ҚАЗАҚ НИГИЛИЗМI
ҚАЗАҚ НИГИЛИЗМI
Қазақ нигилизмi тарихы тым-тым ежелде жатқан сияқты. Қазақ мемлекетi еңкейген кезде зар заман поэзиясы жоғары рухтағы нигилистiк сарындағы шығармаларда атамекенге жан-жақтан төнген қауiптердi тiзбектеп, қазақтың отаншылдарын бiрiгуге шақырды. Қазақ мемлекетi әбден құлдыраған кезде мүлде басқа жағдай болғанға ұқсайды. 19 ғасырдың екiншi жартысында қазақта отаршылдық толық жеңедi де, қазақтың рухы сынады. Сол тұста «орыс әдiл емес пе, бейбiт өмiр орнатты.
Қоқаннан Оңтүстiктi құтқарды, Жоңғар мен Қытайдан сақтады, ендi шаруашылықпен айналыс деп жатыр. Бiзге бұдан өзге не керек?» дегендер көп болғанға ұқсайды. Ұлттық мемлекеттiң туы жығылған заманда ұлттық бойкүйездiк жол алатыны белгiлi. Иә, көтерiлiс ылаңдары ендi қазаққа тек қана қырғын әкелетiнi айқын болды. Ұлыстық пен ұлттықты сақтаудың бар амалы тек бағыну деп табылды. Осыған орай, ұлттық нигилизм де кең тарады. Бiрақ бұл нигилизм – жеңiлгендердiң шарасыздығына ұқсады. Қазақтың бетке ұстар игi жақсылары қазаққа қолайлы жаңа әрекет амалдарын ойластырды. Сөз жоқ, бәрiнiң де ниетi адал едi. Оларды бiз Абай, Шоқан мен Ыбырайлардың нигилизмiнен байқаймыз. Бiрақ бұл жанашыр нигилизм, ойлы және жемiстi нигилизм. Кейiнгi орыстардың осы тұлғаларды жамырай мақтауы оларды толық түсiнiп оқығанынан емес, сол отаршылдыққа көнбiстiктi насихаттау болғаны шығар деймiн. Мұның бәрiнен ұлттық пессимизм туындайды. Келе-келе ұлттық пессимизм отаршылар тарапынан ынталандырылып, ел iшiнде дiни, тiлдiк, ұлттық сатқындық бой ала бастады. Бiрақ, Ресейдегi православие дiн езгiсiнен қашқан татар мен башқұрттар, Орта Азиядан қашқан мұсылман молдалары қазақ дiндарларымен бiрге дiни қарсыласу қозғалысын бастады. Отаршылдықпен күресушiлердiң бiр бөлiгi қалың бұқараны ауық-ауық көтерiлiске шақырса, екiншi бөлiгi ұлттық ассимиляцияға бейiмдей бастады. Қазақ нигилизмi ақырындап, өзiнiң сыншылдық, творчестволық қасиеттерiнен айрыла бастады.
Кеңес дәуiрiнде қазақтың ұлттық нигилистерi мемлекет деңгейiнде дайындалды. Эстон, грузин қайраткерлерiнiң ойына келмейтiн ұлттық азғындау қазекеңнiң шолақ белсендiлерiнiң қолынан келе бердi. Себебiн айту оңай емес, бiрақ қазақ ұлттық номенклатурасы ең ұлтсызданған тобырға айналды. Ұзақ жылдар бойы олардың көбiсi ұлттық мүддеге келгенде орыстың сөзiн сөйледi.Жағдай әлi де солай. Олардың манифесi бәрiмiзге белгiлi, сөйтсе де кейбiр тезистерiн тағы да ортаға салайық.
«Қазақ тек көшпелi ел болды. Сондықтан өркениеттен тыс қалды. Сауатсыз мешеу халыққа қамқор аға халық заңды патрондық әрекет жасайды». Ал әдiлiне келсек, мыңдаған қалалар мен елдi мекендер Қазақ елiнiң ерте замандардан отырықшы, қолөнершi, саудагер, ғылымшыл һәм дiншiл екенiн көрсетiп отыр.
«Қазақ мемлекетi тарихта болмаған. Болса да ол тағы, әлсiз, тек сөз жүзiндегi мемлекет болды. Сондықтан Қазақ хандығының мерей тойы аталмады. Қазақтың ұлттық мемлекетi бұрын-соңды болмаған, шекарасы белгiленбеген». Қазақ ханының белгiлiсi Абылай ғана болып шығады. Алты Алаш тарихы айтылмайды. Алты Алаш өлкелiк держава, бүгiнгi Қазақстанға нақты үлгi едi. Қазақстан тарихы студенттердiң мемлекеттiк емтиханынан алынып тасталды.
«Қазақ тiлi тым жұтаң, дамымаған, сондықтан бұл тiл мемлекеттiк тiл қызметiн атқара алмайды». Бiр қызығы, сондай тұжырым жасаушылар қазақ тiлiн бiлмейдi және бұл тiлдiң сол функцияларды нақты орындап келе жатқанын бiлмейдi екен. Әр жылы тамыз, қыркүйек айларында орыс баспасөзi мен теледидары қазақ мектебiн, оқулықтарын, оқушыларын, ұстаздарын жамандау пиар акциясын жүргiзедi. Мақсат – қазақ мектебiне қазақ баласын барғызбау.
«Орыссыз Қазақстан мемлекетi қараң қалады. Егiнi егiлмей, зауыты iстемей, машиналар жүрмей, толық дағдарысқа ұшырайды. Сол сияқты Қазақстан Ресейсiз күнiн көре алмайды. Сондықтан, Ресей сияқты экономикасы қуатты мемлекет Қазақстанның тағдырын өз қолында тырп еткiзбей ұстауға тиiс». 1991-2007 жылдары Қазақстаннан 3,2 млн. адам көшiп кеттi, есесiне 600 мыңдай қазақ көшiп келдi. Ал 2000 жылдан берi Iшкi жалпы өнiмнiң қарқыны 10% көлемiнде жылма жыл өсуде. Елiмiзде 200 мыңдай заңды өзбек пен қырғыз иммигранттары бар, керiсiнше, өзiмiзде 700 мың адам жұмыссыз. Сондықтан байбалам салу тым артық. Путин отандастарын (негiзiнен орыстарды) Ресейге шақырумен Қазақстанның басшыларына қысым күшейдi, «орыс кетпесiн десең орыстың тiлiн мемлекеттiк қыл» деген әңгiменi орыс баспасөзi қаузай бередi. Бұл саяси бопса емей немене. Иә, Қазақстанға геосаяси кепiлдiк керек. Бiрақ Қазақстанға геосаяси кепiлдiктi АҚШ, Ресей және Қытай қатарласа отырып бермек.
Билiктiң бiлгiштерi Қазақстанда поликультурализм мен поликонфессионализм iлiмiн алға тартады. Бұл Батыста қолдауын таппаған теория. Бiздiң билiктiң бұл концепцияға жабысуы аталған көзқарас кеңес дәурiндегi пролетарлық интернационализмге жақындығында. «Көпұлтты Қазақстанда көп ұлттар мен дiндер жасасын» дейтiн ұранның соңы аз ұлттардың жеке ел болуын көксеуге апарып соқтыратынын бiлмейтiн сияқты. «Бiр ұлт, бiр мемлекет, бiр тiл» ұраны жұртшылықты сырттатпайтын тұтас мемлекеттiк саясатқа әкеледi. Қазақ ұлты саяси ұлт. Бұл тайпа емес, жеке өлке ұғымы да емес, бұл — этносаяси ұғым. Батыстың өзiнде ассимиляцияны балама ретiнде ұсыну прогрессивтi бағыт деп есептелiнедi. Әрине, басқа ұлттарды бауырына тарту, төсiнен итермей ортақтыққа шақыру басқа ұлыстарға әлеуметтiк өсудi ұсынады.
Батыстың ойшылы Мартин Хайдеггердiң европалық нигилистерi туралы айтқаны қазақтың жағдайын тура сипаттайды. «… Отрицательный тип, которого не беспокоят родная почва и родные силы». Қазақшалағанда «керiтартпа нигилистер үшiн туған топырақ, төл күштер бос сөз» (М. Хайдеггер «Ницше и пустота». М. 2006, 80б).
Ұлттық нигилизмге қарсы тұратын ағым ол – қазақ позитивистерi. Олар нигилистердi бiресе түзеп, бiресе тойтарып отырады.
“Алаш Орда” күйреген тұста қазақ зиялысы позитивистiк позицияға ауысты. “Алаш Орда” мұрагерлерi ұзақ уақыт Кеңес одағының шашбауын көтерiп отыру арқылы ұлт пен ұлысқа жұмыс iстедi. Қазақ жазушылары, суретшiлерi, мыңдаған мектеп мұғалiмдерi сол кездiң өзiнде қыруар еңбек еткенге ұқсайды. Қазақ мәдениетiнiң тарихы ұлттық нигилизммен күрес тарихы десем көп қателеспеспiн. Қалай болса да бiзде социалистiк реализмдегi көркем қазақ әдебиетi, театр, кино, тiптi қазақ циркi пайда болды. Бiрақ қазақ позитивизмi бiрталай тоқырауға ұшырағаны да ащы шындық.
Бiзде ұлттық диссиденттiк қозғалыс ықпалды болған жоқ. Мұстафа Шоқайдың, Махмет Құлмұхамбетовтың дауысы пәлендей естiлген жоқ. Екiншi олқылық ұлттық нигилистерде. Ұлттық нигилистер қазақ руханият саласын тарылтуды мақсат етiп қойды. Қазақ мектептерiн қысқарту, қазақты қалаға кiргiзбеу, қазақты орыстандыру саясатын жарыса орындаған осылар болатын.
1991 жылы қазақ номенклатурасы билiкке келдi. Егемендi ел болдық. Бiрақ он алты жыл өтсе де қазақ номеклатурасы кеңестiк жолдан тайған емес. Зиялы қауым қойған талап орындалатын түрi жоқ. Мен өз елiмнiң сынаушысы емеспiн, тiптi авторитаризмдi қолдайтыным шындық, бiрақ …басқаның авторитаризмi, мәселенки көп сыналып жүрген Түркменбашы түркменнiң мектебiн, мемлекеттiк тiлiн, кiлемiн, жылқысын, тiптi итiн басқа ұлттарға сыйлата бiлдi. Ал қазақтың тiлi өз елiнде әлi мемлекеттiк деңгейге жеткен жоқ.
Қазақ нигилизмiнiң қосымша сипаттары: олар әзiрше мұсылман дiнiне қарсы шыққан жоқ, мемлекетiмiздiң егемендiгiне қарсы шыққан жоқ, қазақ ұлтына қарсы шыққан жоқ, тек мемлекеттiк тiлге жұлдызы қарсы. Бұл жағдай ойландырмай қоймайды.