ЕУРОПАДА «Қазақстан, КЕТ!» ДЕП ҰРАНДАТҚАН КРИШНАИТТЕРГЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛДЫ

ЕУРОПАДА «Қазақстан, КЕТ!» ДЕП ҰРАНДАТҚАН КРИШНАИТТЕРГЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛДЫ

ЕУРОПАДА «Қазақстан, КЕТ!» ДЕП ҰРАНДАТҚАН КРИШНАИТТЕРГЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛДЫ
ашық дереккөзі
235

«Кришна санасы қоғамының» байбаламына орай құрылған арнайы мемлекеттiк комиссия «Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Мерей» шаруақожалығындағы кришнаиттердiң тiрлiгi заңсыз» деген шешiм шығарды. Бұл шешiмдi жергiлiктi тұрғындар көп күттi. Тиiсiлi орындарға талай рет арыз-хаттарын жеткiздi, бұқаралық ақпарат құралдарын шақырып, араша сұрады, талай табалдырықты тоздырды… Бiрақ Қазақстанның «130 ұлт өкiлi мен 46 дiни конфессияның отаны» деген имиджi Үндiстанның өзiнде заңсыз деп танылған кришнаиттердi ауыздықтауға мүмкiндiк бермедi. Билiктiң шымбайына тигенi – Елбасының Ұлыбританияға сапары кезiнде кришнаиттердiң көшеге шығып, акция ұйымдастырғаны емес пе екен дейсiз?! Себебi, дәл осы оқиғадан кейiн кришнаиттердiң заңсыз әрекеттерiне дiни комитеттен бастап, Сыртқы iстер министрлiгi мен прокуратураның да көзi жетiптi.

Қазақстанның әлем алдындағы басты мақтанышы – жүзден аса ұлт өкiлдерi мен қырықтан аса дiни конфессиялары. Әлемнiң бiрқатар елдерiнде соғыс, лаңкестiк терактiлер жүрiп жатқанда, Қазақстан билiгiнiң «130 ұлт өкiлi мен 46 дiни конфессия өкiлдерiнiң» басын қосып отырғаны таңдай қақтырарлық жәйт сияқты көрiнедi сырт көзге… Бiрақ бұл бейбiтшiлiктiң Қазақстан халқының 70 пайызын құрайтын мұсылман мен 60 пайыздан асқан қазақтың арқасында орнағаны кiмге қызық?! Әрине, өзге елдерде жағдай басқа. Тiптен, дүниежүзiнен бiрұлтты елдi табу қиын. Жаһандану заманында барлық елдер – көпұлтты. Бiрақ ешбiр мемлекет «бiз көпұлттымыз» деп мақтанбайды. Араб мигранттарының арқасында мұсылманданып бара жатқан Франция «көпұлттылықты» аузына да алмайды, әлем үшiн ол – француздардың мемлекетi. Нағыз көпұлтты Ресей – орыс халқы мен православие дiнiнiң құт мекенi болып отыр. Ал, Қазақстанда Қазақ ұлты мен Ислам дiнiн ерекшелеп, ұлықтау – өзге ұлт өкiлдерi мен ағым-секталар алдында ыңғайсыздау жағдай сияқты көрiнедi. Содан болар, Үндiстанда заңсыз деп танылған кришнаиттерден бастап, әлемнiң 40 елiнде тыйым салынған «Иегова куәгерлерi» сектасының арам пиғылды әрекеттерiне тиiсiлi орындар көпке дейiн көзiн жұмып келдi. Әйтпесе, қит етсең, бiттi, миссионерлiк ұйымдар елдiң алқымынан алмай ма?! Әйтеуiр, елiмiзде кришнаиттердiң өсiп-өркендеп, жергiлiктi халықты кришна ағымына кiргiзуi үшiн бар жағдай жасалған-ды. Бұдан Береке ауылының тұрғындары көп жапа шеккендерiн айтқан едi. Бiрақ олардың жан айқайына бiрқатар қазақтiлдi ақпарат құралдарынан басқа ешкiм де құлақ аса қоймады. Тек қана кришнаиттердiң өздерi «Қазақстанда қысым көрiп жатырмыз» деп халықаралық ұйымдарға шағымдана бастағанда, дереу мемлекеттiк комиссия жасақталды.

«31-телеарнаның» жаңалықтар қызметiнiң хабарлауынша, аталған миссионерлер әлемдi бiраз дүрлiктiрiп үлгерiптi. Әйтеуiр дiнге қатысты заңнамалардың босаңдығы мен елiмiздiң «ашық есiк саясатының» арқасында қатарларын көбейтiп, тiптен, Алматы облысын Кришна Құдайының «туған жерiне» айналдырып үлгерген ағым өкiлдерi қолда барын мiсе тұтпады. Тiптен, Қазақстанға қарсы ақпараттық «шабуылдар» жасаған сияқты. ҚР СIМ-нiң өкiлi, комиссия мүшесi Гауһар Бейсеева: «Кришнаны танушылар шетелдiк ақпарат құралдары арқылы елiмiздi бүкiл Еуропа алдында масқара қылды. Прага, Будапешт, Киевтегi қазақ елшiлiктерiнiң алдында митингiлер өткiзiп, «Қазақстан, Кет!» деп ұрандатты. Ал, Ұлыбритания мен Үндiстан кришнаиттерi ел президентiнiң Британияға сапарында көшеге шығып, акция ұйымдастырды» – дейдi. Ал, Бас прокуратураның өкiлi Андрей Кравченко: «Бұл дiни бiрлестiктiң өкiлдерi ел басшылығы мен Қазақстанды қаралауын доғаруы керек. Ата Заңымыз бен заң актiлерiнде көрсетiлген талаптарды бұлжытпай орындасын. Ал, қарсы болғандар заң бойынша жауапқа тартылады» – деп, зiлдi сөйледi. Комиссия мүшелерiнiң «бiр жаңалығы» – «Кришна санасы қоғамының» үйлестiрушiсi Говиндас Свамидiң шетелдiк азамат екенiн анықтауы екен. Бiрақ бұл жәйт көптеген ақпарат құралдары үшiн жаңалық емес-тiн. Оның АҚШ-тан келген миссионер екендiгi, тiптен Мәскеуде алып храм саламыз деп православие жастарының бастамасымен елден аластатылған кришнаиттердiң ендiгi арманы – Алматы облысында алып дiни ғимарат салып, оны күллi әлемдiк кришнаиттердiң Меккесiне айналдыруды көздеп отырғаны талай айтылды да. Бiрақ арнайы құрылған комиссияның кеш те болса, ағымның заңсыз әрекеттерiн әшкерелегенi дұрыс-ақ. Бұл шешiмге Қарасай ауданының тұрғындары да риза шығар.

Десек те, кришнаиттер дауына осымен нүкте қойылды деп айтуға әлi ерте. Себебi ұйым мүшелерi бiрқатар ақпарат құралдарын бұл iстi аяқсыз қалдырмайтынына сендiрiп отыр. Алматы мен Алматы облысында жер мен тұрғын үй бағасы қымбаттап, «Шаңырақ» сияқты үй-күйсiз жүрген қазақтардың ауылдары бой көтерiп жатқанда, кришнаиттердiң әртүрлi амалдармен иемденiп алған 47 гектар жер мен 66 саяжайдан әлi де дәмелi болып отырғаны жасырын емес. Жер үшiн «соғыс» әлi де жүретiн сияқты. «Информбюро» жаңалықтарының қазақ қызметiне құлақ түрсек, кришнаиттер жоғарыда айтылған комиссияның шешiмiн мойындамай отыр екен. Соған қарағанда, олар баяғы байбаламына салатын сияқты. Дегенмен, Ұлыбританияда Қазақстанның абыройын айрандай төге жаздаған кришнаиттерден билiктiң де көңiлi қалған-ау, сiрә. Яки, Қазақстанға жаны ашымайтын ағым-секталарды ауыздықтаудың кезi келгендей. Қазақстанға ислам дiнi мен қазақтың ғана жаны ашитынын соңғы оқиғалар тағы да аңғартты.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары