КУРШАВЕЛЬДI КҮНӘҒА БАТЫРУ НЕМЕСЕ «ЖАҢА ҚАЗАҚТАРДЫҢ» ДА ЖЫН ОЙНАҒЫ

КУРШАВЕЛЬДI КҮНӘҒА БАТЫРУ НЕМЕСЕ «ЖАҢА ҚАЗАҚТАРДЫҢ» ДА ЖЫН ОЙНАҒЫ

КУРШАВЕЛЬДI  КҮНӘҒА БАТЫРУ НЕМЕСЕ «ЖАҢА ҚАЗАҚТАРДЫҢ» ДА ЖЫН ОЙНАҒЫ
ашық дереккөзі
205

Ертедегi қазақтардың өмiрдiң өзiнен алынған әрi ғасырлар қойнауынан өзгерiске ұшырамай жеткен «Қырық кiсi бiр жақ, қыңыр кiсi бiр жақ» дейтiн мәнiсi терең нақылы қазiргi Ресейдiң жағдайында дәлелдi қажет етпейтiн аксиомаға айналған сияқты. Қазақстандағы кейбiр адамдар мен базбiр топтар үшiн де. Әлемдегi халықтардың бiрталайы жаңа жылды 1 қаңтарда атап өтсе, орыстар мұны қанағат тұтпай, iзiнше 13 қаңтарда ескi жаңа жылды («ескi жаңа жыл» деудiң өзi қисынсыздық екенiне» қарамастан) дүбiрлетiп атап өтудi дәстүрге айналдырып келедi.

Тiптi, соңғы жылдарда нағыз жаңа жыл емес, ескi жаңа жыл ұлттық ғұрыпқа сай мереке ретiнде басым түрде тойлана бастағаны аңғарылады. Өйткенi, елдегi жүгенсiздене түскен шовинизм, агрессиялы түрде жүргiзiлiп отырған «орыстар, Құдайдың шын сүйген халқы» деген жадағай наным-сенiм, айналадағы барлық халықтар мен ұлттарға есесi кеткендей қитұрқы идеологиялық өшпендiлiк одан әрмен құтырына түсуде әрi осындай бұра тартудан кейбiреулер шынымен ләззат табатын сияқты. Және орыстардың «күштiлiгiн» дәлелдегендер әп-сәтте бiрегей тұлғаға айналып шыға келедi. Мәселен, Англияның атақты «Челси» футбол клубын сатып алған олигарх Роман Абрамович Ресейде ұлттық қаһарманға баланып, елдегi БАҚ-тар соның әрбiр қадамын, iс-әрекетi, сөздерiн бағып-қағуда. Кез келген ұсақ жайттарға ерекше ұлттық мән, сипат берiлуде. Әлбетте, елде қалыптасқан бұндай өрескел жағдайдың сорақы әрi қисынсыздық екенiне алаңдап ескертушiлер де бар, бiрақ олар санаулы әрi олардың даусы ұлы Абай айтатын жартасқа соғылған жаңғырық қана болып отыр. Елдегi гуманистер мен либералдардың өзi Кремль билiгi отына май құйып отырған осы келеңсiз ахуалды сырттай бақылаушы ретiнде iштей тынуда. Немесе, Абайдың «Масғұт» поэмасындағы:

«–Құтылар күн болмады мына дудан,

Бiз де iшпесек болмайды жынды судан.

Өлтiрер өңкей жынды бiздi келiп,

Жынды деп есi дұрыс бiздi қуған.

Екеуi жынды судан iшiп салды,

Құтырып көп алдына жетiп барды.

Өңкей жынды, байқамай айтыппыз деп,

Құлдық ұрып, бұларға көп жалбарынды», – делiнген хан мен уәзiрдiң шарасыз күйiн кешiп, өңкей тобырдың жетегiне амалсыз еруде. Бiздегi, Қазақстандағы жағдай одан өткен сорақы. «Қашқанның да алдында, қуғанның да алдында» етегi жалп-жалп етiп жортақтайтын қазақтардың бiрсыпырасы да құдайы қоңсыларынан қалмай, 13 қаңтар күнi әлгi «ескi жаңа жылды» өлеңдетiп, думандатып атап өттi. Сол күнгi суық түнде тарс-тұрс атылып, қалалар мен селолардың жұлдызды аспанын айқыш-ұйқыш тiлгiлеген отшашулар осының айғағы. Әсiресе, қазақ телевидениесi қатты қуанды-ай! Жыл бойы, жо-жоқ, өмiр бойы күткен қуанышы осы екен. Барлық телеарналар дерлiк қиқулы дүбiрге қадари-хал үлес қосуды басты парызы санаған сияқты: көтерiңкi көңiл күй, әзiл-қалжың, қызу құттықтаулар! Тiптi, елiмiзде Ресейдiң сойылын соғады делiнетiн, осы елдiң ресми идеологиясына бiр иығын берiп тұратын «Еуразия» отандық телеарналардың қасында жiп есе алмай қалғаны аңғарылды.

Жаңылыспасақ, таяуда Қытай да 40 күнге созылатын өздерiнiң жаңа жылын – «жуын» атап өтуге тиiс. Олар да көршiмiз, ең бастысы, қытайлар 1,5 млрд. – әлемдегi ең көп халық. Ендеше, олардың да жаңа жылын қосыла қырық күн атап өтпесек «бiздi алаладыңдар» деп бұртиюы ықтимал. Осыдан шамалы уақыт бұрын Астанада Қытайдың Кунфуцзы институтын ашуға келiсiм шарт жасасып қайтқан және оны халықаралық деңгейдегi үлкен табыс ретiнде бағалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң ректоры, профессор Сәрсенғали Әбдiманапов мырза «Айқын» газетiне берген сұхбатында: «Ықпалдасу – сiңiсу емес, әлемге өзiңдi таныту, жақсыдан үйрену, жаманнан жирену. «Көршiңнiң де ебiн бiлу керек» деген Абай данышпан», – («Айқын», №01, 9 қаңтар, 2007) – дептi. Данышпан Абай дәл осы жеңiл сөздi айтты ма, жоқ па, белгiсiз, 2004 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан 2-томдығын ақтарып ұшырастыра алмадық. Үстiрт қараған да шығармыз, бiрақ мәселе онда да емес, гәп көршiлердiң ебiн табамыз деп жүрiп қайран қазақ әбден есеңгiреп, тападай тал түсте есесiн жiберiп ала беретiн болды кейiнгi жылдары. Әрбiр халық әлемдiк өркениетте өзiнiң орнын анықтау үшiн белсендiлiк танытып отырған жаһандану жағдайында «көршiнiң ебiн табушылыққа» құмарлық кеселiмiз жарамсақтық, жағымпаздыққа, белгiлi бiр ұстаным жоқтығына, Отанның, белгiлi бiр деңгейде қазақтардың мүдделерiне нұқсан келтiруге әкелiп соға бередi. Бүгiнгi күнге дейiнгi ахуал осылай қалыптасып отыр. Қазақстан шикi мұнайын өндiрудiң елеулi бөлiгiн өз уыстарына алған қытайлық әрiптестер сирек мұртын кербездене сипауда, Қаражанбас кенiшiнiң бақылау пакетiн қайта сатып алмақ болған бiздiң билiкке «үмiтiңдi үз» дедi.

Сонымен бiздiң жағдайда әлгi ықпалдасу деген өзгенiң жетегiнде бұйдалы тайлақтай бүлкектеу, өзгелердiң жасағандарын қайталау ғана болып отыр.

Хош, Ресей БАҚ-тарын шолып отырған кiсi мұнда соңғы кездерi олигархтар атына ұнамсыз сөздер айтылмайтын тенденция қалыптасқанын аңғарары сөзсiз. Ходорковскийден кейiн олигархтар жайлы БАҚ-тарда мүлдем сөз естiлмейтiн де болды. Ара-тұра жол апатына ұрынғандары немесе өлтiрiлген банкирлер жайы ғана әңгiмеленедi. Сiрә, Кремль ұстанған жаңа бағыт осындай болса керек, яғни жақсы болсын, я жаман болсын олар өзiмiздiң үйреншiктi олигархтар дейтiн сияқты. Баяғы АҚШ президентiнiң диктатор Сомоса туралы: «Да, он сукин сын, но он наш сукин сын», – деген сөздерiн Кремль ендi өздерiнiң олигархтарына қарата қайталап отырғандай.

Бұған Францияның Альпi тауларындағы Куршавель қысқы демалыс аймағында қалыптасқан жағдай да дәлел болуы мүмкiн. Кейiнгi жылдары аттарына сын айтылмайтындықтарына әбден етi үйренген, Кремль тiзгiндерiн бос қоя бергендерiне көздерi жеткен әрi өздерiн қоғамнан тыс, биiк санайтын орыс олигархтары бiрталай жылдан берi осы Куршавель деревнясында жаңа жылдық думандарын өткiзудi дәстүрге айналдырғаны мәлiм. Ресейде «Ай дер ажа, қой дер қожа жоқтығына» көзi жеткен олар әлемдегi қызметi ең қымбат демалыс аймағы болып табылатын осы Куршавельдi биыл да жын ойнақ орнына айналдырған болатын. Православтар рождествосында – 7 қаңтар күнi ең қымбат «Ле Кав» клубында орыс олигархы Михаил Прохоров ұйымдастырған думанға биыл миллионерлер мен олардың ұл мен қыздары әдеттегiден мол жиылды. Тiптi, жеңiл жүрiстi қыздар да ерекше көп шақыртылса керек.

БАҚ-тардың мәлiмдеуiнше, «орыс сұлуларына» шарапатын тигiзетiн жан Петр Листерман көрiнедi. Бұл думанға Тверь облысы губернаторының зайыбы Алла Зеленина, экс-президент Б.Н.Ельциннiң немересi Борис Ельцин, Полина Дерипаска, ең iрi энергетиктердiң бiрi Григорий Потаниннiң қызы Анастасия, Максим Галкин, «Звери», «Сплин», «Ласковый май», «Мираж», тағы басқа топтар мен артистер, әншiлер қатысқан.

Арақ пен шарап судай ағылып, дүниенi осы жолы да аямай шайқап қалғысы келген олигархтар: «Кутузов говорил: чтобы спасти Россию – надо сжечь Москву. Теперь, чтобы спасти Россию, надо сжечь Куршавель», – деп айқайласқан. Ресей БАҚ–тары осылай дейдi. Ең сорақысы, әлгiлер масаң әйелдердi шошқа сияқты, балаларды аруақ – адам скелетi түрiнде киiндiрген. Келесi күндерi думан «Шале де Пьер», «Кап Хорн» мейрамханаларында, Краузет алаңында жалғасқан. Бiр сөзбен айтқанда, орыс мастары Куршавельдi айықпас күнәға батырған iспеттi. «Iнжiлдегi» күнәға батып, Құдайдың қарғысына ұшыраған, жер бетiнен мүлдем жойылған Содом және Гоморра қалаларының тағдыры сияқты Куршавельдегi шектен шыққан әдепсiздiктер алаңдатқан француз полициясы мұнда кенеттен тұтқындаулар жүргiзгенi мәлiм. Мейманханалардың бөлмелерiнде Лион полициясы ондаған адамдардың бiлегiне кiсен салды. Iстiң аяғы құмға сiңген судай болғанымен, осында жиналған орыс олигархтары кәмелетке толмаған қыздармен жаппай жыныстық қарым-қатынас жасаған сияқты. Ал мұндай ұятсыздық, ардан шығу өркениеттi Батыс елдерiнде қатты айыпталатыны ақиқат. Ондайлар қоғамнан аласталады, маңайындағылар мұндай күнәһарлармен таныс болғанын, қол берiп амандасқанын өлiм санайтыны да аян. Шудың басылып тасталуына ең әуелi Кремль мүдделi болатын, сондықтан тұтқындалғандар оп-оңай құтылды.

Айтқандай, БАҚ-тардың хабарлаулары бойынша, былтыр аты шулы осы Куршавельде көршiлерге елiктеген «жаңа қазақтардың» да осындай жын ойнағы өткен едi және оны ұйымдастыруға Президент әкiмшiлiгi мұрындық болған-мыс. «Жаңа қазақтардың» әлгi думанында еркекке күйеуге тиiп, әлемдi таңқалдырған әрi жиренiш тудырған еркек әншi, атақты Элтон Джон егiлтiп ән салған болатын. Ал аталмыш әншiнiң гонорары миллиондаған доллар көлемiнде екенi белгiлi. Өткен жазда екi-үш шенеунiктiң 300 мың, 100 мың доллардан еңбек ақы алатыны анықталып, жұрт «Мұншама ақшаны қайда жұмсайды екен?» деп сан-саққа жүгiрткен едi. Сiрә, осындай жын ойнақтарға жұмсалған да. Бiр қызығы, «жаңа қазақтардың» қолдарынан келгенi сол-ақ па, әйтеуiр әлгi думанда олар қайта-қайта отшашулар атқылап, бұрын соңды болмаған фейерверк ұйымдастырған екен, Куршавельдiң жарық жұлдыздарының зәре-иманын ұшырып, үркiткен көрiнедi. Қарапайым жұрты да,«жаңа қазақтары» да «тарс-тұрс» атысқа құмар қайран қазақтар-ай!.. Турасын айтқанда, француз полициясының оралымсыздығы мен жайбасарлығы жынға тиедi, өйтпегенде олар осындай тұтқындау операцияларын өткен жылы-ақ жүргiзгендерi жөн емес па едi?!.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары