзаға, А. Жуланова ханымға және Махмудов мырзаларға ешқандай, сондай-ақ, қаржы тұрғысынан наразылығым жоқ. Өз қолыммен растап қол қоямын. 2006 жылдың, 1 ақпаны» делiнген. Баспасөз мәслихатына арнайы келген Есiргепов мырза бұл қолхатты жоққа шығара алмай отыр. Алайда, оның адвокатының айтуынша, «бұл жеке адамның наразылығы, ал бiз «Ақ жол» партиясына «Жұлдыз» ЖШС-iнiң шағымын ұсынып отырмыз. Жеке адам мен заңды тұлғаның арасындағы айырмашылық жер мен көктей шығар дейдi. Бұл уәжге жауап берген Б. Нұрмұхамедов «Алматы инфо» газетiнiң бас редакторы, «Жұлдыз» ЖШС-iнiң бас директоры және бiзге қолхат берген адам бiреу, ол – Есiргепов. Сондықтан, бұл оған тiкелей қатысты» дейдi. «Ақ жол» партиясы сайлау кезiнде лас технологияны пайдалануға ұмтылған Р. Есiргепов мырзаның үстiнен сотқа шағымданатынын мәлiмдедi. Ендеше Қоғамдық кеңес қарайтын жұмыс басталып та кеттi. Әзiрге басқа партиялар тарапынан мұндай түсiнiспеушiлiктер туындаған жоқ.
Дайындаған Е. КӘПҚЫЗЫ