АСЫРАНДЫ ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНЫҢ БАСЫМ БӨЛIГI – АҚШ-ТА

АСЫРАНДЫ ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНЫҢ БАСЫМ БӨЛIГI – АҚШ-ТА

АСЫРАНДЫ ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНЫҢ БАСЫМ БӨЛIГI – АҚШ-ТА
ашық дереккөзі
250

Бұл миссионерлiк әрекет пе, әлде…

Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәлiметi бойынша, 1999 жылдан берi Қазақстаннан шетелге 6014 бала асырап алуға берiлген. Бiр қызығы, олардың 5308-iн АҚШ азаматтары өз қамқорлығына алыпты. Былайша айтсақ, Қазақстан жетiмдерiнiң 90 пайызға жуығы американдық ата-аналардың асырауына берiледi екен. Таяуда Парламент қабырғасында «Балаларды қорғау және баланы шетелдiк асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылу және оны ратификациялау туралы» Заң жобасы талқыланды. Бiрақ елiмiздiң бала асырау жөнiндегi ең басты «импортерi» – АҚШ бұл конвенцияға қосылмаған. Содан болар, депутат Амангелдi Айталы бастаған бiр топ халық қалаулылары аталған заң жобасына қарсы шығып, талқыға түскен құжат керi қайтарылды.

АЖАЛЫН АМЕРИКАДАН ТАУЫПТЫ…

Әлем бойынша бала асырау жөнiнен Америка Құрама Штаттарының алдыңғы орындарда тұрғаны көпшiлiкке жасырын емес. Американың өзiнде де жетiм балалар жетiп артылады. Бiрақ елдiң өз iшiнен жетiм баланы асырап алу өте қиын. Ең алдымен, болашақ ата-ананың өмiрбаяны жергiлiктi полициядан бастап, Федералдық тергеу қызметiнiң (ФБР) терең сүзгiсiнен өтуi керек. Көпшiлiк ата-ана болам деп, тергеу астына түсуге ынталы емес. Себебi американдық ата-аналардың iшiнде психикасы бұзылған немесе қандай да бiр қылмысы үшiн сотталып, түрмеде отырған азаматтар да бар. Мұны өткен жылдың орта шенiне қарай елiмiздiң Бас прокуратурасы анықтапты. Құзырлы орынның мәлiметi бойынша, шетелдiк ата-аналардың қатарында жүйке-жүйесi зақымданған азаматтар мен кезiнде сотталған адамдар да болыпты. Тексерiстiң нәтижесi көңiл көншiтерлiктей емес. Қазақстанның Бас прокуратурасы халықаралық асырау iсiнде елiмiздiң шет елдегi консулдық қызметтерi мен жергiлiктi бала асырау жөнiндегi органдардың көптеген құқықтық-заңнамалық құжаттарды бұзып, бала асырауға рұқсат бергенiн анықтаған. Осыған орай, Бас прокуратураның халықаралық келiсiмдердi бақылау жөнiндегi басқарма төрағасы Балғабай Хамитжанов: «Қазақстан Республикасының Сыртқы Iстер министрлiгiнiң тиiсiлi деңгейде бақылау жүргiзбеуiнiң кесiрiнен елiмiзге шетелдiк бала асыраушылар жөнiнде толыққанды және «сапалы» ақпарат келiп жатқан жоқ» – деген едi.

Жалпы бала асырау iсiне жауапты орындар – Сыртқы iстер министрiлiгi, Әдiлет министрлiгi мен Бiлiм және ғылым министрлiктерi әлi күнге дейiн «бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара» алмай отырғанға ұқсайды. Естерiңiзге сала кетсек, 2001 жылы депутаттардың асыранды балалар жөнiндегi сауалына орай үш бiрдей министрлiк үш түрлi дерек әкелiп, масқара бола жаздаған. Сол кездегi санақ бойынша, шет елге асырауға берiлген қазақ балаларының саны: Әдiлет министрлiгiнiң мәлiметi бойынша – 1261, Бiлiм және ғылым министлiгiнде – 977, Сыртқы iстер министрлiгiнде – 736 деп көрсетiлген едi. Қазiрде көп жағдай өзгере қоймаған сияқты. Қазақ балаларының бас «импортеры» – АҚШ-та елу штат барын көпшiлiк бiледi. Бiрақ Қазақстанның Америкадағы консулдық қызметтерi тек қана Вашингтон мен Нью-Йоркта ғана қызмет етедi. Бұл дегенiңiз, алып Американың өзге штаттарында тұратын қазақ балаларының жағдайын бiлу өте қиын. Консулдық қызметтердiң қолы қысқа. Содан болар, Оригон штатындағы Сайнстар отбасындағы қазақ баласына қатысты зорлық-зомбылықты елiмiздiң АҚШ-тағы консулдық қызметтерiнен бұрын, шетелдiк ақпарат құралдары мен Қазақстандағы Американың консулдық қызметi хабарлады. Сайнстар отбасы Қазақстаннан екi жетiм баланы асырап алыпты. Бiрақ өткен жылы отағасы Джон Альберт Сайнс 9 жасар қазақстандық жетiмек қызды зорлағаны үшiн тұтқындалды. АҚШ елшiлiгiнiң өкiлi Джефри Ладинский зорланған қыздың елiне қайтарылмайтынын мәлiмдеп, өгей әкенiң өз жазасын алатынына сендiрген едi. Артынша iстiң қалай өрбiгенi беймәлiм.

Өткен жылдың халықаралық қатынастардағы ең даулы жыл болғаны тағы рас. Ресейдiң бас прокуратурасы «Юнона» қорының қылмыстарын әшкерелеп, айналдырған он шақты жыл iшiнде Америкада 13 орыс баласының өгей ата-аналарының қолынан қаза тапқанын жариялаған едi. Халықаралық даулардан кейiн Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгi де жергiлiктi министрлiктерге «Юнона» қорымен қарым-қатынасты доғаруға кеңес берген болатын. Айтпақшы, «Юнона-Қазақстан» қоры Қостанайда бiраз қызмет атқарып үлгерiптi. Аталған қордың қызметiн тексеруге уәде берген құзырлы орындар Ресейде басылған даудан кейiн ләм-мим демей, үнсiз қалған сияқты.

РЕСЕЙДЕ БАЛА АСЫРАУҒА МОРАТОРИЙ ЖАРИЯЛАНУЫ МҮМКIН

Биыл Америкада екi қазақ баласы қаза тапты. Осыдан бiр ай бұрын ғана Қазақстанның балалар үйiнде асыр салып ойнап жүрген жетiмектер АҚШ-та жол апатына ұшырапты. Коундар отбасының асырауына берiлген төрт жасар Әлия мен бес жасар Джейсонды (бiздiңше Жәнiбек болар) Америкада бақытты балалық шақ емес, сұм ажал күтiп тұр екен. Соған қарағанда, Америка тек қана Ресей балаларының емес, Қазақстан балаларының да тағдырын қиып, сүйегiн құшқан елге айналып барады. 13 орыс баласынан айрылған Ресей соңғы кездерi етек-жеңiн жиып, халықаралық асырау мәселесiне мораторий жариялау қажеттiгiн алға тартып отыр. Халықаралық даулардан кейiн бұл елдегi бала асырау тәртiбi де қатаң түрде бақыланатын болды. Оның үстiне бала асырау мәселесiмен айналысатын өзге елдердiң мемлекеттiк органдары Ресейде қызмет етуге рұқсат алуы керек. Тағы бiр шарт – коммерциялық емес құрылымдар да рұқсат қағаз алумен қатар, ел iшiнде өз өкiлдiгiн ашуы тиiс. Ал, Ресейдiң Федералдық кеңесi елдiң демографиялық ахуалы мен шетелдегi орыс балаларының өлiм-жiтiмiн алға тартып, Бас прокуратураға халықаралық асырау мәселесiне мораторий жариялауды ұсынып отыр. Ресейдiң ендiгi көздегенi осы.

Қазақстан да балаларын оңды-солды шетелдiктерге асырауға беретiндей демографиялық шарықтау шегiне жеткен ел емес. Бiр айта кетерлiгi, егерде Ресейде халықаралық асырау мәселесiне алдағы уақытта тыйым салынса, американдық ата-аналардың барлығы дерлiк Қазақстанға көз тiгедi. Ал, Ресейде шетелдiк асырау iсiне мораторийдiң жариялануы әбден мүмкiн. Алып мемлекет қазiр демографиялық тоқырау кезеңiн бастан кешуде. ТМД елдерiндегi отандастарын көшiру мәселесiне қатысты Путиннiң жарлығы – осындай қиындықтан туындаған мәселе. Оның үстiне Ресейде жаңадан туылған әрбiр балаға 250 мың рубль төлемақы берiлетiн болды. Бұл да орыс елiнiң демографиялық ахуалын түзету үшiн жасалып жатқан қадамдары. Сондықтан Ресей үшiн жетiмдер үйiндегi әрбiр орыс баласы қымбат. Яғни, болашақта Қазақстан АҚШ-тың ТМД аумағындағы басты «бала экспортерына» айналуы әбден мүмкiн.

«ХРИСТОСТЫ ТАНЫТУ ҮШIН БАЛА АСЫРАҢДАР!»

АҚШ азаматтарының бала асырауға қатысты құштарлығын түсiну өте қиын. Әрине, салық саласындағы жеңiлдiктер бар, «мен шетелден бала асырап алдым» деген атақ тағы бар, әйтеуiр, американдық баласыздардың мақсат-мүдделерi әрқилы. Ауру-сырқат балаларды асырап алып, аяққа тұрғызып жатқан шетелдiк ата-аналардың еңбегiн де жоққа шығара алмаймыз. Десек те, мұндай ақ пейiлдi азаматтардың аздығы көңiлге қаяу түсiредi. Нелiктен АҚШ-тан Қазақстан мен Ресейдiң жетiм балаларына қатысты қаралы хабарлар көп келетiн болды? Нелiктен протестант дiнiн ұстанатын АҚШ мұсылман елi – Қазақстаннан бала асырауға аса мүдделi? Бiр айта кетерлiгi, бiрқатар мұсылман елдерi христиан ата-аналардың бала асырап алуын қош көрмейдi. Мәселен, Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерi цунамиден жапа шегiп, етек-жеңiн жия алмай отырғанда, американдық «Уорлд хелп» миссионерлiк ұйымы балаларға евангелистiк тәрбие беру үшiн 300 мұсылман баласын елден алып кеткiсi келген. Индонезияның заңдары мұсылман балаларын шетелдiктердiң асырауына беруге тыйым салады. Ал, аталған миссионерлiк ұйымның көздегенi – мұсылман балаларын христиандық рухта тәрбиелеу екен. Кiм бiлсiн, кейiн осы балаларды Индонезияға қарсы миссионерлер ретiнде тәрбиелеп, туған жерлерiне қарсы айдауды көздеген де болар ұйым мүшелерi… Абырой болғанда, миссионерлiк ұйымның заңсыз әрекеттерi дер кезiнде әшкереленiптi.

АҚШ азаматтарының Қазақстаннан бала асырауға деген құштарлығын миссионерлiк әрекеттермен де түсiндiруге болатын шығар. Қазiр американдық миссионерлер қазақтың мүйiзi қарағайдай профессорларының арқасында ұлттық оқу ордаларында кандидаттық диссертация қорғаумен қатар, қазақ ортасында қазақша сайрап, домбыра тартып, Iнжiлдi насихаттап жүр. Бiрақ олардың құйтырқы әрекеттерi әшкереленiп жатқан соң, олардың бiрқатары Қазақстаннан бала асырап, оларды евангелистiк рухта тәрбиелеп, болашақта елiмiзге қарсы құрал ретiнде пайдалануды көздеп отырғандай. Бұл орайда бүкiл христиандарға арналған «Bethany Christian Services» миссионерлiк ұйымының Үндеуi мұсылман елдерiн дүр сiлкiндiрген. Үндеуде миссионерлер мұсылман елдерiнiң балаларын көптеп асырауға шақырып: «Бала асырау – үлкен қадам, бiрақ ол өзiн-өзi ақтауы тиiс. Себебi осы арқылы асыранды балаларға Христосты танытуға әбден болады» – дейдi. Негiзiнен Африка мен Таяу Шығыс елдерi, Батыс Еуропаның бiрқатар мемлекеттерi шетелдiктерге бала асырауға тыйым салады. Себебi мұсылман елдерi өз жетiмдерiнiң христиан азаматтарының қамқорында болуын, сол сияқты христиан азаматтары жетiмдердiң мұсылманша тәрбие алуын қош көрмейдi. Қазақстаннан бала асырап, елiмiзде миссионерлiк әрекет жасап жүрген американдық отбасылары да баршылық. Интернеттi ақтарсаңыз, асыранды қазақ және орыс балаларын қойнына басып, бақытты отбасының кейпiндегi суреттердi көрсетiп жүрген американдық отбасыларын миссионерлiк сайттардан жиi көруге болады. Ал, мұндай миссионерлiк сайттар өте көп. «Қазақстан» деген тақырыпшаны ашсаңыз, жүрегiңiз тiтiркенедi. Миссионерлердiң құшағындағы қазақ балалары да болашақта миссионер болып шықпай ма? Содан болар, мұндай ата-аналар балалардың ана тiлiн ұмытпауын қамтамасыз етедi. Себебi ертең балалар Қазақстанның мемлекеттiк тiлiнде евангелистiк уағыз жүргiзуi керек қой…

Қазiр бала асырап жүргендердiң денi – қатардағы қарапайым американдықтар ғана емес. Олардың iшiнде әрқилы миссионерлiк ұйымдардың да мүшелерi бар сияқты. Бiрi – протестанттар, ендi бiрi – баптистер… Әйтеуiр, христиан дiнiнiң әртүрлi ағым-секталарына жататын отбасылары… Бiр айта кетерлiгi, кейбiр шiркеулер бiржынысты отбасының шаңырақ құрып, бала асырауына да рұқсат бередi. Мәселен, таяуда Шотландияның христиандық шiркеуi бiржынысты отбасыларының бала асырауына қатысты үкiметтiк заң жобасын қолдап шықты. Қоғамдық мәселелер жөнiндегi шiркеу кеңесiнiң өкiлi Мораг Милн: «Балаға жақсы тәрбиенi тек қана отбасында беруге болады» – деп мәлiмдеп, шiркеудiң шешiмiн ақтайды. Бiрақ отбасы – екi еркектен немесе екi әйелден тұратын «қызтекелердiң одағы» болса ше? Кейбiр психолог мамандардың айтуынша, ер азаматтардан құралған «ерлi-зайыптылардың» көбiне ұл балаларды асырауға ынталы болады екен. Мұндай отбасында тәрбие көрген ұл бала болашақта әйел затынан жиiркенбей ме?! Ең қорқыныштысы, бүгiнгi таңда Испания, Швеция, Канада, Оңтүстiк Африка республикасы мен Ұлыбританияда қызтекелерге бала асырап алуға рұқсат етiлген. Айтпақшы, бiржынысты отбасыларына бала асырауға рұқсат берiлген Испания азаматтары күнi бүгiнге дейiн 152 қазақ баласын қамқорына алыпты. Әрине, олардың қандай отбасында өмiр сүрiп жатқаны белгiсiз. Себебi жоғарыда айтқанымыздай, Бас прокуратураның мәлiметi бойынша, «бала асырап алушылар жайында бiзге толыққанды және «сапалы» ақпарат келмейдi».

Қазақстаннан асырап алынған жетiм балалардың 90 пайызға жуығын «қойнына басқан» АҚШ-тың өзi сыртқа бала бермейдi. Оған төтеп беретiн бiрден-бiр құрылым – Федералдық тергеу қызметi. Бала асырап алғыңыз келе ме? ФБР-дың өмiрбаяныңызды бастан-аяқ ақтарып шығатынына сенiңiз. Бәлкiм, Қазақстанда да шетелдiк бала асыраушылар жөнiндегi мәлiметтi тексеру iсiн Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне жүктеген жөн шығар. Әйтпесе құзырлы орындардың жағдай ушыққан кезде ғана iске араласатыны қиын.

Түйiн. Күн өткен сайын Батыста бiржынысты отбасыларына бала асырауға рұқсат беретiн елдер саны артып барады. Болашақта бiржынысты отбасыларының қамқорына қазақ жетiмектерiнiң түспесiне кiм кепiл?! Қазiргi күннiң шындығы – шет елде зорланған, қаза тапқан қазақ балалары да бар. Бiрақ бұны Ресейдегiдей елеп-ескерiп жатқан ешкiм жоқ. Бүгiнде Қазақстан дамыған экономикасымен, мұнайдан түсетiн пайдасымен жиi мақтанады. Ал, нелiктен елiмiздiң дамыған экономикасы 100 мыңға жуық қазақ жетiмектерiн асырауға шарасыз?! Бәлкiм, Америкада жол апатынан қаза тапқан 4 жасар Әлия мен 5 жасар Джейсонға (Жәнiбек болар) американдық ата-ана емес, қазақы тәрбие ғана керек болған шығар… Алланың жазғаны дерсiз. Бiрақ Әлия мен Жәнiбек Қазақстанда туылған соң, Алла Тағала оларға мұсылман болуды жазған жоқ па едi?!

Алланың жазғаны дерсiз…

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары