ЖАТ ЖАРЫЛҚАҒАНЫҢДЫ ТҮСIНСЕ ЖАҚСЫ
ЖАТ ЖАРЫЛҚАҒАНЫҢДЫ ТҮСIНСЕ ЖАҚСЫ
Қар ерiп, күннiң көзi жадырай бастағаннан-ақ, еңбек мигранттарының елiмiздiң қала орталықтарына лек-легiмен ағылатыны бар. Әуелгi кезде шекарамызды имене аттайтын олар, қазiр баяғыдай емес, өзiмсiнiп, батылданып алған сияқты. Оған белгiлi себептер де жоқ емес. Бұрын алда-жалда, абайсызда құрыққа түсiп қалса, арнайы қамауға алынып, тексеруге алатын. Егер өзiн растайтын төлқұжаты болса оған белгiлi мөлшерде айыппұл салып, қайта өз еркiне жiбере салады. Ал негiзiнде ешқандай құжатсыз, басқа ел аумағын қаперсiз кезiп жүргендерiн заң бойынша бұл төңiректен бiржола аластатуы тиiс десек те, бiрақ кейбiр заң қызметкерлерi қалтасына бiрдеңе түссе болды, жеке басын күйттеп кете барады.
Негiзi олар құрылыс жұмысының науқаны басталғанда әрi сауда-саттық, оның iшiнде көкөнiстiң тап қызған шағында шекара асып, бiздiң елге жол тартады. Өйткенi, көршi Ресей оларды қуана қарсы алайын деп отырған жоқ. Қазақстанға келмегенде, қайда ағылсын?! Қарасаңыз, арасында бесiктен белi шықпай жатып өмiрдiң қатал тауқыметiне етене енiп кеткен жасөспiрiм де, орта буын ағалары да, көзiн ашқалы берi саудаға бейiмделген қыз-келiншектер мен оның титтей балалары да бар. Олар әсiресе, құрылысы қызу қарқын алып жатқан Алматы, Астана секiлдi үлкен мегаполиске келiп, нәпақасын табуды күйттейдi. Тiптi, бiраз ақша жинап алғандары осы жерде бiржола қалып, түтiн түтеткiсi келетiнiн жасырмайды да. Олардың айтуынша, мұнда ақша көп, сондықтан өмiр сүруге әбден болады. Мынандай оқиғаға тап болғаным бар едi. Былтырғы жазда бiр топ өзбек жұмысшысы туысымыздың үйiн салуға көп саудаласпай-ақ жалма-жан келiстi. Бас көтерер бiрлi-екiсi болмаса, өңкей мектептi аяқтамай, тастап кеткен жасөспiрiмдер. Буыны бекiмей жатып ауыр бейнетке етi үйренiсiп кеткен оларға тек ақша табу керек. Өздерi алғашқыда азып-тозып, аш-жалаңаш кейiпте келгенмен, көп уақыт өтпей-ақ беттерiне қан жүгiрiп, толысып алды. Мұнда әйтеуiр, тамағы тоқ, көңiлдерi жайланды, ең бастысы, екi қолға бiр күрек — маусымдық болсын, жұмыс тауып алды. Ал өз елiнде мұның бiрi де жоқ көрiнедi. Бiрде осы заңсыз келiмсектердi әдейi аңдып, қолға ұстауды көздеп жүрген сақшылар әлгi нысанға қарай бет алды. Құрылысшылардың бiреуi байқап қалды ма екен, бәрi әп-сәтте жапа-тармағай тұра жүгiрдi. Сасқалақтағаны соншалық, ендiгi бiрi тығылуға үлгермей қақпанға өзi келiп түскенiн сезбедi. Содан учаскелiк сақшылар үйреншiктi әдетiне салынып, әрқайсысынан 4 мың теңгеден ақша дәметiп, "ары қарай жұмыс iстей берсiн, мына үйдiң қожайыны тек ай сайын бiзге "отметка" жасатып тұрса болғаны" дегенi. "Әйтпесе, бәрiн тиеп аламыз да, қамап тастаймыз" деп тағы үркiткендей болды. Сонымен не керек, "ай сайын бұларға ақша құйғанша, дереу үйiмдi бiтiрiп алайын" деген ағайымыз, тиiстi мекемеге барып, керектi рұқсат қағазын алған едi. Ең сорақысы, "бұлар да адам ғой, өз еңбектерiмен тапқан адал ақшасы өздерiнде қалсын", — деп ағам жанұшырып сенделiп құжат жасатып жүргенде, әлгi өзбек ағайындар өзектен теуiп, бастапқыдағы келiскен соманы азсынып, менсiнбей шықты. Сонда, "сипағанды түсiнбеген" заңсыз мигранттардың басынғаны ма, бұл қалай деп аң-таң қалғанымыз бар. Бiрақ бәрiбiр олардың айы оңынан туды. Өйткенi осыдан кейiн көп ұзамай елiмiз заңсыз мигранттарды тез арада заңдастыру шараларын бастап кеттi. Сол жаздың өзiнде-ақ 300 мыңнан астам еңбек мигранттарын заңдастырып үлгерсек, қазiр бұл көрсеткiш күннен-күнге өсiп барады. Бұл заңдастыру шараларының қоғамға тигiзер пайдасы бар ма? Бар болса, қандай? Бiр бiлетiнiмiз — бұдан елiмiздiң бюджет қазанына миллиардтаған табыс түседi-мiс. Естерiңiзге сала кетсек, саясаты мығым алып Ресей өз елiндегi базар-ошарларда келiмсектердiң сауда-саттық жасауына үзiлдi-кесiлдi тыйым салған болатын. Егер бiр базардан бөгде елден келген, еш құжаты жоқ еңбек мигранты табылса, бiттi, сол базар қожайынына қомақты айыппұл салады немесе жауып тастауға үкiм шығаратынға ұқсайды. Сондықтан болар, олар Ресей секiлдi емес, басынан сипап қоя салатын әрi үш жылға құжатын заңдастырып беретiн Қазақстан төңiрегiне келудi әлдеқайда бақыт санайды. Ал Ресей болса, бұған жол бермеуге қолдан келгенше тырысып бағуда. Әрине, өз ұлтының қарасы азайып бара жатқанда, қандай ел келiмсектермен зайырлы мемлекет бола алады? Сол себептен, жан-жақтан, әсiресе, Орта Азия елдерiнен қаптаған заңсыз мигранттарды елден аластату жағдайы қарастырылып, заң жолына қойылды. Алайда, "Федеральды көшi-қон қызметi (ФМС) заңсыз мигранттарды қадағалауға келгенде солқылдақтып танытып отыр", — дейдi Михаил Фрадков. Оның айтуынша, осы жан-жақты, көп аспектiлi жауапты жұмысты еш босаңсытып алмау тиiс. Өйткенi, бүгiнде ФМС-тiң өкiлеттiлiгi 4,5 мың адамға көбейiп, жедел-ғабыл түрде зерттеу жүргiзу шараларына жұмылдырылса да, әлi де баяу. Соған байланысты iшкi және сыртқы заңсыз еңбек мигрант мәселесi күн тәртiбiнен түспек емес. Тiптi, мұны Үкiметтiң өзi жiтi бақылауына алған. Мәселен, Премьер апта сайын елдегi базарларда шетелдiк азаматтардың 1-сәуiрден бастап жұмыс iстеуiне тыйым салуға байланысты шенунiктердiң атқарып жатқан шарасын тыңдау үшiн басқосу өткiзедi. ФМС-тiң дәл қазiргi ақпаратына сәйкес, заңсыз мигранттардың ұйымдарын әшкерелеген 72 фактi, жұмыс iстеу үшiн жалған құжат жасатқан 965 оқиға, шетелдiктердiң Ресейде жүрген уақытында 112 заң және тәртiп бұзушылық әрекетi тiркелген. Мұнымен қоса, басқа елден келген жұмысшы күшiн заңсыз пайдаланғаны үшiн 12 мың 345 жағдай анықталыпты. Хош делiк. Тағы бiр айта кететiн жайт — жақында МемДуманың бiр топ депутаты "Ресей Федерациясындағы шетелдiк азаматтардың құқықтық жағдайына байланысты" заңға өзгертулер мен түзетулер енгiзудi ұсынды. Қысқасы, олар Ресей аумағына күнкөрiс үшiн, яғни, жейтiн нанын табуға келгендер мiндеттi түрде орыс тiлiн үйренуi керек деген ұйғарымға тоқтады. Аталмыш заңға өзгерту жасауды құптап отырған автордың бiрi Александр Крутовтың пiкiрiнше, заңсыз немесе заңды еңбек мигранттары осы елдiң өкiлi ретiнде құжат алып, елдiң атын жамылып жүргендiктен, қалай да орыс тiлiн бiлуi тиiс. Егер шетелдiк азамат орыс тiлiн мүлдем бiлмейтiн болса, арнайы мемлекеттiк курстарға жiберiп, оқуға көмек көрсету, яғни, тiлдi меңгеруге толық жағдай жасау Ресейдiң мойнында дейдi. Ал өз еркiмен келген келiмсек тiлдi үйренбеймiн десе, онда оған бұл мемлекеттен бiржола кетуiне тура келедi. "Жоқ, Ресейде тұрып, күнiмдi көремiн" дейтiндерге тiл үйрену үшiн кететiн шығынын жұмыс берушi өзi көтередi. Сондай-ақ, бұл ауқымды шараға Бiлiм, ғылым министрi мен Федеральды көшi-қон қызметi бiр ауыздан жұмылдырылмақшы. РФ адам құқықтары жөнiндегi өкiлi Владимир Лукин: "Шекарамыздан аттаған мигранттар заң негiзiнде тiркелiп, сол елдiң тiлiнде сөйлегенiн құптаймын" десе, Ал "Единая Россия" фракциясы жетекшiсiнiң орынбасары Валерий Рязанский бұл заңның мына қарқынмен жедел түрде қабылданатынын айтқанмен, А.Крутовтың заң жобасы әлi фракция iшiнде өзара талқыға салынбағанын жеткiзiп, мұндай заң қабылдауға ешқандай қажеттiлiктiң жоқтығы жөнiнде жеке пiкiрiн бiлдiрдi. Алайда, "Көп түкiрсе көл" емес пе?! МемДумадағы депутаттардың денi осы заң жобасын (бiздегiдей бiрiншi оқылымда-ақ) мақұлдайтын ойларынан хабар бердi.
Сол сияқты "Российская газетаға" берген сұхбатында дiндар Митрополит Кирилл қаржыгерлердiң Ресейде жұмысшы күшiнiң тапшылығы аса байқалуда, яғни, елiмiздi дамыту үшiн тек сол мигранттардың ғана көмегi керек" деп дабыл қаққан пiкiрiне былай деп жауап берiптi. "Қазiргi заманда ел мен елге өту, шекара асу үйреншiктi жағдайға айналды. Әсiресе, мигранттардың қарасымен ұлтының құрамын толықтырып отырған елдер үшiн бұлар аса қажет әрi экономикасын iлгерi жылжытуына септiгi тиетiнi рас. Ал мұның екiншi қыры бар. Жаппай көшi-қон және былыққа толы көшi-қон саясаты өзiмен көптеген қауiп-қатердi ала жүредi. Бұл ұлттық менталитеттiң де өрiс алуына зардап әкелiп, өзара қақтығыстарға ұшыратады. Мұны кез-келген ел бастан кешiрiп отыр, соның iшiнде Ресейдiң де қалыс қалмағанын байқау қиын емес. Нәтижесiнде бұл ксенофобия ауруына шалдықтырмай қоймайды. Ол үшiн жастарды Отанды сүюге, басқа ұлт пен дiни дәстүрiн сыйлауға, өркениетке жетуiне тәрбиелеу керек" дегендi айтыпты. Қарап тұрсаңыз, барлық игi шара мемлекеттiк тiл — орыс тiлiңiң асқақ мәртебесi үшiн жасалып отыр. Ал бiзде ше? Елiмiзге жыл сайын нәпақа iздеп келген келiмсектерге қандай талап қойылып жатыр? Ешқандай да. Керiсiнше, бiз өз жерiмiздегi үйсiз-күйсiз жүрген қазағымызды, Отанының бiр уыс топырағын иiскеудi аңсаған оралмандарымызды ысырып қойып, заңсыз келiмсектерге жағдай жасап, құжатын заңдастырып берудi өз мойнымызға алдық. Жырақта жүрген бес миллион қазағымызды елге әкелiп, жер, баспанамен қамтамасыз етiп, "төртеуiмiздi түгендеудiң" орнына заңсыз мигранттарды жарылқауымыз қалай? Осы қонақжай, жалпақшешейлiгiмiздi түсiнiп жатқан олар бар ма, керiсiнше тiлiмiздi мүсiркеп, аяқ асты етуге құмар ма дейсiң. Жанға бататындығы сол, өзi кiмнiң шаңырағында жүргендiгiн бiле тұра, қарамағындағы жұмысшыларына "қазақша сөйлемеңдер!" деп қоқан-лоққы көрсеткен түрiк азаматына не жорық? Мұны естiп, дереу тергеу амалдарын жүргiзген прокуратура әуелгi кезде тек айыппұл салумен шектелсе, кейiннен бұл азаматты шекарадан шығаруға шешiм шығарыпты. Бар болғаны сол. Мәселен, дәл осы заңсыз әрекет әлгiндей саясатты ұстанып отырған Ресейде орын алса, жағдай басқаша өрбитiн бе едi, кiм бiлсiн? Олар үшiн бұл сөз адамды өлтiргенмен бiрдей әсер ететiн шығар. Әрине, сол елдiң иесi — қожайындарына, "елiм, жерiм, тiлiм" деп отырған ұлтшылдарға "ана тiлiңде сөйлеме" десе құдды пышақ сұғып алғанмен тепе-тең емес пе? Керiсiнше, бiз оларға "Мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiнде сөйле" деп айтуымыз керек қой. Бiрақ қазiр өз жылы орнынан айрылғысы келмейтiн бiздiң шенеунiктер мұндай сорақылықты көрсе де көрмегенсiп, естiсе де тас кереңденiп қалады. Қысқасы, оларға ұлттық мәселеден гөрi шен мен шекпенi әлдеқайда қымбатырақ. Сосын бұға бергендi кiм болса да сұға бермей қайтсiн. Демек, Ресейдiң Федеральды көшi-кон қызметi Орта Азия, ТМД елдерiнен келген еңбек мигранттарының бүгiнде 10 миллионға жуықтап қалғанын ескерiп, аталған iс-шараларды жүзеге асыруға құлшына кiрiстi. Есесiне, олар алдағы үш жылдың iшiнде шамамен 9 млн. отандастарын қайтаруға бар күшiн салып отыр. Өйткенi, демографиялық дағдарыс бала туу саны жағынан ғана емес, өлiм көрсеткiшiмен де тығыз байланысты болып отырғандығы алаңдатпай қоймайды.
Биылғы жазда да елiмiздi еңбек мигранттары шамадан тыс қаптайтын түрi бар. Тобықтай сөздiң түйiнi, қазақ елi келiмсектер мен босқындар арқылы тұралап қалған демографиясын iлгерi жылжыта алмайтыны анық. Отанымыз миллиондаған заңсыз мигрантқа қорған болғанша, неге өз қандас бауырларымызға пана болмайды?
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ