ТIЛ ТОҚПАҒЫ МЫҚТЫ БОЛСА...

ТIЛ ТОҚПАҒЫ МЫҚТЫ БОЛСА...

ТIЛ ТОҚПАҒЫ МЫҚТЫ БОЛСА...
ашық дереккөзі

Ұзақ әрi ауыр болған отарлық дәуiрдi артқа тастап, егемен мемлекет ретiнде қалыптасу кезеңiн басынан кешiрiп, тарих сахнасынан өзiне лайық орнын айқындап отырған Қазақстан Республикасының қол жеткiзген жетiстiктерi мен қазiргi даму бағыты әрқайсымыздың жан дүниемiзде туған Отанымыздың жарқын болашағына деген нық сенiм, қуаныш, мақтаныш сезiмдерiн маздатуда.

Дей тұрсақ та сонау отарлық сұрқия саясаттың рухани-мәдени дүниемiзге, ұлттық тiлiмiзге тигiзген қияметтi зардаптарының әлi де болса ой-санамыздан, мемлекеттiк жүйемiзден аластатылмай отырғандығы, оның ұлттық дамуымыздың болашағына орасан нұқсан келтiруi көңiлiн күптi етiп, жанымызды жабырқатарлық жағдай. Мемлекеттiң егемендiгiнiң басты нышаны, идеологиясының алтын арқауы, ең асыл ұлттық құндылығы, елдiк-өзiндiк менi – оның мемлекет тiлi екендiгi дау тудырмас аксиома десек, амал не, осы тұста жiберiлген ағаттықтарымыз, жайбасарлығымыз айдан анық болып отыр. Егер де Қазақстан мемлекетiнiң тарихи-этникалық негiзi, ел мен жердiң бiрден-бiр иесi, киесi де қазақ халқы болып табылатын болса онда мемлекеттiк тiлi де бiреу – ол қазақ тiлi болуы ақиқат. Әр түрлi ұлт өкiлдерi (38%) араласа қоныстанған Қазақстан жағдайында әлеуметтiк қатынастарды реттеушi, қоғамды топтастырып, бiрiктiрушi басты фактор – ол жергiлiктi жетекшi ұлт тiлi болуы әбден орынды. Осыны Елбасы өзiнiң былтырғы халыққа Жолдауында жерiне жеткiзе айтты да. Унитарлы Қазақстанда басқа тiлдер (орыс, ағылшын, қытай т.б.) шетел тiлдерi санатында оқылып-зерттелуiне жағдай жасалынған. Әлемдiк тарихи тәжiрибе бiздерге осыны көрсетiп отыр. Ұлттың даму заңдылығы осыны қажет етедi. Осы орайда, Астана тұрғындарының атынан (700 адам қол қойған) Елбасына, Парламентке және Үкiметке жолданған «Аударма тiлi мемлекеттiк тiл емес» атты хатта тiл мәселесiндегi бiрнеше жайттың бетi ашылып көпшiлiктiң көкейкестi тiлек-талаптары қойылған едi («Жас Алаш», 20 маусым, 2005ж.). Атап айтар болсақ, Ата Заңнан «…орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген сөйлемдi алып тастау, мемлекеттiк iстi толық мемлекеттiк тiлде жүргiзуге көшiру, орыс тiлiнен мемлекеттiк тiлге аудару жұмысын тоқтату әрi оған тыйым салу, аударма қажет жағдайда ғана тек мемлекеттiк тiлден басқа тiлдерге аудару керектiгi, мемлекетiмiздiң бас қаласы Астананы қазақ тiлi қалаға айналдыру. «Мемлекеттiк тiл туралы заң» қабылдау және оның алдына қойған басты мақсаты – бүкiл мемлекеттiк мекеменi, жүйенi толық мемлекеттiк тiлге көшiре аларлықтай қауқарлы болуы қажеттiгi баса айтылған. Халқымызда «Тоқпағы мықты болса, киiз қазық та жерге кiредi» деген нақыл бар. Ұлт мүддесiне, оның тiлiне енжарлық үдеп ұлтсыздық белең алып, халқымыз рухани жұтаңдыққа, тiлiмiз терең дағдарысқа ұшырап, жалпы ұлттық қатерлi дертке айналып бара жатқан заманда «Мемлекеттiк тiл туралы заң» осылардың бәрiне тосқауыл қойып, қоғамның «қансыз, өлi денесiне» қан жүгiртiп ширықтыратындай атына заты сай болып, қалыптасқан тiл дағдарысынан алып шыға аларлықтай мықты болуы шарт. Мемлекеттiк билiк ұлттық мүддеге бетбұрыс жасап, оның «бiссiмлләсi» сындарлы тiл саясатынан басталып, онысы оң нәтиже берiп жатса нұр үстiне нұр болғаны. Тiл – ұлт – мемлекет бiртұтас ұғым ретiнде ұғынылып, мемлекеттiк идеологияның басты ұстанымына айналғаны ләзiм. Тек сонда ғана қазақ халқының отарлық тепкiде кеткен есесi қайтып, жоғалтқан асылдары түгенделмек. Сонда ғана Қазақстан топырағында тарихи-әлеуметтiк әдiлеттiлiк салтанат құрмақ! Сондай-ақ, «Мемлекеттiк тiл туралы заң» идеологиямызға оң ықпал етерлiктей, әрi рухани түлеп, жаңғырып-көркеюiмiзге де мол әсерi болатындай етiлiп орайластырылғаны абзал. Сонымен қатар, жаңа заңда мемлекеттiк тiлдiң қорғалуы жөнiндегi арнайы тараудың болғаны дұрыс. Онда тiлдiң абырой-беделiн түсiруге бағытталған әрекеттерге, мемлекеттiк тiлдiң күшiне кедергi жасаушыларға және басқалай келеңсiздiктерге қарсы қолданылатын iс-шаралар көрсетiлуi тиiс. Осы орайда мемлекеттiк тiлдi қырағы қорғап, күшiне енуiн талап етiп, бақылап, тиiсiнше шара қолданып отыратын Тiл инспекциясын құру қажет-ақ. Ауқымды iс-әрекет жүргiзе аларлық қолында кең өкiлеттiгi бар осындай бiр мекеме болмайынша iстiң оңға баса қоюы неғайбыл. Әлбетте, ұлы мақсатқа жету жолы қиындықсыз, шығынсыз әрi «құрбандықсыз» бола қоймас. Онсыз тiлiмiздi тығырықтан алып шығара алмаспыз. Сондықтан әр түрлi сылтаулар айтып, туған тiлiмiзге тұсау сала бергеннен гөрi, оң нәтиже беретiн iс-шараларға батыл түрде баруымыз қажет. Жыл сайын ұлттық мектептердi жүздеген мың жастарымыз бiтiрiп жатады. Бiрнеше облыстарымыз iс жүргiзудi мемлекеттiк тiлге көшiрген. 40-тан аса ауылдық аудан Кеңес өкiметi орнағаннан қазiрге шейiн iстi таза қазақ тiлiнде жүргiзiп келедi, демек өзiндiк үлгiсi, мол тәжiрибесi бар деген сөз. Ормандай қалың ұлттық интеллигенциямыздың аз дегенде тең жартысы мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге қабiлеттi. Отанына оралып жатқан бауырларымыздың арасында мемлекеттiк қызмет саласында iстеген тәжiрибесi бар таза қазақ тiлдiлер аз емес. (Тек бар «айыбы» орыс тiлiн бiлмеуi). Осы шындық мемлекеттiк тiлдiң пайдасына сұранып тұрса да, мемлекеттiк қызмет саласында ұлттық тiлдi маман жетiспейдi деп сылтауратуды қоятын емеспiз. Бұнымыз ендi, өзi отырған бұтақты түбiнен аралап отырған Қожанасырды көзге елестетедi. Жоғары билiк пен мемлекеттiк қызметкерлердi шошытып, орынсыз, жөнсiз талаптар қоя алмаймыз.Десек те, мемлекеттiк қызметте жұмыс iстесе де мемлекеттiк тiлде оқи-жаза бiлмейтiн, iс жүргiзе алмайтын қызметкерлердi толығымен қысқартып, босаған орынды жоғарыда аталған ұлттық резервтен iрiктеп-сұрыптау арқылы (кейбiр мамандарды арнайы даярлықтан өткiзiп) толықтырсақ, ұтарымыз әлдеқайда көбiрек болар едi. Бұлай етумен екi мәселенi бiрдей қатарынан шешуге болады. Бiрiншiден, мемлекеттiк тiлге жаппай көшуге мықты плацдарм, күштi әзiрлiк жасап аламыз. Екiншiден, осыншама уақыт бойы мемлекеттiк тiлдiң күшiне енуiне басты кедергi болып келген, ұлтқа және тiлге мұрын шүйiрiп, осқырына қарайтын ой-санасы ұлтсызданған космополиттерден бiржола құтыламыз. Қазiргi Түркия мемлекетiнiң бастауында тұрып, болашақ бағыт бағдарын айқындаған түрiк көсемi М.К.Ататүрiктiң мұнан да күрмеуi қиын күрделi мәселелердiң оң шешiмiн тауып, ұлт болашағы үшiн бiршама құрбандықтарға саналы түрде барғанын бiлемiз. Бiр мемлекет – бiр ұлт – бiр тiл деген мемлекеттiк ұстанымының дұрыстығын, жеңiсi мен жемiсiн қазiргi түрiк жұрты көрiп отыр. Түрiкшiлдiк (түркизм) идеологиясы түрiк ұлтына өлшеусiз қызмет етуде. Сол сияқты бiздiң Ұлттық идеология мемлекетiмiздiң идеологиясының темiрқазығына айналып, қазақ ұлтына қызмет етуi тиiс! Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең – тiлiм, Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм. Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа Ақ қолыңмен тарта аларсың сең, тiлiм! – деп ұлт мүддесiн көксеп өткен Мағжан ақынның ұлтжанды сөзi кiм-кiмнiң де санасын сiлкiп, еңсесiн көтерiп, ертеңге деген үмiт отын лаулата жағары, жiгерiн, жанын, сенiмiн келешекке жалаулата апарары сөзсiз.
  Алтынбек САҒЫНДЫҚҰЛЫ