НҰСҚАЛЫ СӨЗIН ӨТКIЗГЕН НЕМЕСЕ ТОПТАН ОЗҒАН ТОБЖАН БИ

НҰСҚАЛЫ СӨЗIН ӨТКIЗГЕН НЕМЕСЕ ТОПТАН ОЗҒАН ТОБЖАН БИ

НҰСҚАЛЫ СӨЗIН ӨТКIЗГЕН НЕМЕСЕ ТОПТАН ОЗҒАН ТОБЖАН БИ
ашық дереккөзі
492

Елiмiздiң тәуелсiздiк туын көтергенiне де он бес жыл толып, халқымыздың өткенi мен бүгiнi таразыланып, келешегi бағамдалып жатыр. Ел тәуелсiздiгiне, қазақ халқының өсiп-өркендеуiне, елдiң тұтастығын сақтауға өз ықпалын жасаған небiр батырлар мен қатар билердiң орны да ерекше болған. Сонау 17-18 ғасырларға бармай-ақ ХIХ ғасырдың орта шетiнде билiкке араласқан қабырғалы билердiң бiрi болған Алтын Тобжан Байназарұлы туралы сөз етпекбiз.

Тобжан би есiмi мұрағат құжаттары мен ХIХ ғасырдың соңғы кезiнде «Түркiстан уалаяты» атты Ташкентте шығып тұрған газетте, Орталық ғылыми кiтапхананың сирек кездесетiн қолжазбалар қорында ол туралы жазылған ел әңгiмелерi де сақталынған.

Сыр сүлейлерiнiң шоқтығы биiк ақыны Шораяқтың Омары өзiнiң «Ұстаздарым» атты ұзақ толғауында…

«…Алтын Тобжан, Әлiбай,

Егестi жерде тоқталмай.

Нұсқалы жауап сөз табар»,– деп бидiң байлығымен қатар шешендiгiн айтып кеткен. Тобжан Байназар ұлының арғы тегiн зерделей қарасақ, тектi тұқымның ұрпағы екенi аңғарылады. Ақындар жырларында айқын да нақты жазылған. Шығыстың жұлдызы аталған ақын Тұрмағамбет Iзтiлеуұлы (1882-1939) Тобжанның бесiншi атасы Сәлтеке туралы;…«Алтыннан шықты ыңырана, Сәлтеке сынды арыстан» десе көзi тiрiсiнде Дүр Оңғар атанған (1858-1902) ақын тобжан мен айтысып кемшiлiгiн көрсете тұра оның арғы бабалары хақында.

Қараның ханы болған атаң Барқы.

Кiсi екен абыройлы қымбат нарқы.

Батырдан бүтiн болып туған Науша,

Әлсiзге пана болған асқар тауша.

Наушадан өнген әулет Байназар бай,

Тең болған дәулет пенен перзентке сай, – деп жырға қосқан. Жалпы Сәлтеке ұрпақтарын Сыр сүлейлерi жырламай өтпеген. Олардың бастауында Балқы Базар, Дүр Оңғар, Кете Жүсiп, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Сейiтжан сал тағы басқалар өз жырларын арнап, олардың сом тұлғасын жасаған.

Ұрпақтарының қолындағы ататек шежiресi бойынша Тобжан (Топжан) 1840 жылы қазiргi Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты Қызылтам стансасы маңындағы «Жаңабай» ауылында дүниеге келген. Ақтөбе облысының Ырғыз, Торғай, Қостанай өңiрлерiнде жаз жайлап, қыс қыстауы. Қызылтам өңiрi (Сыр бойы) болған. Би 1918 жылы Ырғыз ауданының «Нұра» ауылында қайтыс болған.

Ресей құжаттарында Қазалы уезiне қарасты Қармақшы учакесiнде алғашқы болыстық құрылым 1868 жылы басталған. Қармақшы болысының алғашқы болыстарының бiрi Алтын Сарыкөбен Мұсылман ұлы болса, болыс билерiнiң 1874 жылға 6 хамалдағы құрамында Тобжан Байназарұлы уезд басқарушысының бұйрығымен би болып сайланған. Осы бұйрықта: «Перовскi оязный әкiмiнiң сұрауымен жұрттың сайлауы бойынша сайланды» деп жазылған. Ал 1880-1882 жылдардағы «Туркестанская ведомость» газетiнде, нақтыласақ осы газеттiң 1881 жылдың 2 ақпанындағы №5 санында «…Перовскi уезi бастығына жеке тұрғын үйлерi мен малдарына табыс салығы үшiн есепке тұрды, Олар Дәулет Бошаев, Тобжан Байназаров, Әлiмбай Уәлиев және Мекебай Манақовтар «әрқайсысы малдары үшiн 500 сомға тұрып, уездегi әскерилерге отын-шөп тасып беруге келiсiмге келгенiн жазса, 1882 жылдың 2 қаңтарында басқа да адамдармен бiрге 1882-1883 жылдарға олармен келiсiм шарт жасағаны хатталған. Ал бұл жылдарда Қармақшы болысының (1900-1903 жж.) басқарушысы Алтын Әлiбай Есiров болған.

1868 жылғы Қазақстан мемлекеттiк мұрағатының 232 қорының 1 тiзiмiнiң 2-iс қағазында Қармақшы болысының шаңырақ иелеренiң саны мен оны басқарушылары туралы осы болыстың №7 ауылын Тобжан, Көпiрбай Байназаровтардың (239 шаңырақты) басқаратыны жазылған. 1870 жылы Қармақшы болысында 3774 алтындар тұрған. Ел аузындағы әңгiмелермен ақындардың өлеңдерiндегi Тобжан би туралы жырлар және Ресей құжаттарындағы әкесi Байназар бидiң 1860 жылы Орынбор шекара комиссия бастығына арнайы хат жазып өзiнiң қарамағындағы елге егiн егу үшiн арнайы жер бөлудi (берудi) сұраған хаты тағы бар. Осы хат жөнiнде Сырдария желiсiндегi қазақтарды басқарушы сарай кеңесшi Осмоловскiге тапсырма берген хатында Сырдария желiсiнiң қолбасшысы генерал-лейтенант Данзас былайша: «Оразбай мен Қарғалы жерiн Қарақұмда көшiп жүрген алтын биi Байназарға бергенiнмен 100 егiншi үйiн егiн егуден қақтың. Сондықтан Алаша руының Аманқұл аталығына (басшылары Тышқанбай, Олжабай, Тоғызбайларға осы жердi қайтарыңдар, Елекей Қасымовтың жер учаскесiнен берудi Байназарға сұраймын және орындалуы жөнiнде өзiме хабардар етудi тапсырамын.

Мұрағат құжаттары осылайша сөйлесе, ел аузындағы әңгiмелерде « …Бiрде Тобжан би қосшылары мен бiрге (Арқа жақта) жолаушылап келе жатып бiр ауылға тоқтайды. Орта жүздiң ауылы болса керек. Қонақ күтiлiп, тамақ келгенше Тобжан бидiң көзi iлiнiп кетедi. Үйге кiрген Орта жүз жiгiтiнiң бiрi «…Кiшi жүз билерi ақбасты болады екен ғой» деп далаға шығып кетедi. Тамаққа отырған би дастархан басындағыларды бiр шолып өтiп «Бағана бiреуiң келiп бiрдеңе дедiңдер ме? Сол қай бала? – дептi. Мен деп жас жiгiт ата-тегiн таныстырғаннан соң Тобжан би: «…Орынды жердiң баласы екенсiң, айтсаң айтарсың, жақсы ел ағасын сыйлайды, азған ел баласын сыйлайды» дегенде сөздiң төркiнiн түсiнген жанағы жiгiт биге ат-тон айыбын жауыпты.

Екiншi әңгiмеде атақты Керей Марал ишанның ұрпағына қатысты айтылған. Маралдың немересi Әбдiрахман ишанның алтын сапар кесесi болыпты. Қымызды үнемi сол кесемен iшедi екен. «…1918 жылы ол Құмдыағашта қайтыс болған соң оның туған құдасы, Кiшi жүзге билiк айтқан атақты Тобжан жиырма шақты кiсi ертiп, Сырдан қырға келедi. Iшiнде iрi молдалары да бар. Қонақтар келе қайта-қайта құран оқып, бата қылады. Жылап-сықтап, мауқын басады. Тобжанға құдағайы алтын кесемен қымыз бередi. Би кесенi қолына алып: «Мұнымен Мағзұм ишан шипалы сусын iшкен ғой», — деп кесенi қайта-қайта сүйiп, еңкiлдеп жылапты. Қоймаған соң тағы да құран оқылады. Тобжан кеткенше қымыз iшкен сайын кесенi сүйiп, жылай берген екен. Бiр жұмадан соң кiсiлер Сырға аттанады. Тобжан құдасына құдағиы отағасының иiсi деп, алтын кесемен бiр шекпендi сыйға тартады. Бидiң серiктерi сарқыт деп қоймаған соң атақты би: «Ой, өңкей шiрiк-қырқың жиналып, қырға аспайтын немелер, сендерге кесенi сындырып, бөлiп берейiн бе? Өздерiң жылап алсаңдар, көздерiң жоқ па!» – деп кейiптi.

Ел аузында әңгiмелерден Тобжан атақты би болуымен қатар шешен тiлдi дiлмәр ақын болған да көрiнедi. Оны Жиенбай (жырау) Дүзбенбетұлының Тұрымбет Салқынбайұлына жазған өлеңiнен анық аңғарылады.

Жиенбай жырау:

…Тобжанды ағаң Оңғар жамандаған,

Жырлатып бермедi» деп етiп өкпе.

Қайтарып Тобжан да оған, жазған жауап,

«Жай жүр, – деп, – бермедi деп жұртты сөкпе».

Тобжан бидiң ақындығының болғандығын немересi Барлан Ахметұлының қолында сақталынған Әлiбайға тағы басқа өлеңдерiнен байқауға болады. Осы өлеңiнде Әлiбайға:

…Жастан-ақ қатарыңнан озды басың,

Мен едiм ұстаз болған, жан досың.

Сәлемiң Атбасардан жеткеннен соң,

Дұға қып күнде ағады көзден жасым, – деп Әлiбай болыстың қазасына қайғыра өлеңмен өз көңiлiн бiлдiрген.

Осынау аз ғана өлең жолдарынан-ақ Тобжан бидiң ақын болғандығы, бiрақ ақындық жолды таңдамай билiкке араласып кеткенiн аңғаруға болады. Және де Дүр атанған Оңғардың құрыштай құйылған кесек сөздерiне өзi жауап бермей, сол кезеңнiң белгiлi де көрнектi ақындары Қарасақал Ерiмбет пен Кете Есенжолға, Оңғарға өлеңмен жауап қайтаруға тырысуы заңды құбылыс. Мұны Оңғардың өлеңiнен-ақ аңғаруға болады. ХIХ, ХХ ғасырдың бас кездерiнде бiреудiң атынан өлең арнау, жұмбақтап өлең жазу, мысал өлеңдер түрi кеңiнен қолданылған.

Шешендiгi мен көсемдiгiнен өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған, топтан озған Тобжан би болды. Табын мен Алтын, Керей мен Алтын, Алаша мен Алтын, Қаратамыр руларымен болған арадағы келiспеушiлiктердi бейбiт жолмен шешiлуiне әрдайым ықпал етiп отырған

Бiз бұл мақаламызда оның билiк шешiмдерi, шешендiк сөздерi мен өлең жолдарын толық бере алмадық. «Халық айтса, қалып айтпайды» – дегендей халық аузына iлiнген, Сыр сүлейлерiнiң көркем жырларына арқау болған Тобжан Байназарұлын бүгiнгiдей тәуелсiздiкке қол жеткiзген бақытты заманымызға сол билер мен батырлардың қанымен, жанымен келген тәуелсiздiк жылында Тобжан сияқты атпал азамат, қабырғалы бидiң есiмiн құрметтеп, ардақтасақ, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

зерттеушi, этнограф, ғалым

Серіктес жаңалықтары