«КЕШIРIҢДЕР...»

«КЕШIРIҢДЕР...»

«КЕШIРIҢДЕР...»
ашық дереккөзі
260

Мұхит асып кеткен кiп-кiшкентай екi жүрек бұлқынып қалды да, соғуын тоқтатты. Жол ережесiн бұзған бiр есерсоқ жүргiзушiнiң кесiрiнен. Олардың құнын даулап, ешкiм iздеген жоқ. Арттарынан «құлынымдап» жоқтаған туғандары да болмады. Асырап алған өгей әке-шеше сол жол апатында бiрге қаза тапқан. Жүрек шапағаты мен аялы алақан жылуын Туған жерден таба алмаған қазақтың қос бүлдiршiнiн Америкада жарқын келешек емес, сұм ажал күтiп тұр екен…

Шет елдерге жасаған әр сапарымда Алматыдағы халықаралық әуежайдан көздерi мөлтiлдеген қазақтың қарадомалақтарын жиi кездестiрем. Кездестiрген сайын iшiм әлем-жәлем болады. Алып ұшаққа беттеген сәтте сүт толы емiзiктi бөтелкеге де, асырап алған жатжұрттық әке мен шешеге де қарамай, шырқырай жылаған кiп-кiшкентай сәбилердiң құлындаған дауыстары құраққа ұшатын. Бейне Туған жерiмен қимай қоштасып жатқандай… Олардың кiндiк қаны тамған жерден жыраққа кеткенiне бейне өзiм кiнәлiдей жанымды қоярға жер таппаймын. Ана ретiнде ғана емес, тағдыры тәлкекке түскен туғанына араша бола алмаған қарапайым адам ретiнде де. Тiлi де, дiнi мен дiлi де бөтен жатжұрттықтардың қолдарынан балақандарды жұлып алып, қаша жөнелгiм келiп тұратын. Әттең… Бәлкiм осыдан тура 1 ай бұрын Қазақстаннан Америкаға сапар шеккен кезде 4 жасар Әлия мен 5 жастағы Джейсон (Бәлкiм Жәнiбек) да шырқырай жылаған болар… Жол апатына ұшыраған екi қазақ бала мен өгей әке-шешенiң қазасы туралы өткен аптада Американың «Атланта Джорнэл-Конститьюшн» басылымы хабарлады. Қайғылы оқиға Қазақстаннан бiр ұл, бiр қыз асырап алған америкалық Грег пен Мэгги Коундар балалармен бiрге қала сыртына дем алуға бара жатқанда болған көрiнедi. Жол ережесiн бұзған жүк көлiгiнiң жүргiзушiсi Коундардың көлiгiн жаншып өткен. Ересектер де, балалар да тiл тартпай кетiптi…

Өмiр болған соң, қуанышы мен қайғысы қатар жүредi. Туған бауырдан айырылудың қандай болатынын да бiлем. Осыдан он жылдай уақыт бұрын он тоғыз жастағы сiңiлiм мен он төрт жасар iнiмнен қапияда көз жазып қалғаным, талай күндi көңiлсiз, талай түндi жастығымды сулаумен өткiзгенiм әлi есiмде. «Бәрiне уақыт емшi» десе де, ендiгi қарақотырланып үлгерген жүрек жарасы кейде шым ете қалады. Балалық бал дәурендi бiрге өткiзген бауырларымды сағынғанда. Қазақтың қос бүлдiршiнiнiң қазасы туралы мақаланы оқығанда да жүрегiмдегi ескi жараның аузы сыздап қоя берген. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледi» дейдi. Бәлкiм көретiн жарығы, тататын талқаны таусылған шығар қос сәбидiң. Бiрақ не екенiн қайдам, жарқын болашақты мұхиттың арғы жағынан күтуге мәжбүр болған балақайлардың ажалына безбүйрек әке мен көкек ана кiнәлi сияқты көрiндi. Әлде шетелдiк азаматтарға бала сатуға заң жүзiнде тыйым сала алмаған қазақ қоғамы ма? Жетiмi мен жесiрiн жылатпаған, тентегiн тезге сала бiлген, түрмесi мен жетiмдер үйi атымен болмаған киелi қазақтың бүгiнгi ұрпағын аздырған заман ба әлде кiнәлi? Мүмкiн ұрпақ келешегi мен ұлттың ертеңi үшiн аса маңызды мәселеге өзiндiк азаматтық үлесiмдi қоса алмаған менiң де кiнәм бар шығар?..

Мақаланы оқи сала, Құран-Кәрiмдi қолыма алдым. Жандары тұнық судай тап-таза, көңiлдерiн кiр шалмаған қос қандасымның рухы қиналмасын деп Алла Тағалаға дұға ету үшiн.

«Жандарың жәннатта болсын!»

«…кешiрiңдер…»

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары