“ҚАЗАҚФИЛЬМ” САТЫЛАДЫ МА, ЖОҚ ПА?

“ҚАЗАҚФИЛЬМ” САТЫЛАДЫ МА, ЖОҚ ПА?

“ҚАЗАҚФИЛЬМ” САТЫЛАДЫ МА, ЖОҚ ПА?
ашық дереккөзі
213

Осы бiр қауесеттiң тарағанына да бiраз уақыт болыпты

«Қазақфильм» сатылады екен» деген қауесеттiң тарағанына да бiраз болыпты. «Қазақфильм» дегенде, киностудия сатылады екен деп ойлап қалмаңыз. Сатылайын деп жатқан «Қазақфильм» киностудиясы орналасқан аумақ. Яғни, Алатаудың бөктерiнде, кiшi Алматы каналының бойында қоныс тепкен «Қазақфильм» студиясы орналасқан жерге көз тiгушiлер көбейе бастағандығы туралы әркiм-әркiмнен естiп жүргенбiз. Олардың ойынша, аспанмен таласқан зәулiм ғимараттардың, яғни әсем шынылармен көмкерiлген сәндi үйлердiң қатарын көбейтiп жатқан қалталы мырзалар ендi «Қазақфильмнiң» аумағына көз аларта бастапты-мыс. Көз тiге бастаушылар «Қазақфильм» студиясын кеңейтiп, жаңа заманға лайықтап қайта жасақтауды емес, олардың орнын тып-типыл етiп, коттедждер салуды көбiрек ойлайтын көрiнедi.

Жуырда ғана акционерлiк қоғамға айналған «Қазақфильм» ендi бiр-екi жылда Талғар жаққа көшедi-мiс. 17, 5 жарым гектарға жуық (16 гектар болуы да мүмкiн – Г.Б.) жердi алып жатқан киностудия бүкiл аспаптарымен, өндiрiс машиналарымен Талғар асатын көрiнедi. Тiптi осы мәселенi көтерген арнайы баспасөз-мәслихаты да өткiзiлдi. Елдiң iшiн жайлаған қауесеттiң анық-қанығына жету үшiн әуелi «Қазақфильмге» телефон соқтық. Сергей Әзiмов орнында болмаған соң, киностудияның маңайында жүрген адамдар бұл жаңалықтан хабардар шығар деп бiрнешеуiне телефон шалуға тура келдi. Әуелгi телефонды Асанәлi Әшiмовтен бастадық. Асанәлi аға бұл хабарды естiгенi болмаса, ол ақпараттың анық-қанығын бiлмейтiндiгiн айтты. Iле-шала «Қазақфильм» киностудиясына хабарласып едiк, Нұрлан Санжарды ғана орнынан таптық. (Әйгiлi Қожа рөлiнде ойнаған – Нұрлан Сегiзбаев. – Г.Б.). Ол кiсi мұндай қауесеттiң бар екендiгiн жасырмады: «Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын бiлмеймiн. Әйтеуiр, бiр-екi жылда Талғар жаққа көшетiнiмiздi айтып қояды. Бiрақ, бұл менiңше мүмкiн емес нәрсе. Екi жылда қыруар қаржы бөлiп, Талғардан киностудия жасау мүмкiн емес. Оған қаржыны қайдан таппақ?! Қалталылар киностудияның аумағына қызықса, қызығып жатқан шығар. Өздерiң де бiлесiңдер, «Қазақфильм» киностудиясы әдемi жерге орын тепкен ғой. Бiрақ, бiздi бiрден Талғар жаққа көшiру ақылға сыймайтын нәрсе. Оның үстiне, бiр-екi жылда бiз Голливуд жасай алмаймыз ғой»,– дейдi. Тұңғышбай ағаға хабарласып едiк, ол кiсi: «Бұл баяғыдан белгiлi нәрсе емес пе? Оны менен неге сұрайсыңдар?» деп қысқа қайырды.

Баспасөз-мәслихатына қатысқан белгiлi актерлер Меңтай Өтепбергенов пен Нұрлыбай Есiмғалиевтi iздегенбiз. Меңтай Өтепбергенов «Қазақфильмге» қатысты сұрағымызға жауап беруден бас тартты. Нұрлыбай аға баспасөз-мәслихатына қатысқанын және ол мәслихатқа жуырда ғана құрылған «Атамекен» партиясының шақыруымен барғанын да жасырмады.

– Менi онда телефонмен шақырды, – дейдi Нұрлыбай аға. – Киноның тағдыры жайында, «Қазақфильмде» түсiрiлiп жатқан кинофильмдердiң тағдыры жайлы көп әңгiме қозғап жүрсiз ғой деп шақырған соң, бардым. Жалпы, «Қазақфильм» кiмнiң киностудиясы, қазақтiкi ме, жоқ әлде басқалардiкi ме? Осындай әңгiмелердi көптен берi қозғап жүргем. Әрине, мұндай әңгiмелер кiмге ұнаушы едi. Қазiргi басшылыққа тiптен ұнамайтын болуым керек. Ал, сатылу мәселесiне келсек, бiз сонау 2000 жылы осы мәселелерден қорқып, сол кездегi басшылармен ақылдаса отырып, киностудиямыз қолға өтiп кете ме деген қауiппен, сол кездегi премьер-министр Балғымбаевтың арқасында атын «Қазақфильм» Ұлттық компаниясы деп өзгертiп, киностудиямыздың атына «Ұлттық» деген сөздi қостырғанбыз. Оның үстiне, «Ұлттық» деген сөз тұрса, ұжым сатылмайды екен. Соңғы бiр жылдың айналасында ғой деймiн, киностудия әлгi «Ұлттық» деген сөздi алып тастап, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлiк қоғамы болып қайта құрылды. «Ұлттық» деген сөздi алып тастағаннан кейiн, оны жайлап-жайлап сатып жiберу қиын емес екен. Оны қазiргi киностудия басшылары сатып ала ма, әлде кейбiр көлеңкелi тұлғалар сатып ала ма, ол оңай шаруа. Оның бәрi неге жасалып отыр? Киностудия аумағы бiраз жер. Онда сегiз-тоғыз ғимараттар бар. Онда киностудияға қажеттi құрал-жабдықтар тұр. Оның бәрi кезiнде «Қазақфильмге» арналып жасалған. Соның бәрiн бульдозермен сырып тастайды-дағы, оның орнында «Нью-Йорк» сияқты шағын аудан пайда болуы мүмкiн. Ол дегенiңiз – қып-қызыл бизнес, қып-қызыл ақша деген сөз. Ол жерге миллиардтар салынады деген сөз. Ол Үкiметтiң, не болмаса әкiмнiң шешiмiнсiз болмайтын нәрсе. 2012 жылы қысқы олимпиада өтедi деп жатырмыз ғой. Мүмкiн, соны сылтау қылатын шығар. Бiздi Есiкке ме, Талғар жаққа ма апара салу, сол жақтан қалқайтып, үй сияқты бiрдеңе салып беру олар үшiн оңай да шығар. Мүмкiн ол жақсы да болар, оған менiң таласым жоқ. Әңгiме, кезiнде үлкен құндылықпен жасалған ұлттық дүниемiз кетiп қалайын деп жатыр. Барлық мәселе осында.

– Мүмкiн, дәл сол құндылықтардың бәрiн сақтай отырып, жаңа технологиямен жабдықталған жаңа киностудияны өзге жерден салып беретiн шығар?..

– Оның рас. Мүмкiн, одан да асырып жасайтын шығар. Қазiр не iстемей жатыр?! Ақшаның күшi бәрiне де барады ғой. Қанша дегенмен мешкей деген жақсы атақ емес. Ол студия қашан болады? Болған күнде де, ол мүлдем басқаша «Қазақфильм» болуы мүмкiн. Бiр кездерi, яғни мен жұмысқа келген 1974 жылдары киностудияда мың жарымға жуық адам қызмет жасайтын. Одан кешегi 90-жылдары 600 адамдай қалды. Қазiр соның есебiн де бiлмеймiн. Бiр үш жүздей адам қалған шығар. Қазiр қызметкерлердi аса көп ұстамайды. Монтаж жасайтын бөлмелерде, кейбiр цехтарда қызметкерлер бар шығар, одан кейiн инженерлер бар. Соларды ғана ұстайды. Қалғандары штатта емес. Көп мамандар Т.Жүргенов атындағы академияда тамағын тауып жеп жүр. Сенсеңiз, қазiр киностудияда қазақтың маңдай алды «сен тұр, мен атайын» дейтiн азаматтары болмай тұр ғой. Нағыз трагедия осында жатыр.

– Сатылады деген қауесет қайдан шықты?

– Жаңа айтып тұрмын ғой, Ұлттық компанияны акционерлiк қоғамға айналдырғаннан кейiн-ақ, жұрттың бәрi түсiндi. Түбi ары қарай, осылай болатынын сездi. Қазiр ендi күлбiлтелеп, сатылған жоқ деп жатыр ғой. Оның бәрi халықтың түсiнiгiн, пиғылын бiр күннен екiншi күнге жұмсарта беру деген сөз. Жайлап, дипломатияға салып, түбiнде осыған алып келедi.

Нұрлыбай ағаның ойынша, «Қазақфильм» орналасқан аймақ түбiнде сатылатын сияқты. Ол кiсiнi мазалайтын нәрсе, «Қазақфильм» өзiнiң ұлттық құндылықтарынан айрылып қала ма деп қорқады.

«Жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамайды». Бiрақ бұл қауесеттi шығарып жүргендер неге сүйенiп айтып отыр? Әлде шындығында да, киностудия орналасқан аймаққа көз тiгiп жатқандар бар ма? «Қазақфильм» акционерлiк қоғамының президентi Сергей Әзiмов болса, бұл қауесеттiң жалған екендiгiн айтады:

– «Қазақфильм» сатылайын деп жатқан жоқ. Оны сатып алған да ешкiм жоқ. Әлгi қауесеттi таратып, баспасөз-конференциясын жасағандардың қандай мәлiметке сүйенiп өткiзгенiн бiлмеймiн?! Мүмкiн, олардың қолында деректер бар шығар. Бар бiлерiм, «Қазақфильмнiң» ешкiмге сатылмағандығы. Егер жаңа технологиямен жабдықталған киностудия жасап берiп, сонда көшiңдер десе, ойлануға болар едi. Ондай ешнәрсе жоқ, мен қалай киностудияның сатылуына жол беремiн. Әрi жаңа киностудияны салу оңай шаруа емес. Оған кем дегенде төрт-бес жыл қажет. Сондықтан, киностудияның аумағының сатылмағандығын және оны ешкiм сатып алайын деп жатпағандығын тағы да айтам. Ал, әлгiндей қауесеттi таратып жүргендердiң ондай мәлiметтi қайдан алғандығын өздерiнен сұрарсыңдар. Мiне, осындай дүниелердiң көбi, жұмыс iстеуге кедергi. Өткенде республикалық газеттiң бiрiнде, менiң суретiмдi басып, «Қазаққа, қазақтың киносына жаны ашымайтын адам неге «Қазақфильмдi басқарады?», – деп жазыпты. Жуырда қазақтың жомарттығын, қазақтың адамгершiлiгiн, қазақтың кеңдiгiн әлемге танытатын бiр тағдыр иесi туралы шет елге барып, деректi фильм түсiрiп қайттым. Еңбек демалысымды пайдаланып бардым. Бiздiң ағаларымыздың бiрi сол елде жүрiп, немiстiң қызына ғашық болып қалады. Содан немiстiң қызы бiздiң ағамыздан бiр бала туады. Ол кезде заң қатал ғой. Үш әрiп ағамызды шақырып алып:, «Не сотталасың, не елге жалғыз қайтасың»,–деп шарт қойыпты. Содан амал-жоқ, баласы мен әйелiн тастап, елге қайтады. Сол бала өсiп, шешесiнен әкесiн сұрайды ғой. Содан әкесiн iздейдi. Кеңес Одағының кезiнде оған мүмкiндiк болмапты. Тек тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана, әкесiн тауыпты. Әкесi қайтыс болып кеткен, тоғыз қарындасы бар екен. Ол кiсi қазақ десе, жан беретiн адам. Егер менiң қазаққа жаным ашымаса, осындай адамдарды iздеп тауып, солардың өмiрi туралы қазаққа керектi дүниелердi түсiрмес едiм ғой. Осыны жазған адамның көзiне тура қарап: «Сен менiң қазаққа жаным ашымайтынын қайдан бiлесiң?» деп сұрайын деп едiм. Менiң кiм екенiмдi бiлмей тұрып, неге жазады?! Ол жауапкершiлiкке, адалдыққа, адамдыққа жатпайтын нәрсе. Ал, сатылу мәселесiне келер болсақ, осы жер сатылатын болса, бәрiмiз шығып, қарсы боламыз. Олардың бәрi менен келiп сұрамай ма? Жалпы, киностудия жақсы жерде орналасқан. Кезiнде Кеңес Одағының арқасында, Димекеңнiң арқасында, осы киностудияны алдық. Себебi, кезiнде 70-жылдары осы киностудия салынғанда, бұл жер қаланың шетi болатын. Ол кезде мұның маңайында ешқандай аудан да болмаған екен. Көрдiңiз бе?!

Ал, шын мәнiнде жаңа заманғы лайықты, жаңадан киностудия салынса, ол кiмге жаман, айтыңызшы?. Жалпы, жаңа киностудия салу үшiн де оған бiраз жер керек. Сол жер берiлiп, оған Үкiмет қаржы бөлiп, салып берсе, онда қолдауға болады. Ол киностудия жоғары технологиялық деңгейде салынып, соны тапсырып, бiз оны қабылдап алсақ қана, осы жердi Үкiметке қайтаруға болады. Ондай болмаса, бiрiншi өзiм қарсы болам. Ал, қалғанын сол баспсаөз-мәслихатын өткiзген жiгiттерден сұраңыз», – дедi.

Әзiрге, әңгiменiң тобықтай түйiнi осы ғана. Ал, жер мәселесiне келер болсақ, жүз пайыз акциясын Үкiмет иемденетiн «Қазақфильм» акционерлiк қоғамына қатысты аумақты сату-сатпау мәселесiнiң түйiнi де, айналып келгенде Үкiметке қатысты нәрсе. Егер Үкiмет шешiм шығарып, «Қазақфильм« акционерлiк қоғамы тұрған аймақты сатамыз десе, ол да қолында. Тек, қаншама жыл қазақ киносының рухани қазығына айналған, қазақтың маңдай алды марқасқаларының табаны тиген мекен бүгiнгi бизнес ошағына айналып кетсе, қазақ киносының күнi бiтпей ме деген қауiп бәрiмiздi мазалайтынын жасыра алмаймыз… Әрине, кино өнерiнiң заман көшiне iлесiп, әлемнiң озық технологияларымен жабдықталғанын, кино өндiрiсiнiң дамығанын кiм жек көрер дейсiң?! Бiз де жек көрмеймiз. Сондықтан, «өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмайтын» тiрлiк жасауымыз керек.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары