Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Қарамеңді батыр ауылының тұрғындары бұл жерге 2007 жылы қоныстанған. Су да, жарық та тартылады деген сөзге сенген жұрт қаз-қатар үй салған. Арада біраз жыл өтсе де, сол уәде орындалмапты, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
"Сол ауылдағы көршілерден электр қуатын сұрап жүріп, әйтеуір үйді салдық. Айтып жатқан әкімшіліктің бәріне 1-2 жыл сендік, күттік. "Әне тартылады, міне тартылады, күтіңіздер" деді. Енді 20 жыл өтті", - дейді ауыл тұрғыны Бақытжан Жамалиева.
Қазір ауылда 17 үй жарықсыз отыр. Бірі өз қаржысына алған генератормен күнелтсе, бірі көршісінен тоқ сұрап, күн кешеді. Күні-түні гуілдеген шуды айтпағанда, кернеу тұрақсыздығының өзі тұрғындарды әбігерге салған.
"Біз неше мұздатқыш, неше теледидар ауыстырып тастадық. Өйткені күшейіп кетеді, кейде азайып кетеді, енді жанып кетеді", - дейді ауыл тұрғыны Бақытжан Жамалиева.
Жарнама
Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар. Демеушілердің қолдауымен шамамен 4 миллион теңгеге трансформатор алған.
"Бірақ әрі қарай электр бағандарын орнату мен сым тарту жұмыстары халықтың өз қалтасынан болуға тиіс", - дейді әкімдік өкілдері. Ал бұл үшін қосымша 7-8 млн теңге қаржы керек.
"Біз үйде немерелеріміз бар, балаларымыз бар деп шырылдаймыз. Сабаққа барады. Сабағын оқиды, кейде оқи алмайды. Бірде жарық бар, бірде жарық жоқ. Линиялар түбімізде тұр, дәл мұрнымыздың астында. Содан жарық тарта алмай отырмыз. 3 млн тауып бере алмай отырғанда, біз бағанды, сымды қалай тартамыз? Әрбір баған 100 мыңнан тұрса...", - дейді ауыл тұрғыны Марат Бұхарбаев.
"Иә, бұл мәселе 20 жыл бойы шешілмей келеді. Трансформатор алынды, бірақ қалған жұмыс жеке қаражат есебінен жүруге тиіс. Тұрғындардың жағдайы оны көтермейтінін білеміз. Сондықтан демеушілерден көмек сұраймыз", - дейді Жаңаесіл ауылдық округінің әкімі Айтпай Жанатаев.
Әкімдік табалдырығын тоздырудан жалыққан тұрғындар наз-мұңы ескерілетін күнді асыға күтеді. Атқарушы билік өкілдері демеуші табылар деп үміттенеді. Себебі мәселе сонда ғана шешімін табады.