Белгілі кәсіпкер әрі меценат Айдын Рахымбаев BI компаниясының 30 жылдық мерейтойына орай 300 балаға тегін ота жасауға көмектесіп жатқанын мәлімдеді.
«BI компаниясының 30 жылдық мерейтойына орай Қазақстанда ота жасалмайтын, ауыр диагнозы бар, мұқтаж балаларға 300 ота тегін жасатып жатырмыз. Жапония, Қытай, Түркия, Израиль, Беларусь пен Ресейден 28 хирург алып келдік. Олардың бәрі – біздің дәрігерлерді оқытатын менторлар. 219 балаға аяқ-қолдың даму ақауына, 37 балаға жүрек-қан тамыр ауруларына, ал 44 балаға аноректальды патологияларға байланысты ота жасалды», – дейді кәсіпкер.
Жақын арада Ақтауда 200-ота сәтті өткен. Оның айтуынша, аталған процедураларға жүздеген миллион теңге жұмсалғанымен, балалардың денсаулығы – баға жетпес байлық.
«Біз 12 жыл бұрын ең алдымен компания қызметкерлерінің балаларына көмек көрсетуді қолға алдық. Бүгінде жыл сайын еліміздегі жүздеген балаға көмектесудеміз. Биылғы мерейтойлық жылы 300 баланың тағдыры мен 300 отбасының өмірін мәңгіге өзгерттік. Енді олардың өмірі жеңіл әрі оңай болмақ. Ем болсын, балалар . Ауырмай , алаңсыз ойнап-күліп өсе беріңдер. Әр қадамдарың жеңіл, болашақтарың жарқын болсын», – дейді Айдын Рахымбаев.