БӘРI ДЕ БАСШЫҒА БАЙЛАНЫСТЫ
БӘРI ДЕ БАСШЫҒА БАЙЛАНЫСТЫ
Бiз Қазақстаннан шетте өмiр сүрген қазақтар, әрқашанда ата-жұртымыздың күнделiктi тыныс-тiрiшiлiгiне құлақ түрiп отыратын едiк. Табыстарына қуанып, кемшiлiктерiне қынжылып, қарыштап өркендеуiне тiлек тiлеп отырғанбыз. Бұнымыз заңды да едi. «Есiң барда елiңдi тап» деген ата сөзi жүрегiмiздiң бiр жағында қашанда тұратын.
Қазақстан үкiметi дүниежүзiндегi бауырларын Алматыға шақырып, бiрiншi Құрылтай өткеретiнiн естiгенде төбемiз көкке жете қуанғанымызды сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн де емес.
Әлi еңсесiн көтере алмай, түрлi қиыншылықтарды бастан кешiрiп, сан мыңдаған өндiрiс орындары күйзелiске ұшырап, ауылдың жағдайы тiптi төзгiсiз халге ұшырай бастаған ауыр бiр күндерде алыстағы қандастардың басын қосу ақылдылық, бауырмалдылық, ұлтжандылық. Бұл тарихқа алтын әрiппен жазылатын оқиға болды.
Қазақ қазақ болғалы дүниежүзiне белгiлi болып, бiр тұтастыққа қол жеткенi 1991 жыл болды. Ел президентi сайланды. Ал оның тұңғыш басшысы көреген саясат жүргiзiп, тығырықтан елiн алып шығып, баршамен ортақ тiл табысып елдi басқару iсiнде үлкен кемеңгерлiк көрсетуде.
Сол басқосуында Дүние қазақтары қазақтың домаланған киiз үйлерiнде отырып әңгiме дүкен құрғанбыз. Қазақстанның әр облысынан келiп ауыл, ауыл болып тiгiлген үйлердегi жүздесу, кездесу, тiлдесу зор ғанибет болды.
Мiне, содан берлi 15 жыл болыпты. Бүгiнгi күнiңе баға беру үшiн өткенiңе көз жүгiрткен дұрыс болатын шығар. 15 жыл қазақтың тәй-тәй басқан сәбиi отау иесi болатын уақыт, 15 жыл iшiнде Қазақстанның көк туы дүниежүзiнде асқақтатыла желбiреуде.
Тәуелсiздiкке дейiн республикада Қазақ ұлты шамамен 40% ғана болса, қазақ бұл күнде 60% еңсердi. Елбасының сыртқа шашырап кеткен қандастарды көшiрiп елге, атажұртқа алып келу ниетi оң iс, болашақ ұрпақтарға да қамқорлық.
Әдiлдiгiн айту керек, ғасырлар өтер, сонда ұрпақтар ауыз толтырып айта алатын бұл игiлiктi iс тек қана елiм десе ет бауыры елжiлер, қандас десе көңiлi босап, жүрегi тебiренiп кететiн ұлтжанды адамның қолынан келетiн игiлiк. Осы жұмысты Назарбаев бастап атқарды.
Қысқа мерзiмде бой көтерген, асқақтаған Астанада тағы да дүниежүзi қазақтарының үшiншi құрылтайы өттi. Тағы бауырлармен сағына көрсту, дидарласу, қал-жағдай сұрасу. Әзелден ағайыншыл, бауырмал қазақ және бiр-бiрiмен жүздестi. Сыртта әлi де келе алмай жүрген 5 млн. қазақ бар, ал үкiмет жыл сайын жоспарлы түрде қандастарымызды атажұртқа әкелуде. Миллиардтап қаржы бөлiп, қандастарды елге шақыру көрiнген мемлекеттiң қолынан келмейдi. Оны сырттағы қазақтар жақсы түсiнiп, сезiнiп жүр.
Бүгiнгi таңдағы Қазақстанның қолы жеткен мол табыстар, шыққан биiгi сөз жоқ татулықтың арқасы, ал ол татулық бiрлiктiң бастауында.
2007 жылы жаңа табыстарға жете берейiк деп ағынан жарыла тiлек айтамын.
Қарақалпақстаннан келген бауырың