ҚҰМ-БЕСIКТЕ ТYЛЕГЕН...

ҚҰМ-БЕСIКТЕ ТYЛЕГЕН...

ҚҰМ-БЕСIКТЕ ТYЛЕГЕН...
ашық дереккөзі
438
1. БАСТАУ БАСПАЛДАҚТАРЫ
 

Осы бiр жылы жүздi, иманды, өзiн өзгеге әдептi сездiретiн, салиқалы келбетiнен жымиысы нұр болып төгiлетiн, кербез қимылынан әбжiлдiгi басым жанмен көптен таныспыз. Аты-жөнi Сансызбай Құттыбаев. Оны алғашқы бiлген сәтiмiз қазақ зиялыларының кезектi бiр бас қосуында болатын. Сәкеңдi, оқуы мен тоқуы бойларына қалыптасқан бiлiмдi, мәдениеттi зиялы тұлғалардың ортасынан көрдiк. Жиналғандар арасында қазақтың бетке тұтар абзал азаматтары Әбдiжәмiл Нұрпейiсов, Зейнолла Қабдолов, Манаш Қозыбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Шөмiшпай Сариев, Құдайберген Сұлтанбаев сияқты ағаларымыз бен iнiлерiмiз де бар едi. Таныстық. Бiлiстiк. Ұғыныстық. Сондағы отырыс, пәлсапасы жоқ кеңес ұмытылмастай есте қалды.

Ол азаматты ойлағанымызда көз алдымызға ару Алматы елестейдi. Одан әрi ақбасты Алатау. Көктөбе көбесi. Табиғаттың әуездi көрiнiстерi Алматының жырлы келбетiндей болып, тау етегiнен бастау алатын сыр құшқан қырат төбелер, зердемiзден бұлың-бұлың өтiп жататын… Мiне, бүгiн де бәрi-бәрiсi тайдың таңбасындай айқынданып, сол бiр абатты сәттер тағы елес бердi. Онда көктемнiң жайма шуақ күндерiнен еншi алған сәуiрдiң сәруәрлi шақтары едi. Барқарар жақсылардың қымызы аңқыған дастархан басындағы әдеттегiдей кезектi сыр шертiсi болатын. Зиялы қауым арасындағы пiкiр додасында республика орталығының Орталық Қазақстанның Солтүстiк бөлiгiнен бой көтерген Ақмолаға көшiрiлгендiгi, елорданың Астана деп аталуы әңгiме дүкенiнiң шырайын келтiрiп жақсыларды бiр сiлкiнткен. Жаңа Астананың республикамыздың жәй ғана әкiмшiлiк орталығы болмай өкiметтiң басты орғандары орналасқан орталыққа айналуы халық еңсесiнiң тiктелгендей айғағы екендiгi де отырысқа арқау болып, көңiл күмбезiндегi көрiктi армандардың бiрегейi екендiгi ақиқатқа айналып едi. Сонда, Сансызбай Құттыбаев, зиялы қауымды өзiне бiткен шешендiгiмен, Отанымыздың iлкi ширақ адымдарын пайымдап, Әлем тынысын бiлгiрлiгiмен, әрi батылдығымен таң қалдырып едi. Инабаттылығымен айтарын сөз мәйегiнде ұйытып, тыңдаушыларының ойының үстiнен шыққандығымен тұлғаланды. Әсiресе келелi мәселенi қамшы таспасындай өрiп, керiм айшықтап, пайым тартысымен безбендеп беретiндiгiнен еңселендiк. Оның бүкiл болмысындағы адами кiсiлiк жан дүниесiндегi тазалықтан бастау алатындай көрiнген-дi. Содан берi араға талай жыл сiлемiн салды… Бертiн келе аралас-құраласта жүрiп ол өз елiнiң Ана тiлiн бойтұмардай қастерлеп, ұлттық дәстүрiн қадiр тұтатындығын, қай салада басшылық қызметте жүрсе де әр iс-әрекетiнен тау бөктерiндегi доланадай, жақсылық аңқып тұратындығын талай-талай аңғардық. Сансызбай Құттыбаевтың жүрiп өткен өмiр өткелдерiндегi бастауы айқын басбалдақтарына көз салсақ: ол қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда туған. Ауылдың саумал ауасымен тыныстап, ақ шағыл құмдарының табына апталып өскен. Өз мүддесiнен гөрi ел мүддесiн көбiрек ойлайтынын, еңбегiнiң дiлiн мақсатымен сапарлас жан-тәнiмен танытып жүр. Сәкең Алматыдағы Қазақ мемлекеттiк ауыл шаруашылық институтының түлегi, мамандығы – жөндеу-механикалық инженерi. Оның үстiне Өскемен жол құрылыс институтының экономист саласын да иемденген. Еңбек жолын 1970 жылы Қызылордадағы жөндеу-механикалық зауытында қатардағы технолог қызметiнен бастап, Қазақ Республикасының Көлiк министрлiгiнiң Бас басқармасының бастығы, вице-министр қызыметiне дейiңгi лауазымдары бар жолдан отыр. Министрлiкте қызмет атқара жүрiп Шығыс Қазақстандағы жер сiлкiнiснiң зардаптарынан қираған шаруашылықтарды қалпына келтiру жөнiндегi Үкiмет коммиссиясына мүше болып, зiлзаланың жарақаты жазылғанша 1990-1991 жылдары Алматы-Зайсан аралығында сабылып, Зайсан қаласында күндер мен түндерiн, айлар мен жылдарын өткiздi. Көлiк саласындағы Мемлекеттiк холдингтiң Вице-президентi қызметiнде жүрген оның тiкелей қатысуымен Қытайдың Үрiмшi қаласында Қазақстан және Қытай Республикасының бiрлескен кәсiпорны құрылып, бұл еңбегi бағаланып, оны шет елдегi, оны кәсiпорнының басқарма мүшелiгiне сайланды. Қазақстан Үкiметi Республикадағы өзiне қарасты барлық автотранспорт кәсiпорындарын бiрiктiрiп Мемлекеттiк Автокөлiк кәсiпорнының Бас директоры болып тағайындалып, Республика аумағындағы 57 кәсiпорынға жүйелi басшылық жасап, өрелi бағдарламаларды жүзеге асырды. Кезiңде Сансызбай Құттыбаев Үкiмет пен Мемлекеттiң тапсырмасымен Иран, Түркия, Қытайда бiрнеше рет болды. Негiзiнен жас Қазақ Республикасымен осы мемлекет арасында алғашқылардың бiрi болып, автокөлiк қатынасын жолға қою жөнiндегi мемлекетаралық мемерандум, шарттар жасауға қатынасып, осы шарттарды iске асыруға атсалысады. Жапония, АҚШ-қа барып жаңа рынок экономикасын алға апару жолында түрлi оқулардан өтiп, оны туған ел қадесiне iс жүзiнде жүзеге асыруға барынша тырысты. Сәкеңнiң халқының рухани байлығын жоғалтпауға жасаған еңбегi де араға жыл сiлемiн салғанымен алтын бағандай ел есiнде еленедi. Анау, 1990 жылдың басында Қызылорда да алғашқы «Қазақ тiлi» қоғамын құруға қатысып Қоғамның президумының мүшесi, кейiн Алматыдағы туған елге септiгiн тигiзу мақсатында бiраз елеулi қоғам жұмыстарға араласты. Сансызбай Құттыбаевтың жақсы қасиеттерiнiң бiрi, ананың уызымен бойына сiңген ешкiмге ұқсамас азаматтыққа тән мiнезi. Сабырлы да салмақтылығы. Керек жерiнде ой-пiкiрiн шен-шекпенiңе қарамай тiке, кiм-кiмге болса да ашық айта алатындығы. Досына деген тұрақтылығы. Кiсiлiгi. Осы болмыстары арқылы өзгелерден ерекшелендiретiнiн байқадық… Оның өмiр соқпақтарының бастауындағы, мөлдiр баспалдақтары осылай қалыптасып, алғы күндер мiнберлерiне табанын нық тiреген кезеңiндегi өрлеу шыңы көз қарықтырады…
2. САНСЫЗБАЙ – АҚЫН
 

Тарихшы әрi журналист-жазушы, Республикалық «Алтын жұлдыз» ЮНЕСКО сыйлықтарының иегерi Өмiрзақ Жолымбетовтың: «…Бала Сансызбайдың қиялы телегей теңiз ұшанында бiрде тереңге шым-батып, бiрде тамшы болып жал-жалдың биiгiне көтерiлiп, бұрқ-сарқ еткен толқынға балап кеудесiн төсеп, тылсым тереңiнiң тынысын жан-жүрегiмен тыңдатып, ақ құмға аунап алыстарды армандайтын. Сол кезде оның кiшкентай ғана көкiрегiне әлдеқайдан, алыстан келген сезiм сырлары, әлде ойлар шыға алмай кептелiп, қиял бесiгiнде тербелетiн. Жан-дүниесi астан-кестен толқын кешiп, теңiз үстiндегi ақ шағаладай шарқ ұратын. Ұлы құмды шарлап, ұлағаттық деңгейлерiнде жүрiп, шаруашылықтың қилы салаларын басқара бiлгендiгiмен елеңгенде аққаймақ жырлары сомдана түстi.

Ол өз өлеңдерi жайлы томаға тұйық. Кеудемсоқтықтан аулақ. Әсiре мақтанға барғанын көрген емеспiз. Сансызбайдың жыр шумақтары, ұйқас мақамдары қайнаған қазан ернеуiн шымыр-шымыр бүлкiлдетiп жататын ақ сүт iспеттi. Тұла бойын қоздырар шабыты өзiн арқаландырып, шабыт-қиялы көктi тiлгенiмен орынсыз қағаз шимайламайды. Селдетiп төгер сәтiнде ғана қаламды қолына алады. Айталық: Жаңбыр керек, жаныма нөсерлеткен, Жасын керек, жасампаз, келер өктем. Тiлiп өтем, Бұлтты тiлген найзағай, Бiр-ақ тулап, жарқ етiп өтер көктен. Өмiрде өршiл, өзiнiң азаматтығымен мынау ғаламға iңкәр, ақын, осылай ебiл-себiл боп ағынан ақтарылса, осы өлеңiнде жанына дауыл керектiгiн, патырлап көктен түсер бұршақты iздейтiнiн жырға қосады. Айналасындағы мүләйiм жандарға жiгер екенiн ұғындырады. Тiршiлiкке ақын көзiмен қарай отырып, салиқалы саумал сезiмдерiн асқақтатады. Әлi де сол өмiрге құштар жанына: Теңiз керек ақ көбiк аспанға атқан, Шағаласы шаңқылдап аспандатқан. Жанға дауа, Дегенмен мен ешқашан – Қан алмаймын қамкөңiл қасқалдақтан, деп тебiренедi. Ақын ойының астарында өзi басшылық жасайтын аудан көлемiнде адамдарға қалай қарайтынын аңғартқандай. Бiрақ ол, керек жерiнде қатты бола алмайтындығын, талап қоя бiлетiндiгiн де жасырмайды: Қаттысын дер, қатты дер ат тұяғын, Жоқ, жұмсақпыз. Ал, сенiң, ықтиярың, Жанға қауiп – Дегенмен мен әрқашан, Оқ жыланның басына ақ құярмын – деген ата салтымен жүрек жылуының лебiн естiредi. Халық даналығындығы «үйге келген жыланды да басына ақ құйып» шығаратынын ой жиегiмен әдiптеп, жырмен кестелеп оқырманына жеткiзе алған. Жаныңның қыл тамырын шиырлатар осындай жыр шумақтарын қай жинағынан да молынан кездестiремiз. Ол ең алдымен айналасына зәрулiкпен, қажеттiлiктен туындайтын болмыстарға назар аударады. Сондықтан Сансызбайдың бiр-бiрiмен қабысып, табысып жататын шумақтары оқырманның жан-дүниесiн баурап, өлеңге деген ынтасын арттырады. Мұндай мағыналы мақсат арқалаған жырлар, ақынның қай кiтабын парақтап қарасаңыз да жеткiлiктi. Оның қаламынан әр жылдары «Бұйрат», «Ақ шағыл», «Ой өрiмдерi», «Ұлы теңiз, ұшан көл» сияқты жыр кiтаптары өмiрге келген. Iзеттiлiгi, кiшiпейiлдiлiгi, қарапайымдылығы Сансызбай Құттыбаевтың шығармашылық жолындағы ұстанған мұраты, қағидасы десек жаңылмаймыз. Ақынның өлеңдерi бастан-аяқ қалың оқырман қауымымен сыр бөлiсуге негiзделген. Өмiр-тiрлiктiң құбылмалы, құйтырқы, түлкi бұлаң сәттерiне де арналған. Жалпы жұрттың көкейiнде жүрген өзек-жарды ой-толғаулары да жетерлiк. Ақын ақ сөйлеп, адал жүрудi негiзгi нысанасы етiп алған. Сондай-ақ Сәкең тарих пен өнердi назарынан тыс қалдырмайды. Елiмiз егемен болған алғашқы жылдардың басында-ақ Кiшi жүздiң iшiндегi Алты ата Әлiмнiң шежiресiне сүйенiп Ж.Дәуренбеков екеуi бiрлесiп жазған «Алты ата Әлiм» атты шежiрелiк әңгiмесi мен Ә.Шөмен ұрпағы хақындағы зерттеу кiтабы бар.
3. КҮРМЕУ
 

Бағасы бар дүниенi бағалай бiлетiн талантты тани да алатын, сыйлауға тұрарлық адамды сыйлай да, сынай да бiлетiн, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi Сансызбай Құттыбаев осындай жан.

Оның кәсiби мiндеттерiнiң айқын алға жылжуы, көңiлдерде тұрақтануы, өзi жетекшiлiк еткен аумақтардағы елдiң әл-ауқатының қуаттылығының кепiлi. Азаматтық зор тұлғасы бар Сәкең осы күндерi 60-тың есiгiн қағып тұр… Сөз соңында бiз Сәкеңе:құймақұлақтық қабiлеттiлiгiңмен, көрген-бiлген, естiгенiңдi ұмытпайтын зеректiлiгiңмен, сергектiгiңмен, Елiңе игiлiк сыйлаудан танбайтын қажырлы iскерлiгiңмен бәрiмiздi өстiп әр уақытта қуанта бер демекпiз.
Нұридiн БАЛҚИЯҰЛЫ,профессор. Кәрiм АЙНАБЕКОВ,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi  

Серіктес жаңалықтары