«ҚАЗАҚ ТIЛI ЖЫЛЫ» ТАҒЫ ДА НАУҚАНҒА АЙНАЛМАСА БОЛҒАНЫ

«ҚАЗАҚ ТIЛI ЖЫЛЫ» ТАҒЫ ДА НАУҚАНҒА АЙНАЛМАСА БОЛҒАНЫ

«ҚАЗАҚ ТIЛI ЖЫЛЫ» ТАҒЫ ДА НАУҚАНҒА АЙНАЛМАСА БОЛҒАНЫ
ашық дереккөзі
275

Жаңа Премьердiң Мемлекеттiк тiлдi меңгермегендiгi оның басты кемшiлiгi ретiнде аталып жатыр. Сондай-ақ, бұл онсыз да тiлi босағадан озбаған қазақ қоғамын абдыратып тастағаны белгiлi. Дегенмен, Премьер өзiнiң осы басты кемшiлiгiн сезiнедi-ау деймiн, министрлiктер мен ведомстволардағы алғашқы жиынының барлығын қазақша өткiздi. Сондай-ақ, Бiлiм және ғылым министрлiгiне Мемлекеттiк тiлдi дамытудың жаңа бағдарламасын жасауды тапсырып, мектеп жасына дейiнгi ұйымдарды көбейту қажеттiгiне тоқталды. Премьердiң пiкiрiнше, тiлдi игерудi балабақшадан бастаған жөн. Негiзiнде тiл игеру саясаты мектептен басталатындығы жайында бiз бұған дейiн де сан айтқанбыз. Бiрақ, бiздiң бiлiм беру саласы өзге тiлдi мектептерде Мемлекеттiк тiлдi үйретуге мән берген жоқ.

Сонымен қатар, Кәрiм Мәсiмов Мәдениет және ақпарат министрлiгiнде мемлекеттiк тiлге арнайы жиын өткiздi. Дәл осы жиында Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамет Ертiсбаев биылғы жылды: «Қазақ тiлi жылы» деп жариялайық» деген бастама көтердi. Егер, осының бәрi науқанға айналмай, премьер осы қарқынмен жиналыстарының бәрiн мемлекеттiк тiлде өткiзетiн болса, айналасы жарты жылдың iшiнде қазақша сайрап кетпесiне кiм кепiл. Осы орайда «Астана хабары» газетiнде жарияланған шағын әзiл ерiксiз есiңе түседi. «Мемлекеттiк тiлдi үйренудiң ең оңай жолы – премьер болу» дейдi онда. Мәсiмовтiң алдындағы премьер орын-тағына мемлекеттiк тiлдi бiлмей қонжиған Тоқаев, Қажыгелдин сынды шенеунiктер 2 жылдың iшiнде қазақша сайрап шыққандығын айта отырып, Мәсiмовтiң тiлдi үйренуге деген құштарлығы премьер болғаннан кейiн оянғандығын сөз етедi.

Қош, сонымен биылғы жыл «Қазақ тiлi жылы» деген арнайы айдарға ие болатын болды. Ұзынқұлақтың сөзiне қарасақ, көршi Ресейде де «Орыс тiлi жылы» жарияланып жатқан көрiнедi. Бiз 15 республика мен ондаған өлкелер және автономиялы облыстардан тұратын Ресейдiң жайын түсiнемiз. Сарапшылар Ресей осы қалпында қалмайтындығын, әлi де бiрнеше бөлiкке бөлiнiп кететiндiгiн жиi сөз етедi. Оның үстiне қазiр Ресейдегi ұлтаралық жағдай тұрақсыз. Тек шешендердiң бүлiгiнiң өзi неге тұрады?! Ресей Шешенстанға тәуелсiздiк берiп қоя берсе, оның жанындағы Дағыстан, Татарстан, Башқұртстан сияқты субъектiлерiнiң де бой көтеруi ғажап емес. Ал, бiзде дәл Ресейдегiдей ұлтаралық проблема жоқ. Бар болса, ол қазақ мәселесi. 15 жыл бойы шетке ысырылған, еске алынбаған төл ұлтының төл мәселесi. Шенеунiктер қазақ мәселесiне мойын бұрып, мемлекеттiк тiлдi төрге оздыратын уақыт жеткендiгiн сезiнген сынды, биылғы қарқындары жаман емес. Бiрақ, кез-келген нәрсеге күмәнмен қарап үйренген ала көңiлiмiз бұған да илана қоятын емес. Өйткенi, осы 15 жыл iшiнде мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi биiк мiнберден талай сөз болды. Алайда, сөз бар, iс жоқ. Шенеунiктердiң бiрi қазақ тiлiн дамытуға құлшына кiрiссе, екiншiсi оның бастамасын жоққа шығарып, бiрiнiң iсiн бiрi жалғастырмай келдi. Алаулатып-жалаулатып сөз еткенiмiзбен, былай шыға бәрi ұмыт болатын. Кәдiмгi Кеңес одағы кезiндегiдей ұрандатып алып, ұмытып кететiн жеткiзбейтiн коммунизм секiлдi. Науқанның көптiгi сондай, бiрақ, орындалған бағдарлама жоқтың қасы. Былтыр экс-премьер Даниал Ахметов мемлекеттiк тiлдi дамыту жөнiнде арнайы комиссия құрып, оны тiкелей өзi басқаратын болғанда, үмiттiң оты аздап оянғаны рас. Бiрақ, оның премьерлiк карьерасы ұзаққа бармады. Сөйтiп, қолға алған iсi аяқсыз қалды. Ал, Кәрiм Мәсiмов бұрынғы Үкiметтен қалған бағдарламалардың барлығын қысқарту керектiгiн сөз еткенде оның iшiнде мемлекеттiк тiлдi дамыту бағдарламасы да бар шығар деп күмәндандық. Дегенмен, Мәсiмов мемлекеттiк тiлдi дамыту жөнiндегi комиссияны өзi басқармаса да, экс-премьердiң дәл осы осы мұрасын ары қарай жалғастыратындығын жеткiздi. Бұның өзi көп демеу. Мәдениет және ақпарат министрлiгiндегi арнайы жиында сөз алған сенатор Қуаныш Сұлтанов: «Бiздiң осы жақсы бастамамызды да науқан дей көрмеңiздершi» деп жалынды. Науқан демей не? Өз елiнде өз мемлекетiнiң тiлiн дамыту үшiн оған арнайы «Қазақ тiлi» жылын жариялаған бiзден өзге кiм бар екен? Ал, депутат Мұхтар Шаханов бұндай ұсынысты 2 жыл бұрын ұсынған екен. Депутаттың пiкiрi аяқасты етiлген болатын, ендi оны атқарушы билiк өкiлдерi ұсынып едi, қабыл алынды.

Қалай дегенмен де, билiк мемлекеттiк тiлге көңiл бөлмей, iсi алға баспайтындығын сездi. Сөйтiп, 15 жыл бұрын қолға алуға тиiстi жұмысқа ендi кiрiстi. Яғни, бүгiн балабақшаға барған баладан бастауды жөн көрiп жатсақ, мемлекеттiк тiлдiң шын мәнiсiндегi мәртебесiне ие болуы үшiн әлi де 15 жыл керек. Яғни, 2030-дың шетi қылтиятыны сөзсiз. Әйтеуiр, жаһандану заманында тiлiмiздi өлтiрiп алмай, кеш те болса мемлекеттiк аренаға шығара алсақ болғаны да. Мемлекеттiк тiлдi дамытуға ел қазынасынан бөлiнген 2 миллиардтан астам теңгенiң құрдымға кетпей мақсатты iске жұмылғанын көрер күнге жетуге жазсын. Өзге тiлдi ұлт өкiлдерi жиi көлденең тартатын сауатты методикалық құралдар мен қазақ бала-бақшалары, мектептер көптеп ашылсын. Онсыз тiлдi төрге оздырамыз деу бекер.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары