ПУТИННIҢ МЕМЛЕКЕТШIЛДIГI ОСЫНДАЙ...

ПУТИННIҢ МЕМЛЕКЕТШIЛДIГI ОСЫНДАЙ...

ПУТИННIҢ МЕМЛЕКЕТШIЛДIГI ОСЫНДАЙ...
ашық дереккөзі
276

РЕСЕЙ ДЕГЕНIН IСТЕТТI

Ресей президентi В.Путиннiң мемлекетшiлдiгiне қайран қаласыз. Келесi жылы президенттiк лауазымымен қоштасатын Путин «өз дәуiрiнен» кейiнгi Ресейдiң мұнай мен газға «сусамауын», онан қалса энергетикалық дәлiз функциясынан айрылып қалмауын қазiрден күйттеп жүр. Елiмiздiң «аспан асты империясына» қатысы бар қайраткерiнiң сөзi бар едi: «Осы Қытай басшыларына ( Қытайдың экс-басшысы Цзянь Цзяминьдi меңзеп айтқаны) таң қаламын.

Бүгiнгi күнi қызметiмен қоштасайын деп тұрса да, Қытайдың ондаған жыл алдағы болашағына қатысты жаны шырқырайды. Бiр қарасаң, «Ол кездегi ахуалға неменеге шыр-пыр болады. Бәрiбiр ол уақытқа жетемiн дегенше әлдеқандай заман бар емес пе» деп ойлайсың. Бiрақ…. мемлекетшiлдiгi қандай керемет едi». Бұл таңданысты Путинге қатысты өрбiтсек, еш қателеспеймiз. Бұнымыз Ресей позициясы тұрғысынан дұп-дұрыс болып та көрiнер. Бiрақ, әсте бiздiң мемлекеттiң позициясы тұрғысынан емес… Дәлiрегiнде, Путиннiң мемлекетшiлдiгi бiздiң ел үшiн опа бере қоймас.

БАС БҰҒАУДЫ БЕРIП ҚОЙҒАН ЖОҚПЫЗ БА?

Бұлай деуiмiздiң өзiндiк себебi бар. Бүгiнгi күнi әлемдiк қауымдастық алдында Ресей бiр «сыздауық» кейпiнде. Дамыған мемлекеттердi былай қойғанда, энергетикалық тұрғыдан Ресейге тәуелдi болып келген мемлекеттердiң өзi бiздiң солтүстiк көршiмiздi айналып өткiсi келедi. Әйтеуiр Ресейге күнi қарап қалуды ешқайсысы қаламайды. Ресей президентi Путин Астанаға жиналып жатқан мезетте Польшада орыстың мұнай-газына балама болар энергетикалық ресурс жолдарын iздеуге арналған «антиресейлiк» саммит басталған. «Коммерсант-Ъ» газетiнiң деректерiне сенсек, Қазақстан президентi дәл осы саммитке қатысатындығын айтып, поляк президентi Лех Качинскийге уәде бергенге ұқсайды. Алайда, Қазақстан жағы Ресейдiң қалауына бой ұрды.

РЕСЕЙ

КӨГIЛДIР ОТЫНДЫ КӨКСЕП…

Батыс пен Шығыс Еуропа, Атлантиканың арғы бетi Каспий маңындағы, Орталық Азиядағы мұнай-газ жолдарының Ресейдiң аяқ астында қалмауы үшiн барын салып жатқан кезде Ресей президентi Путин сол көмiрсутек қоры шоғырланған елдердiң басшыларымен кездесiп, өз шаруасын түгендеп жүрдi. Владимир Путинмен Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуiнде Қазақстан Президентi: «Бiздiң ел өз көмiрсутегiнiң басым бөлiгiнiң Ресей аумағы арқылы өтуiн қалайды» деп мәлiмдедi. Былтыр Қазақстан 52,3 млн.тонна мұнайды сыртқа тасымалдап, соның 42 млн. тоннасы КТК, Атырау-Самара мұнай құбырлары мен Орынбор арқылы Ресей аумағымен өтсе, ендiгi бетте тек КТК мұнай құбырының сыйымдылығының өзiн 23-тен 40 млн. тоннаға дейiн жеткiзу жоспарланып отыр. Дәлiрегiнде, Астанаға келген сапарында Ресей президентi мен Қазақстан президентi осы жоба төңiрегiнде кеңiнен талқылады. Яғни, бұл жоба жүзеге асса, Қазақстанның Ресей аумағымен жүрiп өтер шикiзатының көлемi 69.3 млн.тоннаға жетпек. Ал Қазақстанның бүгiнгi күнi өндiретiн мұнайының әлi 70 млн.тоннаға жете қоймағандығын ескерсек, сонда елдiң бүкiл қара алтыны Ресей жағалап кетедi деген сөз. Демек, Қазақстанның бұған дейiн балама мұнай құбыры жолдарын iздеп әлек болғаны далада қалады. Америкалықтардың көксеген жобасы Баку-Жейһан да құр елес күйiнде жер бауырлай түседi, алдыңғы жылы ел-жұртты шулатып тұсауын кескен, Ресей құбырларына балама болуы тиiс Атасу-Алашаңқай да мұнайға толмай қалады. Соңғы уақытта ұмытыла бастаған Иран арқылы өтетiн құбыр жобасы сол омақасқан қалпынан тұра алмайтын болады. Мiне, Ресей арқылы экспортқа шығатын мұнайдың болашағы өзге құбырлардың көмекейiне бiр тамшы да қалдырмайды. Әсiлi, мұнайды тасымалдау дегенде өзiмiзге жауыр болған «көпвекторлық саясатты» ұстанған жөн секiлдi. Өйткенi, маневр жасау мүмкiндiгi бар жерде, монополияға жол берiлмейдi. Ал бүкiл мұнайдың қақпағын жауып отыру мүмкiндiгiн бүгiнгi күнi Ресейдiң қалауына қалдырсақ, әлемдiк аренаға шығуға септiгiн тигiзiп отырған (экономикамызды көтерiп отырған) жалғыз байлығымызды қадағалау мүмкiндiгiнен айрылып қаларымыз хақ. Түптiң түбiнде, бұл өкiнiшке алып келетiн жағдай болмақ. Өйткенi, Ресей қақпақты қалай жауып қоюды аса жетiк меңгерген мемлекет. Көгiлдiр отынның тиегiн ағытпай, өз славяндары украиндар мен белорустарды мезi еткенi белгiлi. Қит етсе, мұндай тектес шараларды саяси құрал ретiнде пайдаланады. Сондықтан, бұл арада мақаламыздың басында келтiргендей ондаған жыл алдағыны ойлайтын қытайлардың көрегендiлiгi қажет-ақ едi. Әттең… Сонымен, мұнайының барын Ресейдiң тамағына жақындата салған Қазақстан солтүстiк көршiсiмен осы салада басқа да келiсiмдерге келдi. Орынбор газ өңдеу зауыты өнiмiнiң (Қазақстан аумағындағы Қарашығанақ кенiшiнiң көгiлдiр отыны мен конденсаты) бағасын нақтылап алды. Ендi, оның бағасы мың текшеметрге 145 АҚШ долларынан келедi. Негiзi, осы Қарашығанақтың көгiлдiр отынын Ресей аумағында өңдеудiң өзi бiздiң елдiң мүддесiне аса сай еместеу жоба едi. Көгiлдiр отын Қазақстанда өңделгенде, бiздiң ел шын мәнiнде көгiлдiр отын экспортерiне айналар едi. Ал Орынборда өңдету арқылы бiздiң ел сол баяғы «шикiзат цехы» күйiнен айныған жоқ. Тек көз алдау үшiн Орынбор газ өңдеу зауытының иегiнен Қазақстан-Ресей бiрiккен кәсiпорны құрылған. Бiрақ, ол бiрiккен кәсiпорын көршi елден соғатын желге тәуелдi екенi белгiлi. Ал ендiгi бетте, Орынборда өңделген көгiлдiр отынның әр мың текшеметрiне 145 доллардан қоятын Ресей оны Еуропа нарығына шығаратын болады.

…АТОМДЫ «АТ-ТОНЫНДАЙ» ҚАЛАДЫ

Владимир Путиннiң сапары барысында Қазақстан мен Ресей уран байытатын халықаралық Орталық құру жөнiндегi келiсiмге келдi. «Атом энергетикасында бiрiгiп жұмыс iстеу екi ел арасындағы ынтымақтастықтың негiзгi бағыты» дейдi Ресей басшысы. Халықаралық орталық құру идеясы Ресейге тиесiлi едi. Ол орталық идея авторының аумағында, яғни, Иркутск облысындағы Ангарск қаласында орналаспақ. Ресейдiң қырағы көзi қазақтың уранын әлдеқашан-ақ байқаған. Расын айту керек, сол баяғы КСРО заманының өзiнде бүкiл өндiрiлген уранның негiзгi бөлiгi Қазақстан аумағынан алынатын едi. Алайда, қызыл империя күйрегеннен кейiн Ресей бiздiң уранға иек арта алмай қалған. Уранның аса маңызды стратегиялық отын екендiгiн, осы отын үшiн кей елдердiң қырық пышақ болып қырқысып жатқандығынан жақсы хабардар орыстар қазақтың уран кенiштерiне қайта айналып соққан. Дәлiрегiнде, Қазақстанның уранына ауыз сала бастаған Ресей дәл осы Менделеев кестесiнiң 92-шi элементiн игеру үшiн екi ел арасында бiрiккен кәсiпорындар құруды жолға қойды. Қазақ-орыс бiрiккен кәсiпорнының саны 3 едi. Алайда, жақында уранды тасымалдаудың транспорт-логистика саласында Ресеймен қосылып тағы да бiр бiрiккен кәсiпорынның құрылғалы жатқандығын ескерсек, олардың саны 4-ке жетпек. Ең үлкенi «Заречное» кәсiпорнының 49,3 пайызы Ұлттық «Қазатомпром» компаниясына тиесiлi болса, 49,3 пайызы Ресейдiң «Tenex» компаниясына қарайды. 0,67 пайызы Ресейдiң «Атомредметзолото» компаниясына тиесiлi, ал 0, 67 пайызы Қырғызстандағы Қара-Балта тау-кен комбинатының құрамында. Бiрiккен кәсiпорынның уран қоры 40 000 тоннаға жуық. Уран өндiрiсiне биыл ғана кiрiскен бiрiккен кәсiпорын 2008 жылы өнiм көлемiн 1000 тоннаға жеткiзбек. Уран кенiштерiне дәл осындай бiрiккен кәсiпорындар құру арқылы Ресей өз уран өндiрiсiн 3 есеге арттыруды көздеп отыр. Қазiргi күнi Ресейге жылына 18 мың тонна уран қажет болса, оның Байкал жағында өндiретiн уран көлемi жылына бар-жоғы 3 мың тоннаны құрайтынын еске саламыз.

Қазақстан уран қоры жөнiнен қазiр, әлем елдерiнiң арасында екiншi орында тұр. Тек Австралияны алға жiберiп алған. Уран өндiрiсi бойынша алғашқы үштiктiң қатарында. «Қазатомпром» компаниясының басшысы Мұхтар Жәкiшев «Бiз тек уранымыз арқылы ғана геосаясатқа ықпал ете аламыз» деп айтушы едi. Ендi ол уранымыз Ресейдiң жемсауына түсiп кетсе, геосаясатқа ықпал ететiн Қазақстан емес, Ресей болып қалатын секiлдi.

Тағы бiр ескере кететiн дүние: уранымызды «зұлымдық осьi» елдерiн қолдап отыратын Ресейдiң ықпалына беру арқылы өзiмiз де сол «зұлымдық осьiне» айналып кетпесек болғаны…

Байқоңырдағы құқықтық мәселелер де сөз болды. Бiздiң президент: «Қазақстан азаматтары үшiн шешiлуi тиiс мәселелер бар. Оның iшiнде медициналық қызмет көрсету, мектептердегi бiлiм беру, дiни қажеттiлiкке қатысты жайттар бар. Бiз әдеттегiдей келiсiмге келiп, мәселенi шешемiз» дейдi. Ресей президентi болса, Байқоңырдың көктен түспегенiне назар аударғысы келген секiлдi. «Байқоңыр КСРО-дағы дүние бөлiнiсiнен соң Қазақстанда қалған объект. Бiрақ, қаншалықты бай болса да бұл кешендi Қазақстан жалғыз игере алмайды.Оны құртып алмау үшiн бiрiгiп пайдалануымыз керек» дейдi.

Сонымен, екi мемлекет басшысы арасындағы келiссөздердiң соңында 2007-2008 жылдарға арналған «Қазақстан-Ресей» бiрiгiп атқарар iс-шараларының жоспары қабылданды. Екi ел бiр мемлекеттiң аясына кiрiп кеткендей ме, қалай өзi?

КӨРШIЛЕРIМIЗ ДЕ МАТАЛДЫ

Ресей президентi Қазақстан президентiмен бiрге Түркiменстанның судай жаңа басшысымен де кездесiп, Каспий маңы газ құбырының құрылысын бастау жайлы келiсiмге келдi. Осы жылдың күзiне дейiн қол қойылатын келiсiм негiзiнде салынатын газ құбыры Ресей аумағына бет алады. Бұған қоса, қазақ, өзбек, түркiмен президенттерiнiң басын қосқан Путин бүгiнгi күнi жұмыс iстеп отырған Орталық Азия мен Ресейдi байланыстыратын газ құбыры жүйесiн қайта жөндеуден өткiзiп, осы аймақтан газ тасымалдау үшiн сыйымдылығы жоғары өзге де құбыр жолдарын жасау үшiн декларация қабылдады. Естерiңiзге сала кетсек, Батыс Еуропа мен АҚШ түркiмен көгiлдiр отынының Ресей арқылы емес, Әзiрбайжан, Грузия, Түркия арқылы, яғни, «жайлы елдер» арқылы тасымалдануын көздеп, қаржыландыру көздерiн ұсынған едi. Ресейдiң қатысы болмайтын бұл жоба «транскаспий жобасы» деп аталатын. Бiрақ, түркiмендер де қазақтар секiлдi Ресей маршрутын қолдап отыр. Ал жүректерi күптi болып отырған еуропалықтардың көңiлдерiн орындарына түсiрмек болды ма, әйтеуiр Ресей басшысы: «Ресей, Қазақстан, Түркiменстанның бүгiнгi қол жеткiзген келiсiмдерi Еуропа мен әлем рыногiндегi энергоресурстар көлемiнiң артуын бiлдiредi» дедi. Бiрақ, оның бағасы қандай болмақ десеңiзшi? Тiкелей бағасын былай қойғанда, Орталық Азияның көгiлдiр отынын ертеңгi күнi Ресей өз саяси мақсаттарына жету үшiн пайдаланатындығына шүбә келтiрмеймiз.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары