АЛ, ҚҰБЫЖЫҚ ҚАШАН ОЯНАДЫ?

АЛ, ҚҰБЫЖЫҚ ҚАШАН ОЯНАДЫ?

АЛ, ҚҰБЫЖЫҚ ҚАШАН ОЯНАДЫ?
ашық дереккөзі
188

Эстонияның экс-елшiсiнiң алаңдауы

Өткен аптада «31» – телеарнасының жаңалықтар тiзбегiнен көздеген мақсаты, iшкi мәнi қазақтар мен қазақстандықтарды мейлiнше мәңгүрттенiруге бағытталған аярға толы ақпар көрсетiлдi. Бiр қарағанда, тарихқа тағзым, адамсүйгiштiк сипатындағы хабар көрiнгенмен, отансүйгiштiк, қазақстандық патриотизм, мемлекеттiк идеологиямызды аяқтан шалудың, бесiгiнде тұншықтырудың кезектi бiр құйтырқы амалы сияқты.

Ойда жоқта пайда бола кетiп, өзгелер шығуы қиын телеэфирге оп-оңай ол тапқан әлдебiр Еуразиялық жастар одағы дегеннiң атынан белгiсiз бiр бойжеткен сөз сөйлеген. Әлгi қыз екi мама биенi алма кезек емген семiз ересек құлындай, жамалы шiлденiң талаураған күнi – сары табақ тәрiздес бойжеткен екен, күйзеле, күңiренiп отырып сөйледi. Қазымырланып айтты. Эстонияда әдiлетсiздiкке жол берiлген-мыс. Ондағы әскери зираттардың басқа орындарға көшiрiлуi тарихқа қиянат. Егер Қазақстан өзiн зайырлы, өркениетке сай мемлекет ретiнде санаса, әлгi зиратқа көмiлген солдаттардың мәйiтiн бiздiң елге әкелiп көму керек. Мемлекет рұқсат берсе болды, соғыс құрбандарының мәйiтiн әкелiп қою, зиратты тәртiптеуге қажеттi қаржыны демеушiлер арқылы өздерi таппақ. Осы хабарда сөйлеген еуропалық зейнеткерлердiң де iшi солай бұрып тұрғаны аңғарылған. Әлгi шараға тап бола кетiп, содан үдерiстендiре хабар таратқан журналистiң де.

«Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды»,– деген осы екен ғой. Турасын айтқанда, әлгi бойжеткенге де, сол хабарға қатысқан зейнеткерлерге де сүйегi әлдеқашан эстон жерiнде қурап қалған солдаттардың түкке керегi жоқ. Өз ата-бабаларының сүйегi қайда қурап жатқанын бiлетiн — бiлмейтiнi неғайбыл журналист қызға да. Әрi-берiдесiн соң әскери зираттарды көшiру-көшiрмеу Эстонияның iшкi iсi. Ол iске жөнсiз қолсұғып отырған кеудемсоқ Ресейдiң проблемасы. Әңгiме, әлгiндейлердiң, солар арқылы аталмыш телеарнаның қазақтарды, қазақстандықтарды рухани бұғаудан құтқармауға көпе-көрнеу бел шеше кiрiсуiнде. Жалған, жат құндылықтарды бiзге астыртын таңып, саяси, рухани, мәдени қапаста ұстаудың, бостандық, азаттық идеясына жол бермеудiң жанталасы.

Әлгi қыз бен журналист сөз қылған жайт қалай туындап едi?

Кейiнгi кезде Эстония мен Ресей арасындағы онсыз да шегiне жете ушыққан, сым шектей тартылып, әрi-сәрi боп тұрған ресми қатынастар одан әрмен шиеленiсе түскенi мәлiм. Бұл соңғы он жетi-он сегiз жылдан берi сыздаған iрiңдi жараның кенеттен жарылуы сияқты көрiнгенмен, шынтуайтына келгенде, көршiлес екi ел арасындағы сызды қабақ ертелi-кеш сыр беруге тиiстi болатын.

Екi ел арасындағы ғасырларға созылған кикiлжiңдi былай қоя тұрып, биылғы жылдың 10 қаңтарында Эстония парламентi «Әскери зираттарды қорғау туралы» заң қабылдағанын ескерте кеткен жөн. Несi бар, қажеттi заң! Соңғы уақытта вандалдардың зираттарды жиi қорлап, аруақтарға маза бермейтiнiн ескерсек, өмiрлiк заң деуге болады. Тiптi, өркениеттi елдердiң бәрiнде де осындай немесе осыған ұқсас заңдар болуы әбден мүмкiн. Аталмыш заң соғыс жылдарынан қалған ескерткiштер мен зираттарды жүйелеуге, оларды мемлекет қарауына алып, тәртiпке келтiруге, ең бастысы, Таллиннiң орталығындағы бауырластар зиратын және осында орнатылғанн Қола солдаттың ескерткiшiн басқа орынға көшiруге мүмкiндiк беретiн. Әлгi қола солдат («Бронзовый солдат»)– темiр каскасын қолтығына қыса ұстап, сол қолының жұдырығын түйе келушiлерге қабағын шытына қарап тұрған үрейлi совет солдатының ескерткiшi көркемдiк тұрғыдан ешқандай сын көтермейтiнi, қала сәнiн бұзатыны туралы КСРО кезiнде де iшiнара айтылып қалушы едi. Оның үстiне әңгiме жалғыз ескерткiш қана емес, осындағы тұтас кешен – Екiншi дүниежүзiлiк соғыста қаза тапқан ондаған мың адам көмiлген зират, эстон елiнiң жарты ғасырдан астам уақыт бойы орыс бодандығында болғанын ұмыттырмайтын жәдiгерлер жайында.

Жалпы, бұрынғы КСРО-да өлiлерге шектен тыс бас ию, тәу ету тым шектен асқандығын, соғысқа арналған ескерткiштердiң сансыз екендiгiне саяхатшылар таңдана бас шайқап, жөнсiздiк санайтыны ежелден белгiлi. Бiрақ, соңғы жылдары қоңсы-қолаңдармен жүзшайысып, олардың iшкi iсiне қол сұғуды, текетiрестi ғадетке айналдырған ұлыдержавашыл, шовинистiк саясатты өз үстемдiгiн танытудың сойылы ретiнде бұлғайтын Ресейдiң өктемшiл саясаткерлерi мен лауазымды адамдары Эстонияға байбаламдап тарпа бас салды.

Ресей Думасының спикерi Борис Грызлов мырза: «Бiз жылдам әрi қатаң қарсы жауап iс-шаралар қолдануымыз керек», – десе, РФ Мемлекеттiк Думасының ТМД iстерi жөнiндегi комитетi аталмыш заңды айыптау ғана емес, оны қабылдауға мұрындық болған әрi қолдаған партиялар, саяси қозғалыстармен қарым-қатынасты үзуге, Ресейде жақында ғана күшiне енген «Халықаралық төтенше жағдайлар жағдайында арнайы экономикалық шаралар туралы» заңға сәйкес экономикалық қысым қолдануға шақырды.

17 қаңтар күнi Думада «Эстониядағы жағдай туралы» арнайы қатаң мәлiмдеме қабылданып, осынау өрескел iс-шараларды барлық фракциялар бiрауыздан қолдап шыға келген.

Балтық жағалауындағы шағын республикада қабылданған заң нелiктен Ресейдiң шамына тиiп, шат-шәлекейiн шығарды?! Көршiлерiнiң көбiмен онсыз да қырғи-қабақ, тоңтерiс болып жүрген өктемшiл Ресей халықаралық деңгейдегi саяси ойыншы, маңайындағыларды бiр шыбықпен айдаушы болу үмiтiнен ешқашан бас тартқан емес. Ол ол ма, экономикалық, саяси, әлеуметтiк жағдайы жақсарған сайын бұл тоңмойын пиғылы үдей түсуде.

Халықаралық, әсiресе, мемлекет аралық саясатта ештеңе бекерден-бекер жасалмайды. Бiрқатар Балтық жағалауы мемлекеттерiнiң iшiнара Ресейге территориялық тұрғыдан даулы талаптары бар екенi бұрыннан белгiлi және Ресей президентi осыдан бiраз уақыт бұрын «олар жер емес, есектiң құлағын алады», – деген мәнзелде өркөкiректене әрi намысқа тие өктем мәлiмдеме жасағаны да мәлiм. «Күштiнiң арты диiрмен тартады» дегеннiң керi ғой баяғы. Ал шағын, әлсiз мемлекеттерге күш көрсету, қоқан-лоққы жасаудың жолы да сан қилы.

Мемлекеттiк Думаның жоғарыдағы қатаң мәлiмдемесiнен кейiн iле-шала, 18 қаңтар күнi Ресейде төтенше жағдай жариялана жаздады. Халықаралық терроризмге қарсы. Ұлттық террорға қарсы комитет (НАК) елге террорлық қауiп төнгенiн жариялап, жарылғыш заттарды iздеп табуға үйретiлген иiсшiл иттер жетектеген милиционерлер мен iшкi iстер қызметкерлерi елдегi барлық көлiктердi сүзiп шықты. Әсiресе, Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларында, батыс облыстарда бұл шаралар аса қатаң жүргiзiлдi. Мәскеу метросындағы милиционерлердiң саны көбейтiлiп, әсiресе, «Киевская» стансасына қосымша күштер шоғырландырылды. Сағат түскi 12-де метрода мобильдi байланыстар үзiлiп, ұялы телефондар тек түн ортасы ауа ғана қайтадан жұмыс iстей бастады. IIМ террор жайындағы ақпардың қайдан алынғанын жариялаудан бас тартқанмен, тiптi, мұның бәрi кездейсоқ болғанмен де Кремль бұл iс-шараларды Эстонияға ескерту ретiнде жүзеге асырған секiлдi көрiнген. Бiр бұл ғана емес, дәл осы күндерi Ресейде «Көлiктердегi қауiпсiздiк туралы» заң екiншi оқылымында қабылданып, бұдан былай көлiк түрлерiндегi барлық жолаушылар жөнiндегi жеке мәлiметтердiң бiртұтас базасы жасалуға рұқсат етiлдi. Барлық орындарда қауiпсiздiк қызметiнiң рөлi одан әрмен күшейтiле түспекшi. Мұны өзi жеке адамдарды үздiксiз аңдуға мүмкiндiк әпередi.

Соңғы жылдарда «антитеррор науқаны» Ресейде қаулап тұр. Мұның өзi елдегi онсыз да өршiп тұрған соғыс психозын одан әрмен алаулатып, алып елдегi бейбiт адамдар жан- жақтан қауiп, Ресейге қастандық күтуге төселiп алған. Мұның өзi маңдайдағы елдердiң бәрiн Совет Одағының бiтiспес жауы санаған Сталиндiк кезеңдi ерiксiз еске түсiредi. Чешенстандағы соғыс басталған күндерде де осындай ахуал қалыптасқан болатын.

Чешен халқының ұлттық батыры, тағдыры трагедиялы өлiммен аяқталған марқұм, даңқты Джохар Дудаев кезiнде:

«Қазiр ұзақ уақыттан берi менiң халқыма қарсы жарияланбаған соғыс жүргiзiлуде. Әуелi ол бұқаралық ақпарат арқылы сананы улап, жағдайды бiржақты түсiндiрген идеологиялық дайындық ұлғайтылды, ұлттық алауыздықтың отына май құйылды. Бiздiң республика даулы мәселердi келiссөздер арқылы шешу үшiн қолдан келген барша әрекеттердi жасады. Адал көңiлiмiздiң куәсi ретiнде Чешенстан республикасының басшылығы әуелде өз үкiметi де бас тартқан Ресей әскери тұтқындарын босатуға шешiм қабылдады. Келiссөз жүргiзiлетiн күн де белгiлендi. Дегенмен, белгiленген уақыттан бiр күн бұрын Жерiмiзге ресейлiк әскерлердiң құрыш сауытты колонналары тарпа бас салды. Республикамыздың аспанын әскери ұшақтар мен тiкұшақтар тұтаса жапты. Бейбiт қалалар мен елдi мекендердi бомбалау басталды. Тұрғындардың қаны төгiлдi: қариялар, әйелдер мен балалардың қаны суша шашылды. Халқымызға қарсы қанды соғыс бiр аптадан берi жүргiзiлiп жатыр. Ондаған елдi мекендер шын мәнiнде жер бетiнен жойылды. Отанымыздың астанасы – Грозный қаласы да жермен-жексен етiлген. Құрбандардың саны ондаған мың адам болып отыр. Әңгiме чешен халқына қарсы жүргiзiлiп отырған геноцид турасында болуда», – деп 1994 жылдың 20 желтоқсанында мәлiмдегенi ұмытылған жоқ. Қазiргi жағдай iшiнара соған ұқсайды.

Ресей күн сайын Эстонияға кәрiн төгуден тоқталар емес. Әдiс-айла баяғыдай: БАҚ-тардың көмегiмен қарапайым азаматтардың санасы уланып, идеологиялық жұмыстар шешiмдi түрде жүзеге асырылуда.

«Эстония тарихқа қарсы соғыс жариялады» деп шуылдаған Ресей бұқаралық ақпарат құралдары ТМД аумағында эстондардың жағымсыз бейнесiн қалыптастыруға жан сала кiрiскен. Түрлi айла-шарғыларды жүзеге асырып әуре. Эстонияның сан ғасырлық тарихы бiр ғана Ресеймен қарым-қатынастан құралмағанын назардан тыс қалдыруда.

Прибалттарға қарсы өрескел түрде жүзеге асырылып келген дөкiр саясат азаттық сүйгiш бұл елдердi Мәскеуден одан әрi алыстатып, сенiмсiздiк қалыптастырғанын айта кету керек. Бұрын бодандықта болған елдердi үнемi тұқыртуға машықтанған Мәскеу дипломаттары былтыр Латвия президентi Вейра Вике-Фрейберг ханымның БҰҰ-ға Бас хатшы ретiнде сайлануына мейлiнше қарсы болып, қолдан келгеннiң бәрiн жасағанын да мұндағылар ескерусiз қалдырған жоқ.

Иә, прибалттар ежелден Кремльдiң жанына батқан шөңге. Азаттық сүйгiш бұл елдердiң азаматтары өзгенiң жетегiне жүрудi, бас июдi ар санайды. Өз елiнiң атына үздiксiз айтылып жатқан жалаға шыдамаған Эстонияның Ресейдегi экс-елшiсi Март Хельме мырза: «Бүгiнгi Ресей – әлем өз тарихында бұрын-соңды көрiп-бiлмеген, оянып келе жатқан құбыжық (монстр). Бұл құбыжық 2008 жылғы президент сайлауынан соң еңсесiн жазады. Сонда бiз Кремльдiң қақпасынан қандай құбыжық жорғалап шыққанын көретiн боламыз», –деп ашына айтты қаңтар айының соңғы аптасында.

Одан әрмен ол: «Негiзiнен бұл жерде Қола солдат туралы, бiз ненi дұрыс, ненi бұрыс iстегенiмiз жөнiнде айтпауымыз керек. Бұл жерде нақ Ресей туралы айтқанымыз жөн. 15 жылдан берi бiзге қарсы жалған, жалалы және қорқытып-үркiту саясатын жүргiзiп келгенiн тiлге тиек етуiмiз керек»,–дейдi 1949 жылы Пярну қаласында дүниеге келген Март Хельме. Негiзгi мамандығы тарихшы әрi журналист Хельме өз сөзiне толық жауап бере алады. Кезiнде «Эсти Раамат» баспасында редактор болған, одан кейiн «Харью Элу» газетiнiң тiлшiсi қызметiн атқарған азамат 1995-1999 жылдары Эстонияның Мәскеудегi елшiсi болған тұғын. Сондықтан ол Ресейдегi ахуалды жете бiлетiнiне күмән жоқ. Сондықтан Март Хельменiң:

«Екi жыл өтер-өтпесте бiз жаңа сипатты Ресеймен – әлемдегi ең жексұрын террошыл жүйемен iстес боламыз. Терроризмнiң экспортерiмен. Мұның қасында әлгi ХАМАС пен «Аль-Каида» күңгiрт тартып қалады», – деген сақтандыруын қаперге алмауға болмайды.

Ресми Таллин бұрынғы елшiнiң мәлiмдемесiне назар аудармай отыр.

Дегенмен, әлден-ақ жанталаса қарулануды жүзеге асырып жатқан Ресей iргелес көршiлерiмен текетiрестi күн сайын үдете түсуде. Рональд Рейган бiр кездерi «жауыздық империясы» деп атаған Ресей әлемдiк гегемон, ұлы державалардың көшбасшысы болудан бас тартар емес.

Өзге халықтарды уысынан шығармаудың барша мүмкiндiгiн пайдаланбақшы.

Шынымен, дүниеге жаңа құбыжық келе ме?!

P.S. «Время» газетiнiң жазуынша (13.02.2007ж), Еуразиялық жастар одағы осы жайтқа байланысты Ұлы Отан, Ауған соғысы ардагерлерi және қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен 23 ақпанда Алматыда арнайы акция өткiзудi жоспарлап жатқан көрiнедi. Оспадарсыздықтың шегi жоқ қой. Неге 23 ақпан? Совет және теңiз флотының күнi ғой. Егер орыс армиясы тәуелсiз Қазақстан жерiне басып кiрсе осындайлар алдынан гүл алып шығатынына күмән жоқ. «Бiрiншi колонна» деген бәле осындай ой-сана, ұстанымдардан туатын шығар.

Иә, қазақтың «Қарызың тұрғанда малым бар деме, Әзiрейiл тұрғанда жаным бар деме» дейтiн ғибратына ден қойсақ, қызыл империяны көксейтiн «отандастар» тұрғанда Қазақстан тәуелсiздiгi баянды, ұлтаралық қатынастар кикiлжiңсiз бола қоймайды-ау деп қауiптенесiң.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары