ОТАН КIМДЕРГЕ “ОТТАН ЫСТЫҚ?”
ОТАН КIМДЕРГЕ “ОТТАН ЫСТЫҚ?”
Таяудағы жылдардың бiрiнде оңтүстiк астана – Алматыда қызықты әлеуметтiк сауалнама жүргiзiлiптi. Қаланың ұлттық және орыс мектептерiнде жоғары сыныпта оқитын оқушыларының арасында сауалнама таратылып, онда бозбалалар мен бойжеткендерге мынадай сұрақтар қойылған: «Сен Қазақстанды Отаным деп есептейсiң бе?» «Шетелге кеткiң келе ме?», «Қазiргi Отаныңды мақтан ете аласың ба?» Мiне, осы сұрақтарға берiлген жауаптар көп нәрсенiң мәнiн аңғартып қана қоймайды, сонымен қатар көңiлде күптi еткен ойлардың тууына да себепшi сияқты. Атап айтқанда, орыс мектебiнде оқитындардың 30 пайызы (олардың бәрiнен бiрдей өзге ұлт өкiлдерi деп санасақ, өрескел қиянат болар. Өзiмiздiкi де жетiп жатыр!) Қазақ Елiн «Отаным» деп санауы былай тұрсын, тiптi қазiрдiң өзiнде бiзден кетуге даяр. 17 пайызы қанша қиналса да, түбi елден кететiн ойы бар. Ал 20 пайызы екi ойлы, елiн де менсiнбейдi, кетiп қалуға да қиналады. Демек, сол қаладағы өзге мектеп оқушыларының 67 пайызында отаншылдық сезiм жоқ. Құдайға шүкiр, ұлттық мектептерде оқитындардың 89 пайызы Қазақ Елiн «Отаным» деп есептейдi және мақтан тұтады. Бұған айтарлықтай көңiлiмiз көншiп қалды. Дей тұрсақ та, алдыңғы көрсеткiштер тiптi де жүрек жылытпайды. («Бiз осы кiмдi тәрбиелеп жатырмыз?»). А.Жұмабекова, 10(55), 2004 жыл, «Адам Ата-Хауа Ана».
Расында да бiз кiмдi тәрбиелеп жатырмыз? Тiптi тәрбиелеп жатырмыз ба, осы? Мұмкiн, бұл әлдекiмдердiң қытығына тиер, бiрақ бiздiңше, қазiргi Қазақ Елiндегi жас ұрпақтың бойында Отаншылдық сезiм мүлдем жоқ немесе әлсiз. Жастарды да тап қазiр бiзге жат, жаулық пиғылдағы теледидар, радио хабарлары, баспасөз ақпараттары, қала бердi көше «тәрбиелеп» жатыр…
«Отан неден басталады?» Күнi кешегi Кеңес Одағы кезiнде «Қалқан мен семсер» атты танымал фильмде шырқалған осындай атауы бар тамаша ән болған-ды. Өйткенi сол жылдары Отаншылдық тәрбие өз күшiнде болып, халықтың, әсiресе жас ұрпақтың көп бөлiгiн қамтыған. Ал қазiр демократия, пiкiр алуандылығының даңғазалығымен барымыздан айрылып бара жатқандаймыз. Бiз секiлдi 1991 жылы өз тәуелсiздiгiн алған Өзбекстан, Латвия, Украина сынды елдер баяғыда-ақ «бесiгiн түзеп», Отаншылдық тәрбиенi жолға қойып алыпты. Бiздiң қоғамда әлi сылдыр сөз көп те, нақты қолға алынған iс мүлдем аз…
Сонымен «Отан» атты бұл дүниедегi Алладан кейiнгi қасиеттi сөздiң мәнi қандай? Отан – үлкен ата-анаң, атамекенiң, сен үшiн осы әлемдегi бiрден бiр жаныңа жақын орын. Ол – ата-бабаларыңнан қалған мәңгiлiк мұра, өзiңнен кейiн де ұрпақтарың өмiр сүретiн мекен. Бұл ғұмырда әр пенденiң тек Отанын, ата-анасын, ұлтын «таңдап алуға» мүмкiндiгi жоқ. Ұлы Жаратушымыз кiмге қандай Отан, қандай ата-ана, қандай ұлт бередi, соны қаласаң да, қаламасаң да қабылдайсың. Әйтпесе, жұрт, соның iшiнде бiздiң елiктегiш қазақ өзге елдi, өзге ата-ананы немесе ұлтты «таңдап алуға» жүгiрер ме едi! Кiм бiлсiн?! Онсыз да өз ұлтынан жерiнiп, өзге ұлт «болғысы» келiп жүргендер қаншама?!
Мiне, осындай қарапайым да түсiнiктi ұғымдар әр баланың санасын мектеп қабырғасында ғана емес, тiптi балабақшада жүргенiнде-ақ (Тәрбиенiң өзi балабақшада басталатынын Мұхтар Шаханов ағамыздың қоймай айтуында терең мән жатыр емес пе?) сiңiрiлуi керек. Әрине, бұл бағытта мүлдем жұмыс жүргiзiлмейдi деп ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Орал қаласындағы санаулы қазақтiлдi бүлдiршiндердi туған елi мен ұлтын, төл әдебиетi мен мәдениетiн, ана тiлiн сүюге баулуға арналған нақты да қадау-қадау жұмыстар жүргiзiлуде және жүргiзiле де бермек. Тек сол iстерде пәрмендiлiк пен сонылық, жүйелiлiк жетiспейтiн сияқты. Ол аз десеңiз, отаншылдық тәрбие жұмысын бiр орталықтан басқару да, бағыттау да кемшiн.
Отаншылдық, Отанды сүю қасиеттi iсте ислам дiнiнiң мүмкiндiгi кеңiнен пайдаланылмай отыр. Қасиеттi Ислам дiнiнде Отанын сүйген, сол үшiн кез келген сәтте жанын қиюға әзiр адам – нағыз мұсылман. Шаһид болу, жиһад ұғымы да – сол Отанды сүю және оны жанқиярлықпен қорғау парызымен тығыз байланысты. АҚШ пен Батыстың, көршi Ресейдiң ақпарат құралдары «жаптым – жала, жақтым – күйе» дегендей, «жиһад» сөзi ислам дiнiнде ешқашан өзге ұлт немесе өзге дiн иелерiне қарсы күрес немесе соғыс мағынасында емес, қайта әр мұсылманның өз бойындағы олқылықтарымен арпалысы және Отанды сыртқы жаудан қорғау мағынасында қолданылатынын баса көрсетуiмiз керек. Бiз бұл мәселеге бекерден бекер ойқастап отырғанымыз жоқ. Өкiнiштiсi сол, бiздегi дiн бостандығын желеу етiп, шектен тыс еркiнсiп кеткен шетелдiк секталардың келешегiмiзге қатерлi iс-әрекетiнiң салдарынан, солардың арбауына түскен жекелеген қазақ жастарының әскери мiндетiн атқарудан бас тартқан жағдайлары бар. Қазiр олар саусақпен санарлықтай ғана, ал күнi ертең қаншаға жетерiн кiм бiлген?! Сонда қазақтың кең байтақ даласын айнала көз алартқан сыртқы күштерден кiм қорғайды?!
Отан. Отан… «Болашақ» бағдарламасы бойынша бұдан бұрын талай шетел асқан қазақ жастарының қаншасы Отанына оралмай қалды?! Жоқ, айта көрмеңiз, кездейсоқ қатерден емес. Ақыл-есi түзу, дiн-аман көптеген қазақ жастары өз елiн өзi менсiнбей, бөтен жұртқа қолжаулық болып қалғанына намыстануы былай тұрсын, тiптi қуана-қуана келiскен. Түсiнемiз, елiмiзге бiлiмдi де бiлiктi жас мамандар ауадай қажет. Бiрақ ол бiрiншi кезекте – Отанымыздың, қала бердi жас маманның мүддесiне сәйкес емес пе?! Ал жұрттың үмiтiн ақтамай, жат елден жақсы өмiр iздеп, жалтарып қалу – Отаныңа опасыздық жасағанмен бiрдей ғой. Сөз жоқ, соңғы кезде жастарды шет елге оқуға жiбергенде, олардың осындағы үйiн жас мемлекетiмiздiң кепiлдiкке қою да – ерiккендiктен емес, шарасыздықтан туған шара.
Менiңше, мұндай оспадарлықтың өзi Отанымыз тәуелсiздiгiнiң алғашқы жылдары тәжiрибесiздiк пен асығыстықтың салдарынан орын алған болар. Сол жылдары шетелге «Болашақ» бағдарламасы бойынша нағыз ұлтжанды бозбалалар мен бойжеткендер емес, тамыр-таныстық бойынша Алматының «еркетотайларының» кеткенi, тiптi де, құпия емес. «Ендi асатсаң да құлдық» деген екен бiр жетiм бала. Сол айтқандай, аталған өрескелдiктiң келешекте қайталанбасына сенгiмiз келедi. Негiзi «Болашақ» бағдарламасы бойынша ана тiлiн меңгерген, ұлт мектебiн бiтiрген, тұла бойында ұлтжандылық сезiмi тұнып тұрған, әсiресе алыстағы қазақ ауылдарының балалары (әрине, терең бiлiмiмен қоса) жiберiлсе, қандай жақсы!
Жоғары және орта арнаулы бiлiм беретiн оқу орындарында, орта мектептерде отаншылдық тәрбие жүйелi де пәрмендi жүргiзiледi деп айтудан жасқанамыз. Оған дәлелiмiз – ұлтымызға жат «Валентин күнi» немесе өзге де мереке-сымақтардың аталған оқу орындарында даңғаза күйде кеңiнен аталып өтiлiп, ал Қазақстанның Тәуелсiздiгi мейрамы мен өзге де атаулы күндердiң кейде елеусiз қалуы. Мәселен, өткен жылы 1916 жылғы қазақтың ұлт-азаттық көтерiлiсiне 90 жыл толды. Ал осы атаулы күннiң облыс көлемiнде еленбей қалғаны бар. Немесе ұлттық намысымыздың отқайраққа түсiп шыңдалған шақтары – 1986 жылғы Алматыдағы ұлт-азаттық көтерiлiсi мен 1991 жылғы 15 қыркүйектегi Оралдағы толғағы жеткен дүмпудiң 15 жылдығының аталып өтуi былай тұрсын, мүлдем ауызға алынбауын немен түсiндiруге болады?! Тiптi қазақ жастарының Желтоқсан көтерiлiсiн «көтерiлiс» деп атамай, сол бұрығысынша «оқиға» деп сүмiрейтуiмiздiң өзi дұрыс па? Былтыр мемлекет пен қоғамдық пiкiр тарапынан Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi мен 1991 жылғы Оралдағы қыркүйек сiлкiнiсiне соны сараптау, байсалды бағамдау күтiп едiк. Бiрақ үмiтiмiз ақталған жоқ. Әлде оған да Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзi тiкелей «араласуы» керек пе?!…
Отан: Отан… Орыстың белгiлi ақыны, әншiсi, актерi, марқұм Владимир Высоцкийдi кезiнде Францияда тұрған әйелi Марина Влади (оның да тегi Ресейден) Парижге қоныс аударуға, аталған елдiң азаматтығын алуға шақырыпты. Бұл ұсыныстан ол үзiлдi-кесiлдi бас тартқан. Өз елiнде әкiмшiлiк-рухани қысымға ұшыраса да, туған жерiн қимаған әншi былай деген екен «Маған Париждiң қайыңдары ұнамайды». «–Қайыңдары?! – деп, таңдана, қайта сұрапты Марина Влади, – Ау, олардың орыс қайыңдарынан қандай айырмашылығы бар?!» – «Жоқ, – деп шорт кесiптi В.Высоцкий. – Мәскеудiң қайыңдары Париждiкiне қарағанда өте әдемi және менiң жаныма жақын…»
Сөз жоқ, Парижге барса, мүмкiн ол көп ақшаға кенелер едi. Дүниенi емiн-еркiн аралап, айдай әлемге атын шығарар ма едi, кiм бiлген?! Бiрақ… ол барған жоқ. Сiрә, «Кiсi елiнде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан болғанды» жаны қалаған сияқты.
Таласпаймыз, мүмкiн әлдекiмге АҚШ пен Швейцария немесе өзге ел бiзден гөрi әдемi, тартымды, жақсы көрiнер. Алайда ол… бөгде кiсiнiң елi, өзгенiң жұрты ғой. Айтпақшы, «Сұлтан» дегенде есiмiзге түсiп отыр. Бiзден тым алысқа кеткен ХIII ғасырда Мысырда сұлтан болған Бейбарыс бабамыз алыс сапарға шыққан араб көпестерiне қыпшақ даласынан бiр шоқ жусан әкелудi тапсыратын көрiнедi. Қыпшақ (қазақ) даласының жусанын. Туған елдiң, Отанымыздың жұпар иiсi аңқып тұрған жусанды…
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ