ЖЕРДIҢ ҚАШАН СIЛКIНЕРIН ҚҰДАЙ ҒАНА БIЛЕДI

ЖЕРДIҢ ҚАШАН СIЛКIНЕРIН ҚҰДАЙ ҒАНА БIЛЕДI

ЖЕРДIҢ ҚАШАН СIЛКIНЕРIН ҚҰДАЙ ҒАНА БIЛЕДI
ашық дереккөзі
235

Қазақстанда төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың бiртұтас жүйесi құрылған десек те, апат айтып келмейтiнi де ақиқат. Төтенше жағдайлар агенттiгiнiң Төтенше жағдайлар министрлiгi болып құрылуының өзi бұл iске баса мән берiлетiндiгiнiң айғағы болса керек. Бүгiн газет оқырмандарының назарына журналист Мира Берiкболованың Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментiнiң бастығы, полковник Марат Қаниұлы Құндақбаевпен сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Марат Қаниұлы, өзiңiз басқаратын облыстық төтенше жағдайлар департаментi бұрын Алматыда орналасқаны белгiлi, кейiнiрек Талдықорған қаласына көштiңiздер. Мұның себебi не?

– Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 25-қаңтардағы №53 Қаулысына және ҚР Төтенше жағдайлар министрiнiң 2006 жылғы 3-қазандағы №214 бұйрығына сәйкес бiздiң департамент 2006 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласынан Талдықорғанға көшудi аяқтады. Мемлекеттiк сатып алулар туралы Заңға сәйкес Талдықорған қаласынан 722 млн.15 мың теңгеге жалпы аумағы 607.5 шаршы метрдi құрайтын кеңсе ғимаратын сатып алып, оны жөндеуден өткiздiк.

– Сiз мекемеге Талдықорғаннан ғимарат сатып алынғаны туралы ғана айттыңыз. Ал департамент қызметкерлерiнiң тұрғын үй мәселесi қалай шешiлдi?

– Иә, ұмытып барады екенмiн. Жоспар бойынша облыс орталығынан департамент қызметкерлерiне 10 пәтер сатып алу көзделген болатын. Дегенмен, қаражаттың жағдайына қарай әзiр соның жартысы ғана сатып алынды. Қаржы бөлiнсе қалған 5 үйдi де сатып аламыз. Ал қалған адамдар өз күндерiн өздерi көредi.

– Алматы мен Талдықорған адамдар көп шоғырланған қалалар ғана емес, халық жиi қоныстанған аймақ. Төтенше жағдайларды жоюға шығатын жедел жасақ немесе топтарыңыз бар шығар? Олардың жарақтандырылуы мен жабдықталуы қандай?

– Алматы қаласында қала әкiмiнiң өтiнiшiмен Алматы аймақтық орталығы құрылған. Бұрынғы төтенше жағдайлар басқармасының бұлайша өзгертiлуi қаншалықты дұрыс болғанын уақыт көрсете жатар. Облыстық төтенше жағдайлар департаментiнiң құрамына кiретiн бұл орталықта 17 қызметкер жұмыс iстейдi, оның екеуi әскери қызметкер. Сондай-ақ Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң қалалық төтенше жағдайлар басқармасы жұмыс iстейдi.

Төтенше жағдайларда жедел әрекет ету үшiн 2 жедел топ құрылған, олар жұмыс iстеуге қажеттi нәрсенiң барлығымен қамтамасыз етiлген. УАЗ автомашинасының базасында жедел басқару пунктi жабдықталған, ол жиһазбен, ноутбукпен, қазiргi заманғы радио және спутниктiк байланыс құралдарымен, бейне және фотокамералармен, дербес электр қуатын беру көзiмен, апаттық жағдайда жарық беруге арналған «Жарық мұнарасымен» қамтамасыз етiлген. Соңғысы 200 шаршы метрге дейiнгi аумақты жарықтандыра алады. Сондай-ақ онда адамдарды iздеуге арналған «Система-1 К» аппаратурасы орнатылған. 12 вольттық қуат көзiнен жұмыс iстейтiн бұл аспап басқа жарық жоқ болған жағдайда 4,5 метр қашықтықтан зардап шеккендердi көруге және аудио байланыс жасауға мүмкiндiк бередi.

Сондай-ақ ГАЗ-66 автомобилiнiң базасында басқарманың командалық пунктi орнатылып, ол жиһазбен, бейнетехникамен және тiршiлiктi қамтамасыз ету құралдарымен жабдықталған.

– Жұрттың түсiнiгiнше, төтенше жағдайлар пайда болуы тұрғысынан алғанда Алматы облысы Қазақстанның ең қолайсыз аймағында орналасқан деген пiкiр бар. Осы пiкiр қаншалықты дұрыс?

– Бұл пiкiрдiң жаны бар. Алдымен бұл – облыстың географиялық орналасуынан туындайды. Облыстың оңтүстiгiнде Iле Алатауы, Күнгей Алатау, Кетпен шыңы, оңтүстiк-шығысында Жоңғар Алатауы, Жоңғар қақпасы орналасқан.

Облыста 560 тоған, көл мен су қоймасы бар. Оның iшiнде Балқаш, Алакөл, Сасықкөл, Жалаңашкөл көлдерi, Қапшағай және Шiлiк-Бартоғай, Күртi су қоймалары шалқып жатыр. Су шаруашылығы нысандарында 324 гидротехникалық құрылғы, оның iшiнде 43 iрi су қоймасы бар.

Облыста 1123 шақырым темiр жол, 77 станция мен разъезд, 227 поезд көпiрi мен өткелi, 9617 шақырым автомобиль жолы бар, оның 2664 шақырымы республикалық, 6953 шақырымы жергiлiктi маңызы бар жолдар.

Жамбыл және Қарасай аудандарының аумағынан ұзындығы 280 шақырымдық Ташкент-Алматы газ құбырының екi тармағы өтедi. Белгiлi бiр жағдайларда осының барлығы табиғи және техногендiк төтенше жағдайлардың қайнар көзi болып шыға келуi ықтимал.

– Дегенмен, 1887 жылғы Верный,1889 жылғы Шiлiк, 1911 жылғы Кемин жер сiлкiнiстерiн зардаптарын тартқан өңiр үшiн ең қауiптiсi жер сiлкiнiсi болса керек?

– Иә, республикамыздың халық көп қоныстанған оңтүстiк-шығыс және оңтүстiк аудандары, оның iшiнде бiздiң Алматы облысы да сейсмикалық жағынан активтi өңiрде орналасқаны құпия емес. Мұнда интенсивтiлiгi 7-9 балл болатын қатты жер сiлкiнiстерi болуы ықтимал.

Қазақстан Республикасы Бiлiм беру министрлiгiнiң Сейсмология институтының мәлiметтерiне қарағанда, Алматы облысы мен Алматы қаласында сейсмографтар жылына жер қыртысының 400-ге дейiнгi тербелiсiн тiркейдi. Сейсмологтардың пайымдауынша, облысымызда интенсивтiлiгi Рихтер шкаласымен 10 баллдық жер сiлкiнiстерi болуы мүмкiн және олардың эпицентрi мөлшермен Райымбек ауданының Құрмет селосынан батысқа қарай 10 шақырым жерде, осы ауданның Сарыжаз селосынан оңтүстiк-батысқа қарай 5 шақырымда, Алматы қаласынан оңтүстiк-батысқа қарай 20 шақырымда, Текелi қаласынан шығысқа қарай 120 шақырым жерде болуы ықтимал деген болжам жасаған. Және де ғалымдар кiндiгi Алматы қаласынан оңтүстiк-батысқа қарай 20 шақырым және Текелi қаласынан шығысқа қарай 120 шақырым жерде болуы ықтимал жер сiлкiнiсi орын алған жағдайда облыс аумағында неғұрлым күрделi жағдай қалыптасуы мүмкiн екенiн ескертiп отыр.

Дегенмен, қайталап айтамын, бұл болжам ғана. Өйткенi, жер сiлкiнiсiмен байланысты көптеген белгiсiз жәйттермен сабақтасатын болжамдар көп ретте дұрыс болмайды, сондықтан аталған елдi мекен тұрғындарының кейде айтылып жүрген желқуық сөзге босқа дүрлiкпегенi жөн.

– Жер сiлкiнiсiнiң қашан болатынын Сейсмология институты бiлмесе ендi кiм бiледi?

– Бұл бiр қызық сұрақ екен. Жалпақ қазақы тiлмен айтқанда, оны Құдай ғана бiледi. Бұл ретте шөптiң басын сындырмай отыр деп жоғарыда аталған Сейсмология институтының қызметкерлерiн кiнәлауға да болмайды. Қазiргi кезде жер сiлкiнiсiнiң қашан, қай жерде болатынын болжау мәселесiмен әлемдегi ең алдыңғы қатарлы елдер – Америка Құрама Штаттары, Жапония, Қытай ғалымдары, ТМД елдерiнiң жүздеген ғалымдары айналысып жатыр. Зiлзаланың дәл қашан болатынын, бiр айтса, солар айтар едi. Бiрақ әзiр жер шарында зiлзаланың қайда және қашан болатынын тап басып айта алатын ешкiм жоқ. Сөйтсе де аталған елдi мекендердiң тұрғындары жан-жануарлардың мiнез құлқына әрдайым назар аударып, сақ болып жүргенi артық болмас деп ойлаймын.

– Облыс аумағында биiк таулар мен өзен-көлдердiң көптiгiне орай жер сiлкiнiсiнен басқа да табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар қаупi аз емес шығар…

– Бiздiң облыста сел тасқындары, тасқын су, сырғыма және қар көшкiнi секiлдi күтпеген нәубеттер қауiпi үнемi сақталады. Облысымызда, әсiресе, оның Алакөл ауданында болатын жылдамдығы секундына 40 метрге дейiн жететiн дауыл желдер электр берiлiсi, байланыс желiсi бағандарын, ағаштарды құлатып кетедi, бұл елеулi материалдық шығын шектiредi, халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету ырғағының бұзылуына әкелiп соғады. Сондай-ақ облысымыздың жекелеген аудандары оба, қарасан, бруцеллез, туберкулез, аусыл секiлдi аса қауiптi iндеттердiң табиғи қайнар көздерi болып табылады. Облыс экономикасына табиғат өрттерi де үлкен зиян келтiредi.

– Марат Қаниұлы, ендi Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментiнiң табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөнiнен атқарған жұмыстарына және 2006-2007 жылғы төтенше оқиғаларға тоқтала кетсеңiз.

– Өткен жылы Алматы облысының аумағында табиғи және техногендiк сипаттағы 3479 төтенше жағдай оқиғасы тiркелдi, бұл 2005 жылғыдан 75-ке артық.Осы төтенше оқиғалар кезiнде 3305 адам зардап шегiп, соның 1034-i қайтыс болды. Бұл көрсеткiштер де алдыңғы жылғыдан тиiсiнше 571 және 276-ге артық. Төтенше оқиғалардан облысқа келген шығын 779 миллион 739 мың теңгенi құрады, бұл да алдыңғы жылғыдан 8 миллион 252 мың теңгеге артық. Төтенше жағдайлар оқиғаларының көбеюi мен оларда зардап шеккендер мен өлгендердiң саны арту фактiсi сараланып, тиiстi шаралар қолданылды.

Облыстың автомобиль жолдарында болған ең үлкен автомобиль апаты 2006 жылы 6 қазан күнi Сарқанд ауданында –Талдықорған-Лепсi автомобиль жолының 130-шы шақырымында орын алды. «Мазда-626» және «Ауди-100» жеңiл автомобильдерiнiң бетпе-бет соғылуы салдарынан оқиға болған жерде 11 адам, оның iшiнде 3 бала қайтыс болды. 5 адам Лепсi кентiндегi ауруханаға жеткiзiлген едi, олар да жол-көлiк апатында алған ауыр жарақаттарынан ауруханада жантәсiлiм еттi. Жалпы, 2006 жылы жетi iрi жол-көлiк апатында 62 адам зардап шегiп, соның 52-сi қайтыс болды.

Облысымыздың темiржолдарында 3 төтенше оқиға орын алды. Оның ең iрiсi 30 шiлде күнi Қазыбек бек және Ұзынағаш станцияларының арасында болды. «Алматы-Шу» бағытындағы № 3007 поездың 14 бос вагоны темiржолдан шығып кетiп, 1700 метр темiржол тағанын бүлдiрдi, электр берiлiсiнiң 2 бағанын құлатты. Апаттың зардаптарын жоюға Алматы және Шу станцияларынан 2 жөндеу-қалпына келтiру поезы тартылып, темiржол көлiгi қозғалысы келесi күнi қалпына келтiрiлдi.

– Облыста болған ең iрi өртке Талдықорған қаласындағы «Астана» сауда үйiнде 2006 жылғы 9-наурызда болған өрттi жатқызуға болады. Мұнда 1500 шаршы метр сауда алаңы өртендi, өрт iшiнен 200-ден астам адам көшiрiлдi. Өрт 700 шаршы метр аумақта азық-түлiк павильонының материалдық бағалылықтарын, қондырғыларын, конструкциялары мен құрылыстарын және 800 шаршы метр аумақта товарлы-материалдық бағалылықтарды, мүлiктi, iшкi жоспарлау конструкцияларын тып-типыл қылды. Өрт 2 жарым сағатта ауыздықталып, 6 сағаттың iшiнде толық сөндiрiлдi. Оны сөндiруге өрт сөндiру қызметiнен 96 адам және 14 бiрлiк техника қатысты.

2006 жылғы 6-7 шiлдеде жауған нөсер жаңбыр сел мен су тасқынын туғызып, адамдардың өмiрiне ақиқат қауiп төндiрдi. Кұмбел өзенiнде сел тасқыны пайда болғандықтан, Үлкен Алматы өзенi алабындағы халық жаппай қыдыратын және демалатын демалыс орындары, қонақүй кешендерi мен балалар лагерлерiне үлкен қауiп төндi. Қорғас өзенiнде қалың жаңбыр тасқыны 5-6 шiлдеде қорғаныс құрылғыларының бiр бөлiгiн шайып кеттi, сөйтiп Қорғас кеден бекетi мен оған iргелес аймақты су басу қаупi төндi.

– Орын алған төтенше жағдайларды жою ғана емес, олардың алдын алу да сiздердiң мiндеттерiңiзге кiредi ғой. Осы ретте атқарылған iс-шараларға тоқталсаңыз.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың облыстық жүйесiнiң басқару органдары мен күштерiн даярлаудың 2006 жылға арналған негiзгi шаралар жоспарына сәйкес департамент бiрқатар республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларға қатысты, облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығулар, қалалар мен аудандардың командалық-штабтық оқу жаттығулары мен кешендi тексерулерiн өткiздi.

2006 жылы суға түсу маусымында Қапшағай су қоймасында азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, Қаратал ауданында қыс кезiнде балықшылардың судағы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, Талдықорған қаласында халық көп жүретiн жерлерде газды пайдалану қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, 2006-2007 жылдардың қысқы кезеңiнде облыс аумағында автомобиль жолдарының уақытылы тазалануын қамтамасыз ету секiлдi мәселелердi тексерiп, кемшiлiктердi түзету орайында шаралар қолданылды.

Жол-көлiк апаттарының және оларда қаза тапқан адамдар санының артуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi облыстық комиссияның 2 мәжiлiсi өткiзiлiп, онда «Жол-көлiк апаттарының жағдайы және оларды азайту жолындағы iс-шаралар» деген мәселелер талқыланды. Яғни, департаменттiң жеке құрамы алға қойылған мiндеттерiн абыроймен атқаруда.

– Әңгiмеңiзге рахмет. Еңбектерiңiзге жемiс тiлеймiн.

Сұхбаттасқан Мира БЕРIКБОЛОВА

Серіктес жаңалықтары