«ҚАЗАҚМЫС» КӨТЕРГЕН БАСТАМА

«ҚАЗАҚМЫС» КӨТЕРГЕН БАСТАМА

«ҚАЗАҚМЫС» КӨТЕРГЕН БАСТАМА
ашық дереккөзі
289

Жақында Алматы қаласында «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен «Әлеуметтiк жауапкершiлiк – қазақстандық бизнестiң бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң негiзi» атты халықаралық конференция болып өттi. Форумның ұйымдастырушысы ретiнде «Альтернатива» актуальдi зерттеу орталығы және «Мир Евразии» ақпараттық-талдау журналы жан-жақты пiкiрiн ортаға салды.

Конференцияның күн тәртiбiндегi негiзгi мәселесi: Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi – уақыт талабы және мемлекеттiк саясаттың маңызды бағдары; әлеуметтiк жауапкершiлiк қағидаларын жүзеге асыру, Қазақстанның жетекшi компанияларының қазiргi заманғы тәжiрибесi; қазақстандық бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiнiң келешегi.

Негiзi конференцияны өткiзудегi мақсат – қоғам мен адам алдында бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiк факторын қайтадан санаға сiңдiру. Сол сияқты Қазақстандағы бизнестiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ете отырып, одан әрi даму үрдiсiнде әлеуметтiк жауапкершiлiк факторын жете түсiну. Құдайға шүкiр, Қазақстан тәуелсiздiгiн алған 15 жылдың iшiнде отандық бизнес аяғынан бiршама тiк тұрып қалды. Бұл деген жаңа жетiстiктерге жету деген сөз. Тiптi, елiмiздегi шағын және орта бизнес әлемiне дәстүрлi қайырымдылық және демеушiлiк қызмет аясы тарлық етедi. Өйткенi, бiз әлемдiк сахнаға жолы түскен стратегиялық жоспары айқын зайырлы мемлекетпiз. Уақыт бiзден осыны талап еттi. Мәселен, әлемдiк тәжiрибеге қарасаңыз, батыстық компания басшылары өзiнiң бизнесiнiң жандануына жергiлiктi қоғамдастықтың тiкелей ықпалы тиетiнiн мойындайды. Сондықтан ұйымдасқан түрдегi әлеуметтiк жауапкершiлiк мемлекеттiң экономикалық дамуына септiгiн тигiзетiнi әбден анық. Яғни, бүгiнде менеджмент пен басқару компаниялары жеке имиджiн қалыптастыруда жаңа әлеуметтiк-саяси технологиясынсыз өрге баспайтынын бiледi. Елбасы Н.Назарбаев та өзiнiң бағдарламасында Қазақстанның бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына енуiне кеңiрек тоқталғаны бекер емес. Бұл – шетелдiк тәжiрибенi игере отырып, үлкен жұмыс атқару деген сөз. Кешегi халыққа арнаған Жолдауында да «Жаңа Қазақстан Жаңа әлемде» дегенде де отандық бизнес өкiлдерiнiң құлақтарына «алтын сырға» ретiнде таққандай болды. Әлбетте, бұл жолға бiз тек ғылым мен бiлiм, денсаулығымыздың арқасында жететiнiмiздi де баса айтты. Мұның соңғы кезде жиi талқыға түсетiн актуальдi тақырыпқа айналып отырғаны кездейсоқтық емес. Мiне, осы тұрғыда қатысушылардың назарын аударып, тәнтi еткен «Қазақмыс» корпорациясының әлеуметтiк мәселелер жөнiндегi директоры Нұрлан Шегетаевтың баяндамасы болды. Бұл заңды да. Себебi, корпорацияның көпсалалы мекемесiнде шамамен 70 мың қазақстандық еңбек етуде. Қоғамда адам бағасын көтеру әуелгiден «Қазақмыстың» алдына қойған стратегиялық бағыты. Әуелi жергiлiктi инфраструктура, оның iшiнде мектеп, балабақша, аурухананы қайта жаңғырту корпорацияның алғашқы баспалдағы. Ал «Қазақмыс» корпорациясының президентi Владимир Кимнiң: «Бiз өзiмiзге үнемi: «Бiз кiмбiз және не iстеп жүрмiз?» деген сұрақ қойып, оған әрқашан: «Бiз қоғамға қызмет етемiз!» деймiз деген сөзi алдымыздан шыға келедi. Өйткенi, баяндамадағы статистикалық көрсеткiш осыған дәлел. Мәселен, 2001 жылы компанияның әлеуметтiк сала мақсатына бөлген қаржысы 20 млн. долларды құраса, 2005 жылы бұл шығыс көзi 26 млн. долларға өстi. Ал былтырғы жылы 66,4 млн. доллар қаражат бөлiнген. Мұнымен қоса бар-жоғы үш жылда «Қазақмыс» кеншiлердi жаңа заманауи технологиямен қамтамасыз етуге және еңбек қауiпсiздiгiн сақтауға 670 миллион доллар шығындады. Сондай-ақ, шахтер, тағы басқа мамандардың жалақысы едәуiр көтерiлдi. Орташа есеппен 41 мың теңгенi құрайды. Ал тау-кеншiлердiң жалақысы 2003-2006 жылдары 49 мыңнан 135 теңгеге бiр-ақ өстi. Бәрiнен де еңбек қауiпсiздiгiне аса көңiл бөлiнген. Әлемдiк алпауыт өндiрiсшiлер «Катерпиллар», «Волво», «Тамроктың» жоғары сапалы техникасын алуға 230 млн. доллар көзделген. Шахтердiң қауiпсiздiк қарауылында тау-кен инспекторы қызметiнен 150 адам тұрады. 4 санаторийде, 6 профилакториялық мекемеде, 7 балалар лагерiнде жыл сайын компанияның мыңдаған жұмысшысы арзан бағаға денсаулығын қаратуға мүмкiндiк алды. 2005 жылы Қара теңiз жағалауынан «Лучезарный» сауықтыру кешенi ашылып, 2006 жылы 3534 адам демалды. Медицина мекемелерiнде жұмысшылар мен зейнеткерлер ақысыз емделедi. Бiлiм жобасында 1 млн. долларға жүздеген студент бiлiм алуда. Өз қарамағындағы жұмысшыларды ғана ойламайтын компания балалар үйiне, әлеуметтiк жағдайы төмен отбасыларға да қол ұшын берiп, 208 тегiн жолдама таратты. Ал ондаған мүгедек және жетiм балаларды Париждегi Жаңа жыл мерекесiне апарған болатын. Спорт, мәдениет және экологиялық шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Сондықтан да әлемдiк рынокта өзiнiң жоғары сапалы өнiмiмен айшықталған «Қазақмыс» корпорациясының әлеуметтiк саланы белсендi түрде ынталандыруға келгенде қосқан үлесi айтарлықтай.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары