ЖЕР АСТЫ КЕШЕНI САЛЫНБАҚ

ЖЕР АСТЫ КЕШЕНI САЛЫНБАҚ

ЖЕР АСТЫ  КЕШЕНI САЛЫНБАҚ
ашық дереккөзі
203

Жер астынан салынған қалашықты бұрын-соңды көрiп пе едiңiз?! Әрине, жоқ. Мұны тек қалтасы қалың кәсiпкер мен алыс шет елдi сапарлауға жолы түскен азамат қана көрiп, тәнтi болды. Ал, былайғы қарапайым жұрттың бұл үш ұйықтаса, түсiне кiрмейтiн жағдай.

Сонымен, бұған қазақстандықтардың, яғни, алматылықтардың айналасы екi-үш жылда куә болатын түрi бар. Себебi, жақында Алматының Республика алаңында салынатын «Алмалы» деп аталатын көп қызметтi жерасты орталығы жобасының тұсаукесер рәсiмi өттi. Бұл мiндеттiң жүгiн өз мойнына алған «Базис–А» құрылыс корпорациясы және директорлар кеңесiнiң төрағасы А.Белович осы жобаны қала әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiне таныстырды.

Алматы қаласының әкiмдiгi мен «Базис –А» корпорациясы бiрлескен түрде ұсынған жоба көлемi 100 мың шаршы, тереңдiгi 20 метр Сәтпаев көшесiнiң бойымен Фурманов көшесiнен Желтоқсан даңғылына дейiнгi аралықтағы жер астынан салынатын болады. 2009 жылы пайдалануға берiлетiн «Алмалы» жер асты орталығында адам жанына қажеттiнiң бәрi болмақ. Мәселен, кинотеатр, бильярд клубы мен боулинг орталығы, 1000 көлiкке арналған автопаркингi және 200 шақты дүкенi, мұз айдыны, интернет-кафе, сондай-ақ көңiл көтеретiн ойын-сауық орталықтары қызмет көрсетедi. Демек, мұнда келген адам көңiлдi демалып, өзiне керектi затты сатып ала алады. Қаржы орталығына лайық Алматы қаласы үшiн мұндай орталықтың болғаны құп. Әсем табиғатымен елiтiп әкететiн Алатау баурайындағы көрiктi қалаға келешекте лек-легiмен ағылатын туристердiң де көбеюi бек мүмкiн. Оның үстiне, 2011 жылы Қысқы Азия ойындарының өтетiндiгiне орай, келген қонақтарды таңқалдыратын орталыққа айналмақшы. Әлбетте, жоба иелерi қауiпсiздiк шараларын да қатаң түрде ескеретiндiгiн тiлге тиек етiп, келешекте жол қозғалысында ешқандай көлiк тығынының болмайтындығына кепiлдiк бередi.

Осы құрылыс жобасы жөнiнде қала әкiмi И.Тасмағамбетов «Әлемнiң ең әдемi жерасты кешендерiмен пара-пар бұл орталықтың салынуы қала экономикасына жылына 1-2 млрд. теңге қаражат құйылады» дегендi бiлдiрiп, әлi де жобаны пысықтай түсiп, халықтың талабына сай салуға шақырды.

«Алмалы» жерасты орталығының құрылыс жұмысына 150 млн. АҚШ доллары жұмсалады деп көзделген.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары