КОЛОНИЗАТОРЛАР ҚАЛАСЫН САҚТАУДЫҢ АМАЛЫ

КОЛОНИЗАТОРЛАР ҚАЛАСЫН САҚТАУДЫҢ АМАЛЫ

КОЛОНИЗАТОРЛАР ҚАЛАСЫН САҚТАУДЫҢ АМАЛЫ
ашық дереккөзі
Алматыдағы талас-тартыстың астарында не жатыр?
 

Осыдан екi-үш ай бұрын Алматыдағы лауазымды шенеунiктердiң бiрi: «Калинин көшесiнiң атын бекер өзгерткен екенбiз-ау», – деп қынжылыпты дегендi ұзынқұлақтан естiгенде айран-асыр болдық. Тәуелсiз елдегi ең iрi қаланың тiзгiнiн ұстап отырғандардың бiрi, қазақ азаматының Калинин үшiн не қимасы қышығанын түсiну оңай емес қой, шынымен. Қабанбай батырдың аты тақиясына тар келгенi ме оған?! Әлде, жүзiң күйгiр жүзшiлдiк, үмiтiң үзiлгiр рушылдық па?..

Олай емес, құлдық психологияның кейбiр шенеунiктерiмiздi әбден меңдеп, санасын шырмап алғаны соншалықты, коммунистiк империя – Рейган айтатын «зұлымдық империясының» кезiнен қалған көше атауларының бiрқатары өзгертiлгендiгiне әлден-ақ өкiне бастапты, ең сорақысы сол, әлгiндей әкiмқаралар мұндай өкiнiштерiн, iштей наразылықтарын ашықтан-ашық айтуға арланбайтын да сыңайлы. Әдетте, шынымен азат елдерде мұндай шенеунiктер биiк лауазымды мемлекеттiк қызметтен бiрден босатылуға тиiс. Бiзде керiсiнше, әлгiндейлердiң өздерi майлы жiлiктiң басынан айрылғысы келмейтiнi былай тұрсын, «Әй, мынауың өрескел пiкiр, мұндай көзқараспен мемлекеттiк қызмет атқаруға жарамайсың», – деп жатқан және ешкiм жоқ. Ең бастысы, Алматы – рухани, мәдени, ұлттық мүдделердiң астанасы! Мұнда қай ұстаным жетекшi орынға шықса, елiмiзде көбiне сондай идеология қалыптасатыны аян… Дәл осы жолдарды жазып отырғанда «Шахар» телеарнасында («Hit TV») кезектi бiр орыс әншiсi шыңғырып ән айтып жатқан. Екi жарым сағат уақыт бойы осы арнадан бiрде-бiр қазақ әншiсiн, я қазақ сөздерiн ести алмай есеңгiрегендей күй кешудемiн. Жастардың толық қалыптаспаған санасын, ақыл-ойын идеологиялық тұрғыдан уландырудың құйтырқы амалдары көп екен ғой. Ал музыка ең қуатты идеологиялық қару екенiн айтқандардың саны қарақұрым. Жуырда ғана Ресейдiң Ханты-Мансы автономиялық аймағының губернаторы бейәдеп әндерiмен аты шулы болған орыс әншiсi Шнурдың гастролiне тыйым салғаны да бекер емес. Осы өлкедегi байырғы халықтардың ұлттық дәстүрлерiн, салт-сана, әдет-ғұрыптарын әлгi әншiсымақтан жоғары бағалауынан. Ал бiздегi телеарналар мен медиа-холдингтердiң иелерi өз бастарын сыйлау түгiлi, байырғы, елiмiздегi түпкiлiктi халық – қазақтарды көзге iлудi бiржола қойған. Сондықтан да Қазақстанға әлгi Шнур да, аты-жөнiн ешкiм бiле бермейтiн Шуриктер де жиi гастрольге келедi, телеарналар мен радиотолқындардан түспейдi. Сондықтан да елiмiздегi астарын ешкiм түсiнбейтiн гендерлiк саясаттың «анасы» болуға арпалысып жүрген келiншектер ұйымдастыратын «Алма-Ата – моя первая любовь» деген фестивальдi қолжаулық БАҚ-тардың бәрi жабыла мақтайды. Ол ол ма, қаладағы екi футбол клубының бiрiнiң аты «Алма-Ата» деп атойлап тұрғаны да сондықтан… Өткен ғасырдың сексенiншi жылдарының соңы ерiксiз ойға оралады осындайда. Сол жылдарда ұлтымыздың бойында саналық сiлкiнiс бар-ды, әрбiр iсте ұлттық мүдде бiрiншi орынға қойылатын. Тәуелсiздiкке әлi қол жеткiзiле қоймағанмен, Алматыдағы әрбiр көше атауын қазақша қою жолында қызу күрес, тартыс жүргiзiлетiн күрделi кезең-дi. Орыстiлдi БАҚ-тар ондайға бiрауыздан қарсы тұрып, өре түрегелетiн өлiара уақыт. Қазақтың бiртуар ұлы, марқұм Алтекең – Алтынбек Сарсенбаев ол жылдары Алматы қалалық кеңесiнiң депутаты. Бiрде қалалық кеңесте Пастер көшесiнiң атын Мұқағали Мақатаев атына өзгерту жөнiнде талас-тартыс болады. Әлдебiр депутат орыс әйелi: «А кто он такой Мукали Мука-тай, или как его там? Как можно переименовать улицу великого Пастера?» – деп өндiршектеп тұрып алса керек. Осыншама тоңмойын топастыққа шыдамай кеткен Алтекең:«А кто по вашему Пастер?» – деп сұрапты жалма-жан. Тосылып қалған әлгi әйел қып-қызыл шиқандай болып: «Ну вы спрашиваете, Пастер – он же великий Пастер», – деп мiңгiрлеуден әрi аспаса керек. «Әй, сол сволыштар Пастердiң кiм екенiн бiледi деймiсiң, әшейiн, бiздiң колония болғанымызды әркез көзiмiзге шұқып отырудың амалы ғана ғой», – деп күрсiнетiн асыл азамат. Ендiгi күйiмiз не? Шаян құсап артқа жүретiнiмiз қалай?! Басқа басқа, жоғары лауазымды шенеунiктер Калинин орнына қасиеттi Қабанбай батыр атының қойылғанына күйiнетiн қаралы кезеңге де жетiппiз ғой ұлттық, халықтық мүдделерiмiзден қашып жүрiп. «Мемлекеттiк тiл немесе ресми тiл басымдыққа ие ме?» деген нақты сұраққа 23 ақпанда Конститутциялық Кеңестiң төрағасы Игорь Рогов мырзаның солқылдақ, күлбiлте жауап беруi де керi кеткенiмiздiң айқын белгiсi. Ол мырзаның жауабына қарағанда, Мемлекеттiк тiлдiң ресми тiлден де, Қазақстандағы басқа да 130 этностың тiлiнен де түк артықшылығы жоқ сияқты. Тiптi, iс-қағаздары қай тiлде жүргiзiлетiнiне қарамастан (Мемлекеттiк тiлдi меңзеп отырғаны ғой–Ж.Ш.) қажеттi ақпаратты ресми тiлде де алуға мейлiнше кепiлдiк берiледi. Олай болғанда iс-қағаздары Мемлекеттiк тiлге көшсе тiл саясатындағы сең қозғалады, ана тiлiмiздiң мәртебесi биiктейдi деп қазақтар несiне қуанып, үмiттенiп жүр? Бәрi де «баяғы жартас» боп қала беретiн көрiнедi ғой түптiң түбiнде. Өмiрде ешнәрсе iз-түзсiз кетпейдi. Бұл – басы ашық аксиома! Ал әлгiндей өресi тар шенеунiктердiң өрескел, кертартпа ұстанымдарының салқыны Алматының келбетi мен күнделiктi тiршiлiгiнен әлден-ақ көрiнiс таба бастағаны аңғарылады. Қаланың жаппай орысшаланып бара жатқанын былай қойғанда, соңғы уақытта Райымбек даңғылының бойымен жүретiн автобус, басқа да қоғамдық көлiктердiң бiрталайы бүйiрiне «по Ташкентской» деп бадырайтып жазып алғаны байқалып жүр. Тiптi, «по Ташкентская» деп орысшаны да белiнен сындырып батитып жазып қойғаны жетерлiк. Жоқ, бұл шала сауатты шопыр немесе теңгеден басқаны аузына алмайтын тексерушiнiң орашолақ қолынан шыққан айдақ-сайбақ жазуы емес, кәсiби суретшiнiң сызбалары екенi аңғарылады. Сiрә, автопарк басшыларының тiкелей нұсқауымен орындалған көрнекi жазулар. Әлгiндей мырзалар мен ханымдардың есiне салуға тура келедi, Алматыда «Ташкентская» деген көше жоқ. Жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста өшпес ерлiк жасаған Райымбек батыр атындағы даңғыл бар! Жұртшылық аруағына сиынатын қасиеттi кесенесi де осы даңғыл бойында. Сондай-ақ Наурызбай батыр көшесiн «Дзержинский» деу де әдеттен қалмай келедi. Бұлай жалғаса берсе, түбi қызыл чекистiң ескерткiшiн де қайта орнатайық деушiлер шықпасына кiм кепiл?! Айтпақшы, өткен жылдың соңына таман әлдебiр орыс газетiнде («Караван» ба, әлде «Время» ма екен?..) осы Райымбек даңғылының атын өзгертудiң қателiк болғаны туралы бiр автордың шер-мұңға толы мақаласы шыққаны емiс-емiс есте қалыпты. Сiрә, осы келеңсiздiктердiң бәрi соның жаңғырығы шығар… Ескiлiк пен жамандық оңай жеңiлмейдi. Ұлттық мүдделердi асқақтатуда, халықтың ұстанымдарды қорғауда ұсақ-түйек нәрселер болмайтыны аян. Жоғарыда айтылған жайттарға ұқсас мәселелер жолаушыларды әбден шатастырып тастағаны былай тұрсын, осыған дейiн көше, аялдамалар атын бұрмалап хабарлайтын шопыр, тексерушiлермен тәжiкелесiп жүрсек, бұдан былай ресми билiк те күлбiлте саясат ұстанатын сияқты. Ал осындай қателердi жөндеуге автопарк басшылары, жергiлiктi аудандық әкiмшiлiктiң-ақ қауқары жетедi емес пе?! Әлде бұл салғырттық, өз iстерiне жауапсыздық па? Бәлкiм олар Тәуелсiздiк идеясына тұсау болуды саналы түрде мақсат етiп отырған шығар?! Кiм бiлсiн, саналы адам сырына жете қоймайтын терең құпия шылғи… Биылғы 23 ақпанда Еуразиялық жастар одағы дегеннiң Эстониядағы совет солдаттарының мәйiттерiн Қазақстанға әкелiп жерлеудi қолдау жөнiнде акция өткiзуге бел буғандары жөнiнде ақпарлар тарады. Тiптi, Таллин қаласындағы «Қола солдат» ескерткiшiн алып тастауға шешiм қабылдаған эстон парламентiн айыптаған қазақ депутаттарының әрекеттерi де қисынсыздығы әрi өзге елдiң iшкi iсiне қол сұққан жөнсiздiгiмен жұртшылықтың еңсесiн түсiргенi де құпия емес. Оу, эстондардың iшкi iсiне қол сұққанда қазақтардың ұтары не?! Ресей империясының, отарлаушы қызыл коммунистердiң колониясы болғанын ұмытқысы келетiн эстондардың iсiнде қандай қателiк бар? Бәлкiм, ауруды өз тәнiмiз, санамыздан iздеу дұрыс шығар… Иә, қазақтың «Батпандап кiрген ауру мысқалдап шығады», деген сөзi осындайда айтылған екен ғой. Ең әуелi өз халқының, өз жұртының жағдайына жаны шырқырауға тиiстi, ал көбi оны айтуға, қорғауға құлықсыз халық қалаулыларының әлемдiк, халықаралық деңгейдегi қиын түйiндердi Астанада отырып-ақ шеше салуға жанталасатыны түсiнiксiз. Әттеген-ай, ондай «көсемдер» алаштың арыс азаматы Мiржақып Дулатовтың:«Мырзалар! Осы уақытқа дейiн халық бiзге қызмет етiп келдi. Ендi халыққа бiз қызмет ететiн уақыт келдi», – деген талабын ешқашан естiп көрмеген секiлдi. Дау жоқ, бiздiң де колония болғанымызды ұмыттырмауға ұмтылудың әдiс-тәсiлi сан қилы. Көп ретте мән бере қоймағанымызбен, мұндай әрекеттердiң түпкi мәнi өз-өзiнен байқалып, «Бүйректен сирақ шығарып» көзге ұрады. Осыдан бiраз жыл бұрын Алматыдағы ең сұрықсыз ғимараттардың бiрi – қайта көрсетiлiм кинотеатры («Кинотеатр повторных фильмов») үшiн талас-тартыс ойда жоқта өршiсiн. Патша заманында әлдебiр көпестiң атқорасы болған делiнетiн әлгi ғимаратты орыстiлдi ақпарат құралдары «Бұл–тарихи, мәдени, теңдессiз архитектуралық ғажайып ескерткiш»,– деп даңғаза шу көтерiп, күн санап өрши түскен қоғамдық пiкiрдiң отына май құйды. Әлгi тартыстың қызу деңгейiнiң отты лебi ме, әлде кездейсоқтық па, әйтеуiр сол ұсқынсыз кинотеатр бiр түнде өртенiп кеттi де, бар әңгiме осымен тынды. Әлгiнде айтып өткенiмiздей, өмiрде астарсыз ештеңе жүзеге асырылмайды. Соңғы кездерi Алматыда «қаланың тарихи, мәдени орталығын сақтап қалайық» деген шаһардың өсiп-өркендеуiне, жаңаруға, дамуға қарсылық науқаны өрши түскенi байқалып отыр. Әдеттегiдей орыстiлдi БАҚ-тардың бiрсыпырасы қоғамдық керi пiкiр туғызуға бел шеше кiрiскен сыңайлы. Бiр ғажабы, әлгi қарсылықтың басы-қасында жүргендердiң көбiсi орыстар мен орыстiлдi азаматтар. Ал өзге қоғамдық топтар онша ма селт ете қоймайтыны байқалады. Неге?! Қалада шын мәнiнде мақтан етерлiк мәдени, тарихи ескерткiш боларлық ғимараттар баршылық. Бiрақ, санаулы ғана. Ал барактарды сақтаудан не ұтамыз? Осындай топтардың соңғы жылдардағы қарсылығында әлдеқандай заңдылық бар ма?! Бiр ғажабы, 90-жылдардың ортасына дейiн орыстiлдi БАҚ-тардың басым бөлiгi «қазақтар толыққанды мемлекет, шын мәнiндегi қоғам құра алмайды», – деп Тәуелсiз мемлекеттi мошқап-мұқатып, келекелеп баққан-ды. Мемлекет құрылды. Iле-шала мемлекеттiң орталығы Астанаға көшерде тағы да жоғарыдағы жағдай қайталанды. «Қазақтар құрылыс, қала сала алмайды», – дегендi санамызға сiңiруге ұмтылған. Көп уақыт өтпей-ақ қазақтар әлемдiк деңгейдегi әдемi қала салуға қабiлеттi екенi тағы да дәлелдедi. Ендi әлгiндей кертартпаларға не қалды? Әрине, қаланы қорғау деген ұранмен колонизаторлық кезеңнiң ескерткiштерiн неғұрлым ұзақ, мүмкiндiгiнше мәңгiлiкке сақтау. Қазақтардың отар ел болғанын ұмыттырмауға күш салу. Шындығына келгенде, қазiргi күнге дейiн Алматыда әлемдiк алтын қорға қосылатын, ұлттық сипаты, нақышы, рухымен таңдай қақтыратын архитектуралық жәдiгер болды дегенге көпшiлiк күмәнмен қарайды. Әлгi «тарихи, мәдени, архитектуралық ескерткiш» делiнiп жүрген тұрғын үйлердiң бәрi дерлiк Ресейдегi осындай үйлердiң орашолақ көшiрмесi ғана. Мұндай ғимараттарды Мәскеу, Санкт-Петербург, Тверь, Екатеринбург, тағы басқа қалаларда көптеп ұшыратуға болады. Яғни, әлгiндей «күрескерлердiң» өз түпкi ойларын қаланың тарихы, мәдениетiне жаны ашумен түсiндiрiп әуре болатыны, жуып-шаятыны да тегiн емес. Мәселенiң түп төркiнiне келсек, ондайлар қаланың өркендеуiне, ең бастысы, мұнда қазақтардың көшiп келуiне қарсы сияқты. Өз қарсылықтарын түрлi сылтаулармен жасырып-жаппақ. Алматыны осыдан 50-60 жыл бұрынғы небары 300 мың, 500 мың тұрғыны бар провинциялық қалашық ретiнде сақтап қалу мүмкiн емес. Мұны олар бiлмей отырған жоқ, күн санап өсiп келе жатқанын, өсе беретiнiн де бiледi. Тiптi, бұрынғыдай шағын қала, тiптi, курорттық қала ретiнде сақтап қалуға қол жеткiзiлсiн делiк. Бiрақ, онда бұл қалада кiмдер тұруға тиiс? Тағы да бұрынғыдай орыстар мен қазақтарға қырын қарайтын мәңгүрттер ме?! Бәлкiм, қаланың шекарасына патшалық Ресей кезiндегiдей:«Қазақтар мен иттердiң кiруiне тыйым салынады»,– деп ескертпе iлу керек шығар?! Кейбiреулерге салсақ, олай етiп қоюдан да қашпас едi-ау. Көп ретте кейбiреулер үйлерiн қымбат сату үшiн жалған шу туғызып, қоғамдық пiкiр оятатыны байқалады. Ал қомақты ақша берiлсе болды-ақ, шу тез басылады. Мiне, қазiргi уақта әлгiндейлердi қалың жұртшылықтың онша көп қолдай бермейтiнi сондықтан. Қазақтардың бәрi дерлiк Алматыда биiк-биiк, бiрақ арзан үйлердiң салынуына еш қарсы емес. Тiптi, қаладағы әр алаң, әр түп ағаштың орнына да биiк үйлер тұрғызылса бәрiбiр. Қазақтар үшiн қазiргi уақта ең басты құндылық – баспана, тұрғын үй. Өзгесiнiң бiр мәнiсi болады. Шындықты жасырмай айтатын болсақ, Алматыда қазiргi көптеп салынып жатқан құрылыстарды да әзiрге ешкiм тарихи құндылық, мәңгi мәдени ескерткiштер, әлемнiң сегiзiншi кереметi ретiнде санамайтынына күмән жоқ. Бұл – қазақтардың сұлулықты, көркемдiктi бағалай бiлмейтiндiгiнен емес. Өйткенi, қала құрылыстарында ұлттық рух, қазақы нақыш, өрнек мүлдем танылмайды. Ұлттық сипат бiлiнбейдi. Батыс елдерi ғимаратарының нашар көшiрмесi ғана. Болашақта, 40-50 жылдан кейiн жаңа ұрпақ қазiргi ғимараттарды қайта құлатып, орнына өз уақыттарының талабына сай құрылыстар салса тағы да ешкiм қарсы бола қоймайтыны хақ. Сөйтiп-сөйтiп құлдық психологиядан да түбегейлi құтылатын шығармыз…

Жаңабек ШАҒАТАЙ